«Қамбар батыр» эпосы да қазақ халқына көптен мәлім, мейлінше кең тараған. Қазақстанның қай түпкірінде болсын, ел сүйсіне тыңдап, сүйіп оқитын шығармасының бірі. «Қамбар батыр» туралы аңыз ел аузынан жазылып, алғашқы рет 1865 ж. басылады. Бұдан кейін 1868 ж. «Қисса Қамбар», 1903 ж. «Тоқсан үйлі тобыр» деген аттармен Қазанда басылып, ең толығырақ түрі «Қамбар батыр» деген атпен 1922 ж. Ташкентте шығады. «Қамбар батырдың» бұл вариантын баспаға даярлаған А.Диваев. Бізше, Диваев варианты тек толығы ғана емес, ең көркемі, ең жақсы варианты. Диваевтың 1922 жылы бастырған «Қамбар батырын» Сәкен Сейфуллин (1933 ж.), Сәбит Мұқанов (1939 ж.) жолдастар шығарған батырлар жинағында өзгертілмей, қайта басылды. Ең соңғы рет басылуы - 1957 ж. Мұнда «Тоқсан үйлі тобыр», «Қамбар батыр» екі вариант қатар берілген. Бұл баспасында «Қамбардың» басылу тарихы, версия, варианттары жайлы ақпар, мәліметтер болғандықтан, ол жағына біз тоқталмайық. Бізде күні бүгінге дейін дұрыс көңіл аударылып, анықталмай келген бір мәселе - «Қамбар батыр» эпосын қазақ халқы тарихындағы қай дәуір, қай кезеңге жанастыруымызға болады деген мәселе. Бұл айтуға оңай болса да, дәлелдей қою қиын. Әйтсе де шығарманың мазмұны суреттелетін оқиға, тартыстарға сүйене отырып, кейбір топшылаулар жасауға болмайды емес. Бүгінгі қазақ атанып отырған елдердің көптеген рулары ноғайлы, өзбек хандықтарының қарауында болғандығы, ноғайлы хандығының өзі сол рулардың құрамасы екендігі Қазақ ССР тарихында да, басқа тарихи еңбектерде әлдеқашан дәлелделініп, қорытылған пікір. Бұл мәселе жөнінде «Ер Тарғын» эпосымен байланысты толық айтылады. Бізше, «Қамбар» эпосы да сол ноғайлы дәуіріндегі қалмақ пен ноғайлылықтардың араларындағы қарым- қатынастардың негізінде туған эпос. Бірақ бұл ноғайлы хандықтарының өзара туыстарының қырсығынан әлсіреген, сондықтан қалмақ хандықтарының ноғайлыларды өзіне бағындырып алуға құдірет-күшіміз жетеді деген сенім туа бастаған кезді меңзейтін тәрізді. Эпоста екі елдің аттары аталады: ноғайлы және өзбек. Бірақ жырдың ұзын-ырғасын алып қарасақ, Әзімбай да, Қамбар да ноғайлылықтар екендігі аңғарылады. Алдымен Қамбар жайлы. «Қамбар батырдың» бас жағында-ақ: Қазақ емес, сарт емес, Қамбардың түбі ноғайлы - десе, Назымды Қамбарға беру туралы Алшыораздың сөзін қостаған ағасы Дараз: Осы екен істің мақұлы, Кекті болып кетпесін, Ноғайлының батыры. Азулымен өшіксең, Тигізер зиян ақыры, - дейді. Келмембет: Ноғайдың Қамбар деген батыры бар... Келмембет ұрып мініп жорғасына, Жөнелді ноғайлының жолбарысына... Назым: Туғызып сіздей сұлтан ноғайлыдан, Құдайдан айналайын батыр қылған, - деген сөздерден біз Қамбардың ноғайлы батыры екенін көрсек, сонымен қатар Қамбар мен Назымның сөйлескен сөздерінен ол «Алпыс үйлі арғын, тоқсан үйлі тобырдың батыры да» екендігі байқалады. Кейбір баспада (арабша жазылған текстіде) «Алпыс елді Арғын» деп те келеді. Қамбар: Қабатыма аламын, Алпыс үйлі арғын мен Тоқсан үйлі тобырды, - десе, Назым: Мейман бол, қонып кет дей келіп: