1827 жылдан бастап Абылайдың ұрпақтары қазақ хандығын патшалық Ресей езгісінен босату жолындағы күресте белсенділік танытты. Кенесарының әкесі Қасым мен үлкен ағасы Саржан бастаған жасақтар орыс ауылдары мен керуендеріне шабуыл жасап тұрды, қазақ ауылдарын отарлық бұғаудан босатты.
Міне солардың жолын жалғастырушы Кенесары Қасымұлы да мемлекет тәуелсіздігінің өте маңызды іс екенін халық санасына құюда қыруар еңбектер атқарды. Мемлекет мүддесін қорғау жолында жауды жеңіп, тәуелсіздікке қол жеткізу үшін халықты біліктілікпен басқару көп септігін тигізетінін ол жете түсінді. Кенесары Қасымұлы өз айналасына ең адал кеңесшілер мен батырларды, халық арасынан отарлық езгіге қарсы ең беделді, белсенді азаматтарды топтастыра білді.
Кенесары қолы алғашқы әрекетін 1838 жылы көктемінде Ақмола бекінісін қоршап, өртеуден бастады. Қамал бастығы әскери старшина Карбышев пен Ақмола аумағының аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин төнген ажалдан құтылып кетті. Кенесары енді Торғайға бет бұрды. Кенесары Қасымұлы патша өкілдеріне жазған хаттарында бұл әрекетін Ресей шекараларына жақындатуға ұмтылу, сол арқылы келіссөз процестерін жеңілдету деп түсіндірді. Шын мәнінде батырдың негізгі мақсаты 1836—38 жж. Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі болып өткен Кіші жүзді жалпыхалықтық көтеріліске қосу болды.
Толығырақ:http://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%9A%D0%B5%D0%BD%D0%B5%D1%81%D0%B0%D1%80%D1%8B_%D1%85%D0%B0%D0%BD