0 дауыс
10.3k көрілді

Төле бидің төрелігі деген шығарма тауып беріңіздерші.Өтініш тез арада болса.

1 жауап

0 дауыс

Қазыбектің Төле мен Мәселге айтқан басалқы сөзі

Баяғы бір заманда жоғарғы ел мен төменгі елді құрғақшылық болып, ұлы жүз жылысып төменге, кіші жүз жылысып жоғарыға көшіп, үш жүздің баласы орта жүздің жерін жайлаған екен. Келер жылы жұт біткен соң, ұлы жүз көшіп өз жеріне, кіші жүз көшіп өз жеріне кетеді. Бірақ кіші жүздің бір жігіті ұлы жүздің бір келіншегін жолсыз алып қалады. Ұлы жүз кешіп қонысына барған соң, үйсін Төле би елден:

—   Мал-бастарың аман ба? — деп сұрайды. Сонда ұлы жүздің игі жақсылары:

—   Қәрия, мал-бас аман, ел түгел қонысына келді. Жалғыз-ақ ұлы жүздің бір әйелін кіші жүз тартып алып қалды,— дейді.

Сол үшін кіші жүзден 200 жылқы барымта алады. Кіші жүз де қарап қалмайды. Күзге қарай үш жүз жігіт аттандырып, ұлы жүзден 500 жылқы қудырып алады. Сөйтіп, бір әйелдің дауынан ел бірліктен ажырап, екі ел зор бүліншілікке ұшырайды. Осы жанжал келер жылы үш жүздің бас қосқан үлкен сарабына түседі. Дауды орта жүз Қаздауысты Қазбек, ұлы жүз үйсін Төле, кіші жүз Мәлсе би басқарыпты. Сонда Төле тұрып:

—   Мен ағаның баласымын, билікті мен айтамын,— дейді. Кіші жүз Мәлсе тұрып:

—     Жоқ, мен атаның қара шаңырағында қалғанмын, жасым кіші болғанмен жолым үлкен. Билік жөні менікі,— дейді. Қаздауысты Қазбек отырып күледі.

—    Жылағанды сұрама, күлгенді сұра деп еді, Қазбек, неге күлдіңіз? — дейді, Төле мен Мәлсе.

—    Сендер атадан туысыңды білесіңдер де оның өсиетін білмейді екенсіңдер,— дейді Қазбек.— Аталарың «ұлы жүзді қауға беріп малға қой, Кіші жүзді найза беріп жауға қой, Орта жүзді қамшы беріп дауға қой дегені қайда? Жығылсам сүрінсем сүйер алдымда ағам, артымда інім бар, билік жөні менікі емес пе?» — деді Қазыбек.

Бұл сөзге екі жағы да тоқтап, билікті Қазбекке береді. Сонда Қаздауысты Қазбек:

—    Уа, Үйсін Төле! Сен атадан үлкен туғансын, ініңнің бір еркелігін көтермей, жылқысын неге қуасын? Уа, жарқыным, Мәлсе! Сен атаңның қара шаңырағында қалған еркесің, ағаңның көзі тірісінде жеңгенді неге ертесің? Сен, Мәлсе, жесірді қайтар, сен Төле, жылқыны қайтар,— деп төрелік айтады. Екі жағы да осыған тоқтап, екі ел жылап табысқан екен дейді.

 * * * * * * * * * * * * *  

Байды мен Төле

Атақты Ұлы жүз Үйсін Төле би Қуандыққа келіпті. Төле бидің жер жарған даңқын естіп жүрген Қуандықтың ел жақсылары жиылып келіп: «Сізбен құда болғымыз келеді, не қыз беріңіз, не қыз алыңыз»,— деп жабысады. Сонда Төле би: «Ұлымның бәрі де үйленген. Бой жетіп отырған қызым бар, соны берейін. Қалың малы жүз жылқы, он бес түйе, бота мойын Жамбы!» — депті. «Құп болады»,— деп айтқан қалың малын, сол жолы бір жола беріп жібереді. Риза болған Төле би: «Қызымды бір жыл сақтайын, ендігі жылы осы уақытта келіп жесірлеріңді ал»,— депті.

Жыл өткен соң Қуандықтан қырық адам келінді аламыз деп Төле биге барады. Бұл екі ортадан Төле бойжетіп отырған қызын бір бай өзбекке беріп, ұзатып жібереді. Одан көп мал, ақша алады. Барған Қуандық кісілеріне: «Ер жеткен баланы аңдып отыру қиын екен, қызым бір өзбек жігітімен қашып кетті. Келінді алам десеңдер Ташкенге барып, келіндеріңмен ауыз ба ауыз сөйлесіңдер, болмаса, «игіліктің ерте-кеші жоқ» деген, бір келінім буаз, соған қараңдар»,— деп, сөз де, теңдік те бермейді, аяғына отырғызбайды.

