+2 дауыс
18.2k көрілді
Бір кинодан көріп едім. Қасқырдың айға қарап ұлып тұрғанын. Оқығаным да бар бір романнан. Қасқырлардың ұлығаны нені білдіреді? Бір-бірін іздей ме, әлде қауіп туғанын сездіре ме? Қасқыр неге айға қарап ұлиды?
Ол каскырлар ЛИКАНТРОПИЯлар!
Белгісіз

4 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Қасқыр қалаған жағына қарап ұли беретін шығар деген ойдамын. Көкке қарап ұлуы - басқаларға белгі бергісі келуі. 

ҚАСҚЫР НЕГЕ КӨККЕ ҚАРАП ҰЛИДЫ?
(аңыз-ертегi)

Бірде жалғыз жортқан қасқыр байқаусызда адамдар құрған торға түсіп қалды. Сойдақ тістерімен қанша шайнаса да жіп-жіңішке тор жібін қия алмады. Түс ауа бір топ аттылы кеп торды сүйреп әкетті.
Қап-қараңғы жерде екі күн жатқан қасқырды сыртқа бүгін алып шықты. Екіаяқтылар жіп торды темір торға ауыстырды. Алғашында жарықтан көзін аша алмай біраз әуреленген жыртқыш айналасына бағдарлай қараған сәтте, өте аң-таң қалды. Жағалай қойылған темір торға аң патшасы арыстаннан бастап, барлық аңдар қамалыпты.
Сол-ақ екен бұған қыр көрсеткендей бір адам кеп, арыстанды қолындағы жіңішке шеңбер сымның ортасынан өткізіп секірте бастады. Адамға әбден мойынсұнған арыстанның лып етіп кіп-кішкентай шеңберден оп-оңай өтіп, әрі-бері секіргенін көрген қасқыр:
– Аң патшасы, азулы да, ашулы арыстан, адамға қалай бағындың?! Оу, сонда адам аң патшасынан да күшті болғаны ма?! Айлалы деп, өжет деп, патша деп бағынып келген арыстан, қоян секілді қорқақ па едің?!– деп ызалана айқай салды. Темір торды тістелеп қатты аласұрды. Ақыры тынышталып, құйрығын қимылдатып, ызалы дауыспен ырылдап тыным тапқандай болды.
Сол сәт бір адам келіп қасқырдың аяғын қолындағы ұзын темірімен түртті. Қасқыр да арс етіп темірді қауып алмақшы болып еді, торға тұмсығы кептеліп қалды. Енді дыбыс шығармай мұрнын кіржитіп айбат шеге бастады. Қасқырдың әр жерінен бір түрткілеген адам темірді ара-арасында әдейі қатты батыңқыратып та жіберді.
Содан бері қасқыр адамға қатты ызалы. Арада бірнеше күн өткенде темір тордың ішін бірнеше жерден ағаш таяқшалармен бөліп, оның ұшына ет байлап қойды. Етке ұмтылған қасқыр ағаштың үстінен асылып, бірде астынан етбауырлай жата қап жорғалап өтіп, етті жұлып жей бастады.
Қасқырдың бұл қимыл-қозғалысы адамдарды қатты қуантты. “Енді біраз уақыттан соң қасқыр бәрін де бұлжытпай орындайды” деп сенді. Бір апта тұрған ағаштың орнын енді шеңбер сыммен бөлді. Бұл арыстанға қолданған шеңбер сым еді. Қасқыр тым-тырыс жатып алды. Етті де жемеді.
Жыртқыштың бұл әрекетіне таңданған адамдар қалай да қасқырды шеңбер ортасынан өтуге үйреткісі келді. Олар қасқырды тағы да түрткілей бастады. Бұл әрекет бөрінің әбден ызасын келтірді.
Шеңбер ортасынан қасқырды өткізе алмаған адамдар енді оған тамақ беруді тоқтатты. Бұл екі күнге созылды. Ашу мен аштық бойын жайлаған жыртқыш бар ашуын ішіне бүгіп жатып алды.
Үшінші күні қасқырдың таң ертеңнен түс ауғанға дейін қозғалмай жатқанын байқаған адам оны таяқпен түртіп көрді. Қасқыр тырп етер емес. Жыртқыштың айлакерлігін білетін адам таяғын бірнеше жерден батыра нұқыды. Таяқ жанына қанша батса да, қасқыр сыр бермеді. Оның өлгеніне көзі жеткен адам есікті ашып жайбарақат торға енді. Осы кезде арс еткен қасқыр даусы мен сұсты бейнесінен шошынған адам сілейіп тұрып қалды...
