«Ер Тарғын» – батырлық жыр. Ноғайлы дәуірінің тарихи оқиғаларын бейнелейтін жырдың негізгі идеясы – ерлік пен батырлықты дәріптеу, ел бірлігін сақтау, кіршіксіз махаббат. Жырдың негізгі кейіпкерлері – Тарғын мен Ақжүніс. "Тарғын" – бес қаруды шебер меңгерген батыр, "Ақжүніс"– ару қыз. Тарғын хандармен араз болса да, халықпен бірге. Оның басына іс түскенде ханға деген өкпесін ұмытып, жау елін жайратып жібереді. Ақжүніс сұлу ғана емес, ақылды жан, батырдың жәрдемшісі. Ол әрдайым батырмен бірге жүреді. «Ер Тарғын» жырының композициясы шымыр әрі шебер құрылған. Жырдың тілі өте көркем. Онда классик. эпосқа тән белгілер толық сақталған. «Ер Тарғын» жыры башқұрт халқына да жақсы таныс. Қазақ – башқұрт нұсқаларының сюжетінде елеулі айырмашылық байқалмайды. Ерекшелік негізгі кейіпкерлер, оларға берілген бағасы тұсында ғана кездеседі. Жыр сюжеті қазаққа етене жақын. Бұл тақырыпқа композитор Е.Г.Брусиловский «Ер Тарғын» (1937) операсын жазған. «Ер Тарғын» жырының нұсқалары көп. Алғаш Н.И.Ильминский (1859), В.В.Радлов (1870), Н.Саркин (1904), Ә.Диваев (1922) жинақтарында жарияланған. Алматы қ-ндағы Орт. ғыл. кітапхана мен Әдебиет және өнер ин-тының Қолжазбалар қорында жырдың 8 түрлі нұсқасы сақтаулы. Жинаушылары – Саркин, Диваев, І.Иманов, Ә.Ыспанұлы, Б.Адамбаев, З.Бекарыстанов, М.Құсниұлы, айтушылары – Марабай, О.Қисықов, Н.Нұрғалиұлы, М.Бекетұлы. Ел арасына кең тарағаны – Марабай нұсқасы. Ильминский оны 1862 ж. Қазанда жариялаған ""Диваев жинағындағы нұсқа"" да Марабай нұсқасына негізделген. Бұл нұсқада Тарғын Қаратаудан шыққан батыр болса, Нұрғалиұлы нұсқасында Тарғын Астрахан ханының қарамағындағы батыр, оған Ғайнижамал есімді қыз ғашық болып, тартыс Тарғын мен Шорман арасында өрбиді. Бекарыстанов нұсқасында Тарғынның әкесі – Қосы. Бекетұлы нұсқасында Тарғын Созақтан Қырым ханына кеткен батыр. Жырдағы Сыпыра жырау – Тоқтамыс хан тұсында өмір сүрген (15 ғ.), қыпшақ тайпасынан шыққан тарихи тұлға. «Бұлғыр, бұлғыр, бұлғыр тау, бұлдырап тұрған құрғыр тау» деген жолдар 15–17 ғ-лардағы жыраулық поэзияға тән өрнектер. Шаған – қалмақ жеріндегі су атауы, гидроним. Ол бірде ақ түске қатысты болса, бірде дінбасы атауын білдіреді. «Тарғын» сөзінің мағынасы анықталған жоқ. Жырда Тарғынның тегіне қатысты мынадай мәлімет сақталған: Тарғын – Ардаби – Әжікерей, Айқожа. Мұндағы Айқожа бес қалаға хан болған. Онысы тарихи Бесбалық болуы мүмкін. Батырдың генеалогиясы қазақ шежіресін толықтыратын мәліметтер қатарында арнайы зерттелуге тиіс. Жырдағы этнонимдік атауларды екіге бөлуге болады: бірі – қырғыз, ноғайлы, қара ноғай, екіншісі – он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт. Осы мәліметтер жырдың туған дәуіріне де анықтық енгізеді. Оймауыт, торғауыт, хойт, хошоут, дөрбет – ойраттардың іргелі одағына кірген тайпалардың атауы. Олар Қыпшақ даласына 1452–55 ж. еніп, Сырдарияның бойымен Ташкентке дейін барған. «Ер Тарғын» жырын ноғайлы дәуірінен соң, 17–18 ғ-ларда туған деген пікір дәл емес. Тарғынның ноғайлы дәуірінің батыры екені шындыққа сай келеді. Ноғайлы ұлысы ыдырағаннан кейінгі Қазан, Астрахан, Қырым хандықтары құрылған тарихи-этн. оқиға ізі жырдан анық байқалады. Тарғынның өз елінен Қырым ханына кетуі, Ақшаханның қол астында да тұрақталмай, Еділдегі ноғайлы ханзадасына баруы соның дәлелі. «Ер Тарғын» жырының көркемдік ерекшеліктері, сюжеттік желісі, образдары хақында М.О.Әуезов, М.Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Х.Марғұлан, С.Мұқанов, т.б. ғалымдар зерттеулер жазды.