+2 дауыс
26.1k көрілді
Қанағат дегеніміз не? ЖӘне ол адамзат дүниесіне қандай орын алады...Қанағат болмағанда қандай күйде болар едік?

9 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап
Қанағат - қарынға ғана керек

Біздің ешқайсымыз да жаман жазғымыз келмейді. Амал не, бізде осы күні не көп – жаман өлең көп: жаман өлеңді жек көреміз, сүйте тұра өзіміз жаман өлең жазамыз. Неге бұлай? Неге біз жақсы жаза алмаймыз? Міне, әңгіме осында.

Соңғы кезде жазылған поэзия туралы, жастар – біздер туралы мақалаларда біздің әрқайсымыздың да талантсыз емес екендігіміз айтылып жүр. Бұл, сөз жоқ, рас. Ендеше, тағы да сұрақ. Өзіміз талантты екенбіз, өзіміз оқыған кісілерміз – жақсы шығарма жазу үшін тағы не керек? Енді тек қана еңбек керек. Сонда іздену, оқу, үйрену – бәрі еңбектен шығады. Бұл – біз ашып отырған жаңалық емес, бұрыннан белгілі жәй.
Біз еңбек туралы өлеңдер жазамыз, бірақ нашар жазамыз, өйткені сол еңбек туралы өлеңнің өзіне еңбегіміз сіңбейді. Бұл – бір. Енді Әбіш Кекілбаев айтқандай, дүние жүзі әдебиетінің озық үлгілерін оқымайды емеспіз, оқимыз. Бірақ оқудың да оқуы бар. Бір мектептен бір сыныпты бір жылда бітіріп шыққан көп шәкірттің білім дәрежесінің әр түрлілігі сықылды біз де әр түрліміз.
Біреулеріміз, мәселен, А. Вознесенскийді керемет ақын дейміз. Несімен керемет – ол жағын ойлана бермейміз. Енді біреулері: сонда (Вознесенскийде) не мықтылық бар, әншейін дақпырт та, әйтпесе мұндай өлеңдерді қарапайым қай оқушы түсінеді дегенді де қойып қалады. Тіпті қате пікір. Мұны не ақын, не жазушы айтты деуге ұят. Мұндайлар көп емес, әрине, бірақ бар. Бұл әдеби талғамның әлсіздігін, творчестволық ауқымның тым тарлығын көрсетеді.
Біздің кейде «Жақсы шығарма жазылса – жанымыз садаға, оны жақтамайтын қайсымыз бар» деп отырып, сол жақсы шығарма машинкаға басылып, алдымызға келгенде танымай қалатынымыз да сондықтан. Мұны біз өткенде бір жас ақынның өлеңдерін көркем әдебиет баспасында талқылау үстінде анық байқадық. Әрине, бұл да біздің жаман жазуымызға қырсығын тигізетін факт. Бұл – екі.
Бүгінгі поэзия сынында ақын өлеңінің жақсы екенін айту үшін сыншылар: «құйылып тұр», «төгіліп тұр», «сорғалап тұр» деген секілді тіркестерді көп қолданып жүр. Әрине, бұл жақсы тіркестер, егер өлең соған шынымен жауап берсе. Амал не, ал олай болмай шығады көбіне. «Құйылып» тұрған өлеңнің тек ұйқасы, ырғағы және біраз жылтырақ сөздер. Оған қоса жалған пафос, өтірік қуаныш, немесе «күйдім», «сүйдімдер» мен «мынауыңызды маған бер, анауыңызды маған бер, табиғат!» деген секілді тілемсек жолдар тұрады. Бұл, әрине, шын жақсы өлең бола алмайды. Дегенмен, сыншының сөзі жұртқа қатты әсер етеді. Ақындар енді «құйылып» жазуға барынша тырыса-ды. Осыдан келіп, ақын өз қаламының жорғасымен «төгілтеді». Ол төгілу қашанға барады? Төгілемін деп шашылып, құйыла-мын деп «сұйылып», ақыры жоқ болады. Сонсоң ол өлеңді қатты ойланып, тебіреніп, тіпті бас қатырып жазу керек екенін ұмытады. Ақынның ғажайып сырға, ойға, жұмбақ сезімдерге, неше түсті бояуларға толы лабораториясы қаңырап бос қалады.
Тауысылмайтын қазына бола ма – егер оны ылғи толықтырып отырмаса. Ол үшін тағы да еңбек ету керек, шындап қиналу, қайғыру керек, сонсоң барып қуансақ – ол баянды болмақ.
Міне, жоғарыда айтылған төкпелікті дәріптеудің тигізетін қырсығы, біздің ойлауымызша, осындай. Әрине, біз ең кейінгі жастар бос, жалтырақ, көз алдайтын құрғақ әсемдіктен, теңеу үшін өлең жазу ауруынан айыға бастадық, бірақ сауық-қанымыз жоқ.
Біздің көркем әдебиет баспасының басшылары, т.б. кейбір көркем өнер қызметкерлері: «Осы күнде ақындар көбейіп кетті, олардың бәрінің бірдей кітабын қайтіп шығарамыз»,– деп уайым айтады. Бұл – дұрыс емес. Керісінше, бізде ақындар өте аз. Оларды санауға «бір қолдың саусақтары» жетеді. Ал әдебиетті жағалап жүрген жай ақынсымақтар, жазушы-сымақтар санауға бір қолдың саусағы түгіл, бір бастың шашы да жетпес. Неге бұлай? Біз талантты ақындарды, үлкен ақын шығады деген адамдардың кітаптарын басып, қалған ағайын-дарды қоя тұрсақ болмас па? Жоқ, болмайды! Себеп? Себеп сол – баспада қағаз жетпейді, ақша жетпейді дегенді көп айтып жүр. Бұл жай сылтау емес, шындық. Өйткені баспаның қағазы жаңағыдай жаман, тіпті ештеңесі жоқ кітаптарды басуға кетеді. Сонсоң біздің үлкен ағаларымыздың жуан-жуан томдары бар және бір жазған шығармаларын олар бірнеше рет өңделген деген желеумен өңдеген сайын қайта бастырады. Оған қағаз кете ме – кетеді, ақша кете ме – сөз жоқ. Міне, сондықтан біздің жас ақындар: Тұрсынзада Есімжанов, Құдаш Мұқашев, Қастек Баянбаев, Мұқағали Мақатаев сияқты бірнеше талапты жастардың жинақтарын басу – баспа үшін үлкен шығын болып көрінеді.
