+2 дауыс
37.4k көрілді

9-11 сыныптарға арналған жаңа жылдық сценарий керек тауып беріңіздерші

4 жауап

+2 дауыс
 
Жақсы жауап

«Қош келдің, Жаңа жыл» 2015 жылдың балаларға арналған ертеңгілігі
Жүргізуші: Барлық жандар бір білікке қосқан үн
Бақытты боп бастады жыл дастанын
Қуанышпен келді той деп жаңа жыл
Құтты болсын жаңа бақыт достарым
Жүргізуші: Құрметті балалар, ата - аналар, ұстаздар, қонақтар. Жаңа жыл мерекесіне арналған
«Қош келдің, Жаңа жыл» атты кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер.
Жүргізуші: Құрметті жамағат жүрекке жылылық ұялатар алғашқы Жаңа жылдық құттықтау сөзді ақыл ойы жетілген саналы ұрпақты сезімі сергек, арманшыл дана ұрпақты тәрбиелеп жатқан білім ұясының білікті басшысы Түсіпқалиева Айзада Мұғиқызына береміз.
Жүргізуші: Осындай ғажап тілектен біз енді ертегілер еліне саяхат жасап, жаңа жылымызды әрі қарай мерекелейік.
1 Сайқымазақ: Армысыздар, Халайық!
2 Сайқымазақ: Жақсы жайғастыңыздар ма, қымбатты достарым? Бәрі естіліп, көрініп тұр ма? Бәріне орын жетті ма?
1 Сайқымазақ: Сендермен кездескендерімізге өте қуаныштымыз. Біз бүгін жаңа жылдық мерекені тойлағалы отырмыз.
2 Сайқымазақ: Бүгінгі мерекемізді көңілді әуенмен шыршаны айналып өтуден бастайық.
Хоровод ән
1 Сайқымазақ: Біз мұнда жай отыру үшін емес, ән айтып, би билеуге келдік. Сондықтан көңіл көтерейік.
2 Сайқымазақ: Мен сендерге шығыстың түнін қандай болатынын көрсетейін бе? Оны көру үшін бір көзіңді жұмасын, ал екінші көзіңмен мына жәшіктегі тесікке қарайсын. Сонымен, ғажайып басталады.....
( Ойынға қатысушының үстіне қара плащ жабады, ойыншы тесікке қарайды, бірақ ештеңе көре алмайды.)
1 Сайқымазақ: Қалай көрдің бе? (ойыншы ештеңе жоқ деп жауап береді.)
1 Сайқымазақ: (ашуланып) Бұны қалай түсінуге болады.
Бұл не сұмдық сен ештеңе көрген жоқсынба? Сен қараңғылықты көріп тұрсын. Ғажайып, жұмбақ шығыс түні дегеніміз енді қара сонда көресің. жәшікке қарайды.
(аржағынан биші қыздар шыға келеді.)
Жүргізуші; Бұрыннан болған екен Аяз ата
Тосады екен балалар қысқы уақытта
Ақшақарды Қасына ертіп алып
Жер бетін шарлайды екен дамыл таппай
Жүргізуші: Бәріміз қосылып бар дауысымызбен Аяз ата мен Ақшақарды ортаға шақырайық.
2 Сайқымазақ: Кәне бәріміз қол шапалақтап қарсы алайық!
(Аяз ата ақшақарымен бірге кіріп келеді.)
Аяз Ата: Аяулы ата - аналар, ардақты ұл қыздарға
Бүлдіршін балаларға бір сәлем!
Қандай жарқын жүздерің,
Қандай әсем жырларың
Асулармен алысқан,
Асау желмен жарысқан
Аталарың сендерге
Шаршап келді алыстан
(Балалармен амандасады.)
Ақшақар; Амансыздар ма, балалар, ұстаздар, ата - аналар. Өздеріңді сағынып келдік, жаңа жылдарыңыз құтты болсын, Өтіп кеткен Жылан жылымызға аман есен саулық тілеп, келер жылымыз Жылқы жылына табыс жыл, береке, бірлік әкелсін деп, тарих жыл болсын деймін.
Ақшақар; Аяз ата қарашы, балалардың киімі қандай әдемі. Шырша да әсем безендірілген екен. Бәрі де сұлуланып кетіпті.
Шырша шамын жағайық, Жаңа жыл тойын ашайық. Барлығымыз «Шырша жан» «Шамдарыңды жарқырат» деп айтайық. (Барлығы айқайлайды, шырша шамдары жағылады.)
Аяз ата: Бәрекелді балалар! Шыршамыз жарқырап, айналаға қуаныш сыйлауда. Шыршаның құрметіне ән айтып, шыршаны айналып өтейік.
Би
(билеп жатқанда ескі жыл шығады,)
Жылқы жылы: Мен ескі жылмын сіздерге молшылық, бақыт әкелдім. Мына келер жылға айтар тілегім.
Қуанышты ортамыз сазға ұласқан
Тілегім болсын мәңгі ашық аспан
2015 жыл қадам басқан
Гүлденіп көркейе бер Қазақстаным.
Келесі жыл бастауын қойға берем
(Сақнаға қой шығады,)
Қой: Сәлеметсіздер ме, кешіккен жоқпын ба, мен сондай асықтым, сондай жүгірдім, кешігем деп қатты қорықтым, уақытында жеттім бе?
Жылқы жыл:
Мен тағы бір қонақпын
Он екі жылда оралар
Үлкендерге ақ ниет
Сіздерге де ақниет
Сіздерге де мың рахмет.
Барлығы: Қош бол, жылқы, қош бол.
Ақшақар: Қош келдің жаңа жыл.
Аяз Ата: Ал айналайын жаңа жыл, келген қадамыңа нұр бітсін. Мынау менің ұлдарыммен қыздарым, мынау халқым саған аманат. Он екі ай бойы бағып қағу сенің мойныңда. Жақсы жыл бол, жаңа жыл.
Ән «Қош келдің жаңа жыл»
(шыршаны айнала билейді.)
Би
Аяз ата; Бәрекелді жаңа жылым. Төрімізге шық. Бірімізге жаңа бақыт, жаңа қуаныш ала кел.
Жылқы; Құрметтеріңізге рахмет. Шын көңілмен жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын. Байқаймын барлықтарыңыз да мерекеге жақсы дайындалыпсыздар.
Жүргізуші: Иә, барша балалар жаңа жылды қарсы алуға келіп тұр.
Аязата: Ал енді біз келместен бұрын бүлдіршіндеріміз бізге тағы не әзірледі екен соны көрейік.
Жаңа жылдық би_______________
Жаңа жылдық әнмен шыршаны айналу
Жүргізуші: Қане балалар Аязатамызды ортаға алып өзіміздің дайындаған тақпақтарымызды айтайық.
Ақшақар: Қанекей балалар біріміздің артымызға тұрып алып Аязатаға арнаған тақпақ, өлең шумақтарымыз болса айтамыз.
( аязата ортада отырып балалардың өлең шумақтарын тыңдап сыйлықтарын береді)
Ән:
Аязата: Жаңа жылдарыңызбен достар, шанамызға мінейік, ақшақарым, Алда барар ауыл, жыл қуантсын баршаны.
Ақшақар: Жаңа жылда сіздердің барлығыңызға жақсылық тілеймін.
Барлығы: Қош бол, Аязата, Ақшақар, Аязата ақшақар......
Ән
Би
1 Сайқымазақ: Міне, қымбатты балалар, бірлесіп, достасып өткізген мереке қашанда қуанышты өтеді, достық, бірлік бәріне де жеңеді. Аспанымызды бұлт торламасын. Көктегі күніміз сөнбесін.
2 Сайқымазақ: Барлық жандар бір тілекке қосқан үн
Бақыт боп бастады жыл дастанын
Қуанышпен келді той боп жаңа жыл.
Құтты болсын жаңа бақыт достарым.
Жаңа жылдық ән бұл мерекенің соңы сәтті болады.
Жүргізуші: Жаңа жылдарыңыз тағы да құтты болсын.
Соңы.

