Өткен 2011 жылы он сегіз жасар жас қыз гипноз қолданып, ақша айырбастау пункттеріне еркін еніп, қолына заңсыз қомақты қаражат түсірген. Сол сияқты, жылына гипнозға арбалып ақшасынан айырылған ондаған адамдардың арызы түседі де, айыпталушысы мен күдіктісі табылмай аяқсыз қалады. Немесе кешегі тарихымыздағы И.Сталиннің кабинетіне ешқандай рұқсат қағазсыз арбау арқылы енген Вольф Мессингті халық ұмыта қойған жоқ. Осы арбауды қазіргі күні Қазақияға ағылып келген миссионерлер мен сектанттар да өз ісіне адамдарды көптеп тарту мақсатында шебер қолданады.
Психологтардың зерттеулерінде бір жапон мульфильмінің 27-сериясынан кейін балалар психикалық тұрғыдан ауытқи бастаған. Бұл құбылыстың адамның санасы мен бейсанасының тығыз арақатынасында орнығатындығы сондай, кейбір музыкалық дыбыстардың да, бояу түстерінің де, жәй сөздер мен дыбыстардың да, қысқасы бес сезім мүшесі арқылы адам санасына енетін ақпарат көздерінің гипноздық күйге түсіретін қабілеті бар. Рухани экспансияға ұшырату мақсатын көздеген мемлекеттер үшін олардан келген ақпаратты сүзгіден өткізбей халыққа ұсыну олар үшін сұмдық мүмкіндік болып табылады.
Осы айтылған гипноз деген не?
Гипноз – әлімсақтан бар құбылыс. Оның бар екендігін ғылым да жоққа шығармайды. Сөйте тұра заң шығарушының назарына іліккен емес (қылмыстық құқықта және қылмыстық процесте қолдану жолында).
Гипноз туралы шетел әдебиеттерінде XІX ғ. аяғы мен XX ғ. басында көптеп жазылған. Тіпті, гипноздың ғылыми қырлары туралы әңгіме Австрия мен Францияда ХҮІІІ ғ. қозғала бастаған (Гримак Л. Гипноз и преступность. Москва, 1997. С.с.17-33.).
Оны былай қойғанда өз білім-тәжірибесін отыз жылдай жинақтап, ізденіп, соңында «Үш анық» атты философиялық еңбек жазған Шәкәрімнің өзі “Осы күнде сыры табылған физика жаралыс жолынан жоғары қуаттың барлығын 1738 жылы туып, 1815 жылы өлген Месмер деген Германияның докторы хайуан магниті деген нәрсені тауып сонымен ауруларды емдеген. Францияда оны тексеруші комиссия шығып, хайуан магниті түбі білімсіз болса да әсер беретіні рас екен деп жар салған. Соған қарағанда магнетизм, спиритизм, телепатиялар да (Шәкәрім басқа жерде гипнотизмді де қосады-А.Ж.) бүгін түп себебі табылмай тұрған қуат екенін мойындау керек дейді”. (Құдайбердіұлы Ш. Үш анық. Алматы, 1991. 16-б.), – деп ғылыми жаңалықтарға шолу жасап, өмірде орын алған бірнеше оқиғаны оларға мысал қылып өтеді.
Демек, ғылым табаны ілгерілеген сайын біздің танымымыз да ілгерілеп, “кеше” себебі табылмай тұрған қуаттарды мойындап, бағалауымыз тиіс.
Бұл келтірілген деректер бір қарағанда мистикалық сарында болып көрінгенімен, егер бұл құбылыстардың өмір сүруі ғылыми дәлелденсе, әңгіме арнасы объективтік шындыққа түседі. Олардың бар-жоғын дәлелдеу бұл еңбектің мақсаты емес, ол өзге нақты ғылымдардың зерттеу пәні. Тек біз өмірде болатындығы дәлелденген құбылыстармен шектелеміз.
