1 қыркүйек – Білім күніне арналған салтанатты жиын бағдарламасы
1-жүргізуші: Қайырлы күн, құрметті ұстаздар мен оқушылар!
2-жүргізуші: Армысыздар, қадірлі ата-аналар мен қонақтар!
1-жүргізуші: Өмір бойы мектебімді жыр етем,
Бір өзіңде бақыт, білім, берекем.
Шәкірттерің өрістесін, өрлесін,
Құтты болсын Білім күнің – мерекең!
2-жүргізуші: Құрметті оқушылар, аяулы ұстаздар, ата-аналар, қадірменді қонақтар, Қазақстан Республикасының рәміздерінің 20 жылдық мерейтойымен сіздерді құттықтай отырып, мектеп өмірінде дәстүрге айналған «Сыңғырла, күміс қоңырау!» атты салтанатты жиынымызды ашық деп жариялаймыз!
1-жүргізуші: Мектебіне шәкірттер ағылады,
Сана, білім сусаған табылады.
Гүл шоқтарын қолына көтеріп кеп,
Ұстазына жеткенше сағынады.
2-жүргізуші: Жүректері тұратын лүпіл қағып,
Мұғалімдер оларды күтуде анық.
Білім нұрын ұрпаққа таратсын деп,
Осы шақты аңсайды бүкіл халық.
/«Мектеп вальсі» әуені/
2-жүргізуші: 1 қыркүйек – айрықша мәні бар, айтулы Білім күні. Балалар өмірінде кезекті оқу жылы басталады. Ол әсіресе, бірінші сыныпқа баратындар үшін аса маңызды. Мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы отырған бүлдіршіндерді ортаға шақырамыз.
1-жүргізуші: – 1 «А» сыныбын білім әлеміне апаратын ұстаз –
Рахимжанова Апидаш Мұратқызы
/музыка әуенімен келіп сапқа тұрады/
2-жүргізуші: - 1 «Ә» сыныбын білім әлеміне апаратын ұстаз –
Темирова Айнұр Сембайқызы
/музыка әуенімен келіп сапқа тұрады/
2-жүргізуші: Бүлдіршіндер ертеңгі ел мамандары,
Құтты болсын алғашқы қадамдары!
1-жүргізуші: Құтты болсын басталған оқу жылы,
Құтты болсын, болашақ баспалдағы!
Қадыров Н.: Мектеп, тік тұр! ҚР Мемлекеттік туы енгізілсін!
/ҚР мемлекеттік әнұраны орындалады/
2-жүргізуші: Бүгінгі салтанатты жиын қонақтарымен таныстыруға рұқсат етіңіздер: /келген қонақтармен таныстырады/
1. – Екібастұз қаласы әкімдігі бөлімінің бастығы
2. – Қалалық білім бөлімінің әдіскері
2-жүргізуші: Абзал жан, биік тұлға байсалды,
Құшақ жая шәкірттерін қарсы алды.
Бүгінгі салтанатты шақта бір
Құттықтайды мектеп басшысы баршаңды, – дей келе, құттықтау сөз мектеп директоры Мұхаметжанова Зинаида Әшімқызына беріледі
1-жүргізуші: Ардақты асыл мекен мектебіме,
Аяулы асыл жандар көп келеді.
Құрметпен қонақтарға сөз берійік,
Жақсы сөз жанға ыстық нәр береді.
2-жүргізуші: Алғашқы қоңырау салтанатында құттықтау сөз бүгінгі жиынымыздың құрметті қонақтарында
1. – Екібастұз қаласы әкімдігі бөлімінің бастығы
2. – Қалалық білім бөлімінің әдіскері
2-жүргізуші: Алғаш келген бүлдіршін,
Құтты да болсын қадамың!
Төбеңде бейбіт күн күлсін!
Төмендемесін талабың!
Сөз кезегі мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы тұрған бүлдіршіндерге беріледі. /7 оқушы өлең оқиды/
1. Бірінші қыркүйек күнімен,
Аңқыған жұпары гүлімен.