0 дауыс

Мектеп оқушыларына арналған жаңа жылдық бағдарлама.

Жаңа жылдық әуен ойнап тұрады.

Екі жүргізуші ортаға шығады.

І жүргізуші: Ассалаумағалайкум! Құрметті қонақтар!

ІІ жүргізуші: Армысыздар, ардақты ұстаздар, оқушылар!

І жүргізуші:

Жаңа жыл – жаңа қадам, жаңа бағыт,

Болашақ сыйлайтындай жаңа бақыт.

Жылқы жылы кеп қалды ортамызға,

Жақсылықпен жалғассын жаңа уақыт.

 

Құтты болсын жаңа жыл, барша халық.

Қуанышқа, шаттыққа тамсанайық.

Бірімізге шынайы тілек тілеп,

Бар әлемге бақытпен жар салайық!

ІІ жүргізуші:

Жаңа күнде ән қылып,

Тек жүреміз сән құрып.

Көңілдердей қартаймай,

Шырша тұрар мәңгілік!

(І жүргізушіге) Білесің бе, осы Жаңа жыл әлемдегі ең көп, әрі ең керемет тойланатын мереке екен.

І жүргізуші: Дұрыс айтасың, бұл күні қуанбаған жан қалмайды. Бәрінің жүздерінде күлкі мен шаттық. Әлемнің әр жерінде от шашулар  атылып, жаңа жылдық шыршалар бой көтеріп, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін бақыттың құшағында жүреді екен!

ІІ жүргізуші: Құрметті, ұстаздар, оқушылар! Сіздерді осындай бақытты шақтың қуанышы – Жаңа жылы мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

І жүргізуші: Жаңа жыл тек қана бақыт, қуаныш әкелсін дей отырып, бүгінгі көңілді кешіміздің алғашқы сөз кезегін мектеп директоры ... береміз.

ІІ жүргізуші: 

Жаңа жыл - қайсарлық пен жүректілік,
Баратын болашаққа білек түріп.
Әдемі тілектерге қол соғамыз,
Әлемге жақсылықтар тілеп тұрып.

І жүргізуші:  Өзінің құттықтау әнімен ортаға әншілеріңіз (ұл, қыз) келіп тұр екен, қарсы алыңыздар!

Музыка қосылады. Бірақ әнші әнді айтпайды.

Әнші: О, ағайын! Мен ән сала алмаймын. Орталарыңда не Аяз ата, не Ақша қар жоқ. Қалай болғаны? Жаңа жыл деген өзіндік ерекшелігімен болу керек қой. Аяз ата мен Ақша қар келмей, мен ән айта алмаймын.

ІІ жүргізуші: Ойбуууу, ұят болды ғой! Біз шынымен осы Жаңа жылдың иесін ұмытып кетіппіз ғой. Достар, ендеше бәріміз бір ауыздан Аяз ата мен Ақша қарды шақырып алайық. Қалай қарайсыздар?!

І жүргізуші: Ақ киімді, денелі, ақ сақалды - деп, Абай атамыз жырға қосқандай, ұзақ күттірмей, барлық балалардың қуанышы Аяз атаны ортаға шақырайық.

Аяз ата! Аяз ата! Аяз ата!

ІІ жүргізуші: Біз бәлкім шын көңілмен шақырмай жатқан болармыз! Кәне, достар, не тұрыс, шын ниетпен, бар күшімізбен Аяз атаны шақырайық! Аяз ата! Аяз ата! Аяз ата!

Аяз ата келеді. Қасында Ақша қары бар. Таяғын тарсылдата кіріп келеді.

Аяз ата: 

Сендерге көк жүзінен нұрдай болып,

Жауғанын қапалақтап көріп қардың,

Асыға ұшып келдім құрдай жорып,

Ал, достар алдарыңа келіп қалдым.

Оо, қарақтарым! Мен сендерді сағына жетіп келдім. Шын тілеген ниеттеріңнің арқасында Ақша қар екеуіміз сонау солтүстүтіктен бұғымызға шанамызды жеге салып келіп тұрмыз.

