+1 дауыс
1.9k көрілді
"Қарындастан айырылған жаман екен, қара көзден мөлдiреп жас келедi....".  Жыр жолдары неткен мұңды .Шығу тарихын толық айтып бересiз бе?

4 жауап

+2 дауыс
 
Жақсы жауап

   Халық басына қайғы болып төнген трагедиялық оқиғалардың
бірі – 1723 жылғыЖоңғар қалмақтарының шабуылы. Сол бір қиын-
қыстау, сұрапыл кезең тарихы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл
сұлама» деп аталып кеткен. Осы тар заман, тарихи оқиға, қайғылы
кезеңге байланысты көптеген өлең-жырлар, зарлы-жоқтаулар,
аңыз-әңгімелер сол кездің өзінде-ақ ел арасында ауызша айтылып,
кең тараған. Бірақ солардың ішінде бірен-сараны ғана болмаса,
барлығы бірдей ел жадында сақталып қалмаған.
   Қазақ Совет энциклопедиясында: «...ел арасында бұл оқиға
«алқакөл сұлама» деген атпен белгілі. Бұл зар – заман халық аузында
«Елім-ай» сынды мұңлы ән қалдырды, – [134, 220] дейді. Халықтың
басындағы қайғылы халды, тарихи ахуалды нақтылы жеткізген осы
тарихи өлеңнен асқан жәдігерді табу қиын. М.Әуезов: «...тарихи
оқиғалар өз тұсында көпке жайылған жанды әңгіме болып жүрсе,
кейде ақындардың қолына жетіп, өлең өлшеміне түседі. Тарихта
болған оқиға өлеңге айналған соң, өзі ескінің тарихы болып
жоғалмайтын болады» [135, 141] дейді. Осыған ұқсас пікірді тарихи
өлеңдермен аңыздардызерттеген ғалым, профессорН.С.Смирнова:
«Тек нағыз тарихи шығармаларға тән негізгі сипаттар тарихи
өлеңдердің ең кішігірім түрлерінде ғана сақталған» [136, 583]
деген тұжырым жасайды. Демек, тарихи аңыздар секілді тарихи
өлеңдердің де танытқыштық қасиеті елеулі.

+1 дауыс
бұны білмеген ұят қой........
Ия бiраз умытып калыппын. Айтпесе бiлем сал сал. Шыгу тарихы жайлы реферат керек болган сон сурадым .
+1 дауыс
Астана. 31 наурыз. Baq.kz – Соңғы уақыттарда «Елім-ай» деген «дастанды» қазақ тарихында орын алған 1723 жылғы «ақтабан шұбырынды» оқиғасын суреттеген бірден-бір шығарма деп қызу насихаттауда. Авторы Көшебе Керей Қожаберген жырау дейді. Бірақ бұған қатысты профессор Жамбыл Артықбаевтың «Қолдан қаһарман жасаудың халыққа пайдасы қанша?» деген сын-сұхбаты «Халық сөзі» басылымында (10.04. 2013 жыл) жарияланды. Тарихшы ғалым өтіріктің артын ашқан. Біз де «Алтын Орда» газетінде (26.10. 2001 жыл) «Елім-айдың» авторы да – Биғожин!» деп осы жалғандықты сынағанбыз.