Қуандық кісілері былай шығып ақылдасып: «Бұл қорлыққа шыдап болмас, Төле бидің жылқысынан жүз жылқы барымта алып қайтайық, сонда да он бес түйе, бота мойын жамбы қалып жатыр ғой! — деседі де, Төле бидің жылқысынан өздерінің берген жүз жылқысын санап алып еліне қайтады. Жылқышылар қуып, бұлармен соғысады. Бір соқыр жылқышы жиырма кісіні аттан түсіріп, бұларды әлсіретеді, Сөйтіп жүргенде жаңбыр жауып күн шатырлағанда әлгі мықты, соқыр жылқышыға жай түсіп өледі. Қалғандарын бұлар жеңіп, жылқыларын еліне айдап қайта береді. Бір жылдан кейін құн даулап Төле би Қуандыққа келсе, Абылай да осы елге келіп жатыр екен. Төле би соған жүгінеді. Абылай дауды созып кейінге қалдырады. «Ендігі жылы тап осы уақытта келемін, оған дейін екі жағың да сегіз-сегізден би сайлап алыңдар. Мен Төбе би боламын»,— деп Төле биді еліне қайырып жібереді. Төле би еліне барып сегіз биді сайлап алып, жыл өткен соң Қуандыққа қайта келеді. Абылай да келіпті. Қуандық ұмытып, би сайламапты. Асығыста жеті би тауып бір би таба алмай, енді үш күнге Абылайдан мұрсат сұрайды. Абылай береді. Ал, бұл екі арада Төле би «жылқышымның құны екі мың жылқы» деп құн дауын даулап бір мың жылқыны Абылайға бермек болады. Мұны Қуандық сезеді. Жеті би күнде кеңес құрады. Бұлардың сөздерін он екі жасар, асық ойнап жүрген Байдалы есітеді. Бір күні жеті бидің қасына келіп сөздерін тыңдап тұрса, Төле биді сөзден жеңе алмаймыз, оның үстіне бір биіміз кем. Осы дауды өршітіп алмай екі мың жылқысын беріп біту керек деген қортынды байлауға тоқтайды. Мұны естіп тұрған бала: «Ағалар, бұларың дұрыс емес, Төле бидікі зорлық. Зорлыққа төзіп болмайды. Сегізінші бидің орнына мені алып барыңыздар. Төле бимен мен сөйлесіп көрейін, Есе алмасам, есемді жібермеспін, мені баласынбаңыздар! Біздің ісіміз ақ емес пе, аққа алла жақ дейтіні қайда?» — депті.

Билер бұған келісіпті. Екі жақ айтысқа кіріседі. Төле би сөз бермейді, Қуандық билері жақ жазып, үндей ал- майды. Сонда Абылай кім сөйлейді дегенде, он екі жасар Байдалы:

—   Мен сөйлеймін. Аймен аталас емеспіз, күнмен баталас емеспіз, бұлтпен туысқанымыз жоқ, сол күнгі жауған жаңбырға жақындасып, жуысқанымыз жоқ. Құдайға шақпағыңды шақ дегеніміз жоқ, білтеңді жақ дегеніміз жоқ. Құрығын сүйрете алмай жүрген Үйсіннің соқыр жылқышысын көзінен көздеп ат дегеніміз жоқ. Еліңде талай қасқа мен жайсаңдар жай түсіп өлген шығар. Солар үшін құдайдан алған құныңды көрсет, Төле би? Құдайдан құн алмасаң, мен де құн бермеймін. «Тура биде туған жоқ; туғанды биде иман жоқ» деген. Дұрыс төрелігіңді айт, Абылай! — депті.

* * * * * * * * * * * * * *

Бейбіт елде сән болар                                           

Айдаболдың тоқал әйелінен туғанТайкелтір деген бала кезінде түйе іздеп Үйсін Төле шешеннің ауылына келіп, Төленің үйіне түсіпті.

Төле баланың аты-жөнін сұрап білген соң: «Ә, балам, отыр, қон, әкең Айдаболдың сыбағасын жеп кет»,— депті.

Шәй ішіп болған соң, бір жігіт бір тоқтыны алып келіп: «Илаһи, әмиін!» — дегенде, үйде отырған ауыл ақсақалдары бата істей бастапты. Сонда он бір жастағы Тайкелтір: «Мен бұл қойдың батасына қол көтермеймін»,— депті. Отырған ақсақалдар: «Неге олай»,— деп сұрағанда бала: «Е, шешеннің өзінің сөзі бар, «әкеңнің сыбағасын жеп кет» деген. Мен әкемнің сыбағасын жеймін және әкем сыбағасына батаны өзім істеймін»,— депті. Төле баланың сөзінен тосылып, бір құлын алдыртыпты. Сонда бала тоқтамастан былай депті:

Сыбағама келді құлын,

Қалдырмай ас дымын.

