Ұлттық өзіндік сана – рухани дамудың негізі
Жаһандану жағдайында жалпы адамзаттық құндылықтарды өз дәрежесінде қабылдай отырып, өзіндікті сақтау барысында ғана қайсыбір мемлекет үшін лайықты орын иелену мүмкіндігі болатындығы белгілі. Соңғы уақыт бедерінде ұлттық құндылықтарды құптау және игеру өзекті әрі болашақ бағытты айқындап, өркениетке өрлеу жолын нұсқайтын нақтылық екендігін айқындадық. Еліміздің мақсаты өркениетті мемлекеттер межесінен орын алу екендігі баршаға белгілі, ұлттық өркениет өресіне жету үшін алдымен ұлттық өзіндік сананы қалыптастыру қажет. Сол арқылы саналы түрде сапалы нәтижеге қол жеткізу. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың: «Қазақтың сана-сезімі өткендегі, қазіргі және болашақтағы – тарих толқынында өзінің ұлттық «Мен» дегізерлік қасиетін түсінуге тұңғыш рет енді ғана мүмкіндік алып отыр. Бірақ бұл мүмкіндік қана: ол шындыққа, қазақтардың ғана емес, барлық қазақстандықтардың жаппай санасына орныққан фактіге айналуы қажет» [1, 3 б.],- деп атап өтуінде өмір ақиқаты бар екендігі байқалады.