Ақша қар: Аяз ата, дұрыс айтасыз! Иә, достар. Біз келгенше көптеген жерлерде болдық. Әлемнің әр жерінде той-думан болып жатыр.

І жүргізуші: Аяз ата, ортамызға қош келдіңіз. Сіз де, Ақша қар. Сіздер келмесе ән салмаймын деп, әншіміз ренжіп отыр. Өздеріңіз бір тілек айтып, ән салдыртсаңыздар.

Аяз ата:

Келтірейін сәніңді.

Бұзба енді мәніңді.

Әнші балам, тоқтама,

Шырқап жібер әніңді.

Ән салынады. Ән айтылып болған соң Аяз ата әншіге сыйлығын береді.

ІІ жүргізуші:  Аяз ата, көрдіңіз бе, біздің жастар өнерлі. Сіз келеді деп күтіп отырғандары қаншама?! Солардың да өнерін тамашаласақ.

ІІ жүргізуші: Ендеше ортаға биші қыздарымызды шақырайық. "Салтанат" бишілер тобы. Қарсы алыңыздар!

Аяз ата:

Тамаша, тамаша,

Күн туылды жаңаша.

Тамасанады барлығы,

Өнеріне қараса.

Тамаша, тамаша!!!

Ақша қар, сыйлықтар қайда, кәне, берші. Мен мына жастардың жарқын жүздеріне, тамаша өнеріне тамсанып отырмын.

Сыйлықтар беріледі.

І жүргізуші:  

Аяз атамыз бүгін сыйлыққа тола келген екен. Өнерлі жастарымыз да бір риза болып қайтатын болды. Аяз ата, бізде ақын жастар да бар еді. Солдардың бірі сізге және Ақша қарға, Жаңа жылға арнаған жүрекжарды жырын оқып берсем деп тұр, қалай қарайсыз?!

Аяз ата:

Мынау жатқан қазақтың жері емес пе,

Ақындарын сыйлаған ел емес пе.

Биылғы келіп отырған жыл да қазақ халқы үшін қасиетті жылқы жылы! Ендеше бабына келіп отырған жүйрікті жібер ортаға! Өнеріне бір тамсанайық!

Ортаға ақын шығып өлеңін оқиды.

ІІ жүргізуші: Бәрекелді! Шабытың шарықтай берсін!

Ақша қар: Қандай керемет жыр жолдары!

Аяз ата: Көрдің бе, Ақша қар! Қазақ халқы сөздік қорға бай әрі тілдің майын тамыза сөйлейтін халық деп, саған жол бойы айтып едім ғой.

Дәл осы кезде сырт жақтан жүгіре басып қолдарында сиқырлы таяқтары бар Аяз атаның көмекшілері (ергежейлілер сияқты киінгендер) кіріп келеді.

Ергежейлілер: Сізді іздеп таппай жүр едік, ата! Қайда жүрсіз? Біздің сізге шағымымыз бар.

Аяз ата:  Әй, жүгірмектер, мұнда не істеп жүрсіңдер, бар, тез қайтыңдар! Менің солтүстік даламды иесіз қалдырдыңдар ма?!

Ергежейлілер: Жоқ, ата! Сіз жыл сайын жастардың өнерін көремін деп кетіп қаласыз да, біздің өнерді бағаламайсыз. Бүгін, ақыры сәті түсіп тұр екен, осы жастарыңыз мықты болса, бізбен жарысып көрсін.

Бәрі жамырай шулап кетеді.

Аяз ата: Тоқтатыңдар! Тоқтаңдар, қане! Сендер бұларың үшін әлі-ақ жауап бересіңдер!

І жүргізуші: Аяз ата! Біз үшін бұл күтпеген жағдай, әрі тосын сый болды ғой. Олардың несін тоқтатасыз. Көрелік. Сіз және Ақша қар төреші боласыздар. Кім жеңімпаз екенін бірге анықтармыз. Сіздің көмекшілеріңізбен жарысуға біздің жастар дайын. Солай ма, жастар?

Жастар:  Иә! Дайынбыз!

Аяз ата:  Жақсы. Ендеше, бастаңдар өнерлеріңді.

Өнерлі жастар екі жаққа бөлініп жарысқа түседі. Кезек-кезегімен ән айтып, би билеп, қызықты сұрақтар қояды. Ойындар ойналады. Өнер жарысы аяқталған соң, Аяз ата сөз алады.

Аяз ата: Ой, бәрекелді! Мен мұндай ерекше кеште бірінші рет болудамын. Сендерге рақмет жастар, әрі сендерге де, көмекшілерім! Ақша қар, біз шынымен де өзіміздің өнерлі жандарға мән бермей жүре екенбіз ғой.

Ақша қар: Иә, ата! Бірінен-бірі өткен өнерпаздар екен!

ІІ жүргізуші: Ал, Аяз ата! Бағасы мен сыйлығын беріңіз бұл екі жақтың! Сіздіңше кім жеңді?

Аяз ата: Әәә не дейін, Жаңа жылдың осынау шаттықты кешінде бірі жеңілді, бірі жеңді деп айту маған да оңай емес. Дегенмен бүгін бірлік пен достық жеңсін. Мен өзімнің осы уақытқа дейінгі жолымда тек Ақша қарымды алып сапар шегетін едім. Енді қарап тұрсам бәрі басқаша екен. Ендігі жылдан бастап мен көмекшілерімді ерте келемін. Бірақ жарысу мақсатында емес, бірігіп өнер мен қызықтар көрсетіп, Жаңа жылдың жаңа күнін тойлатуға келемін.

І жүргізуші:  Бәрекелді, Аяз ата!

ІІ жүргізуші: Шынымен де сөзіңіздің жаны бар! Екі жақ та өнерден кенде емес екендерін көрсетті. Жаңа жылда жарылқап, жүйрік аттай бірге қоса шауып сіздің көмекшілеріңізбен бірге біздің өнерлі жастар тартысты, көңілді кеш сыйлады. (Сағат тілі қаттырақ тық-тық етіп қағып кетеді сол кезде)

Аяз ата: Ал, қарақтарым! Менің сағатым соғып жатыр. Мені күтіп отырған қаншама ел мен жер бар. Сонда барайын. Сендерге көп рақмет! Өнерлерің өрге жүзсін. Биік шыңдардан көрініңдер!

