0 дауыс
3.1k көрілді

Ер Тарғын батыр жырындағы бір кейіпкерге хат жазу берілген! Соған көмектесіп жіберіңіздерші!? 

2 жауап

0 дауыс
Ер Тарғын батырдың жыры керек
0 дауыс
«Ер Тарғын»


Қазақта ежелден  жерін жаудан, елін езгіден, қызын күңдіктен, ұлын құлдықтан қорғап, ел қорғаны болған ерлер көп. Батырлық – қазақтың қанына біткен қасиет. «Малын – жанының, жанын арының садағасы» санаған қазақ қай кезде де жауға қасқайып қарсы тұрған. Ұлан-ғайыр атырап сол арда азаматтардың арқасында бүгінгі ұрпаққа мұра болды. Сол қаһармандардың басынан өткерген қилы-қилы оқиғалар бізге «Батырлар жыры» арқылы жетті. Соның бірі – «Ер Тарғын» жыры. Ендеше, елден ерен туған Тарғын жайлы біз не білеміз?

Ер Тарғын өзінің қырғыз халқынан кісі өлтіріп, кінәлі болып, қырық сан Қырым жұртына көшіп барады. Қырымдағы қырық ханның үлкені Ақша ханның қоластына барған Тарғынның батыр екенін ешкім аңғара бермейді. Көкірек керіп, батырлығын жар салмаған Тарғын осы елде қонақ болып, талай айларды өткізеді. Жылжып жылдар өтеді. Ол уақытта Олалай, Бұлалай деген екі ханның елі Қырым жұртының жауы еді. Бұл уақытқа дейін олардың елін алған бірде-бір батыр да шықпаған еді ноғайларда. Ақша ханның талабы бойынша Қырым әскерлері осы хандардың еліне аттанады. Дәл осы әскердің ішінде Тарғынның бар екенін тірі жан сезіп болмайды, себебі оған жүр деген де ешкім болмаған. Ұрыста Ақша ханның әскері қырылып, жұртына қайтпақ болады. Сол кезде бойындағы күш-қуатын қайрап, жауға Тарғын тап береді. Жырда бұл былайша суреттеледі:

«Тарғын сынды батырың

Қайтарын жұрттың біледі,

Алладан пәрмен тіледі.

Құйысқанын қысқартып,

Екі айылын берік тартып,

Енді атына мінеді…

…Аллалап батыр шабады.

Жалғыздың жары Құдай деп,

Сарала туы салбырап,

Шапты батыр тебініп,

Жалмауыздай емініп,

Сырттағы жүрген әскерге

Қарамады бұл батыр,

Ішкі қамалға кірді желігіп».

Міне, осылайша сан мың әскер жеңе алмаған тоғыз сан торғауыт, он сан оймауыт елін Тарғын тізе бүктіреді. Жеңіспен оралған Ақша хан ерлігімен екшеленген хас батырды шақырып жөн сұрасады. Өз елінен қашып кеткенін айтқан батырға хан: «Сен кешегі жауды бұзған қайратыңды сені тынышсыздаған жұртыңа көрсетпедің бе?» дегенде, Ер Тарғын: «Нақақтан өз жұртымды жылатуға шариғат қоспады» деп көрегендік танытады. Осылайша Ақша ханның әскербасы болған Ер Тарғынның жер жарған атағын естіген хан қызы батыр Тарғынға сырттай тәнті болып жүреді. «Бет ажарын қарасаң, жазғы түскен сағымдай, ет ажарын қарасаң, терісінен айырған, арпа-бидай ақ ұндай. Қасы сарыжадай керілген, кірпігі оқтай тігілген, бұралып белі бүгілген, қараған кісі үңілген, қолаң шашты, қой көзді» Ақжүніс ару Тарғынға өз сезімін білдіреді. Күндердің күнінде Ақжүніске айттырушылар келеді. Осыны естіген Ақжүніс сүйгені Тарғынмен қашуға бел байлайды. «Қыз да болса мұңдасы, жолдасы» болған Ақжүністі алып қашқан Ер Тарғынның соңына қаһарға мінген Ақша хан қуғыншы салады. Бірақ Ер Тарғынның қаһарынан қаймыққан талай қуғыншы кері қайтады. Тек Қартқожақ қарт қана «үйге қайтып барғаным да – бір өлім, қуып барып өлгенім де – бір өлім» деп Тарғыннан тайсалмай қуып жетеді. «Батырлар жырындағы» қаһармандардың ақылшысы да, арқа сүйері де жары мен тұлпары болады емес пе? Тарғынның да астындағы Тарлан аты жаудың қуып келе жатқанын бірден сезеді. Артына қарап, бір қараны көрген Тарғын қашуға намыстанады.

«Жалғыз қара көрінді!

Енді жүрсем – қашты дер,

«Аруағым менің басты», – дер, –

«Менен қорқып, састы», – дер.

Ажалым болса бұл ерден,

Жемей қоймас жебір жер,

Кіргізбей қоймас қазған көр», – деп намысын қайрап, артына бұрылады. Алпыс бесте жасы бар Қартқожақты көрген Тарғын үлкенге ізет көрсетіп, иіліп сәлем береді. Жауы болса да ақсақалды ағадан амандығын сұрасады. Жас жігіттің қайсарлығын байқаған Қартқожақ та жекпе-жекте жігітті аяп, атқан оғын Тарғынның қорамсағына дәлдейді. Қорамсақтағы оқ күл-талқан болып уатылады. Әу баста Қартқожақтың мұны аяп, оқ дарытпағанын аңғармаған Ер Тарғын қарт батырға дүрсе қоя береді. Сол кезде Қартқожақ өзінің не себепті оқ тигізбегенін айтқанда ғана Ер Тарғын Ақжүністі Қартқожаққа тастап кете береді. Бірақ көркіне ақылы сай Ақжүніс «Қабағы тастай түйілген, лашын құстай шүйілген» Қартқожақты сөзбен жеңеді. Оны райынан қайтарады.

