Биыл Африканың шығыс бөлігінде өте қатты құрғақшылық. Егіннен ешқандай өнім жоқ, мал қырылып, адамдар аштықтан ес жия алмай жатыр. Су да тапшы, аштықтан әлсіреген және ағзасы кеуіп бара жатқан жас сәбилердің көптеп шетінеуі өте аянышты. Бұл өңірде мұндай құрғақшылық осыдан 60 жылдай бұрын болған екен. Мамандар ол жақта қазан айына дейін жаңбыр жаумайтынын айтады. Ал жаңбыр жауғаннан кейін егілген барша егін ауруға шалдығуы мүмкін.
Жыртқыш аңдар бұлаққа жолатпайды. Азық-түлік пен су тапшылығының салдарынан баға да аспандап кетті. Бидайдың бағасы бірден 80 пайызға өсті. Кения елінің 11 ауданының тұрғындары үшін тамақ тауып жеу ақыретке айналды. Сомалиде табиғи бұлақтардың көбі тартылып қалған. Ал барына адамдарды жыртқыш аңдар жолатпайды, оларды да құрғақшылық пен шөл қысқан. Сомалидің тұрғындары бастарының ауған жағына босып жатыр.
Ислам қауымдастығы ұйымы Рамазан айында Сомали және басқа Африка елдеріне көмек қолын созуға шақырды. Ұсынысты мұсылман елдері қолдап жатыр. Сауд Арабиясы – 60 миллион, Кувейт – 10 миллион, Судан 100 миллион доллар қаржы бөлді. Стамбұлда құрылтай өтіп, гуманитарлық коалиция құралды. Коалиция алдағы үш айдың барысында 29 миллион доллар аударатын болды. Еліміздің сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов қазақстандықтарды құрғақшылық құрсауында қалған Африка елдеріне көмек қолын созуға шықырды. Қазір материалдық көмектің сомасы анықталу үстінде.
Толығырақ мына жерде....