Біз – жастар, кейінгі кезде «жаман ырым» бастап, үлкен жазушыларға, ағаларымызға өкпе айтып жүрміз. Өкпелегенде «біз бір керемет талант едік – танымадыңыз, жүйрік едік – бәйге бермедіңіз» демейміз. Өйткені, жоғарыда айтылғандай, өзімізде де қиратып салған ештеңе жоқ. Болған күнде де біздің алдымызда Әбділданың, Хамиттің, Сырбайдың шыққан биіктері тұр. Оны біз көріп отырмыз. Ендеше олар болу үшін (егер бола алсақ) бізге көптеген жылдар керек қой.
Әйтсе де біздің өкпеміздің жөні бар секілді. Солардың қайсысы біздің шығармамыз туралы пікір айтты екен? Айтса кейбір жас ақындардың көп арақ ішетіндігін, аздап мас болатындығын айтты, дандайсып кетті деді. Ұрысты. Ал ішпейтіндер мен дандайсымайтындар ылғи ғана талантсыздар ма? Олай болғанда олардың талантсыздықтарын неге сөз қылмасқа? Бұл жағынан бізге бүгінгі орыс поэзиясы үлкен үлгі көрсетіп келеді. Есімізде ғой, Юрий Панкратовтың «Месяц» деген жинағы күні кеше жарық көрді. Соған орыстың белгілі-белгілі әдебиетші-сыншылары пікір айтып та үлгерді. А. Вознесенскийдің «Треугольная груша» атты циклі «Знамя» журналының осы жылғы төртінші санында жарияланды. Осы цикл туралы Л. Мартынов «Литературная газетада», Б. Соловьев «Октябрь» журналының жетінші санында, А. Дымшиц «Знамя» журналында мақалалар жазып, өз пікірлерін білдірді. Сонда бұл кісілердің Вознесенский туралы мақала жазудан басқа шаруасы болмаған ба? Әлде бүкіл кеңес поэзиясы бір ғана «Треугольная грушаға» қарап қалды ма? Жоқ, олай болмасқа керек. Жоғарыда айтылғандай, бізде бұл жәй мүлде басқаша. Біз үлкендерге, алдымен, өнерімізді емес, өзімізді танытуымыз керек. Қай жақтан келгенімізді айтуымыз керек, үлкен ақындардан кімді жақсы көретінімізді, әсіресе кімнен үйренетінімізді алдын ала сездіруіміз керек. Сонсоң барып біздің «жолымыз бола» бастайды. Сол дұрыс па? Бізді қоя-ақ қойыңыз, тіпті қазір белгілі ақын болып кеткен Ғафу Қайырбековтың творчествосы туралы да шын мәніндегі сын-талдау пікір болған жоқ қой. Тек анда-санда ғана әркім бір шумағын алып мақтап өте шығады. Ол ақынға қанша себін тигізеді? Қайырбеков секілді ақындардың нағыз құдіретті шығармалар жазатын кезі енді келді. Олай болса ол туралы пікір дәл осы кезде айтылуы керек еді ғой. Ізтай Мәмбетов туралы да осыны айтар ек.
Енді тағы да мақаламыздың бас жағында айтылғандай, өлеңіміз жайлы сөйлейік. Алдымен, біз осы қай кезде өмір сүріп отырмыз. Бұл жылы, яки алпысыншы жылдары біз жасаған өлең қандай болу керек? Тіршілігіміздің тынысы қандай? Міне, осындай сұрақтар қайда барсаң да алдымыздан шығып жүр. Заңды нәрсе... Жалпы, ойлана білуіміз керек.
Біз, жастар, алпысыншы жылға ала қанат көбелек мініп, гүл аралап, қызықпен жеттік. Енді бұл көбелек бізді қайда апарады? Сірә, мұнымен алысқа ұзамайтын тәріздіміз. Бұдан барлық скрипканы сындырып, барабан алып шығу керек деген ұғым тумасқа керек. Әңгіме скрипканың әуезінде ғой. Ол не туралы сайрайды? Қандай ой туғызады? Қандай алысты меңзейді? Ақырында оның әуені тыңдаушыны мүлгітіп ұйқтата ма, әлде төсекте жатқан адамды орынынан тұрғыза ма? Бізге осының соңғысы керек секілді. Өйткені бізге оқушыны ойлантатын өлең жазу керек. Ал ой адамды, оның жан-күйін тыныштыққа қалдыра алмайды. Тынышсыздық ұйқтау емес – ояну, өлу емес – өмір сүру. Біздің өмір сүргіміз келеді. Атом мен ракета ғасырында, бүкіл дүние тағдыры бірер кнопканың басылуында тұрған шақта біз жайбарақат, сұлулыққа, махаббатқа мүлгіп, ойсыз, философиясыз жырлап отыра аламыз ба? Жоқ, бұл мүмкін емес. Біз жазған әр шумақ, қолдан келсе әр жол тынымсыздықты танытсын. Лирикалық геройларымыз, трактор айдаудан бұрын, көп сырлы, сырт қарағанда жұмбақ мінезді, қайғыны да, қуанышты да сақтап алатын кеудесі бар, қажыр-қайраты мол күрделі де күшті адамдар болуы керек. Шынында да олар сондай. Фантастар айтқандай, қашан біз металдан адам жасап алғанша ет пен сүйектен жаралғандарды жырлауымыз керек. Біз көбіне өзіміздің жағымды кейіп-керімізден өзіміз тайыз, әлсіз боп шығамыз. Біз, қазақ жастары сол құдіретті адамды танып білуде, оның тереңіне бойлауда орыс әріптестерімізден Е. Евтушенко, Р. Рождественский, А. Вознесенский, Ю. Панкратовтардан көп жайда олқы жүрміз. Бірақ бізде де бір игі беталыс бар секілді. Рас, әлі әлсіз. Бірақ оның күшеймейтініне кім кепіл? Бұл орайда жақсы шумақтар, тіпті жақсы өлеңдеріміз де жоқ емес. Тек соны тәрбиелеп, өсірейік. Қанағат – қарынға ғана керек, ал талантқа ол жараспайды.
+3 дауыс