Ақсақалдар тойынсын,

Шығармасын үнін.

Бала деп мені басынбай  

Байқап бассын жымын.

Қартқа жас азық қашанда,

Сіздерге бұл құлын сыйым.

Іздеп келдім түйемді

Сіздерден алман тиын.

Түйеме тіркеу, қарттарым,

Таппай жүрсе ол қиын.

Әкеме барсам мақтанып  

Тіркеуді берсем ел жиын.

Қарттар қарсы болмаса,

Төле атам берсін сыйын,— депті.

Кұлынның етін жеп, жатып, ертең түс кезінде тұрса, ауылдың сыртында бес жүздей адам жиналған. Бала тақырқап «бұл не»деп сұрапты.

Сонда Төле:

Е, Тайкелтір шырағым!

Бейбіт елде сән болар,

Бүлінген елде дау болар.

Даудың түбі жау болар,

Жаудың түбі шаң болар,

Шаңдатып жау айкасса,

Айта жүрер күн болар,—-

дегендей, біз Үйсін, Дулат деген екі ру ел едік. Үйсіннің бір жігіті Дулаттың бір қызымен шатасыпты. Шатасудың соңы қыз екі қабат болыпты. Бертін келе қыз елінен ұялып: «Менде кінә жоқ, жігіт зорлаған соң осылай болдым» депті. Ел азаматтары бұған қызынып «Жігітті бер, таспен атып өлтіреміз»,— деп маған билікке келіп отыр. Егер олардың айтқанын істемесең, Үйсінді Дулаттар шабады, Дулаттардың айтқанын істесем, Үйсіндер мені шабады. Осы дауға не істерімді білмей тұрмын, осының билігін саған берейін шырағым, сен айт»,— депті.

Бала «өзіңіз білесіз» депті.

Екі елдің адамдары жиналып болған соң Төле билікті балаға беріпті.

Сонда екі жақтан отырған талапкер билер: «Е, бала, билік айта аласың ба? Бұл дау тоқты-торым емес, ер құны дау ғой»,— десіпті. Сонда бала жұлып алғандай. «Е, айтпайтын несі бар?» — дей келіп:

«Үлкендердің жасы үлкен,

Жастардың басы үлкен.

Жас — дененің қабы,

Бас — мидың қабы.

Ми адамның қаны.

Ми төрені бере білер,

Даушылар сөзге көне білер.

Айтқанға егер көнбесе,

Жауласып екі ел бүлінер.

Даушылар сөзін көпке берсе,

Көпшілік Төле атама берсе,

Атам сөзді маған берсе,

Менің аузыма құдай салса,

Тура сөзге кім күлер?!

Халық пен Төле атамнан рұхсат болса, бұл дауды мен бітірейін»,— депті.

Халық та, билер де баланың сөзіне риза болып, билікті балаға беріпті. Сонда Тайкелтір қыз бен жігітті шақырып алып, жігіттің қолына қылыш, қыздың қолына қылыштың қынабын береді. Сүт қайнатым уақыт беріп екеуіне бұйырады. Жігітке айтады: «Осы сүт қайнатым уақыт ішінде қалайда қылышты қыздың қолындағы қынапқа сал, егер салмасаң таспен атып өлтіртемін»,— дейді.

Қызға айтыпты: «Сен мына жігіттің қылышын қолындағы қынапқа салғызба, егер салғызсаң дарға тартқызып өлтіртемін»,— дейді. Екі жағы да риза болып, қыз бен жігітті сайыстырып қоя беріпті.

Уақыт бітіпті, бірақ қыз қынапқа қылышты салдыртпапты. Осы кезде қыз жағы жігіттің мойнына арқан салып, таспен атып өлтіруге тарта жөнеліпті.

Сонда тұрып Тайкелтір бала «тоқтаңдар» деп жұртты тоқтатып:

—    Бұл жігіт зорлаудан ақ екен, қыздың өзі ықтияр екен, ұялғаннан айтқаны екен, көріп тұрған жоқсыңдар ма: өзі әлсіз, өзі екіқабат бола тұра қолындағы қылыштың қабына қылышты салғызбауға әлі келгенде, денесін қорғауға әлі келмей ме? — деген екен. Сөйтіп өлтіру дегенді қойдырып, жігіт жағынан екі қырық жетінің малын қыз жағына алып бергізіп, екі елді тыныштандырған екен. 

* * * * * * * * * * * * * *

Әділ төрелік

Ертеде бір бай адам болыпты, бай екі әйел алады. Ол кезде ел әйелін көпке көрсетпейді екен. Бәйбішеден бала болмай, тоқалдан туған бір баланы бәйбіше бауырына салып тәрбиелейді. Сол уақыттың салты бойынша бала туған шешесін танымай, бәйбішені «анам» деп өседі.

