0 дауыс
27.9k көрілді

Асан қайғы туралы Таза мінсіз- асыл сөз шығарма керек?

3 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Қазақ ауыз әдебиетінің ерекше бір жанры – шешендік өнер. Халқымыздың даналығының үлгісі шешендік сөздер – ғасырлар бойы халық сынынан ерекшеленіп өткен құнды мұра, асыл қазына.
Шешендік өнеріне ерте замандардан-ақ, үлкен мән берілген. Ежелгі грек, рим елдерінде шешендік өнерді "риторика" деген атпен жеке пән ретінде оқыған. Дүние жүзіне әйгілі ерте заман шешендері Пратогор, Демоссфен, Цицерон, Квинтилиан сияқты өз заманының мемлекет қайраткерлері, ел аузына қараған ойшылдары болған. "Риторика" ғылымы өнердің падишасы ретінде ерекше бағаланған. М.В.Ломоносовтың 1748 жылы басылып шыққан "Шешендікке қысқаша басшылық" атты еңбегі бұл өнердің Ресейде дамып, қалыптасуына түрткі болды.

Қазақтың шешендік сөз тарихы Майқы би мен Аяз билерден басталып (XII-XIII ғғ.), Жиренше шешен, Асан қайғы (XIV-XV ғғ.) есімдерімен қатысты калыптасып, өркендей түсті.

Шалгез, Бұхар (XV-XVIII ғғ.), Шортанбай, Дулат, Мұрат, Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтекелерге жалғасты. Шешендік өнерінің кеңінен дамып биіктеген кезеңі – XV-XVIII ғғ. Бұл кез қазақ халқының жоңғар, қалмақ, қытай басқыншыларына қарсы тұрып, өз тәуелсіздігін қорғау жолындағы күрес жылдары еді.

Шешендік сөздердің алғашқы үлгілерін халық ауыз әдебиеті туындыларынан, ертегі, аңыз әңгімелерден, өлең-жыр, дастандардан ұшыратамыз. Осы сөз өнерінің кең қанат жайып, орнығып дамуында тапқырлық пен шешендіктің тамаша нұсқалары – жыраулар толғаулары, айтыстар мен мақал-мәтелдердің орны ерекше.

Қазақтың шешендік сөздерін өзге жұрттың атақты адамдары, ғалымдары жоғары бағалады. Шешендік сөздер нұсқаларын академик В.В.Радлов (XIX ғ.) зерттеп жинаған болатын. Ол: "Қазақтар... мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауыз екі сөйлеп отырғанның өзінде сөйлеген сөздер ұйқаспен, ырғақпен келетіндігі соншалық, бейне бір өлең екен деп таң қаласын", – деп көрсете отырып, әсіресе қазақ тілінің тазалығы мен табиғилығын дұрыс аңғарып, қазақтардың сөзге тапқырлығы мен шешендігі өзіне ерекше әсер еткенін жазған.

Сондай-ақ, қазақтың шешендік, тапқырлық, нақыл сөздерін жинап жариялағандардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ол халық даналығының жас өспірімдерді тапқырлыққа, өткірлікке, адамгершілікке баулитын тәрбие құралы екенін жете танып, өз еңбектеріне орнымен енгізіп, пайдалана білді.

Шешендік сөздерді алғаш зерттеушілердің бірі – М.Әуезов. "Қазақ әдебиеті тарихы" (1927 ж.) еңбегінде "Билер айтысы" деген арнаулы тақырыппен шешендік сөздердің кейбір түрлеріне мысалдар келтіреді. Ауыз әдебиетінде алатын орны мен халықтық сипатына дәлелді ғылыми тұжырымдама береді. Ауыз әдебиеті мұраларын зерттеп, жинап, ерекше еңбек сіңірген ғалым-лингвист А.Байтұрсынов шешендік өнерді жеке алып қарастырып, құнды пікірлер білдірді (1926 ж.). Шешен сөз, көсемсөз, дарынды сөз деп үш топқа бөліп, әрқайсысын қолданыс орнына қарай (саясатқа қатысты, сотта сөйлеу, қошемет сөздер, ғалымдардың ғылыми тақырыптағы сөзі, діни уағыз сөздер) іштей тағы беске бөліп, әрқайсысына қысқаша түсініктер, тың анықтамалар берген.
Шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр логикаға құрылады.

