Мұхаметжан Қарабаев – еңбекқор, тақуа, адал ниетті ерекше жаратылған жан еді. Қарапайым қазақ бақташының біртума жан екендігін көрнекті педагог, ағартушы Ы.Алтынсарин байқаған және Троицк гимназиясына оқуға түсуге көмектескен. Жас Мұхаметжан Қарабаев 1881 жылы кәмелеттік аттестат алған кезде Торғай облысында 105 мың шаршы шақырым аумақта орташа есеппен бір дәрігер, бір фельдшер және бір кіндік шешеге 82 мыңнан астам адамнан келді. Жас кедей қазақ жігіт бюрократтық қиындықтарды, мұқтаждық пен аштықты жеңіп, Қазан университетінің медицина факультетін «Адамдардың денсаулығы мен өмірін және оларды басқа үлкен қалалардағыдай емдеуге сенім артқан дәрігерлік қызмет саласына адал ниетпен кірісу үшін» бітірді, бұл оның өмірдегі алғашқы жетістігі еді. Қостанай мекенінде дәрігер болып, ол қазіргі өлшеммен өте кішкентай 4 орындық ауруханада жұмыс істеді. Ол 1888 жылы маусымда уез дәрігерінің қызметіне тағайындалып, үнемі сапарда жүріп, шұғыл хирургиялық операциялар жасап, екіқабат әйелдерді босандырды, шешек, тырысқақ және қышыма қотырмен күресті.
Кезінде, революцияға дейінгі уақытта Қарабаев сияқты еркін жаттыққан білікті дәрігерлердің әжептәуір қазына-мүліктің иесі болуы мүмкін еді. Мұрағаттарда троицкідегі дәрігерлердің бірі, біздің жерлесіміздің арызы сақталған, арызда 1920-шы жылдары оған емделген адамдар алғыстарын білдіріп, сыйлық ретінде берген сом алтындар мен басқа да бағалы заттардан тұратын жеке мүлкін заңсыз тәркілегендігі туралы айтылған. Ал, Қарабаев болса науқастардың тағдырына салғырт қарау дұрыс емес деп шешіп, қызметінің бірінші жылын шенеуніктердің салғырттығынан еңбекақысыз өткізіп, жұмысын істей берді. Уезд бастығының Торғай әскери губернаторына дәрігер Қарабаевтың халық арасында сенім мен ерекше құрметке ие екендігі туралы жазған баянаты сақталған. Бірақ, осы күн сайынғы ерлікке толы еңбек оған жеткіліксіз көрінді. 1911 жылы елу үштегі дәрігер өз еркімен қауіпті алапес ауруымен күресу үшін Якутияға жол тартады. Ол бес жыл Орта Колым және Якутиядағы алапес ауруларына арналған емханада жұмыс істеді. 1916 – 1917 жылдары отанына оралып, Петроградта Қызыл крест ұйымында жұмыс істеді. Отанына оралғанда дәрігерлерден тарығып отырған денсаулық сақтау бөліміне келіп, бар күш-қуатын аямай халыққа қызмет етуге дайын екендігін білдірді. 1921 жылғы тырысқақ індеті аштықпен тұспа-тұс келді, өліктер (кейде бір түнде 60 адамға дейін өлді) қала көшелерінде жатты. Мұхаметжан Қарабаев өзінің ұлғайған жасына қарамастан демалыссыз жұмыс істеп, алыс ауылдардағы адамдарды ажалдан құтқару үшін атқа салт мініп, аралады. Семиозер және Боровской ауруханаларын басқарған ауыр жылдарда тек медициналық аспаптар ғана емес, кей кезде сабын да жетіспеді. Ол 1927 жылы денсаулығы сыр бергесін, өмірінің мәніне айналған жұмысын тоқтатады. Оған денсаулық саласындағы зор еңбегі үшін дербес зейнетақы тағайындалды. Бірақ, 1928 жылы адамдардың есінде өзі туралы жақсы естелік пен алғыстарын қалдырып, еш байлық жинамастан қарт дәрігер өмірден озды.
http://www.centrasia.ru/newsA.php?st=1231363200