Атақты Біржан мен Сараның айтысы
1871 жылы 13 қазанда атақты Біржан мен Сара айтысы болды. Біржан 1831 жылы Көкшетау облысының Еңбекшілдер ауданындағы Қожағұл ауылында дүниеге келді.
1894 жылы қайтыс болды. Жас шағында ағасы Қожағұлдың қолында өсті, соның тегін алды. Жастайынан әнге әуес болған Біржанның зор, әсем даусы мен ғажап импровизаторлық дарыны оны әрбір ауылдың, әрбір қазақ үйінің құдайы қонағына айналдырды. Біржанның атағы Қазақстанға кеңінен жайылды, бұл оның болашағына әсер етті. Біржан ауқатты отбасынан шыққан болатын, туған-туысқандарының «пайдалы жұмыс істе» дегеніне қарамастан, кәсіби әншінің мазасыз, құбылмалы тағдырын таңдады.
1865 жылы Көкшетауға Омбы генерал-губернатор келеді. Құрметті қонақтың келгені әрине бұқараның назарын аудартты. Үлкен Көкшетау уезінің жан-жағынан ақындар, әншілер, балуандар, атқұмарлар тәрізді әртүрлі адамдар келе бастады. Бұл мерекеде Біржан қатты күйініп, қорлық көрді. Біржан өзінің «Жанбота» әнінде тәкәппар және дүниеқұмар басшыларға деген айбарлы наразылығы мен өшпенділігін жазады.
Жанбота - өзің болыс, әкең - Қарпық,
Ішінде сегіз болыс шенің артық.
Өзіңдей Азнабайдың поштабайы
Қолымнан домбырамды алды тартып.
Тартса да, домбырамды бергенім жоқ,
Есерді поштабайдай көргенім жоқ.
Қамшымен топ ішінде ұрып еді,
Намыстан, уа, дариға, өлгенім жоқ...
Біжан өлеңдерінен рухының өлмейтіндігі, әділетсіздік пен зорлыққа деген оның наразылығы мен күресі көрініс тапқан. Оның өлеңдері бейне немесе лирикалық толғаныс емес, поэтикалық, экспрессивтік нысанда бейнеленген нақты оқиғалар болып табылады.
Қазақ даласын кезіп жүріп Біржан барлық жерде болып көрді, әр жерден поэтикалық шабыт алды. Бірде Ақтентек байдың ауылына кіріп Ажар деген қызына «Тентек» атты лирикалық өлең жазды. "Жаймашуақ" өлеңі де осылай пайда болған. Ал Айтбай атты қызды кездестіруі ең үздік әндердің бірінің пайда болуына негіз болды. "Айтбай" әншінің толығымен әншінің поэтикалық сипатын ашып көрсетеді, мұнда қызға тән жоғары белгілердің музыкалық сипаттамасы мен туған өлкеге деген сүйіспеншілік бейнеленген. Бұл өлеңді орындаған кезде даланың шексіздігін, толассыз әсемдігін сезінесің.
Біржан ержеткен кезде Жетісу өлкесіндегі атақты ақын Сарамен кездесті. А.К.Жұбановтың болжамына қарағанда, олардың поэтикалық және әншілік айтысы Ешкіөлмес деген жерде өтеді. Біздің заманымызға жеткен «Біржан мен Сара айтысы» поэмасын Сараның өзі шығарған деген аңыз-әңгіме бар. Қазір айтыстың қалай өткендігін талқылау, қандай өлең айтылғандығы белгісіз, алайда бізге жеткен сипаттамалар бойынша Сара Біржанның тамаша даусын, суырып салма талантын ерекше атап өткен. Бұл айтыс ақынның атағын бұрынғыдан да арттыра түсті.
"Біржан сал" өлеңінде әлеуметтік, азаматтық тақырып тамаша көрініс тапқан. Біржанның дарынды шығармашылығынан көірніс тапқан албырт поэтикалық тұлғасы «халық таңдаулысы» деген мағына беретін «сал» ұғымымен ұштасқан.