Халық мақалдарында: "Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді", "Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ", "Қылыш жарасы бітеді, тіл жарасы бітпейді", "Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды", – деп сөзді айтушыға да, оған құлақ қоюшыға да биік талап қойған. Демек, шешеннің ең негізгі құралы – сөз. Ол тындаушының жүрегіне жетіп, ерекше сезімге бөлеген.

Сөз туралы Бөлтірік шешен: "Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылыңды, сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт, кімге, қай жерде, қай кезде, қалай сөйлейтініңді біл", – деп толғайды. Бұлар – "Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін, жауласқан елдің арасына бітім айтатын, күлгенді жылатып, жылағанды жұбата алатын даналық сөздер иесі". Мұндай сөз білетін, жөн білетін адамға ел ісіне араласуға, халық атынан сөйлеуге құқық берілген. Шешендік өнер — көрген-білгенді көкейге тоқып, көп үйреніп ізденудің арқасында талай айтыс-тартысқа түсіп, жалықпай жаттығу арқылы жетілетін өнер.
Шешендік өнердің қиындығы туралы Бұқар жырау:

...Көш бастау қиын емес –
Қонатын жерде су бар.
Қол бастау қиын емес –
Шабатын жерде жау бар.
Шаршы топта сөз бастау қиын –
Шешімін таппас дау бар, –

деп дұрыс аңғартады.
Нағыз шешен үшін сөзге шебер болу жеткіліксіз. Табанда тауып сөйлейтін тапқыр, топ алдында тайсалмай, мүдірмей сөз бастайтын батыл, сөз сайысында саспайтын сабырлы болуы қажет.

Шешендік сөздерге тән ерекшеліктер. Біріншіден, қазақ шешендерінің сөздері жазбаша емес, ауызша айтылып дүниеге келеді де, одан кейін бірден-бірге жатталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетеді.
Екіншіден, айтыла келе бастапқы нұсқа қалып өзгертіліп отыруы мүмкін.
Үшіншіден, шешеңдік сөздер кейінгі айтушылар тарапынан қажетіне қарай өзгеріп қолданылып отырған.
Шешендік сөз ақындар айтысы сияқты сөз тартысы дау үстінде, ел тағдыры талқыланған ұлы жиын кеңес кезінде, оңаша ой толғау не сұхбат, әңгіме-дүкен барысында арнау, сәлем, өсиет түрінде де өмірге келген.
Шешендік сөздер көбінесе түсінік сөзден басталады. Түсінік сөзде айтылмыш шешендік сөздің немен байланысты, қандай жағдайда туғандығы мен кім айтқаңдығы баяндалады.
Шешендік сөздің, айтылар ойдың негізі – мазмұн. Сөз нақтылы, нені айтса да сендіретіндей, иландырып қарсыласын мойындататындай дәлелді айтылған.
Жазба әдебиетіміз дамыған кейінгі дәуірде шешендік сөздер саптан шыққан жоқ. Заманға сай жаңа мазмұн, жарасымды тұр тапқан шешендік сөз нұсқалары көбейді.
Шешендік сөздің шыны – айтыс. Мұнда ауыз әдебиетіне тән барша қасиеттер тоғысқан.
Шешендік сөздер мән-мағынасының тереңдігімен ғана емес, сондай-ақ тақырыбының кеңдігімен де ерекшеленеді.
Шешендер сөзі – халқымыздың тілдік қазынасы. Ол көркем әдебиетіміздің қалыптасып дамуына белгілі дәрежеде үлес қосқан ақын-жыраулардың арнау, толғау сөздеріне ұқсас болып келеді.
Ертеден-ақ, халқымыздың өзіндік басқару жүйесі болды. Ел қамын жеген ерлері, сөзін сөйлеген, әділін айтқан шешендері, білімпаз билері болды. Би – халықтың көкейіндегісін айтқан, ойын жарыққа шығарған әділет жоқшысы. Қазақтың атақты билері Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтекеден қалған сөз дәстүрі ғасырлар бойы үзілген емес.
Ш.Уәлихановтың: "Би атағын беру қазақта халық тарапынан бір сайлау арқылы немесе халықты билеп отырған өкімет тарапынан бекіту арқылы болған емес, тек сот ғұрыптарына әбден жетік, сонымен қатар тілге шешен қазақтар ғана бұл құрметті атаққа өз бетімен ие болған. Би атағын алу үшін би болам деген қазақ өзінің заң ісіне жетіктігі және шешендік қабілеті бар екеңдігін халық алдында сан рет көрсетуге тиіс болған. Ондай адамдардың атағы бүкіл қазақ даласына тез жайылып, олардың аты жұрттың бәріне мәлім болып отырған", – деген сөздерінен би – халықтың көкейіндегісін айтқан, жарыққа шығарған әділет жоқшысы екенін танимыз.
Кезінде Ахмет Байтұрсынов: "Әділ билердің қолындағы билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді", – деді. Демек бұл қастерлі мұра – шешендікпен айтылған билер сөзі ұмытылмайды, қай кезде болса да халық жадында.