Уағыздаушы топ Ыбырай Алтынсариннің 1879 жылы Орынбордан жарық көрген «Киргизская хрестоматия» атты кітабын алға тартады. Көшебе Керей «Қожаберген» «жырау» сонда енген деп. Хош. Бұның қаншалықты шындық екенін тексерейік.
Шоң ұстаздың осы еңбегінің «Ұсақ әңгіме-ертегілер» деген бөлімінде «Абылай хан» атауымен берілген тақырып: «Керей Қожаберген жырауға Абылай: «Мені мақтап жыр айтшы», – деді. Қожаберген айтты:
– Абылай, сен, мен көргенде, тұрымтайдай ұл едің, Түркістанда жүр едің, Әбілмәмбет ағаңа қызметкер болған ұл едің; Үйсін Төле билердің түйесін баққан құл едің. Сен жиырмаға келгенде, ақ сұңқардай түледің. Алыстан тоят тіледің: ақтан болды күніңіз, арсы менен күрсіге дау таласты үніңіз, енді сіздің бұл күнде, бір көшеге сыймайды азаткерде құлыңыз», – деп қысқа ғана баяндалып өтілген (Қараңыз: Алтынсарин Ы. Қазақ хрестоматиясы (Киргизская хрестоматия). Алматы: «Білім», 2003 жыл, 13-бет).
Куә боп отырмыз мінекей, жоғарыдағы «Керей Қожаберген жырауға...» деген сөйлемді біреулердің өз қалауларынша «Көшебе Керей Қожаберген жырау» деп өңін айналдырып өзгертіп алуларына дәлелдері қайсы?! Бұл – анығында Шұбарайғыр Қожаберген баһадүр. Керейдің Абағынан. Үнемі Абылай ханның қасында жүрген. ХVIII ғасырдағы бұлғақта. Оған айғақ – ұрпақтарында сақталынған ол тұтынған соғыс құралдары, орыс, моңғол, қытай мемлекеттері архивтерінен есімі таңбаланған құжаттардың табылуы (Қараңыз: Ә.Тарақов. Абылайдың ақ туы.// «Егемен Қазақстан». 30.07. 2008 жыл; А.Тойшанұлы. Қожаберген батырдың ақ туы.// «Дала мен қала».22.04. 2013 жыл; Ж. Артықбаев. Қолдан қаһарман жасаудың халыққа пайдасы қанша?// «Халық сөзі». 10.04. 2013 жыл). Ал жақтары талмай кейбіреулер айтып жүрген «Көшебе Керей Қожаберген» жайлы еш тарихи дерек жоқ. Тек Қаратай Биғожин дейтіннің ойдан құрап басылымдар арқылы елге таратқан қисынсыз әңгімелерін және деректану ғылымы сараптауынсыз соның негізінде жазылған Марат Мұқановтың қайшылыққа толы кітабын куә қылады. Бұлар – дәлел емес! Сондықтан, ол – есімі түзіліп, атқарған қызметі баяндалған ХVIII-ХIХ ғасырдан жеткен ескі тарихи жазбалар, архивтік құжаттар арқылы айғақталуы тиіс!
Сонымен Керей Қожаберген хан ием Абылайға айтыпты деген жаңағы өлең үзіндісіне қайта оралайық. Бұл жайлы классик һәм текстолог-ғалым Мұхтар Мағауин бүй деп тұжырым жасаған: «Керей Қожаберген деген жырау болған. Алтынсарин хрестоматиясында аты аталады, бір үзік толғауы жүр. Бірақ белгілі Бұқарды қайталайды. Мүмкін ортақ сарын. Мүмкін әуелде Қожабергенге тиесілі тіркестер. Алайда Бұқарға біржола кіріккен» (Қараңыз: М.Мағауин. «Мен». Ғұмырбаяндық хамса.// «Жұлдыз», №8, 1998 жыл).
Демек, бұл – Абылай ханның ақылшысы болған Бұқар жырау толғауының тармақтары. Жоғарыдағы Керей Қожаберген айтыпты деген өлең үзіндісін абыз бабамыздың бүтін қазаққа аян «Ал, тілімді алмасаң...» деп басталатын шығармасымен салыстырып қарасақ бұның талассыз солай екені еш шүбәсіз. Сөзімізге куәлік берейік, бүй дейді Бұқар жырау:
Ал, тілімді алмасаң,
Ай, Абылай, Абылай,
Сен мен көргенде
Тұрымтайдай ұл едің,
Түркістанда жүр едің,
Әбілмәмбет патшаға
Қызметкер болып тұр едің.
Қалтақтап жүріп күнелтіп,
Үйсін Төле билердің
Түйесін баққан құл едің.
Сен жиырма жасқа жеткен соң,
Алтын тұғыр үстінде
Ақ сұңқар құстай түледің.
Дәулет құсы қонды басыңа,
Қыдыр келді қасыңа.
Бақ үйіне түнедің,
Алыстан тоят тіледің.
Қылышыңды тасқа біледің,
Алмаған жауың қоймадың,
Алған сайын тоймадың,
Несібеңді жаттан тіледің...
Толғау осылай кете береді, соза бермей аттамалап пікір өзегіне айналған тұстарды ғана көрсетіп өтейік одан әрі.
...Жұлдызың туды-ау оңыңнан,