Жаңа жыл - жаң бағыт,

Әкелсін далама құт.

Өнерлілерің көп болсын,

Елде уайым жоқ болсын.

Тілектерің ақ болсын,

Бастарыңа бақ қонсын.

Келер жылы келермін,

Өнер тағы көрермін.

Сыйлық әкеп сендерге,

Көптен-көптен берермін.

Жақсылыққа толыңдар,

Тек биікке қоныңдар.

Келесі жылы көргенше,

Амандықта болыңдар!

І жүргізуші: Ал, құрметті достар! Бәріміз бірге Аяз атаны шығарып салайық.

ІІ жүргізуші: Аяз ата, келесі кездескенше аман болыңыз. Біз сізді асыға күтеміз.

Аяз ата қызын ертіп, көмекшілерімен бірге шығып кетеді.

І жүргізуші: Құрметті достар!

ІІ жүргізуші: Қадірлі ұстаздар, қонақтар!

І жүргізуші: Жаңа жыл! Осы жыл барлық отбасыларыңызға бақыт пен шаттық әкелсін. Еңбектеріңіз жемісті болсын. Табысқа кенеліп, тұлпардай жүйрік болайық!

ІІ жүргізуші: Жаңа жыл құтты болсын! Келесі кездескенше сау-саламатта болыңыздар! 

0 дауыс

Жаңа жылды жұртшылық асыға күтеді. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, атаулы мереке алдында бәріміз үлкен дайындық жасайтынымыз анық. Бәріміздің асыға күтетін, сүйіп қарсы алатын бірден-бір мерекеміздің көңілді де қызықты өткеніне не жетсін? Ендеше бүгін біз сіздердің назарларыңызға мектептегі 8-11 сыныптар арасында ұйымдастырылатын Жаңа жыл кешіне арналған сценарий ұсынамыз. Ал сіздер керемет кешті еске алып қарайтын естеліктер сыйлайтын фотографтар мен бейнекамераға түсіретін мамандарды іздестіре беріңіздер!

Музыка: Сахнаға 2 жүргізуші шығады. (Жүргізушілердің суырып салу қабілеті болғаны дұрыс)

Жігіт:  Тарихтағы түріктің, киелі көк бөрінің, асыл текті Алаштың ұрпағы, Ассалаумағалейкум!

Қыз: Армысыздар, бармысыздар, замандастар, бауырлар, ұлағатты ұстаздар мен шабытты шәкірттер!

Жігіт: Аппақ бүгін қыр, далам,
Ақ мақтаны жапқандай!
Бүкіл әлем – бір ғалам,
Қонақ күтіп жатқандай.
 

Қыз: Көңілде көп қуаныш,
Әр көңілде - әр қылық.
Кетер жылға мың алғыс,
Әкелген көп жақсылық.

Жігіт: Құрметті қонақтар, ұстаздар мен оқушылар! Келе жатқан Жылқы жылы мерекесімен барлықтарыңызды шын жүректен құттықтаймыз. Жаңа жыл тек қана бақыт, қуаныш әкелсін дей отырып, бүгінгі көңілді кешімізді ашу үшін мектеп директоры ... ортаға шақырамыз! (7 минут)

Қыз: Білінбейді жас жүрекке түнгі ызғар,

Сыйлар шабыт ақындарға гүл қыздар.

Әнші ұлың ән салғанда беу шіркін,

Жымыңдайды аспандағы жұлдыздар! – деп кезекті әсем әнге берсек. .... орындауындағы ... (Жаңа жыл тақырыбында) әні. Қарсы алыңыздар!

Ән орындалады (4 минут)

Жігіт: Уа, халайық жараңдар,

Айналаға қараңдар!

Жаңа жылдың бұл тойын,

Салтанатқа санаңдар.

Қызық көріп, шат болып,

Шаттық күліп тараңдар,

Уа, халайық құрметті,

Көмейіме жыр кеп тұр

Жаңа жылды қарсы алып,

Өткізейік дүрмекті.

Уа, халайық той бүгін,

Бақыт, шаттық мол бүгін.

Қарсы алайық Жылқы жылын

Ұзатып сап Жыланды!

Қыз: Жылқы - қазақ даласының екінші есімі. Қазақ ұғымында қазақ, дала және жылқы деген сөздер бір-біріне етене жақын тамырлас та, тағдырлас айтылады. Жылқының қазақ тарихында алатын орны ерекше. Шетсіз – шексіз далада адам жаяу ұзақ жүре алмайды, ал астында аты бар адам қашқанда құтылып, қуса жетіп тіршілік етеді. Сол себепті қазақтың «Жылқы – ер қанаты» деген сөзі жылқының адам өміріндегі орнын көрсетеді. 

Жігіт: Қазақ баласы жылқы түлігін төресіндей көретіні соншалық, «қазақ жылқы мінезді» деп өзінің мінез-құлық, бітім – болмыс, жан дүниесінің айқындаушысына айналдырып алған. Бұлай өзінің жаратылысына жылқыдан ұқсастық іздеу – тек қазаққа ғана тән қасиет, әрі бұл қазақтың осы түлікке деген аса жоғары құрметінің белгісі.

Қыз: Ұшып жүру үшін де

Жаралған бұл мүсін бе?!

Сезімталы осы мал

Төрт түліктің ішінде.

 

Сақтаған ғой ол бұрын

Батырлардың ғұмырын.

Жер түбінен естиді

Жау мен жылқы дүбірін.

 

Қайран жылқы!

Бұл әлі -

Қасиеттің бұлағы.

Тұяғымен естиді,

Естімесе құлағы!

 

Жігіт: Оларға да керегі

Жылы лебіз дер едім.

Кім бар, кім жоқ артында

Бұрылмай-ақ көреді.

 

Керек сенің еліңе,

Құлын байла желіге.

Кірпияз да талғампаз

Суың менен жеміңе.