0 дауыс

ЖЫРАУ МЕН ЖЫРШЫЛЫҚ ДӘСТҮРДІҢ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ҚАЛЫПТАСУЫ

Тарих қашан да өз перзенттерінің құнды мұраларымен қымбат, әрі барлық кезеңдердің сарапшысы.Ерлігі мен еркіндікке құштар күрестерге, батырлығы мен бостандық дегенде жан салмайтын байламдарға,шешендер мен ел тағдырын шешетін сәтте ақыл-парасатымен, дана-сәуегейлігімен өмір шырдығын толғап жеткізуші жырауларға толы бүгінгі күнге өз жемісін жеткізіп отыр.

Тарих толқынында қазақ әдебиеті үшін жарқын белестерге толы бір кезең XV-XVIIIғасыр әдебиеті. XIII-XIV ғасыр моңғол шапқыншылығы зырдаптарынан бас көтеріп, жаңа заман, жаңа өмірге бет бұрған халықтың жаңа шежіресі басталды. Алтын Орда құлап ноғай, қазақ рулары дербесеігін алып бөлініп шығып, Ақ Орда халқының жеке мемлекет болып қалыптаса басталу тарихында да заман өз қиындығын кездестірді. Бірінші орынға елдікті,қазақ ұлтының біртұтастығын мақсат еткен қайырымды хандармен бірге, елді басып –жаншуға, өзге елдермен қазына үшін соғыстырып ел берекесін кетіруге, халықты қалың тобыр деп  қана түсінетін қатігез хандар да кездесті. Осы бір аға мен іні хандық үшін жауласып,әке мен бала билік үшін араздасып, аждаханың аузындай хан тағы үшін бала әкесін,іні ағасын жұтқызып жіберіп жатқан, хандар билігі жиі-жиі ауысып, ел басына біркелкі заман орнату қиынға соққан кезеңдерде ел қамы үшін , ұлт жаны үшін тарих төріне әдебиеттің құрметті өкілдері жыраулар келген еді. Моңғол шапқыншылығының зардабы кезіндегі сопылық әдебиеттен кейін, XV ғасырдан бастап қазақ мәдениеті алға өрлеп әдебиет, музыка,ғылым саласы қайта жанданды. Осы бір кезде тарих тұғырында да, әдебиет әлемінде де елеулі орны бар жыраулар поэзиясы қалыптасты.

