Азғыр өңірі
Азғыр өңірі – Тұран ойпатының солтүстік-батысындағы далалық жер.
Солтүстігінде – Бөкей ордасы, батысында Астрахан облысының (Ресей) Владимиров және Қарабайлы, ал шығысында Атырау облысының Құрманғазы аудандары жерімен шектеседі.
Далалық жер
Аумағы 560 мың га, оның 90%-ы жайылым, өзен-көлсіз, орман-тоғайсыз шөлейтті алап.
Жер асты су көзі 2 – 10 м тереңдікте, суының минералдары 0,5 – 2 г/л.
Ауа райы өте құбылмалы, жазы құрғақ әрі ыстық.
Жазда айлық орташа температура 23 – 31°С аралығында ауытқып тұрады, шілде айында ыстығы 43°С-қа дейін жоғарылайды.
Қысы қарлы боранды, қараша айының 2-жартысында күнсуытып, наурыз айының аяғына дейін тоңы түспейді. Ақпан айында ауа температурасы – 43°С-қа дейін төмендейді.
Жауын-шашын өте аз түседі, жылдық атмосфера ылғалдық мөлшері 124 – 199 мм. Шілде – қыркүйек айлары құрғақ, аңызақ келеді.
Жайылымдық жерлерде негізінен астық, жусан тұқымдас өсімдіктер, бұталар мен сораң шөптер өседі.
Өңірде ұзақ жылдар бойы «Азғыр» ядролық полигоны орналасқан.