 

Тұлпар болар бір құлын

Неге татыр

Біл құнын!

Үлкен жүрек жоқ малда

Жүрегіндей жылқының!

Ән: "Жаңа Жыл"

Жігіт: Біздің биылғы жаңа жылымыз жылдағыдан ерекше, себебі Жылан жылы еліміз талай белестерді бағындырды. Сонымен қатар алтын ұя мектебіміз де өз тарихындағы үлкен жетістіктерге қол жеткізді. (2013 жылғы мектептің жетістіктері баяндалады) (8 минут)

Қыз: Әр сыныптан бір-бір оқушыдан ортаға шақырып, Жаңа жылымыздың сәнін келтіретін Аяз ата мен Ақшақарды іздеп, тауып алып келуге жұмасасақ қалай қарайсыздар? Аяз ата мен Ақшақар қайда мерекелеп жүргенін білмейміз, сіздер осы хатты оларға апарып беріп, кешіміздің басты қонақтарын бірге алып келесіздер деген үміттемін. Уақытымыз шектеулі, сіздерге 15 минут уақыт беріледі. (Оқушыларды шығарып жібереміз). Ал жолдарыңыз болсын, іске сәт, достар. 

Жігіт: Ендеше барлықтарыңызды мерекелік кештің керемет би алаңына шақырамыз!

Жалпы би (10 минут)

Жігіт: Рақмет, достар. Орындарыңызға жайғасыңыздар. Біздің достарымыздың межелеген уақыты да таяп қалды, ал біздің барлаушыларымыз қайда екен? (Іздеп кеткен оқушылар келеді. Біреуі айқайлап айтады)
Қыз: Міне, міне, мен жақсы хабар естіген сияқтымын. Сіздер ше? 
(Тапқан баланың сөзі: Мен таптым! Мен таптым! Біздің кешіміздің құрметті қонақтарын алып келе жатырмын!)
Жігіт: Мінекей, біздің көптен күткен қонақтарымыз да келеді. Олай болса, орнымыздан тұрып, қонақтарымызды қошеметпен қарсы алайық.
Қыз: Бәріміз бірге «Аяз ата, Ақшақар» деп оларды ортамызға шақырайық. (Аяз Ата мен Ақшақар кіреді)

Аяз ата: Амансыңдар ма, балаларым! Жаңа жылдарыңыз құтты болсын! Дендеріңіз сау болып, сабақтарыңызды тек қана 4-пен 5-ке оқыңыздар! Біз сіздердің жіберген хаттарыңызды алып, естіген бойда жолға шығып, сіздерге де келіп қалдық.
Ақшақар: Сәлеметсіздер ме, балалар! Орманды көктей өтіп жеттік-ау сендерге! Қандай әдемі, неткен сұлу шырша! Өздерің де жайнап құлпырып отырсыңдар.
Аяз ата: Біз сіздерге жеткенше біраз шаршап та қалдық. Енді бізге қай төрден орын табылады екен?
(Шырша жанына орналасқан арнайы үстелге отырып, мерекелік шыршаны күтпеген сәтте жағады).
 

Жігіт: Қош келдіңіз Аяз Ата,
Қарсы аламыз орын беріп.
Ән салыңыз бізбен бірге,
Би билеңіз бізге еріп.
 

Қыз: Ортамыз нұрға толып, 
Төрт құбыламыз түгел болды.

Жігіт: Аяз ата, Ақшақар достарымыздың сіздерге арнап дайындаған өнерлерін тамашалаңыздар. Ендеше келесі кезекті әр сыныптың әзірлеп отырған ерекше нөмірлі мерекелік кештегі қойылымдарына берейік.

Қыз: Олай болса, кешіміз одан әрі жалғасын табады. Ортаға 8 сыныптың жас таланттарын шақырамыз!

Жігіт: Биіктерге құлаш сермейді,

Шарықтап көкке өрлейді.

Өтсе де қанша ғасырлар,

Халық мұрасы өлмейді. Кешегі сайын дала төсінде қырандай самғап, еркіндікте өмір сүрген бабалар мирасы - халық биі Қара жорға қарсы алыңыздар!

"Қара жорға" биі (Барлық сыныптар қосыла)

Жігіт: Құлақтан кіріп, бойды алар

Әсем ән мен тәтті күй,

Көңілге түрлі ой салар

Әнді сүйсең менше сүй, - деп Алаш жұртына есімі мәшһүр болған ғасырлар тоғысындағы ұлы тұлға Абай атамыз айтқандай, әнді Абайша сүйіп бүгінде үлкен сахналарда өз өнерін халқына паш етіп жүрген 9 сынып оқушысы ... микрофон ұсынамыз!

Ән: Мерекелік ән орындалады

Қыз: Ақынбыз асау - біз деген,

Өмірден сәуле іздеген.

Қызыл көйлек кигенім,

Қызылға құмар қыз деген, - деп ақындықтың биігіне ұмтылып қара өлеңнің қадірін жастайынан біліп өскен кешегі өткен ұлылардың ұрпағы, асылдың сынықтарының қаламынан туған жырын жалғастырар 10 сынып оқушыларының өз арнау жыр-шумақтарына кезек берейік!

Өлеңдер оқылады

Жігіт: Сыр қалмасын көңілде ақтарылмай,

Бақытын өз елінде тапқан ұдай.

Тай құлындай жарысып бірге өскен,

Балауса балалықтың шақтарындай, - демекші мектеп өмірінен театрландырылған қойылым! (11 сынып, "Менің мектебім")

Жігіт: Көңілді кешімізді әрі қарай қызықты ойындармен жалғастырайық. Сізге салфеткадан қар суреттерін қию керек, кім бірінші сол жеңімпаз. Ойыншыларымызды ортаға шақырамыз, 1 минут уақыт беріледі. Тез және әдемі қар суретін қиған ойыншыға сыйлық беріледі.