XV ғасырдың біріншісі жартыснда Жәнібек пен Керей хандардың қазақ хандығын құрып, қазақ деген елдің дербес өмір сүруіне байланысты осы кезеңде қазақтың төл әдебиеті, әдеби тілі қалыптаса бастады.Сонау қазақ фольклорынан бастау алып ертегі-аңыздар, жұмбақ-жаңылтпаштар, эпостық жырлар сияқты  халықтың, халық ауыз әдебиетінің еншісінде ғана емес, жеке авторлық шығармалар дүниеге келді. Мұндай жыр иелерін жырау деп, олрдың жырларын толғап, халық арасында таратушылар жыршы деген атқа ие болып,әдебиетте жеке сипат ала бастады.

Осы тұста жыршы кім? Жырау кім? Жыршы мен жыраудың ақыннан айырмашылығы неде? деген сұрақтар туады.

Ең алдымен жырға келетін болсақ, «Жыр-(көне түркі тілінде «иыр»)- 1.кең мағынада поэзиялық шығармалардың жалпы атауы...2.тар мағынасында  қазақ халық поэзиясындағы 7-8 буынды өлең өлшемі, поэзиялық шығарма жанры» деген анықтама «Қазақ әдебиетінің энциклопедиясында» берілген екен. Ал, зерттеуші Ш.Ш.Уалиханов «Қазақ халық поэзиясының түрлері жөнінде» атты еңбегінде «Жыр дегеніміз рапсодия. Ал жырламақ деген етістік тақпақтап айту деген етістік тақпақтап айту дегенді білдіреді.Барлық далалық жырлар қобыздың сүйемелдеуімен тақпақтап айтылады»,-деп көрсеткен екен.

«Тіл бас жарады, бас жармаса тас жарады» деп сөз өнерін, тіл тағылымын ардақ тұтқан қазақ халқы сонау XV ғасырда да жырларды қадірлеген болуы керек. Поэзиямен жаны егіз көшпенділер бесіктен туғаннан бастап жыр әуеніне елітіп өскен. Соның әсері болуы керек жыр тарих сахнасында да талай хандарға, сұлтандарға,  әмірлерге, өз ықпалын тигізіп, халықтың игілігіне айналғаны анық. «Қазақтардың  бүкіл өлеңдерінің түп негізі ретінде қазақтар өздері «өлең» және «жыр» деп айтатын екі түрлі өлең түрін қабылдауға болады.

1.Өлең.

2.Жыр. Өлшем жағынан минусин татарларының батырлық жырларына ұқсас, өлеңге қарағанда ол екі буыннан төрт буынға дейін мүлде еркін араласып келіп отыратын үш бунақтан (көбінесе екі бунақтан) құралады.Ұйқас соңына келуі қажет, бірақ қалай ұйқастыру ақынның еркінде» деп белгілі зерттеуші  В. В. Радлов түсінік бергендей жыр қазақ  поэзиясының арғы атасы іспеттес.(Радлов В. В. «Алтын сандық» Алматы 1993 жыл 10- бет) жалпы жыр өлшемі поэзияда ерте туған  өлшем. Ғалымдардың зерттеуінше жырлардың ұйқас түрлері 10-ға жуық. Жыр негізінен дара ұйқасты және аралас ұйқасты болып  екіге бөлінеді.Аралас ұйқастың өзінің салалары көп.