Жан біткен еріп соңыңнан,
Он сан алаш баласын
Аузыңа құдай қаратып,
Жусатып тағы өргізіп
Жұмсап тұрсың қолыңнан.
Ақтан болды-ау күніңіз,
Арсы менен күрсіге
Дау- таласты үніңіз.
Өзің болған күніңде
Бір көшке сыймайды
Азаткерде құлыңыз...
(Қараңыз: Алдаспан (құрастырып, баспаға әзірлеген, алғы сөзін, түсініктерін жазған филология ғылымдарының кандидаты Мұхтар Мағауин). – Алматы: «Жазушы», 1971 жыл, 151-152 беттер)
М.Мағауин және мынадай анықтама береді: «Ал, тілімді алмасаң», – Мәшһүр Жүсіп бойынша берілді. Алғаш «Таң» журналында (1925, №3) жарияланған; жинап бастырушы - Ғ.Жаманқұлұлы. Бір үзіндісі Құрманғали Халитұлының «Тауарих хамса» атты еңбегінде (Қазан, 1911) келтірілген», – дейді (Қараңыз: Алдаспан. 256-257 беттер).
Бұқар жырау туындылары өзі ғұмыр кешкен ХVIII ғасырда-ақ байтақ жұртқа тегіс тараған, бағзы заман қазақтары аталы сөзін үлгі қылған, жатқа білген. Шұбарайғыр Қожаберген баһадүр де жаңағы елге мәшһүр толғаудың үзіндісін қайталап айтса керек Абылай ханға...
Жә, жақсы. Айтпағымыз бұл емес-ті. Басқа. «Елім-ай» «дастанының» жәйі-тұғын. Соған көшейік.
«Өнім», «тұтынушы» деген ұғымдар бар. Ежелден қалыптасқан нарықтың тұрақты ұғымдары. Олай болса, көпке түсінікті болу үшін ақынды – өндіруші, ал өлеңін – өнім, сол шығарманы тыңдаушы немесе ғибрат етіп өнеге қылушы жанды тұтынушы дер едік салыстырып. Кім-кім де әуелі тұтынар затының сапасына көңіл бөлері анық. Рухани игіліктеріңізге пайдаланыңыздар деп көпке ұсынылған соң «Елім-ай» «дастанының» тарихи дәйектілігін, көркемдік дәрежесін т.б. тексеріп алуды жөн көрдік. Бұл – тұтынушы ретіндегі хұқығым. Сондықтан іс-әрекетімізге өзге біреулердің көлденеңнен орынсыз килігіп ашу шақыруы, ойбай-аттанға басуы – таяздық, хас надандық!
«Елім-ай» «дастанын» әлгі атышулы Биғожин дейтін еді «Дала дидары» газетінің 1991 жылғы 3 және 50, 1992 жылғы 20 және 44 нөмірлеріне, жалғасын одан кейін басылымның «Ауыл» деген атпен шыққан сандарына (22-28 қаңтар, 1993 жыл) алғаш жариялатқан.
Н.Әбуталиев деген де тарихты шексіз бұрмалаған, шылғи өтіріктен тұратын «Сегіз сері» атты «еңбегінде» (Алматы, «Жалын», 1991 жыл) «Елім-ай» «дастанын» жеткізген «Сегіз сері» дейді. (18-бет). «Бізге жеткен екі мың жолдай өлең ғана, яғни дастанның бірінші бөлімі» дейді. Және мұның М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар бөлімінде тұрғанын нақтылап айтады. Тарихты нақпа-нақ жеткізген бірден-бір асыл мұра деп тамсанады ол одан әрі. «Елім-ай» «жырын» аталған кітабына енгізіпті (37-70 беттер).
Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ білетінбіз «Елім-ай» әнін. Халықтікі дейтін. Кейіннен естіп жүргеніміз, «Қожаберген» жыраудікі екенін, «Елім-ай» деген «жырының» кейбір шумақтары екенін, «Сегіз сері» арқылы «жеткен». Бірақ «Елім-айдың» кейінге «табысталуына» себепкер болған сол «Сегіз сері» «Шақшақов» ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімімен және М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғалымдарынан арнайы құрылған Тексеру комиссиясының сараптау қорытындысы бойынша фальсификация деп танылды. (Қараңыз: «Ана тілі».№5, 1. 02. 2007 жыл; «Қазақ әдебиеті».№5, 2. 02. 2007 жыл; «Қазақ әдебиеті».№29 20. 07. 2007 жыл)
Халыққа бұрыннан жақсы таныс «Елім-ай» әуені мәтінін бертініректе «тапқан» Биғожин дейтіннің «Елім-ай» «дастанымен» салыстырып қарайық. Атақты «Елім-ай» әнінің елге кең тараған, исі қазаққа аян шумақтары мынадай-тын:
1.Қаратаудың басынан көш келеді.
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қарындастан айырылған жаман екен,
Екі көзден мөлдіреп жас келеді.