(Аяз Ата өз сыйлығын береді)

Жігіт: Ал, халайық, тұрмайық 
Әндетейік, жырлайық 
Ортамызды ашайық 
Ырыс тілеп бұл жылға 
Жырдан шашу шашайық!
Ән орындалады

Қыз: Ал енді кезекті келесі ойынға береміз. Бұл ойын «Тосын сый» деп аталады. Мына тұрған шарлардың ішінде құпия тапсырма жатыр. Сіздер құраған жұп бұл шарлардың біреуін таңдап, қолдың көмегінсіз шарды жаруыңыз керек, және де аяқ киіммен де басуға болмайды. Айланы өздеріңіз ойлап табасыз. Шарды жарып болған соң, қағаздағы тапсырманы орындайсыз. Егер орындамасаңыз сыйлықтан құр қалдыңыз деп есептей беріңіз.

Жігіт: Ал енді ойынды бастайық. Сұрақтарды оқиық.
Ойын шарттары: 1. Лимонның жартысын қантсыз жеу керек. 
2. Осы отырған оқушылардың арасынан қыз/жігіттің біреуін таңдап, жылы сөздер айту керек.
3. 7,8,9 санының көбейту кестесін айтыңыз.
4. Қоянның қимылын келтіріңіз.
(Ойын біткен соң)
Қыз: Мына сандықта әртүрлі сөздер бар. Сіздер сол сөздерді алып рет-ретімен ән айтасыздар және би билейсіздер. Соңында көрерменнің үлкен қошеметіне ие болған адам жеңімпаз атанады. Бастайық!
Ән: 1. Жаңа жыл 2. Мектеп 3. Арман 4. Қар

Би: 1. Қара жорға 2. Грузин биі 3. Шығыс биі 4. Ча-Ча-Ча

Жігіт: Ендеше келесі ойынымыз "Бірнеше сағыз шайнап Жаңа жылға тілек айту" деп аталады. 

Ақшақар: Балалар барлығыңыз да өнерлі екенсіздер. Ендеше бізбен бірге әсем шыршамызды айналып би билейік. (Орындарына отырады)
Аяз ата: Жарайсыңдар, балаларым! Meнi бүгін бip куантып, алыс жерден шаршап келгенде көңілімді көтердіңдер. Барлықтарың да ақылды, білімді де өнерлі екенсіңдер.
Ал енді біз жолға шығайьқ. Бізді басқа да сендер сияқты балалар күтіп отыр. Тағы да Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!
Ақшақар: Жаңа жылда, балалар, 
Тек жақсылық көріңдер.
Жылау, ауру, жамандық
Қастарыңда болмасын
Сау болыңдар, балалар!
Аяз-Ата: Қош, сау болыңдар, балалар!

Қыз: Аяз ата мен Ақшақарды суретке түсуге шақырайық!

Жігіт: Аяз ата мен Ақшақарды шығарып салдық, ендігі кезекте Жаңа 2014 жылдың Ханзадасы мен Ханшайымын анықтайтын кез де келді. Бүгінгі кештің қонақтарына бір-бір жапсырмадан беріп шығамыз. Бұл жапсырмаларды қыздар осы кеште ұнатқан жігіттеріне, ал жігіттер ұнатқан қыздарына жапсырады. Ең көп жапсырма жинаған жігіт пен қыз Жыл Ханзадасы мен Ханшайымы атанады. Ал қазір жапсырмаларды тарата берейік.

Ән қойылып, би билейді. (Ханзада мен Ханшайым анықталған соң)

Жігіт: Сонымен бүгінгі кештің Ханшайымы ... ал Ханзадасы ... Қане, қошемет білдірейік.
Қыз: Жаңа жыл, жаңа жыл.
Қалауын тап, қар үстіне қада гүл, 
Жігіт: Жаңа жыл, жаңа жыл.
Сан тілектің бастамасы ғана бұл.
Қыз: Кел жаңа жыл, игілік боп, иба боп
Жер бетіне кереметті жина көп.
Жігіт: Ақ қауырсын қанатына қайғы емес
Түтін емес, рауан нұры жинап от.
Жаңа жылдарың құтты болсын! 
Қыз: Жүздерің әрқашан жарқын, көңілдерің шат, өмірлерің думанға толы болсын. 
Жігіт: Жаңа жыл шаттығы мәңгілік тарқамасын! Осымен думанды кешімізді тәмамдап, әрі қарай би кешімізбен жалғастырайық!

0 дауыс

"Мультфильмдер еліне саяхат" атты жаңажылдық бағдарлама (мектеп оқушыларына арналған).

Жаңа жылдық әуен ойнап тұрады. 

Ортада шырша.  Қабырғаларда мультфильмдерден үзінді кадрлар бейнеленген. Әр кадрдың қасында кейіпкерлер қатып қалған күйінде тұрады.

Кейіпкерлер: 

Аяз ата, Ақша қар, Жылан жылы, Мыстан кемпір, Алдар Көсе, Бай, Кемпір, Қоян, Қасқыр, Тасбақа, Арыстан, Маша, Аю.

Ақшақар шыршаны безендіріп жатады. /Қолында сиқырлы таяғы болады. Сол таяғын шыршаға тигізген кезде шамдар жанып шыршаға көрік береді. Осының бәрін сырттай Мыстан кемпір карап тұрады/. Мыстан кемпір Ақшақардың сиқырлы таяғына қызығып, өз айласын асырып, таяғын ұрлап алып кетеді. Осы кезде Ақшақар сиқырлы қасиетінен айрылып, күші жойылып, шыршаның түбіне әлсіреп, отырып қалады. Қолына сиқырлы таяқ тиген Мыстан кемпір әндетіп келе жатады. (Қап, бәлем қоян!) музыкасы жүреді. Алдынан Қоянды қуып келе жатырған Қасқыр кездеседі. Қасқыр Мыстан кемпірден жөн сұрайды.

Қасқыр: Тым көңілді көрінесіз. Себебі бар шығар?

Мыстан кемпір: Әрине, мен бәріңді қатырдым. Сендердің көптен күткен Жаңа жылдарың өтпейтін болды. Себебі Жаңа жылға сән беретін шыршаларыңның шамдары жанбайтын болды. Ол шамдарды жағатын айдай сұлу Ақшақардың сиқырлы таяғын мен ұрлап алдым. Енді барлық сиқырлы күш менің қолымда, -  деп алақайлап, қарқылдап күледі.