Баласы Қожағұлдың Біржан салмын
Адамға зияным жоқ жүрген жанмын
Адамға анау-мынау бас имеймін,
Өзім сал, өзім сылқым кімге зармын!
дейді өлеңінде.
Бұл өлеңде әнші өзінің қоғамдық орнын түсінгендігін айтады.
Біржанның азаматтық өлеңдерінің тууына 80-жылдардың екінші жартысында Абай Құнанбаевпен кездесуі де әсер еткен болар. Ұлы ақын, ағартушымен танысу Біржан шығармашылығына қатты әсер етті. "Біржан сал ақын" өлеңінде Абай лирикасының әсері байқалады, онда ақынның адамзаттық қасиеті, оның азаматтық парызы пен кедейдің уайымы көрініс тапқан.
Абай поэзиясынан ләззат алған Біржан оның өлеңдеріне ән жазады. Осы кзде Біржан атақты қазақ әншісі Ақан серімен кездеседі. Біржан халық өнерінің көптеген көрнекті тұлғалармен кездеседі. Бірнеше мәрте айтысқа қатысады.
Біржан өмірінің соңғы жылдары ауыр болды: жасымен бірге ақын мысқылдайтын кедейлік те келіп қалды, кедейлікпен бірге ауру мен жалғыздық та келді. Біржан кедейлік пен қартайғандығын байсалдылықпен, тіпті мысқылмен өткізсе, жалғыздық пен түсінбеушілік ақын үшін өте ауыр болды. Қаскөй қабырғалар оны бөліп, тұйықтанушылыққа әкеп соқты. Соңғы жылдары жазылған Біржан өлеңдерінде келмеске кеткен жастық шақ пен атақ туралы айтылады. Осының бәрі ақынның жан-жанындағы адамдарды мазалады, олар Біржанды психикалық ауру деп тапты. Соңғы үш жылда ол өзінің үйінен шықпай, 1894 жылы ауыр қайғымен қаза болды. Өлер алдында Біржан балаларына арналған «Асыл ақын» және «Теміртас» өлеңдерін жазды.
Ұлы ақынның бостандықты сүйетін бейнесі Мұқан Төлебаевтың «Біржан мен Сара» операсынан көрініс тапты.
Төлебаев операсының арқасында қастықпен, кеселмен, әділетсіздікпен күрескен Біржан Қожағұлұлының қайғылы тағдыры халық жадында мәңгі сақталады.
Айтыс – халық ауыз әдебиетінің ең мол да ерекше саласы. Айтыс жанры қазақ ауыз әдебиетінде сапасы жағынан да, саны жағынан да ерекше орын алады. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде айтыстың бірнеше түрі бар:
1. Бәдік айтысы.
2. Жар-жар.
3. Жануар мен адамның айтысы.
4. Өлі мен тірінің айтысы
5. Жұмбақ айтысы.
6. Салт айтысы: 1) қыз бен жігіт айтысы; 2) ақындар айтысы.
7. Осы күнгі айтыстар.
Бәдік айтысы – айтыстың ең көне түрі. Ерте заманда адамдар мал ауруының да, адам дертінің де иесі бар деп ойлап, сол дерттен құтылу жолын іздеген. Ескі наным-сенімге байланысты дерттен құтылудың жолы – үшкіру, шақыру деп есептеген. Түрлі аурумен ауырған малды «бәдік» арқылы үркіту үшін кешқұрым ауыл жастары жиналып, кеш өткізген, өлең сөзбен малға келген індетті көшіруге әрекеттенген. Келе-келе айтыстың бұл түрі жастардың әзіл-қалжың ойын айтысына, сауық кешіне айналды.
Айтыстың көнеден келе жатқан тағы бір түрі – жар-жар ұзату тойы үстінде екімақсатпен: 1) ұзатылып бара жатқан қыздың мұң-зары түрінде; 2) ұзатылатын қызды жұбату сарынында айтылған. Жар-жар айтысының негізгі көркемдік тәсілі – пихологиялық параллелизм – екі құбылыстың ұқсас жақтарын параллель етіп қою.
