Сел (арабша сайль — жойқын тасқын) — таулы аудандарда мұздықтардың, қардың мөлшерден артық еруінен, нөсерлі жауын-шашындардан, жер сілкінуден, тау өзендерінің арнасынан асып тасуынан пайда болатын табиғаттың жойқын құбылысы.
Тас аралас саз-балшықтардың таудан төмен ағыла қүлауымен сипатталатын, кенеттен басталып, барынша қарқынды өтетін мейлінше залалды құбылыс; әдетте нөсер жауындар әсерінен, кейде тау шатқалдарындағы қардың не мұздықтың жаппай еруінен туындап, шағын өзенше аңғарлары мен жылғалар бойын қуалай құлайды.
Сел тасқыны құрамына қарай саз-балшықты, тастыбалшықты және сулы-тасты селдер болып үш түрге бөлінеді.
Сел жолындағы борпылдақ шөгінділерді шайып, қатты тау жыныстарын бұзып, ағаштарды түбірімен қопарып, салмағы ондаған тонналық үйтастарды ағызып әкетеді. Сел Қазақстанның Іле Алатауы, Жетісу Алатауы, Сауыр, Тарбағатай, Алтай тауларындағы Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Қаскелең, Есік, Талғар, Текелі, Сарқант, тағы басқа өзендердің алаптарында жиі болып тұрады.