Остеохондроз жер бетіндегі тірек-қозғалыс жүйесінің ең көп тараған ауруы болып табылады. Бұл — омыртқаның ауруы. Яғни, қатар тұрған омыртқалардың арасындағы шеміршек деформацияланып, ақырында омыртқалар арасы жақындап кетеді де, оның ортасындағы жұлын-ми жүйке тамырлары қысылып, адамның белі, аяғы, қолы, басы, тіпті, ішкі ағзаларының барлығы ауруға ұшырайды. Грек тілінен аударғанда «osteo» — сүйек, aл «hondrа» — шеміршек деген мағына береді екен. Осы остеохондроз ауруының асқынған түрі омыртқа арасындағы жарық (грыжа) ауруына алып келіп соқтырады. Омыртқа ауруының түрлері жайлы Шымкент қалалық №5 емхананың балалар невропотолог дәрігері Ақманар Қасымбекқызы МАМЫТБЕКОВА сұхбат берген болатын.
Омыртқа сырқаты неден пайда болады?
Омыртқа — адам денесін тік ұстап тұрған тірегі, ішкі ағзаларды сыртқы әсерлерден қорғап тұрған қалқаны десе де болады. Омыртқа арасында шеміршек пен сіңір болады. Жарақат алғанда, ауыр көтергенде шеміршек жарылып кетеді де, омыртқа арасындағы жүйке тамырлары мен қан тамырлары қысылып қалады. Екі аяққа күш түсіп, шыдатпай ауырады. Бұны емдеудің екі жолы бар: біріншісі ота жасау болса, екіншісі мануалды терапия жолымен омыртқаны қолмен жайлап бұрап босатып, қысылып тұрған шеміршекті орнына түсіру. Көбінесе, омыртқадан остеохондроз ауруына ұшырайды.
Остеохондроз — адамның анатомиясына байланысты ауру. Біз тік жүреміз. Сондықтан омыртқамызға көп күш түседі. Мәселен, төрт аяқтап жүретін жануарлар остеохондрозбен ауырмайды. Неге? Өйткені, адамның омыртқасына қарағанда жануардың омыртқасына түсетін күш аздау. Адам көп қозғалуы керек. Қазір адамдар көп қозғалмайды. Таңнан кешке дейін компьютердің алдында отырады. Спортпен айналыспайды, бассейнге бармайды, тек екі қолмен ғана жұмыс жасайды. Қозғалыстың аздығы адамды ауру қылады. Ал омыртқа ауырса, оның ішіндегі жұлын қысылады. Жұлын адам ағзасының ең маңызды органы. Жұлыннан қан тамырлары мен жүйке тамырлары шығады. Жұлын қысылса, адамның денесін қоректендіріп тұрған қанның тарауы әлсірейді де, соның салдарынан бастан бастап, аяғыңның ұшына дейінгі ағзалардың, ішкі ағзалардың барлығы ауырады. Яғни, ішкі органдардың холестицит, панкреотит, простатит, белсіздік, жүректің, ішектердің, зәр жүру жолының ауруларын асқындырады. Сондықтан, адамның дені сау болуы үшін, омыртқаны үнемі жаттықтыру, остеохондрозды омыртқа жарығына (грыжа дисков) дейін асқындырмау қажет.
Омыртқа арасындағы жарық (грыжа) жайлы бізге Ақманар Қасымбекқызы әңгімелеп берсін.
— Омыртқа арасындағы жарыққа келетін болсақ, бұл көбіне остеохондроз ауруынан кейін туындайды. Яғни, омыртқалардың арасында қуыс пайда болып, ол іші толған сұйықтық, сырты қапталған бір қуыс құрайды. Остеохондроз ауруы көбіне 20 жастан кейіні, ал жастарда өте сирек кездеседі. Омыртқааралық жарық ұзақ уақыт, күні бойы бір орында отыратын адамдарда көп кездеседі. Яғни, офис қызметкерлерінде, менеджерлерде, банкирлерде, жүргізушілерде. Бір орында 4-5 сағаттай ұзақ уақыт отырмау керек. Адам бір қалыпта ұзақ отырғандықтан, омыртқасы қисаяды, қисайғаннан кейін сол жерде бұлшық еттердің тонусы күшейіп, омыртқааралық дискілердің тамақтану процесі бұзылады. Бұл сұйықтықтардың мөлшері азаюына әкеліп соқтырады. Осы кезеңде тамақтану процесі бұзылғаннан кейін, дискі құрғай бастайды да, біртіндеп мүжіледі, оның соңынан жарық пайда болады.