Қазақ халқының өмірінен, тұрмыс-тіршілігінен төрт түлік мал ерекше орын алған. Төрт түліктің адам өміріндегі маңызы халық ауыз әдебиетіндегі айтыс жанрының бір түріжануарлар мен адамның айтысында көрсетілген.
Иесі:
Шолақ сиыр, көзіңді ояйын ба?
Биылғы жыл соғымға сояйын ба?
Биылғы жыл соғымға сойып алып,
Танабайға жаяңды қояйын ба?
Сиыр:
Шиыршықтап қыл арқан ескеніңде,
Қу шолақты соялық дескеніңде,
Қу шолақты соғымға сойып алып,
Бүржекейден көремін көшкеніңді.
Төрт түліктің бірі сиыр мен иесінің айтысында адамның тұрмыс-тіршілігінің төрт түлікпен тығыз байланысты екені баяндалған.
Айтыстардың ішінде ерекше орын алатын түрі – жұмбақ айтысы. Бәдік, жар-жар, жануарлар мен адамның айтысына қарағанда жұмбақ айтысы адамның сана-сезімінің, таным-түсінігінің даму, өсу, табиғаттың әр түрлі құбылыстарын танып-білу кезінде туған. Жұмбақ айтысына «Сапарғали мен Нұржан», «Әсет пен Ырысжан», «Қожахмет пен Әубәкір» айтыстары жатады.
Айтыс жанрының ең көлемді де көркем түрі – салт айтысы. Салт айтысы ХІХ ғасырдакең түрде дамыған. Осы кезеңде өмір сүрген Шөже, Балта, Орынбай, Кемпірбай, Тезекбай, Сүйінбай, Түбек, Омарқұл, Тәбия, Мұрат, Сүгір, Жаскілең, Біржан, Сара сияқты айтыс өкілдері сөз таластырып, айтысқа түскен. Салт айтысы екіге бөлінеді: 1) қыз бен жігіт айтысы; 2)ақындар айтысы.
Қыз бен жігіт айтысы той-думанда, үлкен жиында айтылған. Айтыс қыз бен жігіттің арасындағы әзіл-қалжыңға құрылған. Қыз бен жігіт айтысына «Омарқұл мен Тәбияның», «Біржан мен Сараның», «Жамбыл мен Салиханың», «Кенен мен Ләтипаның», «Сүйінбай мен Күнбаланың» айтыстары жатады.
Салт айтысының ерекше түрі – ақындар айтысы. Ақындар айтысының маңызынакадемик-жазушы М.Әуезов: «Айтыс – сөз барымтасы» деген сөзбен ерекше бағалаған. Ақындар айтысына «Сүйінбай мен Тезектің», «Құлмамбет пен Түбектің», «Шөже мен Балтаның», «Шөже мен Кемпірбайдың», «Шөже мен Орынбайдың», «Жанақ пен Шөженің», «Біржан мен Сараның» айтыстары жатады.
Ақындар әр уақытта халыққа арқа сүйеген, себебі айтыс ақындары халықтың сөзін сөйлеген, елдің мұң-мүддесін жоқтаған. Елге, халыққа арқа сүйеген ақындар өз ойын ашық айта білген, сол кезеңдегі үстем тап өкілдерінің іс-әрекеттерін батыл әшкерелеген. Мысалы, айтыс ақыны Шөже Қаржаубайұлының көзі соқыр болған екен. Соны айтысқа түскен ақындар бетіне баса берген. «Шөже мен Балта» айтысында үстем тап өкілдерінің сөзін сөйлеп отырған Балтаға Шөже:
Кем-кетік толып жатыр таз бен соқыр,
Жемтік молда алдияр құран оқыр, – дей келе:
Соқыр-соқыр дейсің де еш тынбайсың,
Соқыр десең құтылсаңшы Құнанбайдан, – деп, Құнанбайдың соқырлығын, Алшынбайдың таздығын өлтіре сынайды.
Айтыстың мәні мен маңызы туралы С.Мұқанов: «Айтыс – ат бәйгесімен пара-пар», – деп ерекше бағалаған.