2.Мына заман қай заман, қысқан заман.
Басымыздан бақ, дәулет ұшқан заман.
Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,
Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман.

3.Мына заман, қай заман, бағзы заман.
Баяғыдай болар ма, тағы заман!
Қарындас пен қара орын қалғаннан соң,
Көздің жасын көл қылып ағызамын.
(Қараңыз: Шәкәрім Құдайбердіұлы. Қазақтың қайдан шыққаны.// «Қазақ әдебиеті».№ 37.14.09.1990 жыл)
Мінекей, көріп отырмыз, куә боп отырмыз, мәтін сөздерінде кедір-бұдыр тұс кездеспейді. Әуенге салып айтқанда да, мәнерлеп оқығанда да дауыстың соқпа-соқпасы сайма-сай қайталанып, жорғағы әдемі келісіп тұр! Еш кібіртік жоқ! Өлең мазмұны да бұлдыр заман оқиғасынан елес береді. Тілі көркем. Бояуы қанық.
Енді «Қожаберген» «жыраудың» «Сегіз» жеткізген, анығында Қаратай Биғожин «жеткізген» «Елім-ай» «жырын» талдайық. Өлең бе, шөңге ме, соны нақтылайық. Авторын анықтап, «шығарманы» иесіне қайтарайық. «Дастан» былай басталады:
Баласы Халдан-Бошақтың Сыбан Рабтан,
Көрші елді жауламақ боп көз алартқан.
Бурятты халқименен қосып алып, (?)
Барабы татарларын келіп шапқан...(?)

Теріскей Алатауды қалмақ алды,
Наймен мен Қоңыратты қуып салды.
Қайран жер жау иелігіне көшкеннен соң,
Жоңғардың Алатауы деп аталды.

