+1 дауыс
5.1k көрілді
Сүзбенің ағза үшін қандай пайдасы бар? Құрамында қандай дәрумендер бар?

2 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап
Әр ұлттың сүзбені дайындау және қолдану әдісі алуан түрлі. Оны тұзбен, сүтпен немесе қаймақпен, кілегеймен, жемістермен, балмен араластырып қолданады. Сүзбелердің сіңімділігі жоғары болғандықтан, таңертеңгілік асқа запеканка, сырник немесе өзін түрлі жемістермен араластырып және кешкілік тағамдық асқа варенниктер түрінде дайындап қолдануға болады.
Сүзбе тағамдық құндылығы жағынан өте тамаша – өнім. Ол құрамындағы ақуыз және оның қорытылу деңгейі бойынша барлық сүт өнімдерінен асып түседі.Сүзбенің құрамындағы ақуыз адамға қажет бауыр мен бүйректің жұмысын жақсартатын, холестериннің деңгейін төмендететін және ең бастысы бауыр тінін жаңартып отыратын, бауырдың май басуын алдын алатын холин, метионин тектес аминқышқылдарына тез ыдырайды.Сүзбенің майлылық пайызына қарай майсыз 1,8%-ға дейін, майлылығы төмен 2-3%, майлылығы орташа 4-18% және майлы 19-23%-ды құрайтын түрлері бар. 100г майлы сүзбенің қуаттылығы 250 киллокалорияға тең, майлылығы орташа – 165 ккал, майлылығы төмен – 105 ккал.
Сонымен қатар, сүзбе сүйек тінінің дамуына, тістің дұрыс қалыптасуына өте қажет кальцийдің көзі болып келеді. Осыған байланысты сүзбенің балалар мен жүкті әйелдерге пайдасы шексіз. Есте сақтау қабілетін жақсартатындықтан сүзбені студенттер мен оқушылардың таңғы асына да беруге болады. Сүзбе жақсы үйлесімді және жеңіл сіңірілетін өнім болғандықтан егде жастағы адамдарға да пайдалы. Сүзбе қазіргі таңда жиі таралған аурулардың бірі остеопороздың алдын-алуда көп септігін тигізеді, себебі оның құрамында фосфор, кальций, калий, магний, натрий және көптеген дәрумен түрлері жеткілікті.
Сүзбені жас ерекшелігін, әртүрлі физиологиялық құбылыстарын ескере отырып тұтыну керек. Жүкті әйелдер мен емізулі аналар қосымша кальций препаратын қолданып жүрген болса, онымен қатар сүзбені көп тұтынуға болмайды. Өйткені, кальцийдің артық дозасы кішкентай нәрестенің сүт тісінің ерте шығуына, бас сүйек еңбегінің ерте қатаюына алып келуі мүмкін. Сонымен қатар, сүзбені бүйрек және бауыр ауруының өршу сатысы бар адамдарға жеуге болмайды, себебі құрамындағы ақуыз бүйрек, бауыр арқылы ағзадан қорытылып шығатындықтан жүктеме түсіреді.
Баланың өсу кезеңіне, сүйек буынының қалыптасуына байланысты сәбидің 8-9 айынан бастап 30 гр-дай беріп үйретіп, сосын ақырындап 100 гр-ға дейін көбейтуге болады. Ал мектепоқушыларының ойлау қабілетін, жасөспірім шақтағы сүйектің, бойдың өсуіне септігін тигізетіндіктен, мектеп жасындағы оқушыларға 2-3 мәрте 100 гр-нан, талғамына қарай, әртүрлі жеміс қақтарымен және мерзімдік кез-келген жемістермен араластырып беруге болады. Ересектер мен қарт адамдарға аптасына 2-3 мәрте 200 гр жеуге болады.
Сүзбе және сүзбе тағамдарын басқа тағамдармен араластырмай, мүмкіндігінше, бөлек жеген дұрыс. Әсіресе, қақталған, маринадталған тағамдармен бірге жеуге болмайды, себебі сүзбенің құрамындағы кальцийдің сіңуіне кері әсерін тигізеді.
Сүзбені тоңазытқышта иісі өткір заттармен бірге араластырмай, 8 С температурада 3 күн сақтау қажет. Ол тез бұзылатын тағам түріне жататындықтан, сатып алған сон, тез арада тұтыну қажет.
Сүзбенің адам ағзасына тигізер пайдасы көп, тек өзіңізге қажет түрін талғамыңызға қарай таңдап, мөлшермен тұтынғаныңыз жөн.
Сапалы сүзбе – сіздің денсаулығыңыздың кепілі.
+1 дауыс
Табиғи ешбір қоспасы жоқ сүзбенің адам денсаулығна көп пайдасы бар! Қандай дәрумен барын білмеймін бірақ сүйекті қатайтып адамға керекті қоректі бере алады.
...