Қазақ халқының ақындар айтысының ішіндегі ең үздігі – «Біржан мен Сара» айтысы. «Біржан – Сара» айтысы айтыстың екі түрін де: қыз бен жігіт айтысын да, ақындар айтысында қамтиды. Айтыс ақындары Біржан да, Сара да тарихтан белгілі, көпке мәлім адамдар болған.
Сара Тастанбекқызы – Жетісу өңірінен шыққан, әнші, ақын, күйші, сауықшыл қауым ортасында өскен, жастайынан домбыра алып, ән салып, «домбыра ап он үшінен сөз сөйлеген»талант иесі болған. Сара Тастанбекқызы – талай ақындармен сөз жарысына түсіп, оза шауып бәйге алған ерен жүйрік ақын. Бұл туралы Сараның:
Белгілі қанша жұртқа атым – Сара,
Ішінен ер Қаптағай шықтым дара.
Домбыра ап он үшімнен сөз сөйледім,
Келемін бір сүрінбей жеке-дара, – деген сөзінен көруге болады.
Біржан сал Қожағұлұлы – Көкшетау өңірінде туып-өскен, Ақан, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Естай сияқты өнерпаздарды тәрбиелеп шығарған танымал тұлға. Біржан – қазақ халқының кемеңгер, үздік әнші, ақыны. Ол ұлы Абаймен кездескен, пікірлес, сыйлас болған. Біржан Сарамен айтысында Абайды пір тұта, мақтан ете сөйлеген. Біржанның Сарамен айтысы бүкіл халық игілігі, халықтың сүйіп тыңдайтын өлеңі болған. Біржан Жетісу өңірінеаты шыққан ақын Сараны арнайы іздеп келіп айтысқан.
Бұл үйде Сара бар ма шықсын бері,
Ауылында Тұрысбектің өлер жері, – деген Біржан сөзінен айтыстың Тұрысбек ауылында өткенін көруге болады. Өнері мен ақындығы жағынан Біржанға тең түскен Сараның осал жері ұзатылатын күйеуінің кемтарлығыеді. Біржан да Сараны осы жерден сүріндіреді. Сара ол туралы:
Арғынға дес бермеген есіл тілім,
Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім, –
деп, жеңілгенін мойындаған. Сара күйеуінің кемтарлығын
Көрінсін Біржан салға ай секілді,
Ақ құйрық көңіл ашар шай секілді
Ұсынса, қол жетпейтін арғымағым,
Біржанға баламаймын тай секілді...
деп, ирония мен сарказмды шебер пайдалана отырып тілге тиек еткен.
Айтыста екі ақын да өздерінің сөз шеберлері екенін көрсете білген. Өздерін таныстыру барысында: «Қырандай желді күнгі аспандаймын», «Мойыным сұңғағындай жүзген қудың», «Лебізім шырынындай шәрбат судың», «Тамағым жас баланың білегіндей», т.б.теңеулер мен «Ақиық мұзбалақпын жерге түспес», «Найманда екі жүзді наркескенмін», «Ұшырған тәрбиелеп ақ тұйғынмын», т.б. метафораларды тиімді қолданған.
«Біржан мен Сара» айтысының тақырыбы – әйел теңдігі, қазақ әйелдерінің бас бостандығы. Осы тақырыпты батыл көтерген Біржан Сараның басына бостандық алып береді.
«Біржан – Сара» айтысы құрылысы жағынан да, түрі мен мазмұны жағынан да салт айтысының ең биік шыңы болып табылады.
Осы күнгі айтыстар жаңа заманға лайық сөз саптауымен, тақырыптық жаңалығымен, жарасымды әзіл-қалжыңмен ерекшеленеді. Осы күнгі айтыскер ақындар: Балғынбек Имашев, Мұхамеджан Тазабеков, Мэлс Қосымбаев, Айнұр Тұрсынбаева, Дәулеткерей Кәпұлы, Ринат Зайытов, Ақмарал Леубаева, Сара Тоқтасынова, т.б.
