Түс көру – қиял процесінің ұйқы кезіндегі енжар бейнесі. Түс көруді физиологиялық тұрғыда түсіндірген академик И.П.Павловтың пікірі бойынша ұйқы кезінде ми клеткаларының қызметі толық тежелмейді, кейбір бөлімдері ояу қалпындағыдай жұмыс істей береді. Ми қыртысының осындай бөліктерін “күзетші пункт” деп атайды. Күзетші пункттерде адамның бұрынғы көрген, естіген, дәмін татқан нәрселердің бейнелері (бейнелі ойдың ісін басқаратын оң жақ ми сыңарында) қайта “тіріледі”. Түсте ақылға сыймайтын бейнелердің туындауын мидағы сигнал жүйелерінің арасындағы байланыстың әлсіреп, бірінші сигнал жүйесінің іске қосылып, екінші сөздік сигналдардың толық тежелуімен түсіндіріледі. Осы түстерде алған әсерлердің болып көрмеген қиысулары ретінде түсіндірген И.М. Сеченов адамның ояу кезіндегі басынан кешкен оқиғалардың есепсіз көп фактілері себеп болады деп білді. Адамның дене мүшелеріндегі жайсыздық та әр түрлі түс көруге себеп болады. Түс көруді зерттеу бейсаналылықты танудың жолы, адамның жан жүйесін түсінуге ықпал етеді деп білген психоаналитиктер түс көруді физиологиялық, соматикалық емес, психологикалық құбылыс деп білді. З.Фрейд түс көрудің айқын мазмұнымен қатар тылсым астары да бар, сондықтан түс адамның бейсаналық деңгейіндегі ойларының символдық бейнесі деп білді. К.Юнг бойынша түс көру адам санасынан тыс, оның рухани дүниесіндегі сана мен бейсаналықтың арасын байланыстыратын, болашақты болжайтын транценденталды құбылыс деп санады. Адамның психикалық өмірі бейсаналықтың тереңінен тамыр алады, санамыз болса жанның орасан зор бейсаналық әлемінің аз ғана бөлігін бейнелейді. Түсте сана ұлғайып, кеңістіктік-уақыттық шектер жойылады, адам өзін басқа уақытта, кеңістікте, әлемде, мүлдем басқа күйде сезіне алады. Қазақ дәстүрлі қоғамында да түс көруге бей-жай қарамағанын, мән беріп, мағынасын жорығанын ауыз әдебиеті мұраларынан, ырымдар мен жоралардан көруге болады. Түс көру адамның ырқынан тыс болғандықтан оны көрудің мағынасынан гөрі түсті жоруға көбірек көңіл бөлген. Түсті әрдайым жақсылыққа жорып, “Түс – балқыған қорғасын” оны жақсылыққа жорысаң – жақсы ниет қабыл болып жақсылыққа айналады, жамандыққа жорысаң – жамандыққа айналуы мүмкін деген ұғым бар. Түсті рухани әлемнің хабаршысы ретінде қабылдау діни танымға жат емес. Түс көруде рухани адамға аян берілетіні, ғайыптан болашақтан хабар берілетіні жайлы көптеген аңыз әңгімелер бар. Құранда аты аталатын Жүсіп пайғамбардың (ғ.с.) түсінде аян алуы мен түс жору ғылымын иеленуі Құдайдың құдіреті деп сенеді. Түс көру мен оны жору діни және рухани танымға жат емес, адамның рухани өміріндегі, психологикалық халіндегі маңызды құбылыс.