— Омыртқа арасындағы жарық (грыжа) көбіне ер адамдарда кездеседі. Ерлер мен әйелдер арасындағы кеселге шалдығу жолдарында айырмашылық бар ма?
— Әйелдерде көбінесе ауыр салмақ, бірден семіргендіктен, семіздіктен, кейде тұқым қуалайтын ауру болып та кездеседі. Аурудың ерлер арасында көп кездесуінің себебі, омыртқа арасындағы ет оларда көп кездеседі. Мұның негізгі себептерінің бірі — жарақат алғаннан кейін пайда болу мүмкіндігі. Мұндай кезде дискілері бұзылады, ығысу орын алады. Сондай-ақ, ауыр салмақты бірден көтеру де омыртқааралық жарықтың пайда болу қаупін тудырады. Бірден семіздікке ұшырау да грыжаға себепші.
Жарақат алған адамдарда бұл жағдай араға 5-6 жыл салып барып кездесуі мүмкін. Өйткені, омыртқа арасындағы дискілердің орын тәртібі бұзылады. Сол жарақат бұл науқасқа ұшырауына әбден себеп болуы ықтимал. Сонымен қатар, омыртқа арасындағы жарық (грыжа) жас балаларда да кездеседі. Бірақ, балаларда көбінесе мойын омыртқасы мен бел омыртқасындағы жарық туғаннан пайда болады. Осындай тума пайда болған омыртқа арасындағы жарықты тек қана ота жасау арқылы емдейді. Ал жарақаттан кейінгі, кейін пайда болатын грыжалар балаларда кездесе бермейді.
— Омыртқа арасындағы жарықты емдеу, оны толық жазу мүмкін бе? Не болмаса емнің қай түрі тиімді?
— Омыртқа арасындағы жарықты Шығыс медицинасында көбінесе ота жасау арқылы емдейді. Бірақ, отасыз емдеуге мүмкіндік болған жағдайда, ота жасатпаған дұрыс. Себебі, ота жасау барысында грыжа алып тасталынады, бірақ, нервтің түйіршіктері қалып қояды. Нерв түйіршіктерінің қалып қоюы міндетті түрде салдану процесіне алып келеді. Егер жарық бел омыртқасында болса, онда төменгі жаққа кері әсерін тигізеді. Мәселен, екі аяғының бірінің қатты ауыруына немесе үлкен дәретін, кіші дәретін ұстай алмау салдарына алып келеді. Омыртқа арасындағы жарық миллиметр көрсеткішімен өлшенеді. Мұндай сәтте 8 мм-ге дейін жетіп немесе одан да үлкейіп кетсе, міндетті түрде ота жасату керек болады. Негізінде, ота жасамаса болмайтын дәрежеге жетпесе, мануальды терапияға жүгінгені дұрыс. Бірақ, омыртқаның ішінде пайда болған омыртқа арасындағы жарыққа (грыжаға) мануальды терапия көмек бере алмайды.
— Бұл аурудың басты белгілері қандай? Ал қауіптілігі қай деңгейде?
— Басты белгісі омыртқа арасындағы жарықтың орналасуына байланысты. Егер омыртқа арасындағы жарық кеудеде болса, кеуде тұсының шыдатпай ауырсынуы, екі қолдың ұйып қалуы, үнемі екі қолдың қақсап ауруы, ал бел аймағында болса, аяқтардың ауыруы, біртіндеп аяқ бұлшық еттерінің арықтай бастауы, яғни орналасқан жеріне байланысты ауру туындатады. Ал, қауіптілігіне келетін болсақ, ол мүгедектіктен салдануға дейін алып келеді.
— Мануальды терапия жайлы түсінік беріп өтсеңіз?
— Мануальды терапия дегеніміз, қолмен адам денесіне әсер ету арқылы түрлі ауруларды емдеу және диагностика әдістері мен тәсілдерін қамтиды.
Көптеген дәрігерлер сонау ерте заманнан бері науқасты емдеген кезде, омыртқасына қолмен әсер ету тәсілін қолданып келген. Біздің облысымызда мануальды терапия жақсы дамыған деп айтуға келмейді. Көбінесе ота жасап, бұл дерттің емін табуға асығамыз.
Мануальды терапия көбінесе остеохондроз, грыжаға жетпеген сәттерде өте тиімді болып саналады. Яғни, омыртқа ауруларының бастапқы көрінісінде бұл терапияны пайдаланған жөн.
— Рахмет.