+2 дауыс
9.2k көрілді
Жүрек ауруының қандай түрлерi бар? Жүрекке қандай жағдайда операция жасалады?

1 жауап

+4 дауыс
 
Жақсы жауап

Жүрекке қандай жағдайда операция жасалады?

Жүрек ауруларының кейбір түрлеріне дәрі-дәрмектің күші жетпейтін жағдайлар кез­деседі. Мәселен, туа біткен жүрек ақау­лары. Ондай жағдайда міндетті түрде операция жасау арқылы анатомиялық ақауларын қалпына келтіру керек. Жүректің ишемиялық ауруының да дәрі-дәрмекке көн­бей­тін ас­қынған түрлері бар. Ондай жағдайда операция арқылы жүректің бітеліп қалған күре тамырларын тікелей ашып, оларға қосымша тамырларды жалғап тігу арқылы науқас­тың жағдайын жақсартуға болады.

Науқастардың кейбіреулерінде жүрек ырғағы бұзылады. Сау жүрек минутына 60 пен 80 аралығында, әлсірегенде минутына 30-40 рет қана соғады. Сол кезде адамның басы айналып, құлайды. Оған біз жасанды кардиореттегіш қоямыз. Ол үшін жүректің ішіне электрод орнатып, көкірек тұстағы терінің астына батарея тігіп қояды. Бұл операциялар қазір біздің облыстық кардиологиялық орталықта жасалып жатыр. Орталықта Қазақстан, Ресей, Польша, Туркия, Литва және Израиль клиникаларында оқудан өткен мамандар бар.

Соңғы бір жылдан астам уақыттың көле­мінде біздің кардиоорталықта 300-ден астам жүрекке ашық операция жасалды. Одан бөлек 3190 коронарангиогра­фия, 715 ко­ро­нар­лық артерияға стент қою операцияларын жасадық. Жүрегінің ыр­ға­ғы бұзылған­ 24 науқасқа электрокардиостимулятор қойыл­ды.

Қазіргі уақытта ересектер мен балалар­ға жүректің туа біткен ақауларын коррекциялау бойынша оталар жасала бастады. 2009 жылы жүректің туа біткен ақау­лары бар 10 науқасқа, 2010 жылы 11 нау­қасқа, оның ішінде 7 бала және 4 ересек адамға ота жасалды. Жақында орталықта екінші операциялық блоктың ашылуы жоспар­лануда. Ал келесі жылы тағы да 500 миллион теңгеге құрал жабдықтар алмақпыз.

Қысқасы, облыстық кардиологиялық орталықтың қазіргі жағдайы дүниежүзілік стандартқа сай деп айтуға болады. Бір сөзбен айтқанда, жүрек-қан тамырлары ауруымен күресу бағытында кешенді жұ­мыс жүргізілуде.

Адам ағзасының «моторы»

Жүректің негізгі қызметі – қан тамырлары арқылы адам ағзасындағы органдар мен тіндерге оттегі мен қоректік заттарды жеткізу және олардан керексіз заттарды (көмір қышқылын, белок қалдықтарын, т.б.) шығару. Жүректің тынымсыз жұ­мысы адам ағзасында тоқтаусыз қан айналымын бүкіл өмір бойына қамтамасыз етеді. Қалыпты жағдайда адамның жүрегі минутына 5-8, тәулігіне – 7500 литр қан айдайды. Егер адам 70 жыл өмір сүрсе, 175-200 миллион литрге жақын қан айналысқа түседі екен. Сондық­тан жүрек адамның «моторы» екені рас.

Жүрек ақауы

Жүрек ақауының түрі көп. Біріншіден, көп адамда ол іштен туа пайда болады. Оның себебі, көбіне, екіқабат әйелдің денсаулығына байланысты (қан аздығы, суық тию, инфекциялық аурулар, т.б.). Соның салдарынан жүрек қалқанша­лары мен қақпақшалары толық дамымайды. Екіншіден, оның адамдарда жүре келе пайда болуы. Ревматизм, атероскле­роз, мерез секілді аурулардан кейін адам­ның жүрегіндегі қақпақшалары іс­тен шығады. Ал оның салдарынан жүрекке салмақ түсіп, ол  әлсіздікке ұшырайды. Сондықтан онымен ауырған әйелге бала көтеруден бұрын алдын-ала дәрі­гердің кеңесін алу қажет.

Қан қысымының артуы

Қан қысымының көтерілуі көп тараған кеселдің бірі, онымен әрбір оныншы ересек адам ауырады. Көп жылдар­ға дейін ол ешқандай сыр бермей, жүрек пен қан тамырларын жарақаттай береді. Егер де науқас дер кезінде емделмесе, онда ол стенокардия, инфаркт, инсульт, жүрек әлсіздігі, көздің көрмей қалуы, бүй­рек қызметінің жетіспеушілігі сияқты ауыр асқынуларға әкеледі.

Қан қысымының көтерілуі кез-келген адамда байқалуы мүмкін. Әйтсе де гипертония ауруы жүйке жүйесі шаршаған, күйгелек, ашушаң адамдарда жиі кез­деседі. Кейде әртүрлі дәрі-дәрмектен кейін де қан қысымы артуы ықтимал. Дененің аз қимылдауы, диетаның бұзылуы, ас тұзын көп пайдаланудың да қан қысымы мен жүрекке залалы зор.

