Қазақ журналдарының шығуы
1911 жылы Орынбор губерниясының Троицк қаласында алғашқы қазақ журналы «Айқап» жарық көрді. Оның баспагері әрі редакторы белгілі ақын, прозашы және журналист Мұхамеджан Сералин болды. Журналды басып шығаруда қазақ халқының көрнекті өкілдері Б. Қаратаев, Ж. Сейдалин, Сейфуллин, Б. Майлин, С. Торайғыров және басқалары елеулі рөл атқарды. Журналда жарияланған материалдарда қазақ халқының отырықшы өмір салтына көшуінің, өлкедегі халықтың білім деңгейін көтерудің көкейкесті мәселелері қозғалды. Алайда журнал 1915 жылы жабылып қалды. Соған қарамастан, ол қазақ халқының ұлттық санасезімін оятуда, жаңадан қалыптасып келе жатқан зиялы қауымның басын қосып, топтастыра түсуде орасан зор рөл атқарды. Қазақ басылымдарын қаржыландыруға татар көпестері мен кәсіпкерлері елеулі үлес қосты.
1914 жылдан 1918 жылға дейінгі аралықта Омбы қаласында қазақтардың «Бірлік» атты мәдени-ағарту ұйымы жұмыс істеді. Оның жұмысына ақын, жазушы, ағартушы әрі драматург Қошке Кемеңгеров белсене қатысты. Бұл ұйымның органы 1914—1918 жылдары қолжазба күйінде шығып тұрған «Балапан» журналы болды. Оның бас редакторы Қошке Кемеңгеров еді. Уфа қаласында 1915-1918 жылдар аралығында «Садақ» атты және бір қолжазба журнал да шығып тұрды.