Жырау - қазақ әдебиетінің  көрнекі өкілі. Әдебиетте де тарихта да маңызды орын алар тұлға. «Жырау - өз жанынан шығарып айтатын және эпикалық дастандар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілі жырау атауы-«жыр» сөзінен туындайды» деген түсінік жырауға «Қазақ әдебиетінің энциклопедиясында» берілген. Өз жанынан суырып шығарып жырлайтын жыраулар XV ғасырда ғана туа салған жоқ. Жырау тұлғасының тарихы тереңде. «Сәугейлік, батагөйшілдік, түс көру, ырым айту, табиғат құбылыстарына т.б. жайларға қарай болжам жасау, абыздың бір міндеттерін атқару – көне дәуір жырауларына тән қасиет» - делінген жоғарыда аталған еңбекте. Иә, жыраулық мектептің түп негізі абыздардан басталады. Ел ертеңі жайлы болжам жасап, данышпандығымен дараланып жүрген жыраулар хан сарайында отырып, алдағы болар қауіп-қатерді болжап отырды. Хандардың түсін жорып, халық арасындағы қарым-қатынастардың қалай бағыт алатынын болжап, оны жыр жолдарымен жеткізіп, абыздық дәстүрді әдебиетпен байланыстыра дамытты.

Иә, жыраулар өз заманындағы нағыз халық жанашырлары бола алды. Олар жыр шығарып, толғау айып, тек өнер иесі ғана болып қойған жоқ, жаугершілік заман болып, ел басына күн туған кезеңдерде атқа қонып, жауға аттанған батыр, қолбасы болды. Сол қызметтерді атқара жүріп, ел қорғау, халықты азат ету мақсатын паш ететін сарбаздарын жігерлендіретін, патриотизмді насихаттап немесе хан, уәзірлерге пікір қосып, кемшіліктерін бетіне басып, қаймықпай ашық жеткізетін міне осы жыраулар болды. Бұл пікірге мысал келтіретін болсақ, Доспамбеттің  

Арғымаққа от тиді,

Қыл мықынның түбінен.

Аймедетке оқ тиді,

Отыз екі омыртқаның буынынан,

Зырлап аққан қара қан

Тыйылмады жонның уақ тамырынан.

Сақ етер тиді саныма

Сақсырым толды қаныма

Деген жолдарынан жыраулардың қолбасы, батыр болып, әрқашан алғы шепте жүріп, жоу оғынан жараланып, елі үшін жан аямағанын байқаймыз.

Таза, мінсіз асыл тас

Су түбінде жатады.

Таза, мінсіз асыл сөз

Ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас

Жел толқытса шығады,

Ой түбінде жатқан сөз

Шер толқытса шығады. – дейтін Асан қайғының терең философиялық толғаулары да осы жыраулардың еншесінде.

Қазақ әдебиетінде есімі ел аузында сақталып, аңызға айналып жүрген жыраулар өте көп. Дегенмен оларды зерттеудегі бір қиындық жыраулар шығармаларының ауызша таралып, бүгінгі кезге ауыздан-ауызға таралу арқылы жеткендігінде болып отыр. Уақыт өткен сайын ұмытылып немесе біреулердің өз жанынан қосып өзгертулері нәтижесінде жеткендігінде.

Жыр және жыраулар туралы деректер М.Қашқаридің «Диуани-лугат-ат түрк» еңбгінде кездеседі. Оның еңбегінде Шөже жырау (XI ғасыр) туралы сөз болады. Онда Шөже жырау – жырау әрі көп жыр білетін жыршы екендігі жайлы айтылады. Сонымен қатар Қорқыт (IX ғасыр), Сыпыра жырау (XIV ғасыр) есімдері арқылы біз жыраулық поезияның тамыры әріде жатқандығын білеміз. Дегенмен  XV-XVII ғасырлар жыраулар поэзиясының дамып, жетіліп кемелденген шағы болып табылады.

XV-XVII жасалған әдебиет ел мүддесін, жұрт мақсатын алдыңғы орынға қойды. Бұл кезеңдегі жыраулар поэзиясы әдебиетте өзіндік түр тауып, ұлттық сипатта қалыптасты. Қазақ елінің ұлттық болмысын, ерекшелігін саралап көрсетіп, тарихын, салт-санасын, дәстүрін таңбалайтын келер ұрпаққа тәрбиелік өредегі ұлы туындылар қалдырды.