Қасқыр біраз ойланып тұрады да, Қоянды қасына шақырады. Қоян Мыстан кемпірдің артына тығылады.

Қоян: Қасқыр ағай, маған тиіспейсіз бе? Мен сізден қорқамын. Алдап мені жеп қоймайсыз ба?

Қасқыр: Жоқ, Қоянжан ағалық уәдемді берем. Екеуміз бір-бірімізді қуалап жүргенде Мыстан кемпір Ақшақардың сиқырлы таяғын ұрлап кетіпті. Кел, екеуміз көмектесейік.

(Қоян қорқа-қорқа қасқырдың қасына барады. Қасқыр мен Қоян ақылдасады).

Қасқыр: Мыстан, сен неге олай жасадың. Біз бұл Жаңа жылды асыға күтіп жүр едік. Сен бәрінің берекетін кетірдің ғой. Үшеуміз бір шешімге келейік. Біз саған жұмбақ жасырамыз. Сен осы жұмбақтың шешуін тапсаң сиқырлы таяқ өзіңде қалады, ал шеше алмасаң сиқырлы таяқты бізге бересің.

Мыстан кемпір: Жақсы, келістік. Өз сөздеріңнен айнып кетіп жүрмеңдер.

Қасқыр мен Қоян жұмбақ жасырады.

Жұмбақ:
Ақсақалды шал жылына,
Бip-ақ рет келіп кетеді.
Қызы мен ұлына,
Сыйлық алып келеді.
/Аяз Ата/

Суды елекпен қалай тасуға болады? Жауабы: мұз қылып қатырып

Қатты жылдамдықпен келе жатқан жүк машинаны бір қолымен кім тоқтата алады? Жауабы: Жол полициясы

Бір үйде елу батыр, үй сыртына сүйкенсе өліп жатыр? Жауабы: Сіріңке

Патша кімнің алдында тәжін шешеді? Жауабы: Шаштараздың

Қазақстан мен Өзбекстанның ортасында не бар? Жауабы: мен

Жеген сайын жылататын нәрсе? Жауабы: Таяқ 

Теңіздің суы неліктен тұзды? Жауабы: Балықтар иістеніп кетпеуі үшін

Еліміздегі ең ұзын ағаш қайда өседі? Жауабы: Ұзынағашта

Мыстан кемпір оқушыларды қорқытып, үркітіп жүріп, жұмбақтың шешімін тауып алады. Өздерінің жеңілгенін білген Қасқыр Қоянға ашуланып, өкпесі қара қазандай болып, уәдесінен айнып, Қоянды қуа жөнеледі. Қоян одан әрмен қашады.

Мыстан кемпір әндетіп, жолға шығады. Жолшыбай тамаша көңілді би билеп жүрген Арыстан мен Тасбақаға жолығады.

Үнемі ашулы, айбат шегіп, қаһарынан қан тамып жүретін Арыстанның көңілді-күйін көріп, Мыстан кемпір: Алақай, мен бәріңді қатырдым. Қоян мен Қасқыр да менен айласын асыра алмады. Сендердің көптен күткен Жаңа жылдарың өтпейтін болды. Себебі Жаңа жылға сән беретін шыршаларыңның шамдары жанбайтын болды. Ол шамдарды жағатын айдай сұлу Ақшақардың сиқырлы таяғын мен ұрлап алдым. Енді барлық сиқырлы күш менің қолымда, -  деп қарқылдап күледі.

Арыстан мен Тасбақаның сөзі:

Тасбақа: Әже, осындай әурешілікті қайтесіз. Арыстан ағам сияқты жаман қасиеттеріңнен арылып, Ақшақардың таяғын қайтарғаның дұрыс болар.

Мыстан кемпір: Жоқ. Бұл не дегенің. Жыл сайын Жаңа жылды менсіз өздерің өткізесіңдер. Мені жаман кемпір деп менсінбейсіңдер. Енді қалай болар екен, бәлем!

Тасбақа: Біздің сізге қояр бір шартымыз бар.

Мыстан кемпір: Шарт дейсіндер ме?! /қарқылдап күледі/ Жолда Қасқыр мен Қоянда Ақшақарға көмектеспекші болып, жұмбақ жасырып еді. Енді сендер не істемексіңдер?

Тасбақа мен Арыстан жарыса сөйлеп: Би билеп жарысайық, жеңсең, Жаңа жылдан үмітімізді үземіз. Біз жеңсек, сиқырлы таяқшаны иесіне қайтарасың.

Мыстан кемпірдің биі

/Мыстан кемпір балаларды қорқытып, әлімжеттік жасап өзін жақтауды талап етеді/.

Арыстан мен Тасбақаның биі: мектеп оқушыларымен бірге билейді.

Мыстан кемпір әр баланың қасына барып, қорқытып өзін жақтауды талап етеді. Алайда қорыққан балалар Мыстан кемпірді жақтап шығады.

 Әділ шешімін ала алмаған Арыстан мен Тасбақа ұнжырғалары түсіп, өз жөндеріне кетеді.

Мыстан кемпір өз жеңісіне қуанып келе жатып, Аю мен тентек Машаға кездеседі.

Мыстан кемпір жолында кездескендердің бәрін алдап келе жатырғанын, өзінің істеген істерін мақтан етіп, ән айтып келе жатады.  

Мыстан кемпір: Алақай, мен бәріңді қатырдым. Сендердің көптен күткен Жаңа жылдарың өтпейтін болды. Себебі Жаңа жылға сән беретін шыршаларыңның шамдары жанбайтын болды. Ол шамдарды жағатын айдай сұлу Ақшақардың сиқырлы таяғын мен ұрлап алдым. Енді барлық сиқырлы күш менің қолымда, -  деп қарқылдап күледі.

Өз анасындай қамқор болып жүрген аю Мыстан кемпірден тентек Машаны қорғамақ болып, бауырына жасырады.