Біржан мен Сара айтысы – өзінің құрылысы мен мазмұны жағынан болсын, көркемдігі жағынан болсын, қазақтың ақындар айтысының ішіндегі үздігі. Біржан мен Сара айтысы айтыстың екі түрін де (қыз бен жігіт айтысы, ақындар айтысы) толық қамтиды. Бір жағынан, бұл шаршы топта сөз таластырған саңлақ ақын жігіт пен шешен ақын қыздың дарынды айтысы болса, екінші жағынан, ру атынан сөйлейтін екі ақынның да айтысының үлгісі болып саналады.
Біржан да, Сара да – көпке мәлім, тарихта белгілі адамдар. Біржан сал Қожағұлұлы бұрынғы Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданында 1834 жылы туып, сол жерде 1897 жылы қайтыс болған. Біржан жас шағынан әнге, өлеңге әуестенеді. Өнер жолына түскен табиғи талант иесі көп ұзамай-ақ, әнші ақын, сал Біржан деген атаққа ие болады. Ел аралап, ән салып, айтысқа түсіп, ойын көркі, той көркі атанады. Арқаның ардагер әнші-композиторлары Жарылғапберді, Ақан, жаяу Мұса, Балуан Болақ, Естай сияқты өнерпаздар Біржанның әншілік мектебінен шыққан. Біржан көптеген ән шығарды. Оның «Көкшетау», «Жанбота», «Ләйлім шырақ», «Адасқақ», «Жамбас сипар» сияқты әндері – қазақ музыка мәдениетінің алтын қазынасына қосылған үздік туындылар.
Біржанның басқалардан ерекшелігі – ол жай ақын ғана емес, сонымен бірге әнші де. Оның даңқы – әуелде әнмен жайылған адам. Бірақ ол – әнді әрі шығарушы, әрі тамаша орындаушылығымен қатар, әніне лайық сөз өрнегін, бояуын таба білген ақын да. Біржан мен Сара айтысындағы асқақ, өр сөздердің түп-тамыры да осы қысқа-қысқа ән мәтіндерінде жатыр. Біржанның Сарамен айтысы – бүкіл халық игілігі, халықтың тамаша сүйсініп тыңдайтын өлеңі болады.
Сара Тастамбекқызы бұрынғы Талдықорған облысы, Ақсу ауданында туған. «Тұрмыстан туысымен таяқ жедім» деген Сара жастайынан әкесі қайтыс болып, жоқшылық тақсіретін тартады. Ән мен күй, асқақ жыр өнерлі Сараны ынтықтырып, оны өз биігіне бастайды. Сара талай белгілі ақындармен сөз сайысына түскен, талай жүйріктерге алдырмаған.
Біржан мен Сара айтысының тақырыбы – әйел теңдігі. Айтыста феодалдық заманның қатал да ащы шындығы бейнеленген. Қазақ әйелдерінің аянышты, қайғылы халі суреттелген. Қалың мал – қазақ әйелдерін шырмаған ескіліктің мықты торы, айтыста сол қырсықты ескі әдет-ғұрыпқа, салт-санаға наразылық білдіріледі. Біржан Сараның осындай аянышты халіне күйінеді. Ақын қыз сол кездегі әйелдердің ауыр тұрмысын, әйелді тұтқын еткен дін тұзағына да наразылығын білдіреді.
Айтыстың негізгі өзегі әйел бостандығы болса да, мұнда айтыстың дәстүрлі әдісі бойынша, өз рубасыларын, би-болыстарын дәріптеу, мадақтау сияқты қайшылықтар да кездеседі. Соның өзінде де Біржан сөздерінде жаңа бағытқа аз да болса талпыну бары байқалады.
Халық айтыстары, негізінен, екі ақынның бір-бірінің қай жағынан болсын кемшілігін табуға құрылады. Бұл әдіс Біржан мен Сара айтысында да бар. Біржан Сараны сүріндіру үшін оның күйеуінің нашарлығын тілге тиек етеді. Ақыры, сол Жиенқұлдың айналасынан ұзатпай, Сараны жеңеді.
Екеуі де айтыста өздерінің адамгершілік, ақындық сипаттарымен көрінеді. Біржан да, Сара да – үздік өнер иесі. Бір-бірінің бойындағы осы қасиеттерді қапысыз тани біледі. Өлшеусіз талант, әрі әнші екі саңлақтың шешен сөздері – өзінің көркемдік жағынан бүгінге дейін үлгі. Бұл айтыстың сөздері анықтық, тазалық, дәлдік жағынан, көркемдік, сұлулық жағынан да қазақ әдебиетінің төрінен орын алады.