Алтын, күміс, мал беріп, аямай-ақ,
Орыстар мен Қытайдан білгір жалдап (?)
Сыбан Рабтан ден қойып өнерпазға,(?)
Ғаскерін үйреттірді бес жыл қамдап...
Осылайша кете береді. Осы өлең бе?! «Қожаберген» көрші елді «Қытай» дейді. Ал, Бұқар жыраудың айтатыны бар еді, «Шүршіт келем деген сөз бар-ды» немесе «Шүршіт келсе, Сырға көш» деп. Абыз үлкен көршіні сол кездегі қазақтардың таңған өз атауымен атайды...
Әрі қарай, тағы да келтірейік.
Екі ұлым бізге еріп келіп еді, (12)
Қызықты Сыр бойында көріп еді. (11)
Ақыры қан майданда шаһид болды, (11)
Қос құлыным жау қалмаққа не қып еді... (12)

Болды ғой қиын заман япырым-ау, (11)
Жарар еді қазақ қалса апаттан сау. (10)
Үлгіртпей елден сарбаз жиюға да, (10)
Соқтықты қапияда мейірімсіз жау. (11)

Тарығып ұзақ жолда тарттым бейнет, (11)
Туатын күн болар ма бізге зейнет? (11)
Қолында аға-інімнің аман ба екен, (13)
Ең кенжем – жалғыз қызым, құлыным Зейнеп... (12)
Осылай деп зарлайды Биғожин «Қожаберген» «жырау» боп!
Өлең өлшемі сақталынбаған. Академик Зәки Ахметов айтады: «Қазақ поэзиясында өлең буын санын тұрақты мөлшерде сақтау арқылы жасалады»,– деп (Қараңыз: Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедия, 4-том. Алматы, 1989 жыл, 483-484 беттер). Ал, біз көріп отырмыз: бұл «өлеңдерде» буын саны тұрақты емес: бір тармақ 10, енді бір тармақ 11, тағы бір тармақ 12, 13 буын боп келген. Айта кетейік, Қаратай Биғожин пікір өзегі – осы «Елім-ай» «дастанын» қара өлең мен 7-8 буынды жыр ағымы үлгісіне бейімдеп аралас қып шығаруға тыраштанған.
Профессор Бисенбай Кенжебаев былай дейді: «Қара өлеңнің әр тармағы 11 буынды, 3 бунақты болады; оның бір бунағы үш буынды, қалған екі бунағы төрт-төрт буынды болады. Ал, тармақ ішінде бунақтар орны жылжымалы, ауыспалы келеді» (Қараңыз: Әдебиет белестері. Алматы, «Жазушы», 1986, 80-бет).
Жалпы «Елім-ай» «жырының» бітімі ғалымдар айтқан анықтамаға сай келмейді. Демек, елде жоқ «жанр»! Басқа «айшық»!
Рас, ертедегі жыраулар поэзиясында буын сандары әртүрлі боп келетін шумақтар ұшырасады, бірақ оның жөні бөлек, жосығы басқа.
Бәрін бастан аяқ шашаусыз тізіп көрсету міндет те емес, мүмкін де емес һәм газет беті шектеулі ғой. Сондықтан шумақтарды «дастанның» әр тұсынан алып талдап отырмыз. Тағы да көз жүгіртейік «жырға». «Елім-ай» «дастаны» жұрт білмейтін «тың» «мәліметтерге» қанықтырады.
Ойғырдың анасы – қытай, атасы – түрік,(?)
Қытаймен көрші тұрды жиенсініп.(?)
Соқтығып Ұлы жүзге әлсін-әлсін,
Шетінен еліміздің салды бүлік.
Шүршіттің анасы – қытай, атасы – араб,(?)
Жатпады олар-дағы текке қарап.
Тиісіп Найман, Қоңырат, Жалайырға,
Мазасын кетірді елдің шабуылдап.
«Ойғыр» қандай халық осы уақытқа шейін ел естімей келген?! Араб атай мен Қытай әжейдің некесінен туған Шүршіттің де тарихын білгіміз келеді. «Қожабергентанушылар» осыны таратып, талдап, айтып берсе дейміз. Әрі қарай.
Құрттатып ет жейтұғын қалмақ кәпір,(11)
Қазақтың сахарасын жайлады ақыр.(12)
Теңемек болып бізбен терезесін,(11)
Жауығып жүруші еді тігіп шатыр.(12)
Академик З.Қабдолов бүй депті: «Ұйқас – ұйқас үшін тұрмауы керек, яғни өлеңнің пішініне ғана емес, мазмұнына қызмет етуі шарт» (Қараңыз: Сөз өнері. – Алматы: «Қазақ университеті», 1992 жыл, 280-бет).
Өкінішке қарай, жоғарыдағы «кәпір», «ақыр», «шатыр» деген мәтіндегі есімдер ғалым айтқандай ойлы, терең мазмұнға қызмет етіп тұрған жоқ, бос ұйқасқа құрылған. Оқырманға ұғынықты бола түссін, тәптіштеп түсіндіріп көрсетейік, мәнсіз, бөстекі мына сөздерден «өлең» шумақтарын жасаған: «Құрттатып ет жейтұғын кәпір қалмақ қазақтың сахарасын ақыр жайлады. Бізбен терезесін теңемек болып шатыр тігіп жауығып жүруші еді». Өлең құраудағы «тың әдіс», «соны соқпақ»! «Елім- ай» «дастаны» бастан аяқ осындай жолмен жамап- жасқалған.
«Дастанға» одан әрі тағы да назар салайық, ондағы сорақылықтарға көз жеткізе түсу үшін.
Қызығын жаулар көрді жиған малдың.
Нақақтан қанын төгіп талай жанның,
Біз кеткенде жорықта жүрген бес ұл
Шіркін-ау, тірімісің, қайда бардың? – дейді.
Бұл өлең емес! Таза шатпақ! Сорақылық былай өрбиді одан әрі:
Төреден Әйтеке би безін деді,
Келді ғой көсем сайлар кезің деді,
Қазақты батыр көсем басқармаса,
Быт-шыт қылар жау қалмақ сезін деді.
...Осындай көптен көсем ізде деді,
Хандарды шеттетуді көзде деді.
Қазақты төре бастап көгертер деп,
Малтаңды би мен бектер езбе деді, – дейді «Қожаберген».