Тарғын қызды алып, Еділдегі Орманбеттің он сан ноғайына барады. Ханзада ханның қоластына барған Тарғынның Олалай ханның жұртын ойрандаған батыр екенін аңғарған игі жақсылар мұны сыйлап, күтеді. Хан да хабардар болады. Тарғынның батырлығын сынамақ мақсатта Ханзада хан оған Шаған дейтін судың бойындағы көп қалмақты ығыстырып беруін сұрайды. Бұл ұрыста жеңіске жетқан Тарғын тал басына шығып, жау әскерін бақылап отырған сәтінде ағаштан құлап, беломыртқасын шығарып алады. Елге әкелген батырды қанша бағып-қақса да еш оңалмайды. Қолынан күш-қуатының тайғанын сезген Ханзада хан батырды жұртқа тастап, қайта айналып келмекке уәде береді. Бірақ уәдесінен тайқыған хан оны ұмытып та кетеді.

«Атаңа нәлет, ноғай-ай,

Елемеді өзімді,

Сыйламады сөзімді!

Жаудыратып көзімді,

Тастап кетті жұртына

Бір мертілген бел үшін!

Қапыда өткен дүние-ай,

«Тарғын, Тарғын» дейтұғын,

Қолымнан сарқыт жейтұғын», – деп іштей күйзеледі. Құдай қосқан жары ару Ақжүніспен, қанаты болған Тарлан атымен қош айтыса бастайды. Батырдың мұншалықты күйзеліске түскенін сезген Ақжүніс тапқырлық танытып, Тарғынның намысын қайрар сөздер айтады. Әсте «ер жігітті намыс өлтіреді» емес пе? Ақжүністің «Ағаштан биік мерт тауып, қызметші қара құлдарша қорлықпенен өлген ер» деген сөзі Тарғынның жанына қатты батады. «Жау қолынан емес, ағаштан құлап мерт болды деген сөзді есту бек ұят екен» деп, белін өзі басып қалады. Осы сәтте беломыртқасы орнына түседі. Осылайша бір сөзбен-ақ намысын қайраған Тарғын белін жазып, орнынан тұрады. Кезінде басына іс түскенде бұрылмастан кетіп қалған Ханзада ханның жақсы-жайсаңдары Тарланның елге келгенін естісімен асты-үстіне түсіп бәйек болады. Хан Тарғынға көп қалмақты тағы да қуып беруін өтінеді. Бастапқыда бас тартқанымен кек сақтауды білмейтін батыр ханмен уәде байласады. Бұл жолы да жеңіспен оралған Тарғынға өз қызын бермекке уәде берген Ханзада хан тағы да сертінен тайқып шығады. Ел басқарып отырған басшының мұндай екіжүзділігінен жиреніп, Тарғын Ақжүніспен кетіп қалады. Қаһарына мініп кетеді. Батырды бір емес, екі мәрте алдап соққан ханның қарсыластары көптеп шыға бастаған соң, хан да райынан қайтып, Ер Тарғынға елші жібереді. Кешірім өтінеді. Достық қолын созады. Қашаннан қарапайымдылық пен кешірімшілдікті жанына серік еткен Тарғын бұл жолы да қаһарынан қайтады. Қара ноғай елімен қайта табысып, қартайғанша сол елде өмір сүреді. Ару Ақжүністен ұл сүйеді. Ол да би болады, бек болады.

Жырда Тарғын бейнесі Ақжүніс, Сыпыра жырау арқылы шебер суреттелген. Жары Ақжүніс:

«Тұяқтан ұшқан тозаңын

Жауырынынан жауған

қардай боратып,

Арқадан соққан борандай

Жер түбіне желген ер!

Атасы нәкес кәуірдің

Мәстегін айдап келген ер!

Бекіре ойнар ақ теңіз,

Өңгеге терең болса да,

Сіз өтейін дегенде,

Белгілі өткел болған ер!

Ит мінезің ұстаса,

Қайсардың қара тасына

Қарауыл салмай қонған ер!» – десе, Сыпыра жырау батырға былай баға береді:

«Буырқанып, бұрқанса,

Мұздай темір құрсанса,

Жыртпай кетпес жағаңды,

Жаңылтар, келсе, тобаңды,

Шулатпай кетпес балаңды,

Қан етпей кетпес қалаңды!

Бір түбектей бір қылар,

Жалпы жатқан далаңды…»

Міне, жырдың өне бойында Тарғынның талай аруды тәнті етер тамаша табиғаты айқын көрініс тапқан. Сұлу сүйсінер сымбаты, хас батырға лайық тұлғасымен қоса адамшылық қадір-қасиеті де – нағыз ел басқарар ерге тән дүниелер. Ашуға мінсе алдына баруға жан біткен жүрексінеді. Халқына хан болған батыр, жауына селт еткізер семсер, қиып түсер қылыш болған.

http://aldiyar.kz/attachments/952_%D0%95%D1%80%20%D0%A2%D0%B0%D1%80%D2%93%D1%8B%D0%BD.pdf
...