Мәліметтер бойынша ХІХ ғ. өзінде-ақ қылмыскер гипнозды көбінесе екі жолда қолданған:
1. арбалушыға тән мүліктік затқа залал келтіру;
2. адамды арбап қылмыс жасауға итермелеу, былайша айтқанда арбалушының қолымен сойыл соғу.
Себебі “гипноз кезінде жоғары ұюшылықпен бірге аналгезияға (ауыру сезінуді әлсірету не мүлде жою), каталепсияға (бұлшық еттердің икемдігі), гипермнезияға (өткен оқиғалар мен сезімдерге жадтың белсенділігін арттыру), сеанс мазмұнының амнезиясына (естен шығару – А.Ж.), постгипноздық көндігуге (оянған соң белгілі бір әрекетті жасауға бұйрық беру) қол жеткізуге болады” (Малая медицинская энциклопедия (Гл. ред. В.И.Покровский). Москва, Изд. СЭ. 1991. Т.1. С.479).
Арбаушы гипноздың көмегімен әр түрлі мақсатты жүзеге асыру үшін оны ерте заманнан-ақ қолдана бастағаны мәлім. “Ескі заманда буддистер шәкірттерінің есіне тез қалдыру үшін “әулие” текстерді ұйқы кезінде құлақтарына сыбырлап жеткізетін болған”, бұл педагогикалық әдіс гипнопедия деп аталады (hypnos – ұйқы және paіdeіa – оқыту, тәрбие) (Қазақ Совет Энциклопедиясы. 3-том. С.312.).
Гипнозды қазір де емшілер мен дәрігерлер емдеу мақсатында қолданады. Ол наркомания, маскүнемдік, кейбір тері ауруларының т.б. емдеу тәсілі мен құралы болып табылады. Сондай-ақ оны эстрадалық концерттерде “көңілді” болу үшін, босану кезінде толғақты, операция үстінде қиналысты жеңілдету үшін қолдана алады. Әлбетте, мұндай мүмкіндік беретін қаруды қылмыскерлер де өз қаруларының қатарына атам заманнан қосып үлгереді.
Тіпті, 1993 ж. Мәскеу қаласында өткен ұйымдасқан қылмыспен күрес проблемаларына арналған Бүкілресейлік кеңесте қылмыстық құрылымдардың гипноз механизмін игеруге ынта білдіріп отырғандығы да айтылды (Гримак Л. Көрс.еңб. 6-б.).
Енді осы жерден өзінен өзі гипноздың түсінігі туралы сұрақ сытылып шығады. Қазақ Совет Энциклопедиясы “Гипноз – адам мен жоғары сатыдағы жануарлардың ұйқы тәрізді күйі. Гипнозды шартты рефлекстер арқылы адамды сендіру жолымен туғызады. Гипноз өте ерте заманнан белгілі” (ҚСЭ 3-т. 312-б.), -дейді. Дегенмен, оған бір заманда жанның куәсіндей көріп, діни түсінік таңылса, кейде есуастыққа теңеді (Дюбун-Реймон), не медицинаға түк қатысы жоқ “сиқыр” деп те (Гельмгольц) көрді. Отандық юриспруденцияда оны ғылымға қарсы деп әлі мойындамай келе жатақандардың саны басым (қылмыстық процеске қолдану үшін).
XІX ғ. аяғында француз ғалымы Бергейм сендіру арқылы шақырылатын ұйқы деген ұйғарымға келді. Мұны И.П.Павлов физиологиялық тұрғыдан дәлелдеді.
Әдебиеттер гипноздың ми бөлшектерінің (бәрінің емес) тежелуімен түсіндірілетінін, ол сыртқы күшті қоздырғыштардың әсерімен де, сондай-ақ әлсіз есту, тәни сезіну, көру қоздырғыштарының әсерімен де бола беретіндігін де айтады.