* * *
Қасқыр беті ауған жаққа қарай жорта берді...
Іңірде мұрнына бір иіс келді. Мал иісі танауын жыбырлатып барады. Жақын маңда ауыл барын сезді. Ауыл оты көрінгенде қас карайған еді. Ол түннің аууын күтті. Көздегені ауыл шетіндегі саяқ қора.
Апыл-ғұпыл қамыс қораны тісімен қарш-қарш шайнап тесе бастады. Қорадағы қойлар дүр етіп көтерілгендей болды. Ет қызуымен қораның екінші бұрышын тескен қасқыр бір тесіктен жанталаса мұрнын тығып ырылдаса, екінші басынан құйрығын кіргізіп бұлғаңдата бастады. Сайтан секілді тұмсық екінші жерден құйрық боп көрініп, қойлардың “мә” деп маңырауға ғана шамасын келтірген еді.
Қорыққан қойлар бір-бірін таптап бір түнде бес қой бірден өліп қалды. Адамдар аң-таң. Ауылды неше түрлі аңыз аралап кетті. “Қой өлтіретін кесіртке пайда болыпты”,– дейді.
Адамдар арам өлген бес-алты қойды ауыл шетіне апарып бетін кұммен бүркей салды. Қойлар бір аптаға азық болды. Осы уақыт аралығында ауылға қой жегіш “кесіртке” де келмеді. Енді-енді тыныштала берген адамдар бүгін тағы дүрлігіп қалды. Бүл күнгі жемтігі он күнге емін-еркін жететін секілді.
Жалғыз қасқыр жаз бойы осы маңдағы ауылдың түгел мазасын кетірді. Әбден семіріп қор жинап, адамнан мүлдем сескенбейтін болды. Қайта, енді адамдар түнде кезекпен қой күзете бастады.
Қойларды өлтіріп жүрген қасқыр екенін сезген ауыл иттері иелеріне түсіндіре алмады. Оларға қалайда қасқырды ұстап алу керек болды. Кеш бата өте сақ жүретін болды.
Түн ауа ауылға кірген қасқыр бір күзетші итпен кездесіп қалды:
– Ізіңді білдірмейтін қу қасқыр екенсің?– деді салған-нан ит.
– Адам мені қатты зәбірледі. Сол кегімді алып жүрмін!– деді қасқыр.
– Адам – менің ием, мен оған адал қызмет етуім керек. Сондықтан, сені ауылға жібере алмаймын,– деді ит те қалыспай.
Адам – ием деген сөз қасқырдың қытығына тиді.
– Иә, бір кездері мен де арыстанды патша көргем. Сөйтсем, ол адамның қолында түкке тұрмайтын мысық боп қалды. Сен де мен секілді адамды ием деп қателесіп тұрсың. Сенің адамың – менің қолымдағы ұршық. Мен оны шыр айналдырып жүрмін. Сенімен мен іздеген ие ол бөтен сияқты,– деді қасқыр.
Бұл кезде таң бозамықтана түскен еді. Кенет, ауыл жақтан бір күңіренген дауыс естілді. Сай-сүйегіңді сырқыраткан, жан-дүниеңді босатқан сондай бір азалы да, әдемі әуен. Дауыс шыққан жаққа мойын бұрған қасқыр адамның көкке қарап тұрған түрін көріп таң қалды. Дауысты ұйып тыңдап қалған қасқырды ит бас салды. Шаң-шұң төбелесті ауыл адамдары да көрді. Олардың кесіртке деп жүргендері кәдімгі шұбар төс, дәу арлан қасқыр екеніне сол сәт көздері жетті. Бұл хабар ауылдан-ауылға тарап, бәрі қасқырға қарсы шайқасқа дайын отырды.
Сонда ғана адам мен қасқыр арасындағы бітіспес жаулық шын басталып еді.
