+2 дауыс
1.0k көрілді
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тарапынан жапа шеккендер не істеуі тиіс?

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап
Құқық қорғау органдарының негізгі қызметі заң мен тәртіптің сақталуын қадағалау, қылмыспен күресу, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады. Дегенмен, азаматтардың құқық қорғау органдары қызметкерлерінен жапа шегетін жағдайлары да кездесіп жататыны белгілі жағдай.

Көптеген азаматтардың басында, әсіресе көп кездесетін жағдай қылмыс туралы арызды тіркеуден заңсыз бас тарту болып табылады. Әрі осы бас тартумен бірге жапа шеккен адам құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тарапынан да қысысм көреді. Сондай-ақ қылмыстық іс қозғаудан заңсыз бас тарту және іс жүргізгенде кедергілер жасау жағдайлары да көп орын алады. Полиция қызметкерлерінің күдіктілерді немесе қылмыскерлерді ұстап алған кездерінде соққыға жығуы, жауап алу кезінде ғана емес, «жедел әңгімелесуде» де көрсетілетін психологиялық қысым және дене жарақаты сияқты жағайлар қалыпты оқиға болып кеткелі қашан. Осындай қысымды тек күдіктілер ғана емес, жапа шеккендер де, куәгерлерде көреді. Жалған дәлелдер келтіру және басқа да өрескел процессуалдық кемшіліктердің орын алуы да полицияның әдеттегі ісі болып кеткені жасырын емес.

Полициядан зардап шегетін азаматтардың санатын анықтап бөліп айту қиынға соғады. Өкінішке қарай, кез келген азамат – күдікті, куәгер, зардап шегуші, құқық қорғау органы қызметкерінің көзіне түсіп қалған кез келген өз жолымен кетіп бара жатқан адам өзіне қатысты осындай іс-әрекеттерге тап болуы мүмкін. Көбіне зардап шеккізу, соққыға жығу, қорлау фактілерін жапа шеккендердің өздері жазып жатады. Медициналық мекемелер дене жарақаты фактілерін жазып алады, дегенмен, зардап шегушіге кімнің дене жарақатын салғанын жасырып қалуға тырысады. Әрі азаматтардың көптеген бөлігі құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен көрген құқайын жасырып қалуға тырысады, өйткені құқық қорғау жүйесінің қайта маңынан жүргісі келмейді. Азаматтар өзін жан-жақты қорғалған тұлға ретінде сезіне алмайды және әділдікке жету мүмкіндігіне сенімін жоғалтады. Кінәлілерді жазалап, шеккен зиянының есесін қайтарып, әділдікке жететін адамдар ілуде біреу ғана кездеседі. Солай десек те, құқық қорғау органдарында істейтін кінәлілерді жауапқа тарту мүмкіндігі өте жоғары. Ол үшін жапа шеккен адамның әділдікке жетуге деген нық сенімі мен құқық қорғаушылар ұсынатын тиісті құқықтық көмек керек. Ынта мен құқықтық қолдау болса, кінәлілердің белсенді қарсы әрекетіне қарамастан құқық қорғау органдары қызметкерлерін жауапкершілікке тарту өте тиімді болуы әбден мүмкін.

Егер құқық қорғау органдарының қызметкерлері, соның ішінде прокуратура қызметкерлері сізге қатысты қандай да бір қылмыс жасаса немесе Сіздің арызыңыз бойынша шара қолданудан бас тартқан болса, өз құқығыңызды қорғау туралы өтінішіңізді ішкі істер органдарына, қаржы полициясына, ұлттық қауіпсіздік комитетіне, прокурорға немесе сотқа тапсыруыңыз керек.

Егер Сіз іс бойынша қабылданған процессуалдық шешіммен келіспейтін болсаңыз немесе егер сіздің жеке бас құқықтарыңыз бен бостандықтарыңызға прокурор, тергеу және жауап алу органдарының әрекеті (әрекетсіздігі) және шешімі тікелей зиянын тигізген болса, сотқа шағымдануға құқылысыз.

Арыз-талапты қылмыстық істі жүргізген орган орналасқан аудандық сотқа Сіз келіспейтін шешіммен танысқан сәттен бастап он бес тәулік ішінде немесе прокурордың өтінішті қанағаттандырудан бас тартуы туралы хабарламасын алған соң осындай мерзім ішінде немесе прокурорға берілген өтініш бойынша жауап келмегеніне он бес тәулік толған сәттен бастап бере аласыз.
...