Допинг (ағылш. dope — есіртке; ағылш. doping — есіртке беру) — кейінгі жылдары спортқа кенедей жабысып, оның ажырамас бөлігіне айналып барады.
Спортшылар медаль, атақ, жеңіс, рекорд, ақша үшін белді бекем буып, допинг қолданып, денсаулықтарына зиян келетіндігіне да көңіл аударар емес. Бұл әрі жылдан-жылға қарқынды түрде өріс алып, спорт әлемін кеулеп барады. Допингке деген сұраныстың шектен тыс артуын қалт жібермей, оны үлкен бизнеске айналдырып отырған әккілер де баршылық. Интерпол деректері бойынша, дәл қазір допинг (тыйым салынған препараттар) айналымы наркотик айналымынан да асып түсуде.
Осыған орай осы кеселмен күресу үшін Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) құрылған. Содан бері спортты химия мен зұлымдықтан тазартып, спорттық жоғары жетістіктерге тек әділетті жолмен қол жеткізуді қалайтын, көксейтін қызу күрес жүргізіліп келеді.
Бір қызығы, допинг қолданғандардың арасында медицина мен химияны аса жақсы білмейтіндіктен, опық жеп жүргендері де баршылық. Мысалы, кейбір спортшылар ауырып-сырқаттанып немесе жарақаттанып қалған кезде тезірек емделу үшін дәрі-дәрмектер қолданады. Осындайда оның құрамында тыйым салынған препараттар да бар екенін білмей, жаза басып, жазықты болып жүргендер де бар.
Бүгінде допинг қолданғандары әшкере болып, жазаларын тартып жатқан, тіпті жеңіп алған медальдарынан айырылып жатқан спортшылар көп-ақ. Бұл тұрғыда, Америка сияқты өркениетті елдердің спортшыларының өздері аяусыз жазаға тартылуда.
Мазмұны
1 Қазақстанда
2 Допиң түрлері
2.1 Стимуляторлар
2.2 Есірткелік анальгетиктер
2.3 Анаболиктер
2.4 Диуретиктер
2.5 Гормондар
2.6 Қан допиңы
2.7 Фармокологиялық, химиялық және физикалық манипуляциялар
2.8 Гендік терапия
Қазақстанда
Өкінішке қарай, Қазақстан спортшыларының ішінде де допинг қолданғандықтан, спорттан аластатылғандары баршылық. Бұл тұрғыда қазақ ауыратлеттерінің, жеңілатлеттерінің, шаңғышыларының және конькишілерінің бастарынан өткен жағдайды айтуға болар еді. 90-шы жылдары бұрын әйгілі жеңілатлет әйел Ольга Шишигинаға «допинг қолданған» деп айып тағылып, Жетісудың қырмызы қызғалдағы 1996 жылғы Атланта Олимпиадасына қатыса алмады. Бірақ 2000 жылы Сиднейде Олимпиада чемпионы болып, өзінің нағыз аузымен құс тістеген дүлдүл екендігін дәлелдеп шықты. Ал 2007 жылы Қазақстан велоспортының серкелері Александр Винокуров пен Андрей Кашечкинге де «допинг қолданған» деген айып тағылды. Дәл қазір екеуі де өздерінің адал екендіктерін дәлелдеуге тырысуда. Бұл жерде жағдай мүлдем басқаша, себебі екеуінің басына түскен істе саясат басымырақ. Қазақтың нуы мен суынан нәр алып, ұлттық компанияларының қаржысынан жаралған команданың қамшының сабындай қысқа уақыт ішіндегі жетістіктері мен амбициясы шетелдіктердің (Халықаралық велоспорт басшыларының) қытығына тиген тәрізді.
Допиң түрлері
Стимуляторлар
Стимуляторлар — адамның миына әсер ететін, денесінің жұмысқа деген қабілетін (ойлау қабілетін де, күш-қуатын да) үйлестіретін заттар. Спортшылар мұны шаршағандықтарын басып, күш-қуаттары көпке дейін жоғары деңгейде болуы үшін қолданады. Сондай-ақ салмақ қууға да жақсы көмектеседі. Зиянды әсерлері — қан қысымын көтереді; ашушаң қылып, күйгелектікке түсіреді; бұған үйренісіп-бейімделіп кету ықтималдығы басым; тамаққа деген тәбетті жоғалтады; жүрек қағысына кері әсер етеді; кеуде мен бас ауырады; адамның бойы дірілдейді.
Есірткелік анальгетиктер — бұл ауырғанды басатын, адам ағзасына қатты әсер ететін заттар. Спортшылар мұны шаршағандарын басып, жарақаттарының ауырғандарын білдірмеу үшін қолданады. Осының арқасында олар жарақаттарына қарамай, жарыс-бәсекені, сайыс-доданы одан әрі жалғастыра береді. Зиянды әсерлері — бұған үйреніп кету ықтималдығы шектен тыс басым; бойыңды ұстай алмай қалуың да мүмкін; ұйқышыл қылады; жүректі айнытады, құстырады; іш қатады; естен танып, құлап қалуың да кәдік. Мұны қолданған спортшыны үш ай ішінде тексерсе, бірден байқалады.
