+1 дауыс
3.8k көрілді
Заттыбек Көпбосынұлының толық өмірбаянын қайдан оқуға болады? Заттыбектің авторлық сайты бар екен. http://zattybek.kz  http://zattybek.kz/mirbayany/  Бірақ ондағы өмірбаяны қысқа екен. Шығармашылығын қалай бастағандығы өмірбаяны туралы видео болса да болады.

2 жауап

0 дауыс

Заттыбек КӨПБОСЫНОВ: Дала әнімен тәрбиеленген қазақпын

әнші-cазгер:

Өткен жыл несімен есіңізде қалды?

– Әр жыл өзінше есте қалады ғой. Мәселен, 2007 жылы үлкен сахнаға шықтым. 2008 жылы Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында алғашқы жеке концертімді бердім. 2009 жылы екі жылдық жұмысымды қорытындылап, Алматыдағы Республика сарайында авторлық кешімді өткіздім. 2010 жылы Алматыға қоныс аудардым. Тәуба! Келер жылдан да көп жақсылықтар күтемін. Алла тек күш-қуат берсін!

– Қазір қай қалада тұрасыз?

– Шығармашылық жұмыстарыммен айналысуға жақсы мүмкіндіктер туар деген ниетпен 2010 жылдың қыркүйек айында өнер ордасы – Алматыға қоныс аударған жайым бар. Бұған дейін туған жерден жыраққа кеткім келмеген-ді. Өзім ОҚО, Бәйдібек ауданы, Кеңес ауылында туып-өстім. Шымкентке жиі барып тұрамын.

– Қателеспесем, сіз сахнаға орда бұзар жасыңызда шықтыңыз. Оған дейін нендей жұмыс істеген едіңіз?

– Шымкенттегі музыка мектебінде оқушыларға домбыра үйреттім. Шамам келгенше, терме өнерін насихаттауға атсалыстым. Шымкентте 5 жыл қатарынан өткізілген республикалық «Шалқар термесі» байқауына қатысып, өз бағамды алдым. Ал эстрада жанрына 2007 жылы келдім. Бұған дейін кішігірім той-томалақтарда ғана ән айтып жүретінмін. Сазгер ретінде жазған алғашқы еңбектерім – «Немереме» және «Ақмаржан» әндері еді. Бұлар елдің ерекше ықыласына бөленеді деп ойламаппын, тек өзім үшін, өз жанымның рахаты үшін жазған болатынмын. Олардың танымал болуы менің де өмірімді күрт өзгертіп жіберді. Табиғатыма келетін әндерді айтуға мүмкіндік туды. Жалпы, үлкен өнерге жол ашылды.

– «Немереме» әніңіз халық арасына кең тарап, хитқа айналды. Атасының немересіне арнаған әннің орындаушысы сіз екенін білгенде таңғалдым. Сіз әлі жассыз ғой. Немереңіз бар ма? Ән репертуарыңызға қалай енді?

– Мұндай әнді орындау үшін немерелі, шөберелі қарт болу міндетті емес шығар? Оны менің әкемнің немересіне арнаған әні деп қабылдаңыз. Мен оның тек орындау­шысымын. Әкем 40 жыл бойы ұстаз болған кісі. Өзі бала тәрбиесіне 
қаталдау. Сол мінезінің арқасында үйдегі он балаға дұрыс тәрбие бере алды. Ешкім өз ішінен шыққан баласын жек көрмейді ғой. Сонда да мен әкемнің қаталдығынан шыңдалып өстім. Анам «Әкең келе жатыр» десе, барлығымыз тыныш отыра қалатынбыз. Ал немере сүйгеннен кейін әкемнің сол қаталдығы дем арасында көкке ұшып кеткендей болды. Немеренің тәттілігін сезініп, ерекше мейірленді. Бұрын-соңды қалтасына тәтті салмайтын әкеміздің қалтасында кәмпит жүретін болды, балаларының ешқайсысын арқасына мінгізбейтін әкем немересін мойнынан түсірмеуге айналды. Олардың арасындағы ыстық махаббатты көріп, мен де толқыдым. Дәл сол уақытта Шалқар Әбішұлының кітабы қолымда болатын. Соның ішінен «Немереме» деген өлеңге қайта-қайта көзім түсіп, ақыры ән жаздым.

– Әріптестеріңіз сіз туралы көп қалжың айтады. Бұған ренжімейсіз бе?

– Достардың арасында өзім де көп қалжың айтамын. Сондықтан, орынды әзіл болса ренжімеймін. Ал КВН-нің әзілдеріне қатты қарным ашады. Мағынасы жоқ. Әзілдің де астары, айтар ойы болуы керек қой.

– Көңілді әндерді көп орындасаңыз да, көзіңізде бір ұяңдық бар сияқты. Мен қателесіп тұрған жоқпын ба?

