0 дауыс
2.4k көрілді

Тағы да бір таң атты! Біз уақыттың қадірін бағалай алып жүрміз бе? Құр босқа ӘЖ, инетпен құртуда сияқтымыз!

1 жауап

+1 дауыс

Жаратушының адам баласына берген баға жетпес, қайтып оралмас құндылықтарының бірі – уақыт. Әркім дәм-тұзы таусылғанша өмір сүреді. Адам өлгенде «уақыты бітті» дейді. Пенде баласы үшін бұ дүниеде уақыттан қымбат еш нәрсе жоқ. Өйткені, бұл дүние, о дүниенің азығы. Уақыт – опасыз нәрсе. Жатсаң да, тұрсаң да бір тоқтамайды, өте береді. Және де о дүниеде адам баласы­нан ең бір қатты сұралатын дүние осы уақыт.

Мысалы, құрметті оқырман, сен өзіңді аса бай адаммын деп есепте. Күн сайын банктегі есепшотыңа 86 400 теңге түседі. Осы қаржыны сіз ертеңге қалдырмай кез келген кәдеңізге жаратуыңыз керек. Әрине, бұндай қаржыны пайдалы іске жұмсайсыз. Пайдасыз іске жұмсайтын болсаңыз, түбі кедейленіп қалуыңыз әбден мүмкін. Ендеше, 86 400 теңге дегеніміз бір тәулікті құрайтын 86 400 минут. Ақылды адам әрбір минутын босқа жібермейді, пайдалы іске жұмсайды. Олай етпеген жағдайда босқа кеткен әрбір минут өкініш әкеледі.

Атақты ислам оқымыстысы Ибн Масғұд: «Адамның ғұмыры қысқа. Күн мен түн арпалысқан түрде өмір сүреді. Егер жақсылықтың дәнін ексеңдер, ол тез арада дәмді жемісін береді. Жамандықтың дәнін ексеңдер, оның жемісі орны толмас өкініш әкелер. Кім нені ексе, соны орады» дейді. Сол сияқты тағы бір мұсылман ғалымы Әбу Керим әл-Әбди: «Ей, адамзат баласы, сенің өміріңде уақыттан асқан құнды нәрсе жоқ» дейді.

Ал, біз өз уақытымыз былай тұрсын, басқалардың уақытымен де санаса бермейміз. Мысалы, шақырылған жерге 2-3 сағат кешігіп келеміз, бір шаруаны бірер аптада, немесе біраз күннің ішінде деп жобалай са­ламыз. Бірде «Мені жарты сағаттан кейін оятыңыз», – деп көз ілмек болған Эйнштейнді қызметшісі біраз тынықсын деген оймен бір сағаттан соң оятыпты. Тұра сала жалма-жан сағатына қараған ғалым уақытында оятпаған қызметшісіне: «Жарты сағатымды қайтарып беріңіз», – деп жатып кеп ашуланған екен.

Медицина саласында өте құнды еңбектер қалдырған, қан айналымын тұңғыш зерт­теген ғалым Ибну Нафис жазу кезінде қолындағы қаламының сиясы бітіп қалған жағдайда уақыт шығындамас үшін, қасына бірнеше қалам дайындап қойып, солардың кез келгенімен жалғастыра берген. Жиырма екі жасар Эрнест Галуа шіркеудің үкімімен жазалы болып, басының кесілуіне қалған он үш сағат уақытын бүкіл дүниежүзіне әйгілі «Галуа қатары» атты математикалық еңбегін аяқтауға жұмсаған.

Хазіреті Әли (р.а) өзінің бір сөзінде: «Уақыт – қылыш. Егер сен оны шаппай­тын болсаң, ол сені шабады» деген екен. Өміріңізді ұрлайтын бос уақыт жүзіңіздің нұрын кетіретін бос күлкіге немесе тәніңізге зардабын тигізетін темекі шегуге кетсе, тіптен өкінішті. Мысалы, бір тал темекі шегуге 6 минут уақыт бөліп, бір күнде 10 тал темекі шексеңіз 60 минут яғни, 1 сағат уақытыңыз кетеді. Осы уақытты 1 жылға көбейтетін болсақ, жылына 365 сағатыңыз желге ұшады.