Демек, ол физиологтар үшін ми бөлшектерінің тежелуі болса, медиктер үшін осы тежелудің нәтижесінде адамның ұйқы тәріздес күйі. Ал сол ұйқының да бірнеше түрі бар: табиғи физиологиялық (тәуліктік, маусымдық), наркоздық, гипноздық, паталогиялық ұйқы т.б. Бұлардың әр қайсысының физиологиялық механизмдерінің өзіне тән ерекшеліктері бар.
Жалпы, адам ояу жүрген күннің өзінде де бір нәрселерге зейін аударуына байланысты ми қыртысының бір бөлшектері қатты қозып, басқа бір бөлшектері тежелуге ұшырап отырады. Мысалы, қызық кітап оқып отырған адам сағаттың шықылын не қасынан біреудің өткенін аңғармай қалады. И.П.Павлов ашқан нерв процестерінің индукция заңына сәйкес адам бар ойымен іске қызу берілсе, басқа нәрселер туралы жөнді ойлай алмайды. Осы кезде мидың алабында күшті қозу процесі болып жатады да, айналасындағы алабтарда тежелу болады (теріс индукция заңы). Зейін аударғанда мидың қатты қозатын алабын физиолог А.А.Ухтомский (1875-1942) доминанта (латынша-үстемдік ету) деп атады. Доминанта теориясы бойынша мидың күшті қозған алабы қалған алабтардағы әлсіз қозу процестерін өзіне тартып алып, солардың есебінен одан сайын күшейеді (Жарықбаев Қ. Психология. Алматы, 1993. 85; Энциклопедический словарь; “БСЭ”. В 3-х т. Т. 1. С.573).
Ал ұйқы деген ми қыртысының барлық бөлшектері тежелгенде пайда болады. Гипноз нағыз ұйқы емес, тек ұйқы тәріздес нәрсе болғандықтан да гипноз кезінде мидың белгілі бір бөлшегі тежелмей қалады. “Ми қыртысының тежелмеген бөлшектері рапорт аумағы деп аталады. Рапорт аумағы өзгеріп отырады. Гипнозшы сол аумақ арқылы сөздерінің мазмұнын өзгертіп, тежеуді ми қыртысының бір бөлігінен екінші бөлігіне ауыстыру нәтижесінде мидағы кейбір физиологиялық механизмдерді жұмысқа қосып, басқа бөліктерімен байланыс жасайды” (ҚСЭ, 3-т. 312-б.). Арбаушыға жауап (рапорт) беріп отыратын да осы тежелмеген аумақ. Гипноздың ұйқыдан айырмашылығы да осында. Егер тежелу процесі рапорт аумағына да таралса, адам кәдімгі ұйқы күйіне енеді.
Гипноз күшіне қарай үш сатыға бөлінеді:
1. жеңіл (маужырау);
2. орташа (ұйқыны жеңуге мүмкіндік болғанмен оған мойынның жар бермеу);
3. терең – сомнабулизм (ешқандай қоздырғыштарға жауап бермей, тек арбаушыға ғана рапорт беру).
Гипноздың қолдану механизмінің әлі күнге шейін белгісіз екендігін атақты физиологтар мен медиктердің өзі мойындайды. Мысалға, физиолог, профессор А.Д.Ноздрачевтың редакциялық етуімен шыққан екі кітаптың – Адам және жануарлар физиологиясының жалпы курсы (тарау авторы -А.С.Батуев) атты тарауда “Гипноз механизмі белгісіз болып қалып отыр, гипноз арқылы көптеген аурулар сәтті емделіп жатса да гипноз теориясының аяқталған соңғы нұсқасы әлі қалыптасқан жоқ”( Общий курс физиологии человека и животных. В 2-х книгах (Под ред. А.Д.Ноздрачева). Кн.1. Москва, ВШ, 1991. С.330.), – деп жазады. Десек те, гипноз қолдану практикасынан оның қандай әсерлермен шақырылатындығы туралы эмпирикалық білімдер бар. “Гипноздық арбау күйіне жеткізу, көбіне көп, сөзбен ұйытудың (внушение) әсерінен, әлсіз монотондық есту қоздырғыштарының (зуммердің зыңылдауы, метрономды соғу т.б.), сондай-ақ тәни (тактильный) және көру қоздырғыштарының (теріге бірқалыпты жанасу не сипау т.б.) нәтижесінде қол жеткізеді” (Малая медицинская энциклопедия (Гл. ред. В.И.Покровский). Москва, Изд. СЭ. 1991. Т.1. С.479.).