Түс ауа ауылға қарай құлаған отар дөңге көте-рілгенде қасқыр ту сыртынан тиіп, он-он бес қойды тамақтап үлгерді. Қапталда алаңсыз келе жатқан шопан қой арасында қасқырдың жүргенін білмей де қалды. Аяқ астынан үрке жан-жаққа бытырай қашқан қойларға ие бола алмай: “Айт! Айттап!”– жүргенде қу қасқыр көзіне түспей сайға түсіп кетті. Аңқау қойшының отар соңын-да әр жерде бір теңкейіп қалған өлі қойларды көргенде зәресі ұшты. Қалтырап-дірілдеп, ат үстінде еркін отыра алмай, жүрегі атқақтап, артына алақтап, әйтеуір, қалған қойды ауылға жеткізді.
Қасқыр осы оқиға ұмыт болғанға дейін ауылға бір жоламайда. Керісінше, көрші ауылды шулатып одан әрі кете беретін.
Бір күні көрші ауылдан мынадай әңгіме шықты. “Қой бағып жүрген бақташы анадай жерде ойнақ салып жүрген жалғыз қасқырды көреді. Қасқыр көзге кішкентай секілді көрінеді. Шопан қолындағы сегіз өрім қамшысына сеніп қасқырға тұра шабады. Жақындай бергенде жын ба, сайтан ба қасқыр жоқ боп кетеді. Түсінбей қалған малшыға әлгі қасқыр сопаң етіп тағы бір жерден көрінеді. Қуа жөнелгенде тағы жоқ боп кетеді. Солай қасқыр адамды арбап алысқа апарып тастап, отарды түгел қырып кетіпті” деген әңгіме малмен отырған ауыл-ауылдың үрейін ұшырады.
Араға бірнеше ай салып қасқыр алғашқы ауылға қайта соқты. Бұл кезде қыс түсіп, айнала аппақ қарға оранған еді. Мал – қорада. Шашау шықпайды. Қатты ашыққан қасқыр ауылға тағы да жақындады. Иек астында ауыл оты жарқырайды. Мал иісі мұрынды жарып барады. Көз қарауытып, бас айналып кетті... Кенет! Кенет бір нәрсе жүрегін суырып алғандай болды. Бір алып күш өзін екіге бөліп жібергендей болды... Сарт еткен ащы дауыс құлағын бітеп тастады. Бар екпінімен сырт айналды. Қақпан тізеден жоғары аяғын анадай жерге ұшырып түсірді. Жаны қысылып, аспанға қарап күңірене ұлып жіберді. Сол сәт құлағына өткендегі адамның жан дүниесін идір-ген үні келгендей болды. Ауырсынғаны сәл басыл-ғандай ма-ау! Әлде жан-дүниесінде бір нәрсе тыншыды ма-ау! Ол бір рахат сезімді басынан өткізді. Көктен бір көмек қол созғандай болды. Ол өзін балқытқан үннен айырылып қалғысы келмей ынтыққан үстіне ынтыға тыңдай берді... тәтті сәтті қасына шәуілдеп үріп келген ит сетінетіп жіберді. Дауыс та тына қалды. Артынан дабырлап адамдар да келе жатты. Ол сол сәт адам дауысы деп ойлағаны өз даусы екенін білді. Күңіренген азалы дауыс өз жүрегін қақ айыра шығып жатқанын сонда ғана сезді. Аяғы сынып, өлім мен өмір арасында арпалысып жатса да, өзіне бата алмай шәу-шәу етіп тұрған итке қарап:
– Менің ием көкте! Сенің адамыңның да иесі сонда секілді!– деді. Ит жауап қатып үлгермеді, адамдар келіп қалды. Сол сәт ауыр соққы қақ маңдайға тиіп, қақыратып өтті. Қасқыр сылқ түсті... “Адамдар ақылға шорқақ. Бұл дүниедегі барлық тіршілік иесін өзіне қара күшпен бағындырғысы келеді. Бұл – оның ең әлсіз тұсы. Ақыл иесі, Ол мейірімді, оның шапағатынан тек шуақ шашып тұрады. Ол ештеңені зорлықпен істемейді. Яғни, адамнан да құдіретті біреу бар... адамның көкке қарап бірдеңе тілегенін көргенмін...”
Қасқыр соңғы рет көзін әлсіз ашып көкке қарады, таңғы жұлдыздар әр жерде бір жарқырайды. Бірте-бірте жұлдыздар сейіліп, көгілдір аспанға жұтылып кете барды...
* * *
Содан бері қасқыр атаулы қиналғанда көкке қарап ұлитын болды...

