Жаз – адамдардың табиғат аясында қыдырып, суға шомылып, күнге қыздырынуына ең бір қолайлы кезең. Күнге қыздырынудың пайдасын кім де болса біледі. Адамдар сүйекті қатайтатын Д витаминін негізінен осы күн сәулесінен алады. Әсіресе нәрестелер мен жүкті әйелдерге мұның орасан зор пайдасы бар. Денесінде қабыршықты теміреткісі барларға күн сәулесінің пайдасы орасан. Терінің саңырауқұлақты ауруларының микробтарын өлтіретіні тағы бар.
Жалпы, күннің адам ағзасына пайдасы жетерлік. Бірақ әр нәрсенің өзіне сай мөлшері болатындығын ұмытпауымыз керек. Ашық күн астында шамадан көп қыздырынудың зиянды екендігін мамандар да жасырмайды. Сондықтан күнге қалай қыздырыну керектігін біле жүргеніміз жөн.
Күн сәулесіне «шомылғысы» келген адам алдымен денесін ыстыққа үйретіп алғаны дұрыс. Ол үшін бес-он минут күн астында тұрып, дененің сезімталдығын сынау керек. Одан кейін бақылауды жарты сағатқа созса болады. Егер күн сәулесі кері әсер ететін болса, осы уақыт ішінде дене қызарып, қыши бастайды. Ондай кезде дереу қыздырынуды тоқтату қажет. Есіңізде болсын, «загар» қабылдау қандай жағдайда да бір сағаттан аспауы тиіс.
Кейбіреулер күнге қыздырыну осы екен деп тал түсте, ыстық күн астында, ыстық құм үстінде жатады. Бұл денсаулыққа жасалған үлкен қастандық. Негізінен күнге күйдірінуге қолайлы кезең таңертеңгілік сағат 9-12 арасы және кешкі 17-ден кейінгі уақыт. Бұл ереже сақталмаса адамдардың әртүрлі тері ауруларына шалдығуы ғажап емес. Атап айтар болсақ, ультракүлгін немесе қысқа толқынды сәулелердің әсері әр түрлі тері аурулары: күндік дерматит, күндік есекжем, терінің қатерлі ісігі ауруларына алып келеді. Қаншама пайдалы дегенімізбен, белгілі дәрежеде күннен қорғана да білу керек. Әсіресе басты қорғамаса қан қысымының көтерілуіне себеп болады. Қан қысымы 140-150 шамасында жүретін адамдарға күнге қыздырыну былай тұрсын, күн астында көп жүрудің өзі қатерлі жағдайларға ұрындырады.
Ашық күн астында белгіленген мөлшерден көп жатқан адамдарды 1, 2-і дәрежелі күйік шалды деуге әбден болады. Олардың бойындағы кейбір ауру уақыт өте келе қатерлі ісікке ұласып кетуі де мүмкін. Көпшілік жағдайда мұндай дертке көлеңкесі жоқ жерде жұмыс істейтіндер ұшырайды. Ондайлардың тобына бақташы, егінші, теңізші, құрылысшы, жолшылар жатады. Сондықтан күнге қыздырынушылар ғана емес, осы қызметті атқаратындар да күн сәулесінен қорғана білуі керек.
Міне күнге күйдірінудің пайдасымен бірге осындай зиянды жақтарын ажырата білу кім-кімге де керек.
Ақпарат көзі: http://www.zamana.kz/