XV- XVII ғасырдағы жыраулар поэзиясы қазіргі Қазақстан жерін қоныстанған ежелгі тайпалар туғызған бай рухани қазынадан нәр алды, ежелгі дәстүрлерді дамыту, тың тақырыптар игеру, жаңа мазмұн қалыптастыру нәтижесінде қанат жайды. Діни, тәрбиелік, қоғамдық, әлеуметтік, ерлік пен ездік, қарыз бен парыз, о дүние мен бұ дүние тағы басқа жайындағы философиялық туындылар жыраулар поэзиясының терең дүниетанымдық сипаты болды. Жыраулық поэзияның алғашқы өкілдерінің бірі деп Сыпыра жырау Сұрғылтайұлы, Асан қайғы (Хасан), Қазтуған Сүйенішұлы, Доспамбет жырау, Тіленішұлы Шалкиіз, Жиембет жырау, Марғасқа жыраулар болды. Олар жаңа әдеби салаларды қалыптастырушылар ғана емес, көне мұраны жалғастырушылар болып табылады. Олар шығарған әдебиет үлгілері – негізінен заман, қоғам, өмір жайлы ойлы сырлы толғаулар, ақыл-өсиет түріндегі шешендік сөздер, мақал тақілетті тұспал-дидактикалық термелер сондай-ақ елді жеңіске бастаған батырлардың көзсіз ерлігін жырлаған. Ерлік эпосы, ел қожаларын дәріптейтін мадақ жырлар, қайғылы қазаға байланысты азалы сөз, естірту жоқтау немесе қара қылды қақ жарған әділ қазы, я болмаса табан асты тапжылмастан сөз бастап, терең оймен жұртты ұйытқан ақыл иелерін қошамет тұтар арнаулар болатын.

Солардың бірі Сыпыра жыраудың келер ұрпаққа арнаған жыры бата іспеттес және онда болашаққа деген сенім мазмұны да ұялаған.

 Көп ішінде сөйлесем,

 Жас жігіт саған қарасам –

Қара лашын тұйығынсын

Асылыңа қарасам –

Құс алатын қырғисың

Қызыл тілге келгенде

Сар садақтың оғындай

Көлденеңдеп сырғисың

Көрмегеннен сұраймын,

Асылыңды білдірші

Қай ұлыс елдің, жарқыным?!

Сөзді жұптап, түйдектеп

Бәйге атындай шұлғисың! – деп келетін жыраулар поэзиясының ауқымы шектеулі емес. Қоғамдық-әлеуметтік, тарихи жағдайлардың кейбір мәселелеріне байланысты, халықтың көңіліндегі мұң-мұқтажын болжау, танып тоқтам айту, сол жыраулық мақаммен сөйлеу, жыраулық сарынмен жеткізу де кездеседі қазақ әдебиетінде. Мысалы, Махамбет поэзиясының Қазтуған, Шалкиіз, Марғасқа жырларымен астарласып жатуы.

Жалпы жыраудың қазақ қоғамында атқарған қызметіне келетін болсақ – сөз өнерін сүйеніш етіп, шешендігін шебер пайдаланып жүрген жыраулардың аса бір ел тарихындағы халық қамы үшін маңызды рөл атқарған тұсы қазақ хандығы дәуірі болды. Бұл кезеңде әр жыраудың өзіндік тарихи орны, әр хан тұсында саяси-әлеуметтік маңызы болды. Қандай заманда болмасын кез-келген хан, сұлтан тұсынан бірлі-жарым жырау табылып отырды. Олардың ханға жағымды, хан өзіне ақылшы тұтатыны да, ақылсыз келген хандар жұрт арасына іріткі салушы ретінде түсініп жағымсыз көретіндері де болды. Бірақ жыраулардың қай-қайсысы да халық жанының жанашыры болып, барлығының поэзиясы бірге ең әуелі қазақ халқының құралу дәуіріндегі қыйлы күйді жеткізді. Жыраулардың арасында кейбірі хандарды мадақтап жыр арнаған болса да, халықты үгіттеп ханға жығып беру мақсатында жыр айтқандар болған жоқ.