 

Қасқырдың қастығы мен достығы

(жапон аңызы)

Минабэ мен Акитаның ортасында шағын ауыл бар. Бұл ерте кезден таудың аң-құсын атуды кәсiп еткен аңшылардың ауылы едi. Бiрақ, таудан түскен жолаушыны қондырмайтын пейiлi тар тұрғындар көп едi бұл ауылда. 

Бiрде таң ата жауған қардың аяғы боранға ұласқан қыстың бiр кешiнде осы ауылға қызын ерткен джюкурэй (Құдайға құлшылық етушi, дiн жолындағы адам) бiр әйел келедi. Әр үйдiң есiгiн қағып, боранды түнде түнеп шығуды өтiнсе де, қатыгез аңшылар мiз бақпайды. «Ең болмаса балама пана болар қуыс бар ма?» деп жалына үн қатқан анаға ешкiм назар салмапты. Суықтан қалтырап, дiрдектеген екеуi омбы қарда сүрiне-қабына ауыл шетiне жетiп, соңғы үйдiң есiгiн қағады. Үйден шыққан әйел:
— Мен сiздердi қондырар едiм, бiрақ күйеуiм тiрi жанды жақтырмайды. Осыдан жүре берсеңiздер, Рюунджи ғибадатханасына кезiгесiздер. Сол жерден бiр пана табарсыздар, — деп жөн сiлтептi. Қыз бен шешесi қалың қарды кешiп әзер дегенде ғибадатханаға жетедi. Ғибадатхананың есiгiн қаққан екеуiне джюшйоку (Будда ғибадатханасындағы бас священник): «Сендер сияқтыны түнететiн орын жоқ», — деп қатқыл жауап қайтарыпты.
Дiн жолындағы әйел ғибадатхана шатырының астында дiр-дiр етiп, қызын құшақтаған күйi тұра бередi. Ғибадатхана iшiндегi джюшйоку болса есiктен сығалап, «бұларды бүгiн түнде қасқыр жейтiн шығар» деп күбiрлейдi.
Ақ боранға оранған ауылға қасқырдың ұлығаны анық естiледi. Ұлыған дауыс Рюунджи ғибадатханасына таяу маңнан естiледi. Джюшйоку болса жылы кури (ғибадатхана асханасы) iшiнде көрпеге оранып жатып, «қасқыр келдi, қазiр екеуiн талайды» деп ойлайды. Бiрақ әйел мен қызды ғибадатханаға кiргiзiп, паналатуды ойламайды.
Таң атып, боран басылғанда джюшйоку ұйқысынан оянып, түнде әйел мен қыз дiрдек қағып тұрған шатыр астына келiп қарайды. Екеуi де жоқ. Бұрышта ескi қолшатыр жатыр. Джюшйоку қасқырлар әйел мен қыздың дымын қалдырмай жеп қойған болар деп түйедi.
Бiрнеше күннен кейiн джюшйоку көршi ауылға бiреудi жерлеуге барады. Қайтарда қас қарайып, таудың iшiмен жүруге тура келедi. Джюшйоку арт жағынан қасқырдың ұлығанын естидi. Зәресi ұшып жүгiре жөнеледi. Бiр кезде оның тоқтауына тура келедi. Қарсы алдында қасқыр тұр. Джюшйоку бiр емес, бiр үйiр, нақтырақ айтсақ, алпыс төрт қасқырдың қоршауында қалады.
Келесi күнi ауыл адамдары қар үстiнде парша-паршасы шығып, өлiп жатқан джюшйокудi көредi.
Содан кейiн ауылдың қандай да бiр тұрғыны тауға бара қалса қасқыр жарып тастайтын болыпты. Бiрде ауыл шетiндегi соңғы үйдiң терезесiнен кiрген қасқыр отбасын түгелiмен жарып кетiптi.
«Бүкiл ауылға қасқыр өшiгетiндей бiз не жаздық? Бұл ненiң жазасы?» деп күңiренiптi қариялар. Бiрақ бiрде-бiреуi Құдайға құлшылық ету жолындағы адамдарды қондырмай, қуып жiбергендерiн есiне алмапты. Ел «осылай кете берсе, бүкiл ауыл қасқырға жем болуы мүмкiн ғой» деп абдырап отырғанда, Кумахэй деген аңшы таудағы қасқырларды түгелiмен атып тастау керек деген ұсыныс айтады. Бұл өзi осы өңiрдегi құралайды көзге атқан мерген едi.
Кумахэй қаруын асынып тауға шығады. Аңшы апан маңындағы ағашқа өрмелеп, қасқырлардың көрiнуiн күтедi. Бiр кезде апаннан бiрiнен кейiн бiрi алпыс төрт қасқыр шығады. Аңдып отырған аңшы шүрiппенi басып қалады. Оғы айдалаға кетедi. Қасқырлар ағашты қоршай бастайды. Сол сәтте апаннан бiр қыз жүгiрiп шығып:
— Аңшының оғы тимей тұрғанда тезiрек апанға кiрiңдер, — деп айғайлапты. Сол-ақ екен, қасқырлар жуасып, шыққан iздерiмен апанға қайта кiрiп кетiптi.
Таң-тамаша қалған Кумахэй ауылына келiп:
— Ау, халайық, бөрiлермен бiрге апанда бiр қызбала тұрып жатыр, — деп көргенiн баяндайды.
Сол түнi, ел ұйқыда жатқанда ауылға алпыс төрт қасқыр шабуыл жасайды. Жұрт жау шапқандай дүрлiгедi. Қолына бар қаруын алып сыртқа шыққан аңшылар, қасқыр талаған адамдар, ауыл iшi ию-қию. Сол кезде таудан «қайт-қайт» деген дауыс естiледi. Ауылға қарай апандағы қыз жүгiрiп келедi екен. Аңшылардың бiрi қызды дәлдеп тұрып атады. Қыз шыңғырып барып құлайды. Алпыс төрт бөрi шабуылды күшейтедi. Қызды атқан аңшымен қоса ауылдың бес-алты адамын сол жерде жарып тастайды. Ауыл тұрғындарында қасқырға қарсы тұрар дәрмен болмайды. Қаптаған қасқыр айға қарап ұлиды. Бұл олардың қызды жоқтағаны едi. Қыздың денесiн тiстеген көкжал тауға қарай жорта жөнеледi.
Содан кейiн таудағы қасқырлар бұрынғысынан да ащы дауыспен ұлитын болыпты. Көкжалдың зарлы үнi ауыл адамдарының сай-сүйегiн сырқыратыпты. Олар сонда ғана өздерi боранды түнде қондырмай қуып жiберген қызды қасқыр паналатқанын бiлiптi. Содан кейiн бөрi атаулы бұл ауылға жоламапты. Бiрақ айға қарап ұлыған алпыс төрт қасқырдың зарлы даусы бүкiл тауды күңiрентедi екен. Иватэ перфектурасынан Акита префектурасына барар жолда асу бар. Сол асудан алты қасқырдың тас мүсiнiн көруге болады. Қызды жоқтап, ұли-ұли тас боп қатып қалған деседi ел. Жаңа жылдың он жетiншi түнi осы алты тас мүсiн Аспанға қарап ұлиды екен.

