ер адам болсын, әйел адам болсын, бетин күткен артық болмайды гой, визажист – Баян Төреханқызымен сұхбат. – Қыздардың әдемілігін, келбетін одан әрі сымбатты ету үшін бет күтімі маңызды ма? – Әрине. Бояу жағумен беттің барлық кемшілігін жасыру мүмкін емес. Ол үшін арулар да өзінің ажарына күтім жасағаны жөн. Қалай дерсіз? Бетке маска, массаж қажет. Мәселен, Қытай, Корея елдерінің қыздары өте сымбатты. Беттері тегіс, тап-таза. Олар ерте жастан бет күтіміне ерекше мән береді. Косметологтардың көмегіне сүйенеді. Суда өсетін тағамдарды көп жейді. Ал бізде көптеген жасөспірім қыздар «боянғанның жөні осы екен» деп бар бояуды бетіне үйіп-төгеді. Ол дұрыс емес. Жасөспірім қыздардың бет терісі өте нәзік, сезімтал келеді. Мұндай кезде тональді кремді көп қолдануға болмайды. Керісінше, күннен, суықтан қорғайтын арнайы кремдер жағып, жиі-жиі маска жасап тұру керек. Немесе бет массажына барған дұрыс. – Сіз қандай кеңес бересіз? – Арулар әдемі болғысы келсе, таңертеңгілік бетін суық сумен жусын. Ең дұрысы, косметикалық мұзды қолдану. Егер мұндай мұз болмаса, арнайы шөптер қосып, қайнатылған суды мұз салғызшқа қатырып қоюға да болады. Теріңіз майлы болса, сабын немесе тазартқыш лосьон қолданыңыз. Ал құрғақ және қалыпты терілер үшін бетті минералды су немесе салқындатылған қайнаған сумен шайған пайдалы. Су кеппей тұрып, теріңізге сәйкес келетін крем жағып алыңыз. Мұндайда крем теріге тезірек сіңеді. Тек осыдан кейін таңғы макияжға кірісуге болады. – Қалай және қай уақытта боянған дұрыс? – Адамның жанарынан ішкі жан дүниесін байқауға болады. Сондықтан қыз-келіншектер ең алдымен, көздің дұрыс боялуына ерекше мән беруі керек. Көптеген арулар көздің айналасын қара қарандашпен бояу арқылы үлкейтіп көрсетемін деп ойлайды. Бұл қате түсінік. Біріншіден, қара түс көзді әрдайым кішірейтіп көрсетеді. Екіншіден, қара түспен көздің асты-үстін айналдырып шығу дұрыс емес. Қазір жаз айы болғандықтан, ашық түстермен бояну керек. Перламутрлі түстер көзді үлкейтеді әрі әдемі етеді. Қара, қой көзді қыздар алтын түсті реңкпен боянғаны дұрыс. Бұл оларға жарасымды. Бұрын қастарын жіңішкертуге құмартушы арулар көп еді. Қазір сәнде – табиғи қастар. Сол себепті қасты баттастырып боямай, табиғи қалпын сақтап, білінер-білінбестей етіп, қарындашпен жүргізіп шығу жеткілікті. Ерінге де күтім керек. Далап жаққаннан гөрі жазғы күндері ерінге арналған блес жағып қойсаңыз болады. Ал беттегі тональді крем жұқа әрі тегіс болу үшін дымқыл спонжды қолданған дұрыс. Бұл тек кеңес қана. Ал макияж жасаудың жөні бөлек. Оны «клиенттің» киген киіміне және баратын жеріне ыңғайлап жасаймыз. Жалпы, әйел заты әдемілікті жақсы көреді ғой. Сұлу жүрген әйел өзін жақсы сезінеді. Көңіл күйі көтеріңкі жүреді.