Қан қысымының төмендеуі

Қан қысымының төмен болуы да қауіпті. Мұндайда науқастың оқтын-оқтын басы ауырып, әлсіздік пайда болады. Ғылыми-зерттеу нәтижесі бойынша, қан қысымының төмендеуіне әсерін тигізетін қауіпті факторларға адамның жасын, салмағының төмендігін, қанның аздығын, ас қорыту органдары қызметінің нашарлағанын және құнарсыз тамақтану секілді себептерді жатқызуға болады.

Қан қысымының төмендігі қанның аз­дығына да тікелей байланысты. Бұл дерт те жүрек ауруына себепші бола алады.

Стенокардия

Жүрек ауруларының ең жиі кезде­сетін түрі – стенокардия. Оның түпкі себебі – жүректі қоректендіретін күре тамырдағы қан айналымының бұзылуы. Бұл атеросклероздың салдарынан қан тамырларының тарылуы болып табылады. Тамыр тарылған соң жүректің етіне керекті қоректік заттар және оттегі жетіс­пейді. Ол кезде адамның кеуде сырты немесе жүрек тұсы күйдірген тәрізді ауы­рады, қысады немесе кеудені басып тұр­ғандай сезінеді. Оның әсері сол қолға, мойынға, арқа тұсына беріледі. Әрбір жағ­дайда аурудың белгісі өзгешелеу болып келеді. Іштің жоғарғы жағы ауырады, адамның құсқысы келеді. Ондайда мұны асқазан ауруы деп, кері ем жасалуы да мүмкін.

Стенокардияның белгілерінен хабарсыз кісілер дәрігерге көрінудің орнына «суық тиді» немесе «еттің ауруы» деген оймен кейде ыстық ванна қабылдайды, моншаға барады не жаттығу жасайды. Ол, әрине, аурудан айықтырмайды, кері­сін­ше қайғылы жағдайға душар етуі мүмкін.

Атеросклероз

Бұл сырқат кезінде артерияның ішкі қабырғасына холестерин жиналады, сосын бірте-бірте ол жерде қатпарлы табақша пайда болады. Холестериннің жиналуына әртүрлі себептер әсер етеді. Біріншіден, бұл ағзадағы май алмасуының бұзылуы. Ол қандағы холестеринді көбейтеді. Екіншіден, холестериннің жиналуына артерия қабырғасының зақымданып өзгеріске ұшырауы да ықпал етеді. Үшіншіден, атеросклероздың дамуына тромбоциттердің тікелей әсері бар. Олар тамырдың жұқа етіне әсер ететін биологиялық заттар бөледі. Сосын тамырдың жарақаттанған ішкі қабырғасына тез жабысады да, бірте-бірте өсе береді. Табақша ақырындап өсіп, тамырдың ішкі жолын бітей береді. Ол адамда бала жасынан дамып, ұзақ уақытқа дейін белгі бермейді. Содан барып әртүрлі органдарда (жүрек, ми, бүйрек, т.б.) ишемиялық өзгерістер пайда болады. Әсіресе, гипертониясы, қант диабеті бар науқастарда атеросклероз тез өршиді және ауыр өтеді. Демек, бұған қарсы күресте негізгі амал – аурудың алдын-алу. Ол үшін әрбір адам қауіпті факторлардан (аз қимылдау, семіздік, холестериннің көптігі, темекі шегу, т.б.) арылуы тиіс.

Миокард инфарктысы

Егер кезекті стенокардия әдеттен ұзағырақ (15-20 минуттан артық), әрі күш­ті­рек болса, 1-2 түймедақ нитрогли­церинді пайдаланған соң да басылмаса, миокард инфарктысы күдігі бар деген сөз. Ондай жағдайда науқасты тыныштандырып, дереу дәрігер шақыру қажет. Әрине, дә­рі­­гердің тез жеткені абзал. Өйткені инфаркттың асқынулары негізінен алғаш­қы сағаттарда пайда болады.

Миокард инфарктысы дегеніміз – кенеттен пайда болған, ұзақ уақытқа созылған миокард ишемиясының салдарынан оның өлі еттенуі. Әдетте миокард инфаркты кезінде тамырдың қысылған жерінде жедел қан ұйып қалады. Миокардтың кенеттен өлі еттенуі адамның кеуде тұсын қат­ты ауыртады. Науқас мазасызданады, суық тер шығады, өңі бозарып, еріндері көгереді. Миокард инфарктысы жүрек етінің жыртылып кетуіне соқтыруы мүмкін. Сондықтан инфаркт алған адам өзін-өзі міндетті түрде күтуі керек. Біріншіден, арнайы режимді қатаң сақтауы, денеге ауыртпалық түсіруден абай болу, сол сияқты жүйке жүйесін де бірқалыпты сақтауға тырысу керек. Екіншіден, диетаға отыруы, қауіпті факторлардан арылуы, үнемі кардиолог дәрігердің бақылауында болып, кеңесін бұлжытпай орындауы тиіс.

Көпшілік жағдайда жүрек ауруларының ұрпаққа берілетіндігі дәлелденген. Сондықтан жүрек ауруларына тұқымдық бейім­ділігі бар адамдар өз денсаулығына ұқыпты қарағаны дұрыс.

Ақпарат көзі: http://zamana.kz

Базар жоқ жазғаныңызға! +1 менің атымнан!
Белгісіз
Мен жазған жоқпын. Мен тек көшіріп қойдым, нақты қайдан алынғандығын сілтемесін қоайын десем сайт істен шығып тұр екен. Ақпарат Замана сайтынан алынды.
Жауапқа рахмет. Өте тамаша ақпарат +1
Қайдан алынсада бәрібір! Ең бастысы оқып білдік!
Белгісіз
биреулертбилсин деп жазып койдынба
...