Жылқы - мал патшасы" деген нақыл сөз жылқының иесіне адалдығын, тектілігін, халықтың жылқығы деген алабөтен құрметін аңғартса керек. Жылқы малының кейбір қасиеттері адам баласын еріксіз таңғалдырады. Есту қабілеті - мысықтан артық, иісті сезу қабілеті - иттен артық, көру қасиеті - айсыз қараңғыда тұяғын ілмейді, ауа райының өзгеруін бірнеше күн алдын-ала білуі - ғажап нәрсе. Өз иесін - аяқ алысынан алыстан таниды.
Жылқының жершілдігіне қайран қалмасқа шараң жоқ, мұны ешнәрсемен теңгере алмайсың. Арыға бармай-ақ, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы бәріміз білетін, аса жүйрік Елікжиреннің аянышты тағдырын жершілдік демей, не деуге болады? Екі дүркін Семейдің ет комбинатынан елге қашуы - тектілік емей немене?
Жылқыда тіл жоқ. Бірақ, бәрін түсінеді, түйсінеді. Жылқы еркіндікті сүйеді, бостандықты қалайды.
Жылқы түлігі көбінде екі-екіден достасып ала қояды. Әрі «достарын» әсте ұмытпайды. Сан жылдан кейін кездессе де, оқыранып, қасыныса кетеді.
Ең маңыздысы хас тұлпар иесін далада қалдырмайды. Керек болса қожайыны үшін өлуге әзір.