Қазақ тілі қалай айналса да, қазақ тілі болып қалады ғой. Бірақ та мен өзім қазақ тілінде диалект деген жоқ дегенмен келісе алмаспын, өйткені диалекттің бар болуы үшін бір-бірін көп мөлшерде түсінбеу міндетті емес. Қытай тілі негізінен сәтсіз мысал, өйткені ғалымдардың дені оны бір тілдің диалектілері емес, бірақ та туыстас тілдер деп санайды, Қытайдың өзі саяси себептермен бәрін "диалекттер" деп қойған (тіпті жазуы бір болса да, мандаринді ғана білетін қытай хоккиеннің күнделікті қолданыстағы сөз тіркестерінің үлкен бөлігін түсіне алмас). Меніңше бұл тақырып әлі дұрыс зерттелмеге. Әрине, диалект дегенде мүлдем түсінбей емес, бірақ қазақ арасында болған сайын осының бар екені байқалады. Бір жағынан жеке сөздер бар (мені шымкенттік жігіт тәте деп атағанда мазақ етіп тұр ма деп "сәйкесінше" жауап бергенім әлі есімде), олардың өзі сөйлегенде түсініксіздік тудырады. Оған грамматикалық айырмашылықты қоссаңыз диалектке жақын бір нәрсе байқалады. Мысалы - оңтүстік қазақтардың көбі "классикалық" нақ осы шақтың жатыр,тұр, отыр, жүр дегеннің орнына жергілікті атыр дегенін айта салады. Ал батыста "келіңдер", "бақытты болыңдар" дегенді "келің", "бақытты болың" деп айта салады. Осыны мен мысалы жаңадан ғана білдім, білмесем, түсінбес едім. Егер де қазақ жазба әдебиетінің қалаушысы Семей өңірінің Абайы болмаса және қазақ тілін зерттеген ғалымдардың, сол жазба әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосқан ақын-жазушылардың көбі шығыс және орталық-солтүстік Қазақстаннан емес, Сыр өңірінен болса, немесе Маңғыстаудан болса, онда қазіргі ресми тілді үйрететін оқулықтарда нақ осы шақ көмекші етістігі "атыр" болар еді, немесе "келің" "жүрің" деген сияқты (мен бұларды толық қолданысын білмегеннен дұрыстап тұрып мысал келтіре алмай тұрмын) сөздер ресми ақпаратта қолданылар еді. Мұның бәрін жазған себебім өңір-өңірдегі қазақ тілінің қолданушыларын мазақ ету емес, керісінше олардың бар екенін (және де бұл өзгешіліктер "жұмылған көз де көретін" өзгешіліктер), бірақ олар (тіл ғалымдарымыздың сорынан ба?) әлі зерттелмегенін, әлі толық бағасын алмағанын басып айту үшін жаздым.