Алпыс үйлі арғынға Асықпасаң барарсың, Қардар емес, бізден ол, - дейді. Назым «арғын, тобыр», «ноғайлы» деген сөздерді бір мағынада қолданады. Бұл жерде «Асықпасаң барарсың, алпыс үйлі Арғынға» десе, екінші жерінде: Туғызып сіздей сұлтан ноғайлыдан, Құдайдан айналайын батыр қылған. - дейді. Назымның бұл сөздері «арғын, тобырлар» сол ноғайлы атанған елдің бір бұтағы, бөлімі екендігін меңзейді. «Тоқсан үйлі тобырда» Қамбардың ата-тегі кім, қай елге жатады, эпос осыдан басталады: Бұрынғы өткен заманда, Ер Қамбар деген бар екен. Әзімбай деген бай екен, Солардан қалған сөзімді Баян қылып айтайын: Он сан үйлі Аят бар, Қырық сан үйлі Қият бар, Алпыс үйлі Арғын бар, (Сексен үйлі Ыбыр бар) Он сегізде жасы бар, Адал қара дегеннен Қара тұлпар аты бар, Қамбар деген ері бар, - деп келеді. Бұл үзіндідегі кейбір рулардың аты қазір белгісіз. Ондай рулар болды ма, жоқ па, ол - өз алдына мәселе. Бірақ Қамбардың тегі арғын, қият елдері болушылық пен жоғарыда келтірілген үзінділердің бәрінде де оны Ноғайдың батыры деушіліктің тамырын іздесек, тағы да сол ноғайлы дәуіріне тірелеміз. Әзімбайдың кім екені жөнінде де эпос көп дерек береді. Бір вариантында: Сол уақытта ноғайда Әзімбай деген бай болған, Төрт түлігі сай болған, - десе, екінші вариантында: Теңіздің бойы ноғайлы Ел екен өскен жағалы, - дейді. Қалмақ ханынан елші болып келген Келмембет Әзімбайға: Осы айтқаным болмаса, Тұғырға сұңқар қонбаса Ноғайлы елің бүледі ... Құда түсіп, құйрық жеп, Қыламыз қызық ойынды; Ноғайлыңды шақырма, Өзіме бер тойыңды ... Қараман: «Түбіңе қап, ноғайлы жетермін» деп, Қараман ашуланып қапа болды ... Бес мың алды адамнан, Ноғайлыға бармаққа. Әзімбай атынан Қамбармен сөйлесе барған Жәдігер: Ноғайлыны шаппаққа Қалмақтар ішті қасамды¹. Әзімбай Жәдігерді аттандырып жатып, Қамбармен өзінің туыстастығын, мұндай қиын-қыстауда көмекке келуі, халқын қорғауы батырлық борышы екендігін баса айтып, айрықша ескертеді. Әзімбай айтты жақсылап Ер Қамбарға сәлемді. Түбіміз бірге туыс-ты Ағайын кісі үсте ме, Қалайша бізбен суысты? Сүйегін батыр қорлай ма? Ойласын батыр бұл істі Жауың жаман сенің-ай, Тастасын басқа жұмысты ... - дейді. Қамбар келіп, қалмақтарға қарсы ұрыс ашқанда, өзінің ноғайлылары мен Алшыораз да оған көмектеседі. Ұрысты суреттеген бір жерінде: Өшігіп қалған ноғайлы Қоймайтұнға ұқсады. Қаласына жеткізбей ________ ¹ Қасам - ант, серт. Көбісін қырып қалмақтың Қайратты туған ер Қамбар, Шығарды іштен құсаны, - дейді. Бұл келтірген үзінділердің бәрі де Әзімбайдың өзінің де ноғайлы екендігін дәлелдейді. Эпостың бір-екі жерінде өзбек елінің аты аталатыны рас. Он екі баулы өзбекте Келмей қалған кім бар? деп Шақырушыны шақырды. Өзбек елінің аты тек Назымның тойына байланысты ғана айтылады да, эпоста суреттелінетін оқиғаға қатынаспайды. Әңгіме тек қалмақ пен ноғайлы арасында ғана болады. «Тоқсан үйлі тобыр» деп аталатын «Қамбар» вариантында өзбек көршілес, іргелес отырған ел есебінде ноғайлылықтардың атынан шақырылады. Бір жерінде: Ат шаптырды