Анаболиктер — жасанды және табиғи компонентер, адам ағзасына әсер ететін әрекеттері тестостерон еркек гормонына ұқсас. Спортшылар мұны бұлшық еттерін, күштерін және төзімділіктерін арттыру үшін қолданады. Намысты қайрай түседі. Неғұрлым ұзақ және қарқынды түрде жаттығуға қол жеткізуге болады. Зиянды әсерлері: .еркектер үшін — бүйрекке зақым келтіреді, көкірек қуысы өседі; шаш түсе бастайды, аталық жұмыртқа қатаяды; белсіздікке (ұрықсыздыққа) және импотенцияға ұрындырады; безеу басып кетеді; ашушаң болып, төсек қатынасына деген «тәбет» күшейеді.
Әйелдер үшін — еркекке тән қасиеттер дами бастайды, тіпті бетті түк басады; дауыс ырғағы өзгереді; етеккір циклі өзгереді; ашушаңдық пайда болады. Стероидтар алты ай бойы ағзада қалып қоятындықтан, зәр арқылы мұндай допинг қолданғандар бірден әшкереленеді.
Диуретиктер — денеден сұйық шығаратын препараттар. Қолданыстағы түрлері: ацетазоламид, хлорталидон, триамтерин. Әлбетте бұлар салмақ қуу үшін қолданылады. Сондай-ақ басқадай тыйым салынған препараттарды қолданғандарын білдірмеу үшін кеңінен пайдаланылады. Зәр айдағыш қасиеттерінің арқасында ағзадағы химиялық преператтар сыртқа тез шығарылады. Зиянды әсерлері — сусыздандырады; құрыстырады; басты ауыртады, бас айналады; жүрек айныйды; бүйрекке зақым келтіреді.
Пептидті гормондар және оған ұқсастар — белгілі бір функцияларды (атап айтқанда, қызыл қан тәндерін өндіру мен ауырсынуды) бақылау үшін адам ағзасында пайдаланылған заттар. Жасанды жасалған түрлері де болады. Қолданыстағы түрлері: өсу гормондары, эритропоиетин. Өсу гормондары бұлшық ет пен күшті көбейтеді, жарақаттың тез жазылуы мен жаттығу жұмыстарынан кейін спортшының спорттық бабына тезірек келуіне көмектеседі. Эритропоиетин қанның оттегіні тезірек игеру қабілетін арттырады, бұл өз кезегінде спортшының неғұрлым ұзақ және қарқынды түрде жаттығып, бәсекеге түсуіне ықпал етеді. Өсу гормондарын көп пайдалану қолдың, аяқтың, бет пішін мен ішкі органдардың өсуіне кері әсерін тигізеді. Мұны медицинада акромегалия дейді. Эритропоиетинді көп қолдану қанның қоюлануына әкеп соғады, ал бұл өз кезегінде талмалы ауруға, инфарктқа ұшырауға, тіпті өліп кетуге ұласады.
Қан допингі — бұл спортшының қанының құрамындағы эритроциттер шамасын арттыру, осылайша қанның оттегіні тезірек игеру қабілеті күшейтіледі. Қолданыстағы түрлері: спортшының қанына донорлық эритроциттер құю. Сондай-ақ басқа да әдіс-тәсілдері бар: ірі жарыс-бәсекеге дейін екі-үш ай бұрын спортшыдан белгілі бір мөлшерде қан алынып (немесе нағыз спорттық бабына келген кезінде алынуы да мүмкін), бұл қан консервіленеді (зертханалық жағдайда сақталады), ал нақты керек кезінде әлгі қан ағзаға қайта құйылады. Мұны қолданудағы басты мақсат — қанның оттегіні игеруін күшейте түсу. Осындай жолмен қан допингін қолдану адамның ағзасы үр жаңа қалыпқа түскендей етеді. Әрі олар төзімді де, шыдамды бола түседі. Зиянды әсерлері — қан түйіршіктері пайда болады; қан айналым жүйесіне жүктеме түседі; аллергиялық реакциялар бүйрекке зақым келтіреді; инфекциялық аурулар таралады. Көпке дейін мұны анықтау мүмкін болмай келген, бірақ қазір «ағынды цитометрия» мұндай допинг қолданғандарды айна-қатесіз айқындап береді.
Фармокологиялық, химиялық және физикалық манипуляциялар
Фармокологиялық, химиялық және физикалық манипуляциялар — бұл зәр анализін бұрмалау үшін әртүрлі әдістер мен препараттар қолдану. Қолданыстағы түрлері: басқа адамның зәрін пайдалану (өткізу), эпитестостерон және бромантан қолдану. Спортшылар өздерінің зәрлерінің анализінде тыйым салынған препараттар бар екендігін жасыру үшін осындай әрекеттерге барады. Зиянды әсерлері тым аз. Мұны анықтау аса қиын емес, тек тексеруші шектен тыс мұқият болса болғаны.