Біржан мен Сара айтысы — айтыс өнерінің озық үлгілерінің бірі. Айтыс 1871 ж. қазіргі Алматы обл-ның Қапал-Ақсу өңірінде Біржан Қожағұлұлы мен Сара Тастанбекқызы арасында өтеді. Бұл айтысты ең алғаш 1898 ж. Қазанда “Қисса Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны” деген атпен Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы жариялады. Кейін Зайсаннан 2-нұсқасы табылып, “Біржан сал мен ақын Сараның айтысқаны” деген атпен Қазанда жеке кітап болып басылды. Айтыстың алғашқы нұсқасы — 969 жол, 2-нұсқасы — 1080 жол. Әріп Тәңірбергенұлы жазған тағы бір нұсқасы 1907 ж. жарық көрді. 1918 жылға дейін бұл үлгілер сегіз рет, Кеңес өкіметі тұсында он бір рет жарияланды. Сөйтіп, ел ішіне жазбаша да, ауызекі де таралып келді. Айтыстың жарық көруіне, таралуына, өңделіп сарапталуына Сара, Жүсіпбек қожа, Әріп ақын елеулі үлес қосқан. Біржан мен Сара айтысы сол тұстағы қазақ әйелдерінің бас бостандығы мәселесін, адамгершілік пен әділдікті, шындықты өзекті де әлеум. тақырып етіп көтереді. Екі ақын өздері тұрған екі өңірдің жақсы-жайсаңдарын кезекпе-кезек сараптай отырып, олардың сан алуан адамгершілік қасиеттері мен келеңсіз іс-әрекеттерін жайып салып, оларға халық талабына сай келетіндей баға беріп отырады. Сонау қияндағы Сарыарқадан Сараны жеңемін деп Жетісуға келген Біржан сал ә дегеннен амандасу рәсімінің өзін бойында дос тұрмақ дұшпан кемітер бір міні жоқ сұлудың, шебер ақын, шешен қыздың бетін қайырып, жігерін жасытып алуға пайдаланбақ болады. Бірақ білімді де ақылды қыз Хауа анаға Адам атаның өзі келгенін “Хиссас-ул-Әнбиядан” оқып білгенін дәлел етіп ұсынады. Мұндай жауапты күтпеген Біржан қатты тосылса да, сөз кезегін әрі қарай жалғастыра береді. Қос жүйрік бұдан әрі жалпы ақындық өнер, адам бойындағы сан алуан қасиеттер, ел дәстүрі, байлық, салтанат, ел басшыларының іс-әрекеттері секілді мәселелерді сөздеріне арқау етеді. Айтыс алғашында рулық бағыт алса да, кейін дәстүрлі арнадан ауытқып, жүйелі өнер сайысына, көркем де кестелі сөз жарысына айналады, қазақ қоғамындағы әлеум. қарым-қатынастың адам өміріне әсері, тұрмыстың мән-мазмұны филос. ой-толғамдармен қосыла өріліп, өз нақышын тауып жатады. Айтыста халқымыздың әдептілік пен әсемдік туралы пікірлері, эстет. талғам-талаптары кең көрініс тапқан. Осының бәрі Б. мен С. а-ның 19 ғ-дағы қазақ халқының болмыс-тіршілігін жан-жақты суреттейтін көркем туынды екенін айқын аңғартады. Б. мен С. а. атақты екі ақынның арасындағы сөз айтысы ғана болмай, айтыс өнеріндегі көркемдік қуаты, тіл бейнелілігі жағынан ерекше эстет. талғам биігінен көрінген айтыстың үздік үлгісі ретінде қазақ ауыз әдебиетінің тарихынан ерекше орын алады. Айтыс негізіндегі Қ.Жұмалиевтің либреттосы бойынша 1946 ж. М. Төлебаев “Біржан — Сара” операсын жазды.
М. Жармұхамедұлы
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 2-том