Бір кезде елге жау тиіп, мал-мүлкін шауып алып, ұлын құл етіп, қызын күң етіп басқа елге көшіріп алып кетеді. Барған жерде балалы әйелге жеңілдік болады. Екі әйел айырылысып балаға таласады. Осы дау қазының алдына түседі. Қазы даугерлерден сұраса, екеуі де «өзім таптым» деп жамандасады. Қазы төрелік — билік айтайын десе, анығына жете алмайды. Содан кейін бір білгіш қазыға:

—    Оған несіне бөгеліп ойланып отырсыз, екі әйел баланы бір-біріне қимаса, онда баланы қақ жарып екеуіне бөліп беріңіз, екеуі де разы болсын,— дептіҚазы «бу да дұрыс екен» депті де «ертең келіңіздер, билік қурам, үкім етем» депті.

Ертеңіне келіп, жұрт жиналған соң, қазы үкімін айтыпты. «Үкім баланы қақ жарып екеуіңе бөліп беру, осыған разысыңдар ма?» — депті. Сонда бәйбіше:

—    Бала өзімнің тар құрсағымды кеңітіп, тас емшегімді жібіткен балам еді, түн ұйқымды төрт бөліп тәрбиелеп, асырап едім. Өтірікші жалақор қатынға кеткенше, көз алдымда өлсін, өзіме тиісті денесін қолыма беріңіз. Қолымнан арулап қояйын, артынан дұғасын оқытып, батасын қылдырып отырайын, менің тілегім осы,— депті.

Екінші әйел, о да алдымен ананың айтқанын айтып зарлап жылап жіберіпті де:

—    Шіркін, құлынымды өлімге қимаймын. Алты қырдың ар жағында жүрсе де аман жүрсін, өлтірмей оны өтірікші әйелге беріңіз, мен баламның тірлігін тілеймін. Бірақ осы үкіміңізді ұмытпастай қылып балама ескертіңіз! — депті. Қазы билік шығарлар алдында, осы бала кімдікі» деп кеңескенде, биліктің құрамында отырған адамдар:

— Бала тоқал — мына соңғы әйелдікі, ана әйел баланы жақсы көргендігінен басқаға ңимай отыр. Не болса да, шын анасы баласын өлімге қимайды. Бала соңғы әйелдікі депті. Қазы солай үкім шығарыпты. 

* * * * * * * * * * * * * * 

Төрт тентек

Меңке бидің бала кезінде бір бай жоқ сұрау үшін кеш алдында келе жатып еру ауылдың жанында асық ойнап жатқан бір топ балаға жолығыпты. Балалардың бірі байдың атын үркітеді. Оған бай ашуланып әлгі баланы қуалайды. Байдың мінгені асау байтал екен, баланың желбіреген көйлегінен үркіп мөңкиді. Мөңкіп жүргенде байдың басынан бөркі ұшып түседі, Байтал одан бетер тулап байды жығып кетеді, бай қаза табады. Сонан кейін байдың тумалары және елінің игі жақсылары жиналып келіп балалардың елінен құн сұрайды. Екі ел келісе алмай кеңес бірнеше күнге созылады. Меңке сол ауылдың баласы екен, жиналған көпке келіп Меңке бала былай депті: «Я, ағалар-билер, сіздер бұл кеңесті тым ұзаққа создыңыздар ғой және бір шешімге келе алмадыңыздар. Осының билігін маған берсеңіздер мен тез бітірер едім»,— депті. Көпшілік баланың ықыласына риза болып бір ауыздан: «Билікті бердік», ал айта ғой,— десіпті. Сонда Меңке бала былай депті: «Бұл шалдың өліміне кінәлі ел емес, тентек. Ал мұнда тентек төртеу. Меніңше сол төрт тентек құнды бөліп төлейтін болсын және ердің құны жүз жылқы болсын»,— депті. Бұл билікке екі жағы Да түсіне алмай. «Тентек кімдер?»—депті. Сонда Мнңке бала: «Бірінші, мың жылқыдан бір жуас ат таба алмағандай, асау байталға мінген және елде адам құрығандай асық ойнаған балалардан жөн сұраған бай тентек; екінші, адам көрмей жүргендей, баладан үркіп тулап байды жығып өлтірген байтал тентек; үшінші, ұшып түскен бөрік тентек; төртінші байталды үркіткен бала тентек. Мінеки, осы төртеу құнды бөліп төлейтін болсын»,— депті. Осы билікке екі жағы да разы болып, балалардың ауылы құнның төрт бөлегінің бірі — жиырма бес жылқы төлеп құтылыпты. Меңке баланың би болуына осы билік басты себеп болыпты.

* * * * * * * * * * *

...