Келіп ем, қарсы алды мектебім,
Сүйкімді қоңырау үнімен.
2. Келдік алғаш мектепке,
Білмейтін едік әріп те,
Оқып, бізді үйретер,
Ғылым анасы – Әліппе!
3 .Мектеп – қамқор анамыз,
Оқып, білім аламыз.
Өнерпаз боп өсетін,
Біз оқушы боламыз
4. Мен мектепке барамын,
Кілең бестік аламын.
Ата-анамды қуантып,
Шоқ жұлдыздай жанамын.
5. Бақытты балғын баламыз,
Өсті ой мен санамыз.
Әріп танып, сабақ оқып,
Білім нәрін аламыз.
6. Міне мен де ұлкен болдым,
Жасым толды алтыға.
Арқама сөмке асынып,
Мектепке барам асыға.
7. Қайсарлы Қазақстан ұланымыз,
Еліме лайық болу ұранымыз.
Қазақ қыздар гимназиясынан білім ап,
Білімнің биігіне шығамыз біз.
Бүлдіршіндер – ертеңгі ұландары,
Құтты болсын алғашқы қадамдары.
Құтты болсын, басталған оқу жылы,
Құтты болсын, алғашқы баспалдағы.
2-жүргізуші: «Мектебім» әні – орындайтын «Әуен» вокалдық тобы
2-жүргізуші: Гимназия табалдырығын аттағалы отырған жас бүлдіршіндерді құтттықтап, қадамдарыңызға гүл бітсін, «Ақ жол» болсын деп тілек білдіруге Алдабаева Маржан шақырылады.
/11-сынып оқушысының құттықтау сөзі/
.: - Қымбатты біздің кішкене сіңлілеріміз! Аяулы ұстаздар! Міне, бүгін біз үшін соңғы Алғашқы қоңырау. Бала шақтан болашаққа қадама басып бара жатқан біздер, гимназия үмітін ақтауға бар күшімізді саламыз.
Оқыған әпкелеріңіз
Қадірлі мектеп – бұл мектеп,
Сендердей біз де болғанбыз.
Есейдік, міне, қараңыз.
Құт болып алғаш қадамың,
Жағарсың білім шырағын.
Биылғы жыл ерекше,
Ұғарсың оның шын мәнін.
1-жүргізуші: Қағылмақ, міне, әуенге бөлеп,
Қағылмақ алғаш қоңырау,
Нұр толқып жүзің, гүл толып құшақ,
Шаттыққа толсын омырау!
2-жүргізуші: Алғашқы қоңырау соғу рәсімі құрметпен Ахметжанова Меруерт пен Алпысбаева Ильназға беріледі.
/Қоңырау соғылып жатқан сәтте…/
2-жүргізуші: Қызыл гүл жайнады төрімде,
Қызықты күнім де, кешім де.
Алғашқы қоңырау дауысы,
Қалады мәңгілік есімде.
1-жүргізуші: Алтын ұя – киелі шаңырағым,
Мен өзіңе қашан да табынамын.
Алыс, жырақ өзіңнен кетсем егер,
Қоңырауыңды сыңғыр қаққан сағынамын!
2-жүргізуші: Сылдырла, сыңғырла тағы да,
Шақыра білімнің бағына.
Бөбек пен түлек жұп болған,
Алғашқы қоңырау қағылды!
Қадыров Н.: Мектеп,тік тұр! ҚР Мемлекеттік туы шығарылсын!
2-жүргізуші: Ал енді 1-сынып оқушыларының алғашқы ұстаздарымен білім жолындағы қызықтарға толы әлемге саяхатында сәт сапар!
/музыка әуенімен 1-сынып оқушылыры кетеді/
2-жүргізуші: Құрметті оқушылар, баршаңызды Білім күніне арналған «Мемлекеттік рәміздер-ұлттық мақтаныш» атты алғашқы сабаққа шақырамыз.
1-жүргізуші: Осымен Білім күніне арналған салтанатты жиынды жабық деп жариялаймыз!