Демек, гипноздық күйге, ең алдымен, сөзбен ұйыту арқылы қол жеткізеді. Былайша айтқанда “ақпараттық қол сұғу” жолымен. Бірақ гипноз адамға ғана емес, жоғары сатыдағы жануарларға да қолданылады. Ал оларды сөзбен (ақпаратпен) арбамайтыны екібастан түсінікті. Сол себепті дыбыс арқылы да, денеге жанасу арқылы да болуы мүмкін. Алайда, бұл сияқты әрекетте қолданылатын барлық ақпарат-дыбыстардың атасы бөлек, ол қылмыс құралы делініп жүрген жәй ақпараттар мен дыбыстардан ірге ажыратады. Себебі, қанша жерден гипноз рефлексия заңына сүйенеді десек те, рефлексияны бүге-шігесін зерттеген физиологтар да қандай жолдармен ықпал еткенде мидың қай бөлшегі тоқтайтынын түсіндіре алмайды, оған жоғарыдағы физиологтардың өз сөздері куә. Егер де олар қылмыс құралы бола алатын жәй ақпарат-дыбыстармен бірдей, еш айырмасы жоқ болса, әсірелеп айтсақ, дәл арбаушы айтқан сөздерді қайталағанда дәл сондай рефлекстер жаңғырып, тура сондай гипноз күйі қайталану керек, яғни кез келген адам қандай сөздерді айтуды және қандай дыбыстарды қолдануды үйренсе, арбаушы бола алады деген сөз. Ал гипноздық күйге түсіре алу қабілеті тек жекелеген адамдардың үлесіне тиіп отырғандығы баршаға мәлім.
Жалпы алғанда, адамның нерв системасының, темперамент, мінез т.б. факторлардың ерекшеліктеріне байланысты белгілі бір дыбыстардың ми қыртыстарына біртіндеп әсер ете алатындығы адамның өзін-өзі медитациялау практикасынан көруге болады. Бұл дыбыстар да өз “туысқандарынан” бөлекше.
Сондай-ақ, Кеңес дәуіріндегі ҰҚК-нің тарихында осы тәріздес музыкалық дыбыстардың адамның жүйкесі мен ми қызметіне әсер етуі зерттеліп, қолданылып келгендігіне 1986 ж. Желтоқсан оқиғасының мәселесін қайта қарау жөніндегі комиссияның төрағасы М.Шахановтың сөздері куә бола алады. Өзінің “Өркениеттің адасуы” кітабында ол: “Гитлеровская идея Психического оглупления людей Силой воздействия музыки была предельно усовершенствована в центральном аппарате КГБ. В его здании существовали “Музыкальные комнаты” (Шаханов. М. Заблуждение цивилизации (сага о нравах эпохи). Алматы, 1999. С.с.138-139.), – дей келіп, өзіне хат жазған Раушан атты қыздың музыкалық бөлмелердегі бірнеше сеанстан соң, өзінің жеке өміріне қатысты, мәліметтерді, соның ішінде, қайда тұратынын да ұмытып қалғандығын баяндайды да “Вот оно- Превращение музыки созидания В музыку разрушения” (сонда, 141-б.), – деп қорытады.