Бүгінгі мемлекетіміздің алғашқы негізін қалаған Жәнібек пен Керей сұлтандар төре-тұғын. Одан кейінгі Хақназар хан, Қасым хан, Есім хан... беріректегі сайыпқыран Әбілқайыр хан, Абылай хан бүткіл ғұмырын ат жалында өткізген-ді қазақ жұртының тағдырын ойлап. Бұлар да төрелер болатын. Басы кім үшін жоғалып еді сойы төре баһадүр Кене ханның?! Қазақты өз алдына ел қылам деп «Алаш Орда» үкіметін құрған дана көсем Әлихан Бөкейханов та төре-тін. «Әйтеке би» – Биғожин мықтап қателесіп, беталды лаққан! Өсиеті нақты шындықпен қабыспайды, «аманат- болжамының» теріс боп шыққанын тарихтан көріп отырмыз. Ақиқатында бұған тек өресі таяздар ғана сенеді. Кемел ойлы Әйтеке би мұндай парықсыз сөзбен ел арасына әреке кіргізбесі анық.
«Дастанның» бөстекі, қисынсыз сөздермен құрастырылғанын әдебиетші-ғалым Серікбай Қосанның талдауымен бекіте түсейік, ол: «...Әдебиет және өнер институты Сирек қорындағы 863, 853, 766- нөмірлі бумаларында сақтаулы Қожаберген, Сегіз сері шығармаларының қолжазбалары мәтіндік жағынан да, поэтикалық жағынан да еш сын көтермейтін дүбәра дүниелер екенін тарихшылар мен әдебиетшілердің бірі білсе, бірі білмейді. «Елім-ай» дастанының мәтінінде өрескел қайшылықтар өріп жүр. Мысалы:
«Еділ мен Жайық жақтан көш келеді,
Көш бас сайын бір топ нар бос келеді» (Үш пайғамбар. Құраст. А.Нысаналы – Алматы, 1992. 159-бет) – деп келетін жолдардың шынайылығы күмән тудырады. Немесе осы беттегі:
«... Басынан Алатаудың көш келеді,
Көшкен сайын жорғалар бос келеді».
Сондай-ақ, 162-беттегі «Басынан Қаратаудың көш келеді,// Көшкен сайын тайлақтар бос келеді» деген жолдардың тарихи шындыққа да, қарапайым қисынға да мүлде жанаспайтын оғаш тұстар бар. ...қаралы көш Қожаберген жырау жазыпты-мыс дегендей, Алакөл, Алатау яки болмаса Еділ-Жайықтан емес, Қаратаудың басынан келгені, қазақ тайпаларының Сырды жағалай Оңтүстікке – Орта Азия бағытына қарай бет алғаны басы ашық мәселе. Сонымен бірге, көш жағалап жалғыз келе жатқан тайлақ – ол түйе малы емес, образ арқылы өрнектелген... енесінен айрылған мұңлық сәби, шапқыншылықтың зардабынан жапа шеккен, жаны жаралы жетімек», – дейді (Қараңыз: Ғасыр жұмбағы немесе Сегіз сері кім?// «Қазақ әдебиеті».№37. 15.09. 2006 жыл).
Халық композиторы, ақын Мералыұлы Мұхит бабамыздың да «Айнамкөз» атты алашқа жақсы мәлім туындысындағы: «Айнамкөз сен қайдағы, мен қайдағы,// Біреудің мен де өзіңдей бозтайлағы», – деген сөздері жасөспірімді, балаң жігітті бейнелеген. Сондай-ақ әлгінде келтірілген «шумақтарда» баяндалғандай қазақтың шығыстан батысқа, батыстан шығысқа қарай қарама-қарсы жөңкіле босуы да ми айналдыратын түсініксіз жайт.
Тағы да жалғастырайық.
Жырыма көңіл аудар азаматым,
Ұнаса менің айтқан насихатым.
Қожа, молда, ишандар артын қысып,(!)
Қоржынға салып қойсын шариғатын...
Әнекей! Қожа, молда, ишандарға «арттарыңды қыс, шариғаттарыңды
қоржындарыңа салып қой» дейді «Қожаберген». Совет тұсы болса, нағыз атеист шал!
Қыздарым, келіндерім, топ құрыңдар,
Ерлерше киініңдер, сай тұрыңдар.
Ұрыста өл, мазақ болма, берілмеңдер.
Қалмақты селебемен шапқа ұрыңдар...(!)
Аңғал «Қожаберген» келіндері мен қыздарына «селебені қалмақтың тек шабына ғана ұрыңдар» дейді. Биғожин ұйқас іздеймін деп «Қожабергенді» ыңғайсыз кепке түсірген!
Классик жазушы, текстолог-ғалым Мұхтар Мағауин де біз талдап отырған «Қожаберген» «жыраудың» осы «Елім-ай» «дастанымен», өзге де «шығармаларымен» танысқан, мұндай шалдыр-шатпақтарға көп бас қатырмай сөздің тоқетеріне былай көшеді: «... Қожаберген атына қатысты басқа бір нұсқалар кейінгі кездің жамауының астында қалған. Аршып алу мүмкін емес. Сөйтіп Қожабергенмен қоштастым», – депті әлгі «толғау-жырлардан» біржола түңілген ол (Қараңыз: М.Мағауин. «Мен».Ғұмырбаяндық хамса.// «Жұлдыз».№8, 1998 жыл).
Мұхтар аға Мағауиннен асырып не айтпақпыз. Жұртқа әйгілі халық әні «Елім-айдың» мәтіні мен Биғожин шығарған «Елім-ай» «дастаны» мәтінінің арасы жер мен көктей! Бұған көп сауаттылықтың қажеті шамалы. Бұдан әрі қаузайтын ештеңесі де жоқ, алтын уақытты текке зая ғып. «Дастан» талдауға тұрмайды!
Жақсы, осы Көшебе Керей «Қожаберген» «жыраудың» басқа «туындыларын» тексеріп көрейік. Бәлкім жөні түзу бір шығармасын кездестіріп қалармыз. «Үмітсіз – шайтан»... Мың ақтарып, жүз төңкердік. Әлденеше рет мұқият сүзіп шықтық. Үміт ақталмады. Өзге де «жырлары» «Елім-ай» «дастаны» сықылды шалдыр-шатпақ бірдеңелер шетінен. Өлең деуге келмейді. Енді соларынан ұсынайық дәлелге.
Хақназардың тұсында
Қазақтың халі жақсарған.
Тұтас күйде Үш жүзді (?)
Көп жыл бойы басқарған.
...Жыл сайын егіп егінді,
Нандық (?) астық мол алған.
Арпа, сұлы көп шығып,
Аттардың жемі молайған...(?)
Өстіп тоқтаусыз жалғаса береді. Мұның да поэзияға тән көтеріп тұрған поэтикалық жүгі жоқ. Салмақсыз, мәнсіз бос сөздер ылғи. ХVIII ғасыр жырауларының тіл үлгісіне мүлде маңайламайды. Дәлеліміз жалқы болмасын, тағы да айғақ берейік.
...Денсаулықтың қадырын,
Науқастансаң білерсің.
Асыл менен жасықты,
Бағаласаң білерсің.
...Динар ақша қадырын,(?)
Тарыққанда білерсің.
