Кеше ғана жүргендейсің балапандай бүлдіршін,
Білім алып, бой жетіп, ой түзедің.
Қанатың қатып, ұшып кеттің ұяңнан,
Қимастықтан ауырды менің жүрегім.
«Қыз - өрісің», «жат жұрттық» деген сөз бар,
Теңіңді таптың жүректен шыққан тілек бар.
Ақылды бол, еркелікті қоярсың,
Бір отаудың келіні сен боларсың.
Енеңді - анам, атаңды - әкем деп ойла,
Барған жерің - өз жұртыңдай сен сыйла.
Сонда ғана жағарсың сен еліңе,
Кір келтірме өзіңнің туған жеріңе
Құдай қосқан қосағыңмен қоса ағар,
Кешірімді, кішіпейіл болыңдар.
Аналық жүректен шыққан ақ тілегім,
«Қабыл болсын» деп Алладан тіледім.
Бір Алла тіл-көзден өзі сақтасын,
Жолдарың ақ, түзу болып басталсын.
Екі жасқа арналған осы ақ тілек,
Періштенің құлағына шалынсын.