Сәбилік шақ артта қалды, мектепке дейінгі кезең де зуылдап өте шықты. Енді аз ғана уақыттан соң сіздің балаңыз мектепке барады. Болашақ бірінші сынып оқушысы нені білуі керек?
Көптеген ата-аналар дайындық дегенді баласы оқу, санау және жазуды білсе болды деп біледі. Шындығында, бұл тек басы ғана. Мектепке дайындық сіз бен біз ойлағаннан да, әлдеқайда маңызды әрі күрделі мәселе екен. Негізі мектепке барғанға дейін теория жүзінде баланың оқи алуы, жаза білуі, санай алуы міндетті емес. Алайда, тәжірибе жүзінде мұның бәрін білгені өзіне пайдалы, өйткені оқудың қарқынына ілесу қиындап, бала «алдыңғы қатарлы» құрдастары арасында өзін қолайсыз сезінуі мүмкін. Бала өзін «ақсаусақ», қолынан ешнәрсе келмейтін оқушы ретінде сезінбес үшін, ата-аналарына мектепалды даярлыққа айтарлықтай мән беруге тура келеді. Сондықтан да, ерінбестен баламен даярлық сабақтарын өткізіп, үлкен жауапкершілік таныту не болмаса қолайлы уақыт пен ақша тауып, оны кәсіби мамандарға – дайындық курстарына (өзіңіз баланы апаратын мектеп ішіндегі курстар ең қолайлысы), баланы ерте бастан дамыту мекемелері немесе жеке педогогтар мен психологтарға тапсырған дұрыс болады. Әйтсе де есіңізде болсын, мектепке дайындық бірден жасала салатын нәрсе емес, оны кезең кезеңімен іске асыру керек!
Баланы мектепке даярлау барысында сіз басты назар аударатын негізгі сәттер:
Алайда, баланың үйренуі оның мүмкіндіктері мен психикалық жетілуіне сәйкес келмейтінін ұмытпаған жөн. Сондай-ақ, оның үйрену қабілеті баланың танымдық белсенділігінің жоғарылығы деп айтуға болмайды, көп жағдайда ата-аналар өз баласына біліммен толтыру қажет бір ыдыс қана деп қарайды. Расында, «оқысаңыз балалар, шамнан шырақ жағылар» дегендей, баланың жарқырай жануға дайын тұрған шырақ екенін, оны тек тұтату қажеттігін ескере бермейміз.
Оның үстіне тұтас беттегі тақпақты жатқа айтқан бала жақсы оқушы деп бағаланғанымен, шын мәнінде ол мектепке дайындығы бойынша, психологиялық, тұлғалық, қарым-қатынас тұрғысынан, әлеуметтік-психологиялық жағынан әлсіз, тіпті дайын емес те болуы мүмкін. Дәлірек айтсақ, білім қорынан басқа балаға:
Әрине, мектепке деген дайындық бас пен оның жұмысына ғана емес, бүкіл ағзаның да дайындығын талап ететінін естен шығармаңыз: мектептің алғашқы жылында иммунитет жүктемесі ауырлайды, сондықтан да 1 сыныпқа барар алдындағы жаз айларында сабақтан өзге, физикалық дайындықпен де айналысқан абзал болар еді. Бала ағзасы көп қозғалысты (ең дұрысы, денсаулықтан өзге тәртіпке де үйрететін спорт секциясына жазылу), таза ауаны, толыққанды тамақтануды талап етеді.
Егер бала денсаулығына байланысты сұрақтар туындаса, дәрігермен міндетті түрде кеңесіп, оның оқу процесі мен жағдайын ретке келтіру бойынша ұсыныстарын тыңдау керек (мүмкін тіпті арнайы мектеп таңдауға тура келер).
Бірінші сыныптағылар үшін ең бастысы - бір нәрсені жасай алу мен дағдылану емес, мектепте қандай жағдай болса да, өз күшіне және ата-анасының қолдауына деген сенімділік екенін естен шығармаңыз.