Туысқанның қадырын,
Зарыққанда білерсің, – деп шұбыртып кете береді «Қожаберген» «жырау». Көзі қарақтының шыдамы жетпейді әрі қарай оқи беруге.
«Соқыр тауыққа бәрі бидай». Сонда «Жарық дүние қадірін, түн батқанда білерсің,// Айлы түннің қадірін таң атқанда білерсің» деп ауызға түскенді сандырақтап айта берсе поэзия деп түсінеді екен «қожабергентанушылар».
Биғожиннің қолжазбалары қолымызда, оның «өлең» шығаратын «ақын» екенін куәландыратын. Талдықорған жақта Биғаш деген жерде жүргенінде Сәруар есімді әйелге арнаған «өлеңінде»:
«Уақытша Жетісудан алған жарым,
Жаудырап екі көзің қаласың да.
Шашылып бұл кездерде қолда барың,
Жар тастап, Қаратай еліңе барасың да», – дейді.
Тура жоғарыдағы «Елім-ай» «дастаны» стиліне келеді. Бір адамның, Биғожиннің қолынан шыққанын бұл да нақтылап тұр.
Бейәдеп әрекеттің орын алу себебі мына жайларға байланысты: 1960-70 жылдары ҰҒА М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қорына ел ішінен фольклорлық мұраларды жинап тапсырушылар еңбегіне мемлекет арнайы қаржы бөлген. Ақшаға қатты қызыққан Қаратай Биғожин де халық арасынан ескі заман «туындыларын» жинай бастайды. Бірақ басқа жолмен. Басқа әдіспен. Ол «халық өлең-жырларын» өзі шығарады жанынан. Жанкісі жырау боп. Жанақ ақын боп. Біржан сал, тағы басқалары боп. «Шығармаларының» кейіпкері қып «Сегіз сері» дегенді алады. Батыс аймақта туған «Мақпал – Сегіз» атты дастаннан. Бұрмалап. «Сегіз серінің» «атасы» «Қожаберген» «жырау» дегенді және ойлап табады. Керейдің Абақ атасынан тарайтын шын Қожаберген батырды тағы бұрмалап. Биғожин осы «ақын» «бабасына» өзі жанынан құраған жаңағы күлдібадам «Елім-ай» «дастанын» таңады, сол шығарды деп. Мерзімді басылымдар арқылы насихаттайды. Совет тұсында «төртінші билікке» күдік келтіру мүмкін емес еді, олар жариялағандардың бәрісі ақиқат боп саналатын. Өтіріктің әуелгі өріс алуы осылай. Одан әлгі қойыртпақты М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қорына өткізеді. Жақсы білетіндер, туыстары Қаратай Биғожин туғаннан кемтар кісі-тұғын деп куәлік береді. Күнкөріс қамындағы мұқтаждықтан һәм мүгедектігінен ол осындай бейәдеп іске барған.
Көшебе Керей «Қожаберген» «жыраудың» «Елім-ай» «дастанын», «оның» басқа да «жыр-толғауларын» уағыздап жүргендер арасында ақындар да бар. Олар да жоғарыдағы шатпақтарды поэзияға санайды. Сонда сөз өнері турасындағы бүгінгі ақындарымыздың таным-түйсігі осындай болса, балдыр-батпақтарды шедевр туынды деп қабылдаған бизнесмендерге, заңгерлерге, тарихшыларға не кінә?! Әл-Фараби бабамыз поэзияға қалам тартатындарды үш топқа былай бөледі: «Біріншісі – тумысынан ақпа-төкпе, ағыл-тегіл дарындар; екіншісі – туғаннан соң жетілген, өлең өнерінің барлық құпиясымен жете таныс «ойлампаз» таланттар; үшіншісі – тума қабілеті де, табиғи таным-дарыны да жоқ, жоғарғы екеуіне еліктеумен ғана жүретіндер»,- депті (Қараңыз: Қабдолов З. Сөз өнері – Алматы: «Қазақ университеті», 1992 жыл, 52-бет). Демек, «Елім-ай» «дастанын» асыл мұраға жатқызып жүрген «ақындардың» анықтамадағы үшінші топтан екені айқын аңдалып тұр. Сорпа-суын ғұмыр бойы филология мамандығынан айырған ғылым докторлары да әлгі дүмбілез дүниені мінсіз өлеңге санайды. Жақсы мен жасықты, алтын мен мысты айыра алмаған. Бірақ мұның себебін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2011 жылы Қазақстан халқына жасаған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауындағы:«200 ғылыми кеңестер кандидаттар мен докторларды қалыптан құйғандай етіп жасап шығарып жатыр. 60 кандидаттың 1-і және 37 доктордың 1-і ғана ғылымға барады. Осы жылдан бастап ол кеңестердің жұмыстары тоқтатылады», – деген деректері жан-жақты түсіндіріп тұр.
Бәрін де қояйықшы. Ең қинайтыны «Қожаберген» «жыраудікі» делінетін шатпақтардың мектептерде балаларға оқытыла бастауы. Бұрмаланаған жалған нәрсенің сәби санасына сіңірілуі. Теріс бағыт сілтенуі. Ендігі айтпағымыз жалпы білім беретін мектептің 7-класына арналған «Қазақ тілі» оқулығына қатысты. Кемістігі жетерлік. Бәрін саралап жатпаймыз, оқушыларға талғамсыздық пен өтірікті үйретуге жол ашып тұрған бір ғана мәтінді талдап көрсетейік тағы да. (Қараңыз: Қазақ тілі. 7-класс оқулығы.(Құраст. С.Исаев, Г.Қосымова) Алматы, «Атамұра», 2003 жыл)
Әлдекімдердің жанынан шығарып Көшебе Керей «Қожаберген» «жырауға» теліген «Баба тілі» атты өлеңсымақтың (4-бетте) шумақтарында былай делінеді:
«Баба тілін қадірле,
Болашақтан түңілме.(?)
Айналайын боздақтар,
Аралас тілге үңілме!»(?)
Бұған сенсек, қазақ тілінің мүшкіл жағдайы бұдан бірнеше ғасыр бұрын, дәлірек айтсақ, хандық дәуірде басталған, совет өкіметі тұсында емес.
«Өлеңнің» келесі шумағында:
«Миды оят, жамиғат,
Қазақша алтын, жезіңді,(?)