Жыраулар поэзиясының негізгі сарындағы туған жер, ұлт-азатық күрес, сонымен қатар насихат, өнеге ғибрат, нақыл сөз үлгілерін көптеп кездестіреміз.

Жыршы кім? деген сұрауға «Қазақ әдебиеті энциклопедиясында»: «Жыршы – жыр айтушы, таратушы. Жыршылар домбыраның не қобыздың сүйемелдеуімен мақаммен, әнмен айтады. Сондай-ақ эпикалық шығармаларды да орындайды» деген жауап бар. Жыршы жыраулармен бірге өмір сүрген және оған дейін де болған. Әдебиет тарихында жыршылар орны ерекше. Себебі, бүкіл жыраулар поэзиясы болсын, эпостық жырлар болсын, халық ауыз әдебиетінің барлық үлгілері осы жыршылар арқылы жеткен. Жыршылар кейде өз жанынан белгілі бір тарихи оқиғаларды дастан етіп жырлағандықтан жыраулар деп те аталып жүрген. Қазақ халқы жыршыны әнші, шешен, жырау адамдармен қатар қойып, қадірлеген. Жыршылар өздері жырлайтын шығармаларын, толғауларын белгілі бір аспаппен сүйемелдеп (домбыра, қобыз) кейде әуенге салып жырлаған. Жыршылар тек жырды жеткізуші ғана емес ұлы өнер иелері де болып табылады.

Шығармаларының сарыны мен тақырыбы бірыңғай болып келетін және бірегей тарихи тақырыптарды, әлеуметтік-қоғамдық мәселелерді, қолбасы батырлар мен елбасылардың ісін, жер мәселесін жыр ғып толғап отырудан басқа көркемсөз шығарушы өнерпаз ақындардың да қазақ әдебиетінде қалыптасу тарихы ертеде. Ақындардың жыраулардан айырмашылығы сонда оның тақырып ауқымы кең адам жандүниесінің өнері. Заман өзгеріп әдебиеттің сарыны да басқа бағытта қанат жая бастады.

XVIII ғ аяқ кезі XIX ғ поэзиясында «жырау» деген атақ өте сирек қолданылды. Бұрынғы ауыр сазды толғаулар айтар жыраулар орнына енді әзіл аралас жеңіл терме, шырқап салар әндер, өлеңдер, жүрекке назды әсер етер лирика түрлері (табиғат, махаббат), айтыстардың қыздырмасы болар небір шабытты жырларды төгіп жырлар ақындар поэзиясы пайда болды. Ақындар поэзиясы өзінің мазмұн маңызымен де, түп, стиль, бағыт ерекшеліктерімен де өзгешеленеді. Өмірдің барлық саласында тақырып етіп, өлең өнері жаңа сатыдан көрінді.

Қазақ халқының  XV-XVIII  ғасырлары қалыптастырған жыраулар поэзиясы кейіннен дарынды ақындар өнеріне ұштасты. Жыраулар поэзиясы да фольклорлық сипатта болғанмен авторы халық қана деп түсінетін ұғымнан алысырақ, анығырақ авторы белгілі бір тарихи тұлға болатын, қоғамдық-әлеуметтік маңызы зор көркем сөз туындылары дүниеге келді. Ол туындылар әдеби өмірдің қалыптасу жолдарынан мәлімет беретін,  тарихтың сырларын айқындайтын құнды дүниелер болды.

