+1 дауыс
19.2k көрілді
"Қалқанша бездің құрылысы мен қызметі" тақырыбына реферат немесе слайд керек еді.

1 жауап

+2 дауыс
 
Жақсы жауап

Қалқанша безі — ағзадағы кішкентай органдардың бірі болғанымен, одан шығатын гормондар ағзадағы барлық зат алмасу процестерін реттеп отырады. Ол мойынның алдыңғы бөлігінде орналасқан, сыртқы көрінісі қанатын жайған көбелекке ұқсайды . Ал салмағы бар-жоғы — 25 грамм ғана. Бірақ бұл «көбелекке» көңіл бөліп отырмасаңыз, түрлі аурулармен таныстырары сөзсіз. Т3 + Т4 = денсаулық кепілі Қалқанша безі екі түрлі гормон бөліп шығарады. Оның бірі — трийодтиронин (Т3), екіншісі — тироксин (Т4) деп аталады. Ағзаға аса қажетті йод микроэлементі осы гормондарда болады. Жалпы адам қанында 95% тироксин мен мен 5% трийодтиронин гормондары жүреді. Қалқанша безінің басқа бездерден айырмашылығы — ол өз гормондарын жинап, қорын түзе алады. Әрі бұл безден бөлінетін гормондар ағзадағы метаболизмдік (зат алмасу) үрдістерге және организмнің өсуі мен жүрек-тамыр реакцияларына кең әсер етеді. Егер ағзада қажетті йод мөлшері жетіспесе, қалқанша безінің қызметі бұзылып, қандағы «йодты» гормондардың азаю салдарынан адам жемсау (зоб — қалқанша бездің ұлғаюы) ауруына шалдығады. Сол себепті күнделікті пайдаланып жүрген ас мәзірінің құрамына йод микроэлементінің енуіне қатты көңіл бөлген жөн. Гормонның маңыздылығы Бұл реттегіш гормондар адам ағзасына аса қажет. Тироксин мен трийодтиронин гормондары өмір бойы ми, жүрек және бұлшықет жұмыстарын реттеп, тіпті адамның көңіл күйіне де әсер етеді. Қалқанша безінен қажетті гормондар бөлінбесе, олардың мөлшері қанда да азая түседі. Осының салдарынан бойында йод жетіспеген баланың денесі өспей, тіпті ойлау қабілеті де нашарлай түседі. Ал ересек адамдар ұмытшақ болып, ұсақ-түйекке тез ашуланып, жүйкесі тоза бастайды. Сондай-ақ ұйқы қанбай, есіней берген де жақсы емес. Тез арада УДЗ өтіңіз! Егер сізде жоғарыда айтылған симптомдар байқалып жүрсе, алдымен эндокринолог дәрігердің қабылдауына барыңыз. Дәрігер науқаспен сөйлесіп, оны УДЗ (УЗИ) тексерісіне жібереді. Егер түйінді жемсау (узловой зоб) болса, одан тірі тін алынып, микроскоппен анықталады. Тексерудің бұл түрін — биопсия деп атайды. Негізінен 30 жастан кейін әр адам қалқанша безден ультра дыбыстық зеттеу өткені дұрыс. Ал ертеңгі күні ауру асқынып кетсе, одан толық айығу да оңайға түспейді. Сондықтан да «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп қазақта бекер айтпаған. Аурудың алдын алу Қалқанша безі ауруына шалдығудың басты факторлары: ағзада йодтың жетіспеушілігі, қоршаған орта, яғни экологияның ластануы мен радиация әсерінен және гормондардың өзгеріске ұшырайтын жүктілік пен менопауза кезеңдерін атап өтуге болады. Сондай-ақ бұл ауру түрі тұқым қуалайды. Адам қатты депрессия кезінде сабырлылық сақтап, өз-өзін қолға алмаса, түрлі аурулар осыдан басталады. Аурудың алдын алу үшін күнделікті пайдаланып жүрген қарапайым тұзға мән беріңіз. Оның йодталған түрін пайдаланыңыз. Сонымен қатар дастарқан мәзіріне теңіз өнімдерін, әсіресе теңіз қырыққабатын енгізіңіз. Себебі қырыққабаттың бұл түрінде йод мөлшері көп. Ал қажет болған жағдайда арнайы дәрі-дәрмек қолдануыңызға болады. Халықтық медицина Сондай-ақ бұл ауру түрін халықтық медицина жолымен емдеуге де болады. Жемсау ауруының алғашқы сатысында емен қабығы (кора дуба) шипа. Ол үшін 2 ас қасық емен қабығына 1 стакан қайнаған су құйып, 0,5-1 сағаттай тұндырып қояды. Содан соң тұнбаға бет орамалды сулап, тамақтың астына байлап тастайды. Бұл компресті түнімен қою керек. Осы емдік процедураны 2-3 апта бойына жасаса, науқас тәуірленіп қалады. Сондай-ақ жас еменнің қабығымен мойын, қалқанша без маңын күнделікті сүртіп отырған пайдалы. Емен қабығын жіпке тізіп, бездің көлемі кішірейгенше мойынға тағып жүру керек. Егер қалқанша безі ұлғайған болса, үккіштен өткізілген лимон мен қант немесе қантқа қабығымен қоса үгітілген апельсинді қосып, күніне 3 рет 1 шай қасықтан қабылдап отырса, ем болады. Маман кеңесі Дәрігерлердің кеңесіне құлақ түрсек, көктем мезгілінде цитрусты жемістерді жеген пайдалы дейді. Әсіресе лимонға көбірек мән беріңіз. Оның құрамындағы цитрин мен С дәруменінің қосындысы қан тамырлары түтікшелерінің беріктігін нығайтады. Цитрин сондай-ақ ағзадағы зат алмасу процесін жақсарта түседі. Лимон жемісі – органикалық қышқылдарға, азоттық және минералдық заттарға, сондай-ақ А, В1, В2, Р, С дәрумендеріне бай болса, ал шырыны керемет зарарсыздандырғыш (антисептик) болып табылады. Соның көмегімен тұмаудың алдын алуға, тіпті жөтелден айығуға болады. Жылы лимон шырынымен тамақты шайса, баспаның (ангина) тез жазылуына септігі тиеді.

