Жәндікқоректі өсімдіктер жәндіктермен қоректенетін автотропты өсімдіктер. Жәндікқоректі өсімдіктердің негізінен тропиктік аймақтарда кездесетін 6 тұқымдасы, 500-дей түрі белгілі. Қазақстанда 3 туысы, 6 түрі бар. Жәндікқоректі өсімдіктер өздерінің қорегін аулау үшін олардың организмдері әр түрлі және күрделі жағдайларға бейімделген. Мысалы, дүңгіршек жапырақтарында саңылаулары болады, оның қалқаншасы ішке қарай ашылады да, ұсақ жәндіктер оған кіре алғанымен, кері шыға алмай, өсімдікке қорек болады. Тропикте өсетін непентестің жапырақ сағағы құмыра тәрізді болады, оған қонған жәндіктер құмыраның жылтыр ернеуінен өсімдіктің ішіне сырғып түседі де шыға алмайды. Ал дәнелдің (альдрованда) жапырақтарын жабысқақ зат шығаратын қызыл түсті бездер қаптап жатады, оған қонған жәндік кері ұша алмай, өсімдікке жабысып қалады. Шықшөптерден шығатын хош иіске жәндіктер қонған кезде, олардың жапырақтары бүктеліп, жәндіктерді қысып қалады.