Әзімбай Он екі баулы өзбекке. Ат кекілін өрмекке, Шақырғанның мәнісі - Лазым деген сұлуды Сүйгеніне бермекке, Ноғайлы салған шабарды, - десе, екінші бір жерінде: Көп өзбекті шақырттым Келсін деп өңкей сабазға; Келсін деп, сірә, айтпадым Бурыл сақал қақпасқа, Ноғайлы жаман болды ма Біреуі саған жақпасқа? Ақылсыз, балам, тудың ба Бір ер таңдап таппасқа? - дейді. Сөйтіп, бұл келтірген мысалдар Қамбар да, Әэімбай да Ноғайлы, өзара туыстас, бір елдің адамдары екендігін және эпостың дүниеге келуіне себеп те осы ноғайлы мен қалмақтардың араларында болған соғыс, қанды майдандар болғандығын аңғартатын сықылды. Бірақ эпостың жалпы мазмұны суреттелінген оқиға, адамдардың қарым-қатысы, тартысқа қарағанда, бұл ноғайлы елдерінің ыдырап, әлсіреген кездеріндегі жағдайды көрсететінге ұқсайды. Бұл «Тарғындағы» Торғауыттың қамалын бұзып, ескі кегін алмақшы болған Ақша ханның хандығына да, Тарғынның күшімен Шаған бойындағы қалмақтарды көшіретін Ханзадаға да ұқсамайды. Ақша ханға қарағанда, Ханзада анағұрлым әлсіз еді десек те, оның қарауында ноғайлылық деп аталатын іргелі елі бар, бірақ айтулы батыры жоқ, егер ондай адамы болса, недәуір белді ел боларлық шамасы бар екендігін көрсек, Әзімбайға қараған ноғайлылықтар, хандықтан айырылған, іргесі сөгіліп, әбден тозып кеткен ел. Әзімбайды эпостық жырлардың ескі дағды бойынша, кейде «хан» деп атаса да, шындығында онда ешбір хандық қасиет жоқ. Жай ғана бай адам. «Тоқсан үйлі Тобырдың» бір жерінде: Әзімбай деген бай болған, Ішкендерін сұрасаң, Шекер менен шай болған. Байлығы шалқар көл еді Көп ноғайдың бірі еді, - дейді. Эпостағы оның іс-әрекеті де осыны аңғартады. Тарихтың айтуынша, Қалмақ хандықтарының дәуірлеген кездері болды. Олар осындай кездерде көршілес елдеріне жойқын шабуыл, қанды жорықтар жасады. «Қамбар батыр» эпосындағы оқиға сондай күндердің бір алуан көрінісі. Бұл ноғайлылықтардың әлсіздігі, әсіресе Қараман келіп Әзімбай ауылын қамаған жерінде айқын аңғарылады: Өзіңменен қосылып Қамбар неге келмеді? Қарсыласып менімен Ноғайлы да ел ме еді? Алдыңа салып айдамай, Қол-аяғын байламай Кеткенің тастап жөн бе еді? Бұйрығыма бұл күнде, Қай мұсылман көнбейді, - деген тәрізді «қарсыласса ханды, егессе елді» алып, әбден мейманасы тасқандығын көрсететін Қараманнның сөзін есепке алмағанда, еліне жау тигенде, Алшыораздан басқа қолына қару ұстарлық бір адам болмайды. Оның өзі де тек ауыл арасындағы ғана мықты жігіттердің бірі. Мұндайда ду көтеріліп, күш біріктірерлік көпшілігі жоқ ноғайлылықтар аз ғана ауыл бейнесінде суреттеледі. Әрқайсы әр сайды өрлеп жүргендіктері, байлығына мастанып, алпыс үйлі Арғын, тоқсан үйлі Тобыр тәрізді кедей руларды менсінбей, елдің іргесін босатып алғандығы енді естеріне түсіп, ноғайлы билерінің кеңескендегі тапқан ақылы Қамбарға бару, оның да ноғайлы, туыстас, ақсүйектігін бетке ұстау болады. Сөйлеуге барған Жәдігер: Қарқын су келіп қаптады, Ондағы жатқан халқыңды; Өз теңіңнің ішінде Ақылың асқан данасың Жұбатасың жыласа, Ноғайлының баласын, - дейді.