Дін ғалымы Ибнул Жаузи: «Адамға жа­расатын нәрсе уақыттың қадірін түсініп, оның әр сәтін ұтымды пайдалана білу. Мен адамдардың уақыттарын пайдасыз іске өлтіретінін байқадым, ондай адам­дарды батып бара жатқан кемеде алаңсыз әңгіме дүкен құрып отырған жолаушыларға ұқсатамын» десе, үлкен ілім иесі Хасан Бас­ри: «Уақыт адам баласынан: «Ей, адам ба­ласы! Мені қандай амал жасап өткіздің, мен жақсы істеріңнің куәсімін. Кетсем қайта оралмаймын. Ақыретте пайдалы болып ора­луым үшін, қалағаныңша ізгі амалдарды жа­сап қал!» дейді, депті.

Ғаламда таң атқаннан кеш батқанға дейін тіршілік ететін көбелектер бар. Олар ебелек­теп гүлден гүлге қонып жүріп-ақ бір күндік өмірін бітпестей көреді. Ал, адам баласына да соншалақты ұзақ болып көрінген өмірі, осы гүл қуған көбелектің бір күніндей ғана. Ғұлама Маурық әл-Ижли айтқандай, адам­зат ақша-қаражаты таусылса уайымдайды, ал уақыты босқа кетіп, өмірі қысқарып жатса, оған еш өкінбейді.

Құранда Алланың бір күні біздің мың жылмен парапар екені айтылады. Сонда дейміз, жүз жыл жасаған адамның өмірі Алла Тағаланың алдында 2 сағат 40 минут қана. Осы 2 сағат 40 минуттың жартысын ұйқымен өткізсек, қалған 1 сағат 20 минутта не нәрсеге үлгеруіміз мүмкін. Мұқағали ақынның:

Түн маған ұйықтау үшін берілмеген,

Ұйқы тең шала жансар өлімменен.

Қанша менің өлді екен уақытым,

Ақ төсек, ала жастық кебіндеген, – деген өлеңі түсінген адамға ұйқының өзі кіші өлім екенін ескертіп тұрғандай. Сол сияқты шығыс шайыры Омар Хайям:

Деді маған сауық-сайран түсімде:

Шаттық гүлін үзе алмайсың

Жеті түннің ішінде.

Оян дереу, тоғышар,

Кейін мәңгі ұйқы басып жатарыңды түсін де! – дейді.

Үлкен ғалым Абдуллаһ бин Мубарак: «Кім ұйқысын бөліп, уақытын дұрыс пайда­ланып, ғылымға талпынса, сол үйренеді. Ал білім алған адам, күнаһар болудан сақтанады» дейді.

Шайтан адамды: «Бұл дүние бір-ақ рет беріледі, әлі жассың, нағыз шалқып жүрер кезің, жас күніңде ойнада күл!» – деп азғырады. Алтынның қолда бар­да қадірі жоқ дегендей, уақытты уысы­мыздан шығарып алып, кейін өкініп жа­татын кезіміз көп. Алла Тағала бізді не мақсатпен жаратқанын еске алмай, өзімізді бұл дүниеде сұраусыз еркін жаратылған жандай сезінеміз. Сөйтіп жүріп бір күні басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса Құдайды ауызға аламыз. Ауызға алғанның өзінде ауруымызға шипа сұрап емес «осы­лай ауыртатындай Құдайға не жазып едім» деп Жаратушыны жазғырып тілімізбен де күнә тауып жатамыз.

Қадірлі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмбетіне екі нәрсенің қадірін білуге шақырды. Оның бірі – денсаулық, екіншісі – уақыт. Ислам шейхы Тайфур әл-Баттами, иман келтірген адам үшін уақыт оның теңдессіз байлығы, пайдалы өткізсе – жәннатқа, зиянды өткізсе – тозаққа апарады, дейді. Тағы да сол сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Мына дүние амал уақыты, есеп уақыты емес, ал о дүние есеп уақыты, амал уақыты емес» – деген. Өйткені, осы дүние майданында мәңгі өміріміздің тағдыры шешіледі. Әттең, деп, сан соғып өкініште қалмауымыз үшін, тіршілігімізде қамданған жөн. 

...