М.Мақатаевтың "Райымбек! Райымбек!» поэмасы тарихи тақырыпқа, ерлікке, ел қорғауға арналған көлемді кесек туынды. Бұл поэма дереккөздерге сәйкес, 1970 жылы жазылса да, баспадан "Лениншіл жас" газетінде 1981 жылы жарияланды. Ақынның поэмасы тақырыбы мен идеясы көркемдік тұрғыдан сюжеті мен мазмұны, терең пішінмен композициялық құрылысы нақты, тарихи дәуірдегі халықтың тыныс-тіршілігін, өткен жаугершілік замандағы халықтың басындағы ауыр қайғыны айшықтап жазылған туынды. "Ақтабан шұбырынды" тарихи кезеңін және Райымбектің халық батыры ретінде қалыптасу тарихын бейнелеудің көркемдік ерекшеліктері қарастырылды.
«Мұқағали қазақтың бай ауыз әдебиетін, одан кейінгі жазба әдебетінің озық үлгілерін, әлемдік әдебиет жетістіктерін бойына толық сіңіріп қабылдай отырып, поэзияда қалыптасып орныққан өлшем-өрнекті керек жерінде қырнап-өңдеп, түрлендіріп қолдану жағынан шеберлік танытты», - дейді ақын шығармашылығын зерттеуші Ж.Өтейұлы. «Райымбек! Райымбек» поэмасы ақын поэзиясындағы жеке қаламгерлік стиль өрнектерін тануға, ұлттық мұраттарды батыл жырлауға деген шығармашылық интенциясын зерделеуге мол мүмкіншілік береді. Осы орайда поэманың соны тақырыпқа қозғау салып, Райымбек ерлігін жырлауы жағынан да, ұлт-азаттық рухты жаңғыртуы тұрғысында да, қазақ өлеңін өзіндік бояу және нақышпен байытуы бойынша да ақынның бұл туындысы әлі де жан-жақты зерделеуді қажет етеді.