Қазақ, ұйғыр халықтары арасында кең тараған қоянды аулаудың бір түрі — қиылған қамыс ұшына қоянды арандатып аулау. Аңшылар бұл әдісті, әдетте, қыстың жерді қар басқан күндері қолданған. ол үшін өзен-көл бойында қалың болып өсетін қамыс, қоғаларды мұзбен бірге қатып қалған түбірлерін бір қарыстай қалдырып, өткір орақ, не шалғымен қиғаштап орып алып, түбірлердің ұш жағын өткір де үшкір істік етіп тастайды. Сыртқа жайылуға шыққан жабайы қояндар аңшылардың иттері қуып бергенде бар пәрменімен аттап-бұттап қамыс ішіне қайта қойып-қойып кеткенде қамыстың істік түбірлеріне еріксіз арандап, үсті-басып қан-қан болып, соған малтып, шалажансар болып, қолға түседі. Міне, осы тәсілге қатысты халық аузында
Ерді намыс өлтіреді,
Қоянды қамыс өлтіреді - деген мақал қалыптасқан.