Әсіресе, ауыз әдебиеті оның ішінде эпостық жырлар сол кездері биік сатыға көтерілді. Бұрынғы эпос жырлары «Ер Сайын», «Ер Көкше», «Қыз Жібек», «Күлше қыз» сынды жырлар осы кезде жырланып жаңа нұсқалары пайда болды. Бұл кезең жырдың, жыршының және жыраудың өрлеу кезеңі. Бұл кезеңде қазақ әдебиетінің өзіндік әдеби стилі қалыптасып, қазақ халқының мәдениеті жанданады. XV-XVIII ғ халық басынан өзінің ауыр даму кезеңдерін өткергенмен, әдеби ілгерілеп, дами берді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.      І.Есенберлин «Көшпенділер»  Алматы, «Есенберлин атындағы қор», 2002 ж

2.      М.Мағауин  «Ғасырлар бедері» Алматы, «Жазушы» 1991 ж

3.      «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» Хрестоматия.  Құрастырған: М.Мағауин  Алматы, «Ана тілі» 1993 ж

4.      «XV-XVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы» Редакциялық коллегия  Алматы,  «Ғылым» 1982 ж

5.      Ш.Ш. Уалиханов «Таңдамалы» Алматы «Жазушы»  1985 ж

6.       Х.Сүйіншәлиев «VIII-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті» Алматы, «Мектеп» 1989ж

7.      Ә.Қоңыратбаев «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» Алматы, «Санат», 1994 ж

8.       «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» І том. Құрастырған: Т.Кәкішұлы. «Қазақ университеті», Алматы, 2001

9.       «Тарихи жырлар» І том  Алматы «Білім» 1995 ж

10.   «Бес ғасыр жырлайды» І том. Алматы «Жазушы» 1989 ж.

0 дауыс

АСАН ҚАЙҒЫ  туралы қазақша реферат

Аты аңызға айналған түрлі фольклорлық деректер бойынша бізге мәлім болған белгілі ақын, философ, әрі саясатшы халық арасында Асан қайғы атанған Хасан Сабитұлы 1361-1370 жылдары Еділ өзені маңында дүниеге келген. Шоқан Уәлиханов Асан қайғыны «ұлы даланың философы» деп атаған. Тарихи аңыздарға сүйенсек, Асанның әкесі құс баптаған саятшы болған.

Революцияға дейінгі қазақ тарихшыларының мәліметтері бойынша, Асан қайғы Алтын Орда ханы ұлық-Мұхаммедтің ықпалды нөкерлерінің бірі болған. XV ғ. 20-шы жылдары ұлық — Мұхаммедтің Алтын Ордадан қуылғанына қарамастан, Асан Қайғы өзінің билеушісіне сенімін жоғалтпаған. Артынан ұлық Мұхаммед Қазанның билеушісі болған жылдары оның кеңесшісі қызметін атқарған. Билеушісі қайтыс болғаннан кейін Асан Дешт-Қыпшаққа қайтып оралады.

1450 ж. Әбілқайыр ұлысында саяси күрес өршіген тұста Асан ханға қарсылас Керей мен Жәнібек сұлтандар жағын қолдаған. 1455 ж. бүлікшіл сұлтандар Шу өзені бойында Қазақ хандығының негізін қалағанда, Асан жаңа хандықтың басты идеологына айналған еді.
1465 ж. Қазақ хандығы өзінің билігін Орталық және Солтүстік-Батыс Қазақстан жерлеріне дейін кеңейткен тұста, жүзді еңсерген Асан қайғы әлі де тірі болған болуы керек. Халық ауызында «ақын ұзақ өмір сүріп, Сары-Арқада ұлытау маңында дүниеден өткен», — деген сөз қалған .

Асан қайғының атынан жарық көріп жүрген үш шығарма жайлы ақынның шығармашылығын зерттеп жүрген зерттеушілер арасында біртұтас пікір қалыптаспаған. Асан қайғының өлеңдері ауыз әдебиет шығармалары үлгілеріне жақындығымен ерекшеленеді. Асан қайғының авторлығына күмән туғызбайтын шығармалары бүгінде қазақ поэзиясы антологиясы қатарында орын алған.

Таза, мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады,
Таза, мінсіз асыл сөз,
Ой түбінде жатады.

Су түбінде жатқан тас-
Жел толқытса шығады,
Ой түбінде жатқан сөз —
Шер толқытса шығады.

...