Рефлекстерді ақпараттармен шақыру тек екінші сигнал қабылдау жүйесі бар адамға ғана тән болса, өзге жоғарғы сатыдағы тіршілік иелерінің шартты-шартсыз рефлекстерін шақыру тек бірінші сигнал арқылы, атап айтқанда, тәни жанасумен болады. Тәни жанасудың рефлекстерді тудыра алатыны әуелден аян, бірақ оның бәрі ми бөлшектерін тежемейді. Сондай-ақ гипноз күйіне тәни жанасусыз-ақ белгілі қашықтықта алақанмен (көру қоздырғыштарының қатысуынсыз) және көзбен арбап та түсіретіні белгілі. Демек, алыстан алақанмен арбау (не емдеу) кезінде арбаушы мен арбалушының арасында соңғысына әсер етіп, өзгеріс әкелуші бір заттың болуы керек екендігіне қисынды ой өзінен өзі жетелейді. Бірақ оның не зат, не қуат (энергия) екендігін ашу болашақ жылдардың, бәлкім ғасырлардың үлесінде шығар. Әйтпесе себепсіз салдар болмайтыны рас болса өзгеріс те өзінен-өзі келмейді.
Көзбен арбауда да көзден энергия бөлінетіндігі медициналық ғылыми журналдарда жазылып жүр. Мысалға, балаға көз тию кезінде әлсіз организмге кері ықпал ететін энергияның металл бар жерде шашырап кететіндігі туралы. Сол сияқты шариғат бойынша көз тиюден сақтандыратын және көз тиген соң оқылатын дұғалар бар.
Не болмаса, осы күнгі ерекше қуаты, биотогы бар деп дәріптеліп жүрген емші-балгерлер лицензияны мемлекеттік медициналық органдардан алады (олардың барлығы дерлік гипнозды қолданады). Ол биотокты өлшеуші құралдың бар-жоғы белгісіз болса да, оларға лицензияны емдеу нәтижесіне қарап беруі мүмкін болса да, олардың бойындағы биотокты, өзгеше қуатты мемлекеттік медициналық мекемелердің мойындағаны анық.
Демек, гипноз күшіне жеткізуші де құрал бар. Айталық, жәй ақпарат пен гипноздағы ақпарат екінші сигнал арқылы қабылданатындағымен және екеуінде де миға барып орнығатындығымен ұқсастығы сипатталса, ерекшелігі функцияларынан көрінеді. Қарапайым ақпараттың табиғи негізгі мақсаты, функциясына қарай таным процесін жүзеге асырып, ой туғызып, ұғым қалыптастырса, арбаушының ақпараты сол мидағы ұғым арқылы мидың өзін тежеуге бағыт түзейді, яғни өзінің табиғи мақсатына сай келмейді. Былай айтқанда, жай ақпарат рационалдық, гипноздық ақпарат физиологиялық салдар туғызады. Гипнозда қолданылатын басқа “заттарды” алып қарасақ та осындай қорытынды жасауға болады. Ол үшін М.Шахановтың “Вот оно – превращение музыки созидания в музыку разрушения”, – дегенін еске түсірсек те жетіп жатыр. Осы гипноз заттарының барлығын бір-ақ нәрсе тізе қостырады. Ол – объектіні арбалу күйіне жеткізу. Сондықтан да арбау үстінде не нәрсе қолданылса да (ақпарат, дыбыс, энергия т.б.) біз оларды жеке-жеке атымен атап жатпай-ақ (себебі, олар нағыз ақпарат, нағыз дыбыс, деп айтуға келмейді, өз мақсат-функцияларынан сәл де болса ауытқыған) гипноз деп айдар тағамыз. Сол себепті, гипноз дегеніміз физиолгиялық мағынасында мидың тежелуі, медициналық тұрғыда адам мен жануарлардың ұйқы тәріздес күйі, ал қылмыстық-құқықтық мағынасында сол күйге түсіру үшін құрал есебінде қолданылатын нақты зат (ақпарат, энергия), не заттардың жиынтығы.