Аю: Кешіріңіз, сонда асыға күткен бәріміздің Жаңа жылымыздың болу болмауы сіздің қолыңыздағы сиқырлы таяқта болып тұр ма?

Мыстан кемпір: Әрине. Шыршаларыңа жан бітіретін, жаңа жылға сән беретін Ақша қардың сиқырлы таяғы менің қолымда тұрған жоқ па?

Аю: Енді түсіндім мән-жайды. Олай болса Маша қызым екеуміздің саған қояр талабымыз бар. Бізбен бірге ойын ойнайсыз. Ойында жеңіске жетсеңіз, онда сиқырлы таяқ сізде қалады. Ал ұтылып қалсаңыз сиқырлы таяқты Ақшақарға қайтарасыз.

Мыстан кемпір: Жарайды, ендеше ойынды бастайық.

Ойын ойнату. Ата-аналарға арналған ойын.

1.  Сізге салфеткадан қиыршық қию керек, кім бірінші сол жеңімпаз.

2.  Балаларға жылы сөздер арнау.

Бұл ойында да жеңіске жеткен Мыстан кемпір әндетіп келе жатып ауылға аты белгілі болған атақты Алдар Көсе ауылына табан тірейді.

Қора-қора қойы, өрісі толы малы, матау-матау түйесі бар ауылдың атақты байы ерігіп кемпірімен дауласып отыр екен. Екеуінің дауын естіген Мыстан кемпір мен Алдар Көсе екеуінің әңгімелеріне араласады.

Мыстан кемпір: Екеуіңнің дауларыңды шешетін менің сиқырлы таяғым бар.

Алдар Көсе: Елдің бәрін шулатып жүрген сенсің бе?

Мыстан кемпір: Сен Алдармын деп мақтанасың. Жолымда кездескендердің бірде-біреуі менен айласын асыра алмады. Керім болсаң, мына менің қолымдағы құдіреті күшті сиқырлы таяқты алып көр.

Ақшақарды алдаған Мыстан кемпірден айласын асырып, қайырымды халықтың қамын ойлайтын Алдар Көсе таяқты қолға түсірудің амалын жасайды.

Алдар Көсе: Әлемді аузына қаратып, ел-жұрттың бәрін алдап, тыныштығын бұзып келе жатқан ең сұлу, ең ақылды жан сіз сияқтысыз, - деп мақтауын жеткізіп, Мыстанның қалтасындағы таяқты байқатпай суырып алады. 

Мақтау сөз естіген Мыстан кемпір Алдардың қармағына түскенін байқамай қалады.

Алдар Көсе: Кел, ендеше екеуміз бәстесейік. Мына көп таяқтардың ішінен өз таяғыңды тауып алсаң, менің Алдар деген атым құрысын, - деп миығынан күледі. Ал таба алмасаң, сеннен зардап шеккендер мен Ақшақардан кешірім сұрайсың.

Мыстан кемпір әр таяқты бір ұстап, қанша іздесе де, өз таяғын таба алмай Алдар Көседен ұтылып, кешірім сұрауға бел буады.

Ал Алдар Көсе Бай мен Кемпірді татуластырып, барлығы қосылып шыршаның жанына келеді.

Мұңайып отырған Ақшақарды көріп, Мыстан кемпір кешірім сұрап, Алдар Көсе сиқырлы таяқты Ақшақарға береді. Осы кезде сағаттың даусы естіледі. Есіктен Ескі жыл мен Жаңа жылды қасына ерткен Аяз ата келеді. Көрермен ән айтып, Аяз атаны қарсылап алады. Атасын көптен күткен Ақшақар қуанып ән айтып береді. 

Сөз кезегін Ескі Жылан жылы алады. Мектеп жетістіктері айтылады.

Жылан жылының сөзі: Менің жылымда жеткен жетістіктердің санына жету мүмкін емес сияқты. Шәкірттеріміз биылғы жыл түрлі байқаулардын, халықаралық конкурстардың жеңімпаздары атанды. Мектебіміз жас мамандармен толықты. Ұстаздарымыз Республикалық, облыстық, аудандық газет беттерінен жарық көрді, т.б.

 

Аяз атаның сөзі:

Амансыздар ма, Тәуелсіз елдің бақытты ұрпақтары, аяулы аналар, ардақты ұл-қыздарым, бүлдіршін балаларым!
Қандай жарқын жүздерің,
Қандай әсем жырларың
Асаулармен алысқап,
Асау желмен жарысқан
Аталарың сендерге
Шаршап келді алыстан.

Жыл сайын сендердің жарқын жүздеріңді көріп, мен жасарып, бақыттан бал-бұл жанып тұрмын. Бір жыл бұрын Ұлуға үлкен үміт артып, сеніммен сендердің алдарыңа келген едім. Шүкір, Жылан немеремнің бағындырған белесі, шыққан шыңы, алған асуы аз емес. Жыланға ризамын. Елімізде соғыс болмай, тыныштық болды. Осының өзіне тәуба дейміз. Енді қасыма ілестіріп, ер қанаты, қазақы болмыспен, мінезбен шендестірер, адам баласына пайдасы көп Жылқыны әкеліп тұрмын. Бұл баламнан да үлкен үміт күтемін.

Аяз атаға балалар өнерлерін көрсетеді. (Өлең, тақпақ, билерін орындайды).

Аяз атаның қоштасу сөзі: Жарайсыңдар балаларым! Meнi бүгін бip куантып, алыс жерден шаршап келгенде көңілімді көтердіңдер. Барлықтарың да ақылды, білімді де өнерлі екенсіңдер.

Киген киімдерін қандай әдемі! Солай емес пе, қызым? Біздің сыйлығымызға риза болыңдар. Ал енді біз жолға шығайық. Басқа да балалардың өнерін тамашалайық. Ал, балаларым, сендер өсе беріңдер, өркендей беріңдер. Аспандарың ашьқ болсын! Қош болыңдар! (Қолдарын бұлғап шығып кетеді).

Балалар: Сау болыңыздар!

Қорытынды сөз мектеп директорына беріледі. 

Сыйлықтар беру.

Топ болып, би билеу.

...