Алынған дереккөздер:

1.Дінислам.kz

2.Адырна.kz

+2 дауыс

Қасқырлардың айға қарап неге ұлитынын түсіндіретін нақты жауап жоқ сияқты.Бірақ аңыз, әңгімелер баршылық. Негізі айға қарап ұлыған қасқыр жалғыздықтың белгісі және өзінің жұбын жоғалтқанда ұлыди деп айтады. бұл бірақ нақты емес. кейде өз тобының мүшесін жоғалқанда бір-біріне хабар беру үшін ұлиды деген жорамалдар бар.

 

+2 дауыс

Олар меніңше дәл айға қарап ұлымайды. Олар кез келген уақытта ұли береді. Қасқырлар тек басын жоғары көтеріп аспанға қарап ұлиды. Ал, киноларда аймен бірге көрсетсе әдемі болып көрінеді деп ойлауы керек менің ойымша.

Ал,қасқырлар жәй ғана ұлымайды, белгілі бір оймен, мақсатпен ұлиды. Ұлу - олардың мықты қатынас құралдары. Ол арқылы бір-бірімен әр түрлі ақпарат алмасып отырады. Ол басқа дыбыстарға қарағанда алысқа кеңірек жайылады. Сондықтан да қасқырлардың үйірі жемтік іздеуге шыққанда, ұлу арқылы бір-бірін шақырады.

Бірақ, қасқырлар әсіресе айлы түнде жиірек ұлулары да мүмкін және сол түні ұлуға әуес болуы мүмкін. Оның сыры қарапайым. Әсіресе ай толған кезінде орман ішін өте жақсы жарық қылады, сондықтан осындай түнде аң аулау жеңілірек, ал аңшылықтың табысты болу ықтималдығы жоғары. Осындай кезде қасқырлар бауырларына:"Асығыңдар осындай жарық кезде, бүгін аңшылық сәтті болады" деп айтып тұрған тәрізді.

+1 дауыс
Негізі, қасқыр айға қарап ұлуы, өзінің ішіндегі сезімдерін шығаруы.  себебі, мен өзім қасқырларға қызығамын. Жалпы, қасқырдың ұлу себебі: Қасқырларда да сезімдер болады. Және олар ішіндегі күйінішті сыртқа шығарып, намысын таптата алмайды, сол үшін олар айға қарап ұлиды
қасқырлар тек айға қарап қана емес, көкке аспанға қарап ұлиды, дауыстары бір-біріне жақсы жетуі үшін. Айсыз түнде де ұлыған дауыстарын әкеммен жүріп естигем және ауылдағы аталарда айтып отырады.
...