Тіпті, мұның бәрі зерттеліп, қолданылып, “гипноздық” қару ойланып табылып, әскери немесе өзге де құпия ретінде “көк сандықта” жатуы ғажап емес. “Көк сандықтың” шетін болса да көрген қоғам қайраткері М.Шаханов “МҚК-ның музыкалық бөлмелерін” бекерден-бекер ресми дерек қып айтып отырған жоқ.
Гипноз сергектік жағдайды жасанды түрде өзгертуден туындайды. Гипноз ерік білдіру бостандығын шектеп, біреудің еркіне бағынуды күшейтеді. Егер жауап алынушы адам келісім берсе де, гипнозды тергеу кезінде қолдануға жол берілмейді.[1]
Гипноз (лат. hypnos -ұйқы) — сананың уақытша күйі; сана көлемінің күшеюімен және оны иландырудың мазмұнына барынша шоғырландыруымен сипатталады, мұның өзі индивидуумдық бақылау және өзін ұғыну функцияларының өзгеруімен байланысты. Гипноз гипноздаушының арнайы әсер етуінің нәтижесінде немесе мақсаткерлікпен өзін-өзі иландырудан пайда болады. Гипноздық жағдайдың өздігінен болатын ерекшеліктерін саралау керек. Күйдің өзінің тән сипаттамалары: барынша иланғыштық, гипноздан кейінгіамнезияның болуы (Гипноз сеансының мазмұнын, сондай-ақ гипноздау фактісінің өзін еріксізден ұмыту). Гипноз жағдайында субъектіге оған сананың әдеттегі жағдайында тән емесфизиологиялық және психикалық реакциялар пайда болуы мүмкін. Мұның қабылдау саласына (жағымды және жағымсыз иллюзиялар), ес саласында (бүған дейінгі өмірде болған оқиғалар мен фактілерді ұмыту не еске түсіру, жаңа материалды есте сақтау процестерінің белсендірілуі), зейін саласында (зейіннің шоғырлануы мен бөлінуінің артуы), ойлау саласында (қалыпты логиканың бұзылуы немесе шығармашылық сипаттың артуы), тұлғаға қатысты әсері болуы мүмкін (мотивацияның, дағдылардың, көңіл-күйдің, кейбір тұлғалық сипаттамалардың өзгеруі, басқа адам бейнесінің иландырылуы, субъективтік уақытты ауыстырып-түйістіру). Мұндай өзгерістердііі бар екендігін арнаулы физиологиялық сынамалар мен психологиялық тестілер растайды. XIX ғасырдың ортасына дейін гипноз туралы түсініктер гипноздаушы ерекше "флюидтер" немесе толқындар таратады деп ұғынуға негізделді.И.П.Павловтың еңбектерінде гипнозға материалистік түсінік берілді. Физиологиялық теориялар гипнозды орталық жүйке жүйесінің тән сипатты күй деп қарастырады. Психологиялық теориялар гипнозды субъектінің қалыпты санасының ерекше жағдайларда өзгерген түрде функция атқаруы деп пайымдайды. Психотерапияда жанжалдарды және тұлға ұстанымдарын гипноанализдеу секілді арнаулы әдіс қолданылады. Гипноз техникасын қолдану субъект санасының функция атқаруының әр түрлі деңгейлері кезінде мінез-құлықты эксперименттік әдіспен зерделеуге мүмкіндік береді. 1. гипноз, арбау; 2. гипноз арбап ұйықтату, еркінен айыру; гипнозбен емдеу. Сендірудің ықпалымен сананың уақытша бөлініп тасталуы немесе өзінің қылықтарын саналы бақылаудан айыру. Гипноз — жасанды жолмен келтіретін ұйқыға ұқсас күй.
Ақпарат осы жерден алынды.Сілтеме