Азамат ОРЫНБАСАРОВ,
Келмей мүлде көңілдің бұрауы шын,
Қайғы-мұңға уланып тұр-ау ішім.
Өткеніне қарасам қазағымның
Жаралғандай өмірге жылау үшін.
Көз жасынан көл тұрып зар илеген,
Тозақ көрген санаспай фәнименен.
Тарих-шал сырласты бір зарлымен
Алтын басын күлкіге әлі имеген.
Жүректегі жараға ірің бітіп,
Шығыс беттен жүретін күнін күтіп.
Сес көрсетіп заңғарлар зәресін ап,
Қорыққаннан жіберген тілін жұтып.
«Тау мен тасқа соғылып, қанап шекем,
Айналады шындыққа әлі-ақ секем»
- Деп мұңайған сорлыны қинап жүрген
Бодандық – қанды қолды қарақшы екен.
Қара басын қаңғыртқан тоқырар шақ,
«Кекетіп ек» деп әлі отыр ақсап.
Қарақшының ұзамай ажалы кеп,
Қабіріне қуанды топырақ сап.
Арманының сайран сап асқарында,
Ойларының жататын астарында.
Сөйлеп кетті ғайыптан ғашығы кеп,
Тәуелсіздік құшағын ашқанында.
Қуанышы қойнына сыймағасын,
Әділетке жүреді илана шын.
Жылап-жылап алады арасында
Қуанышты көз жасы сыйлағасын...
Қалқаман Сарин
Еркіндігім.
Қасиеттім.
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік,
қош келдің!
Өзегімді өртке ораған қоғамда,
Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
Алшаң басып жүре алмаса алты алаш
Азаттығым! Қадірің де жоқ онда!
...Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті-
Аманат қой
Маған,
Саған
Оған да!
Саясатқа сермей алмай семсерді,
Езгі күнге тері қылдым еңсемді!
Желтоқсанда жалын атып жастығым,
Құрсау болған темір қоғам теңселді!
Есте даңқы қыршындардың қалды ма,
Сексен алты ерлігім бе-ей, ең соңғы!?
Уа, еркіндік,
Құның немен өлшеңді!?
Уа, еркіндік!
Құның немен өлшенді?!
Сені көксеп
Боздақтарым өлсе өлді!
Сенсің менің ең ғажайып өлеңім,
Ең шуақты,
Ең шырайлы,
Ең шерлі!
Әр таңыңды сүйіншілеп тұрайын-
Құдай берген ғұмырымда өлшеулі