 

Қалқанша без кеңірдектің алғашқы екі-үш сақинасының вентральдық бетінде, көмекейдің қалқанша шеміршегінің артыңда орналасқан жұп без. Оның массасы адамда 20-40 г, жылқы мен сиырда -25-40 г, шошқада — 15-20 г, қой-ешкіде 5-10 г, тауықта 40-100 мг. Без сырт жағынан дәнекер ұлпалы кабықшамен қапталады да, одан тараған перделермен жеке-жеке көпіршіктерден (фолликулалардан) тұратын бөліктерге бөлінеді. Көпіршіктер қабырғасы бір қабат эпителиальды торшалардан құралады да, оның ішінде тиреоглобулині бар біртекті коллоид жинақталады.

Қалқанша без құрамында йод элементі бар тироксин және үш йодты тиронин атты гормондар бөледі. Бұл гормондар организмдегі зат алмасу процесінің қарқынын, организмнің өсіп-жетілуін реттейді, жоғары дәрежелі нервтік қызметке әсер етеді. Тироксин белоктардың, кемірсулардың, майлардың тотығуын күшейтіп, ұлпалардың глюкозаны сіңіру қабілетін жоғарылатады, бауыр мен бұлшық етте гликогеннің ыдырауын жылдамдатады. Қалқанша без гормондары денедегі су мен минералды заттардың алмасуын реттейді, ас қорыту ағзалары қызметін күшейтіп, сүт түзу процесін жандандырады.

Қалқанша без қызметі нашарласа зат алмасу процесінің қарқыны төмендеп, организм әлсірейді, бұлшық ет болжырап, дене температурасы төмендейді, жыныстық қызмет бұзылып, нерв жүйесінің қозғыштығы нашарлайды, жоғары дәрежелі нервтік қызмет бұзылады.

Бездің гиперфункциясы базед дертіне шалдықтырады. Бұл жағдайда зат алмасу қарқыны жоғарылап, адам қатты арықтайды, жүрек соғады, дене қызуы көтеріліп, адамның жұмыс қабілеті төмендейді, әлжуаздык, тершендік, ашушаңдық байқалады.