Қазақша жазбай жүргенді,(?)
Түзет құрып тезіңді»,(?) – дейді.
Дүбәра тіркестерге құрылған бұл шатпақтарды шәкірттерге өлең деп ұсынып отырған «ғалымдарға» айтар сөзіміз жоқ, көркемдік сапа тұрғысындағы бар таным-түсінігі осы болса?! Сонысына қарамай ол «ғалымдар» бұрынғы ақын-жыраулардың мұраларына төрелік айтатынын қайтерсің...
Одан кейін былай дейді әлгі «өлең» мәтінінде:
«Хат жазыссаң өзара,(?)
Жетілдір, қазақ, сөзіңді.(?)
Жат алдында ез болмай,(?)
Берік ұста өзіңді».(?)
Бұдан әрі сөз қозғаудың өзі артық, оған тұрмайды! Қысқасы, 7-класқа арналған «Қазақ тілі» оқулығына енген «Баба тілі» аталатын шатпақ фольклорлық тіл үлгілеріне һәм ондағы баяндалған жайлар ХVIII ғасырдағы қоғам шындығына ешқандай жанаспайды. Көркемдіктен жұрдай, сын көтермейтін дүмбілез дүние. (Кейін білдік, осы «өлеңді» аталған оқулықтың 2012 жылғы басылымына Г. Қосымова деген қайта енгізіпті.)
Сондай-ақ, анау-мынау емес, Алматы қаласы А.Байтұрсынұлы атындағы №139 мектеп-гимназияда «Қожаберген» – Биғожиннің «Елім-ай» «дастаны» сабақ боп өтілген. (Қараңыз: М. Дастанова. Қожаберген мұрасындағы ерлік пен елдік тақырыбы. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы, №2, 2001 жыл)
Қазақ айтқан екен: «Дүмше молда ел бұзар, қисық арба жол бұзар», – деп, соның ең көкесі осы боп тұр...
Жоғарыда ҚР Білім және ғылым министрлігінің фальсификация «Сегіз сері Баһрамұлына» байланысты шығарған шешімінде осы шүбәлі «Көшебе – Керей Қожаберген жырау» «шығармалары» турасында да мынадай тұжырым жасалған: «Тіпті, күмәнді мәтін болғандықтан... Қолжазба қорына өткен... Қожаберген шығармашылығы да институт ғалымдары (М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. – Б.К.) әзірлеп, «Мәдени мұра» аясында жарық көріп жатқан «Қазақ әдебиеті тарихының» 10 томдық жинағына енгізілген жоқ. ...ол Сегіз серінің атасы болды ма немесе осы уақытқа дейін халық әні саналып келген «Елім-ай» әнін шығарды ма, жоқ па? Ол жағы күмәнді, тек XX ғасырдың 70-жылдарынан бастап шыға бастаған, түп-төркіні белгісіз, мәтіндері біршама бұрмаланған, сапасы, көркемдік деңгейі сын көтермейтін көп толғау-дастандарды Қожаберген жырау шығарды деуге келмейді. Оған дәлел де, дерек те жетіспейді. «Елім-ай» қазақтың халық әні болып, ел басынан өткен қаралы кезеңнің символы, ескерткіші болып қала береді» (Қараңыз: «Ана тілі». №5, 1. 02. 2007 жыл; «Қазақ әдебиеті». №5, 2. 02. 2007 жыл). Бұған жүргізілген талдау толық көз жеткізді. Баршамыз куә боп отырмыз.
Пікірімізді түйіндейік. Елге ежелден мәлім халық әні «Елім-айдың» мәтіні мен шоң ұстаз Ы. Алтынсариннің «Киргизская хрестоматия» атты (1879 жыл, Орынбор) кітабында таңбаланған бағзылық ойлау формаларын, сөз саптау үлгілерін, тарихи деректерді т.б. әлдекімдердің жеке бейәдеп әрекеттері үшін өңін айналдырып бұрмалауға, көркемдік бәсін түсіріп бүлдіруге ешкімнің хұқы жоқ. Бұл рухани-мәдени құндылықтарымыз ҚР «Мәдениет туралы», ҚР «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңдары негізінде тиісті Құзырлы орындар тарапынан қорғауға алынуы керек.
«Қожаберген» «жыраудікі» делінетін ырғағы, ұйқасы, мағынасы т.б. еш келіспеген өлеңсымақтар оқушыны өтірікке, талғамсыздыққа үйретеді. Бұндай шалдыр-шатпақтарды үлгі еткен ұрпақтың ойлауы да, тіл мәдениеті де оны уағыздаушылар өресінің деңгей-дәрежесінде қалыптаспақ. Сөз танитын, түсінігі жоғары қауымды ойлантып қиналтатын да осы жай. Тарихқа, тіл мәдениетіне зор нұсқан келтіретін, кесір-кесапаты мол «Қожаберген» «жырау» – Биғожиннің «Елім-ай» «дастанын», өзге де «шығармаларын» ҚР Білім және ғылым министрлігі мектеп оқулықтарынан және жоғары оқу орыны бағдарламаларынан алып тастауы, оқытуға түбегейлі тыйым салуы тиіс деп санаймыз.

 

Бөрібай КӘРТЕН,
Ақтөбе қаласы.
+1 дауыс
Бұл "Елім-ай" əні ата-бабамыз кезінде Мəскеудің сұрқия саясатынан зəбір көріп, ашаршылыққа ұшыраған заманында, болашақты ойлап, оңтүстік азияға кіші азияға үдере көшкен уақытында, қайғы-қасіреттен туған əнғой бұл.
...