– (Күлді.) Менің көзіме үңіле қарап жүрген бұл қандай ару екен? Шынымды айтсам, мұндай пікірді сізден бірінші рет естіп тұрмын. Рас, мен кішкене күнімде үйден қашып, үлкендерді тыңдамай өскен бұзық бала болған жоқпын. Маған ата-анам айтқан әр сөз заң болатын. Ойын баласы болып та жарытпаған сияқтымын. Әкемнің жанында жүріп, домбыра шертіп, кітап оқып өстім. Бала кезімде ұяңдау болдым, ал қазір ашық-жар­қынмын.

– Менің тойымда асаба болып едіңіз, аға! Кейінгі кезде «Ән ғана айтуым керек» деп асабалықты тастап кеттіңіз бе? Жақында бір досым сізге асаба болуға ұсыныс айтқан екен, келіспепсіз ғой?

– 2001-2007 жылдар аралығында асабалықпен де айналысқаным рас. Эстрада жанрына келген соң, оны тоқтатуға тура келді. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деген сөз бар. Бәрін де өнер дегенімізбен, әншілік пен асабалық – екі бөлек дүние. Ойлана келе әншілікті таңдадым. Қазір де той басқаруға ұсыныстар көп түседі, бірақ мен асабалықты біржола қойғанмын.

– Әндеріңізді сүйсініп тыңдаймын. Неге соңғы кезде мұңды әндерге құмар болып кеттіңіз? Сізге ондай әндер жараспайтын секілді...

– Репертуарымда айтарлықтай мұңды әндер жоқ қой. Мүмкін, сіз ойлы әндерді айтып тұрған боларсыз?.. Бірақ олар да көп емес. Көңілді, жылдам ырғақты әндерге жаным жақын. 

– Бүгінде жастардың көбі дінге бет бұрды. Сіз дінге қаншалықты сенесіз?

– Дінге оң көзқарастамын. Жастардың имандылыққа бет бұрғаны мені де қуантады. Бірақ «иман жүректе болу керек» деп есептеймін. Бес уақыт намаз оқып жүріп, адам шошырлықтай әрекет жасаудан тайынбайтын замандастарымызды да кездестіріп жүрміз. Өзім намаз оқымаймын. Бірақ қай уақытта, қандай істі болсын Алланың атымен бастаймын. Жаратушыдан үнемі жәрдем сұраймын, сыйынамын.

– Өмірін өнермен өрнектеген Заттыбек аға! Әрдайым қуанышқа толы тәтті күндеріңіз көбейіп, бақыт бесігінде тербеліңіз! Күндеріңіз көңілді, айларыңыз арайлы, жылдарыңыз жемісті болсын! Қиналғанда қуантатын, жылағанда жұбататын достарыңыз туралы айтсаңыз.

– Әдемі тілегіңізге рахмет! Құдайға шүкір, өнер жолында да, өмір жолында да қуанышымды, қайғымды бөлісіп, керек кезде жанымнан табылып, қол ұшын беруге дайын достарым баршылық. Алла тағала сондай достық ниетімізден айырмасын. Сіздің де жақсы достарыңыздың көп болуына тілектеспін.

– Балалық шағыңыздағы арман-тілектеріңізге қаншалықты қол жеткізе алдыңыз?

– Оны нақты айта алмаймын. 5 жасымнан әкемнің ықпалымен, Сара әпкемнің үйретуімен домбыра тартуды меңгердім. Оқушы күнімде мектепте өтетін кішігірім кештерге ән айтып жүрдім. Содан бері өмірім үнемі домбырамен, өнермен өрнектеліп келеді. «Шаншар» әзіл-сықақ театры арқылы көпшілікке танылдым. Менің төлқұжатыма айналған «Ақмаржан» әні сол кезде жарыққа шығып, жұртшылықтың қызғушылығын оята бастаған еді. Уәлибек Әбдірайымов ағамның көрегенділігі мен ағалық ниетінің арқасында қазіргідей деңгейге көтерілдім.

Қайран бауырым-ай,мына сөздерің бозөкпелердің миына жетсе дұрыс болар еді-ау.(Әкем өзі бала тәрбиесіне
қаталдау. Сол мінезінің арқасында үйдегі он балаға дұрыс тәрбие бере алды. Ешкім өз ішінен шыққан баласын жек көрмейді ғой. Сонда да мен әкемнің қаталдығынан шыңдалып өстім. Анам «Әкең келе жатыр» десе, барлығымыз тыныш отыра қалатынбыз. Ал немере сүйгеннен кейін әкемнің сол қаталдығы дем арасында көкке ұшып кеткендей болды. Немеренің тәттілігін сезініп, ерекше мейірленді. Бұрын-соңды қалтасына тәтті салмайтын әкеміздің қалтасында кәмпит жүретін болды, балаларының ешқайсысын арқасына мінгізбейтін әкем немересін мойнынан түсірмеуге айналды. Олардың арасындағы ыстық махаббатты көріп, мен де толқыдым. Дәл сол уақытта Шалқар Әбішұлының кітабы қолымда болатын. Соның ішінен «Немереме» деген өлеңге қайта-қайта көзім түсіп, ақыры ән жаздым.)
0 дауыс
Заттыбектің өз анкетасынан, басқаша ұрлау ұят болады.
...