Организмде йод жетіспеген жағдайда без шырышты секретті көп бөліп, көпіршіктер қабырғасы керіліп, бездің көлемі өседі, секрециялық торшалар қысылып, олардың қызметі нашарлайды, гормондардың түзілуі бәсендейді, организм жемсау (зоб) ауруына шалдығады. Без қызметі мүлдем тоқтаса шырышты ісік — микседема, байқалады. Мұндай сырқаттың өсуі тоқтап, сүйектің жетілуі тежеледі, жүрек соғуы сиреп, зат алмасу процесі нашарлайды, дене температурасы төмендеп, ас қорыту ағзаларының жұмысы бұзылады. Балалар өспей, жарым ес болып қалады. Ересек адамда зат алмасу қарқыны 30-40 пайызға төмендеп, белоктың алмасуы бұзылады, ұлпааралық сұйықта муцин мен альбуминнің мөлшері көбейіп, онкостық қысым жоғарылайды. Организм ісінеді, жоғары дәрежелі нервтік қызмет нашарлап, адамның ойлау қабілеті төмендейді.

Қалқанша без кызметі жыл маусымына, организмнің физиологиялық күйіне қарай өзгеріп отырады. Қыста бездің белсенділігі жоғарылап, жазда төмендейді. Буаздық, сүттену кезеңдерінде бездің физиологиялық гиперфункциясы байқалады.

Қалқанша без фолликуласының сыртында орналасқан торшалар (парафолликулярлық торшалар) тиреокальцитонин гормонын түзеді. Бұл гормон қан құрамындағы кальцийдің сүйек ұлпаларына жинақталып, үнемдеп жұмсалуын, бүйрек арқылы фосфордың бөлінуін қамтамасыз етіп, қандағы кальций мен фосфордың арақатынасын реттейді.

Қалқанша серік бездер қалқанша бездің арт жағын ала, оған жабыса орналасқан кішкентай құрылымдар. Бұл бездер балықтан басқа барлық омыртқалы жануарларда кездеседі. Жылқы, түйе, қой-ешкі, ит және қоянда бұл бездер қос жұптан, ал шошқада жалғыз жұптан тұрады.

Без негізгі және оксифильдік торшалардан құралады. Негізгі торшалар секрециялық қызмет атқарады, ал оксифильдік торшалардың маңызы әлі толық анықталмаған.

Қалқанша серік бездер паратгормон және кальцитонин деп аталатын гормондар бөледі. Паратгормон сүйекте кальцийдің жиналуын реттейді, кальцийдің белоктармен, фосфаттармен қосылыс түзуін шапшаңдатады, кальций мен фосфордың сүйектен шайылуын жеңілдетеді, қан құрамындағы кальций мөлшерін жоғарылатады, бүйректе кальцийдің кері сорылуын жеңілдетеді. Кальцитонин қан құрамында кальций деңгейін төмендетеді, сүйектен кальцийдің шаймалануын бөгейді. Оның әсері паратгармонға қарсы бағытталған.Бездің гипофункциясы жағдайында организм тынышсызданып, нерв жүйесінің қозғыштығы жоғарылайды, бұлшық ет тартылып, діріл байқалады, тәбет жойылып, шөл лайда болады, жүрек қағып, тыныс жиілейді, ішек қимылы нашарлайды, тыныс еттерінің сіреспе жиырылуы салдарынан организм тұншығып өледі. Без қызметі нашарласа аминсіздеу процесі бұзылып, бауырдың аммиакты несепнөрге айналдыру қабілеті нашарлайды, денеде белоктың алмасу өнімі — гуанидин мен оның туындыларының мөлшері кебейіп, организм уланады.

Без қызметі күшейсе қандағы кальций мөлшері көбейіп, фосфор деңгейі төмендейді және бұл элементтер организмнен көп мөлшерде бөлінеді. Осының салдарынан сүйек борып, кеуектенеді, ет босаңсып, ішекке қан құйылады.

көөөөөп рахмет!!! +1
...