Жаңбыр... Оңаша бөлмеде әлдебір ойларға қамалып отырған мұңлы көздердің қуанышы іспетті. Тырс-тырс еткен тамшының тәп-тәтті сазына бөленген жанымның сол сәттегі рахатын ешкім сезініп болмас, сірә... Терезені сызып аққан жауынның айғыз-айғыз ізіне қарап, ұз-а-а-а-қ ойланамын. Міне, күннің күркірі шалғайға кеткен қиялымды әп-сәтте қайтарып алды да, қайтадан басқа бір мұңның соңына ілестіріп жіберді... Есіме қай-қайдағы ескі күндерім оралып, терең бір күрсіндім. Тып-тыныш бөлменің ішін пернетақтамның даусы ғана бұзып тұр. Ал далада күзгі жаңбыр менің жан-дүниемнің сазын шертіп, маған ғана түсінікті дауыспен зарлауда. Көктемнің сол бір күніндегі көк вагонға үлгере алмай жүгіргенімде де тап осындай жаңбыр жауып тұрған болатын. Алтыншы вагонға мінетін әлгі қызды жолға шығарып сала алмағаным үшін әлі күнге дейін іштей өкінемін. Содан кейін мен онымен кездесе алмадым... Міне, тағы да күн күркіреді...