Қанағат адамның барға риза болуы,місе тұтуы.Сонымен қатар қолдағы барына,тапқан табыстарына разы болу.Қанағатсыз адамдарды тойымсыз адамдар деп те атайды.Қандай сәтте болмасын өз бас пайдасын ғана ойлап,біреудің оған бірдеңе беруін,ақкөңілдікті қалап тұрады.Ал,өзі сараң келеді.Қазіргі кезде тойымсыздықтың соңы жемқорлыққа әкеліп соқтырып жатыр ғой.

+1 дауыс
Қанағат деген адамды құртатын дүние. Қолдан келіп тұр ма, асайтынын асап, жасайтынын жасап қалу керек. Бірақ, пайдадан бұрын арды ойла деген қазақта. Әдемілеп жасау керек, пайда өзі келеді.
+2 дауыс
Сізге қазіргі заманның тілімен мысал келтірейін. Ойын автоматтарына ақша салып ойнаймыз. Сол ақшамыз көбейген жасайын құмарлана өзімізге тежеу салмаймыз. Ақшамызды одан әрі көбейткіміз келеді. Сөйтіп әлектеніп жатқанда тасымыз оңынан түспей бар жинаған ақшамыз күйіп кетеді. Міне, манағы ақшаны алғанда қалтамыз қалыңдап қалатын еді. Қанағатшыл болмағанымыздың кесірінен жер сипап қаламыз.
Қанағатты ойын автоматымен салыстыру меніңше дұрыс емес. Бұл жерде қанағат емес, адамның бассыздығы ғой. Бассыз адам қанағаттан бөлек толып жатқан тірліктерден зиян шегеді. Шындығында, ойын автоматтарын жеңгісі келетін адамға көп опыт керек немесе автоматтың алгоритмін зерттеп, сандардың шығу ықтималдығын есептеп шығаратын бас керек, сонда ғана ұты мүмкіндігі бар деп ойлаймын.

Қанағатты жоққа шығаратын мына сөздерді мысал еткім келеді:
"Чтобы жить честно, надо рваться. Путаться, биться, ошибаться. Начинать и бросать, и опять начать и опять бросать. И вечно бороться и лишаться. А спокойствие - душевная подлость!" Лев Толстой
"Если есть тело, должен быть - дух! Если есть шаг - должен быть след!" В. Цой

Қанағат - аш қалдырады!
Менің бұл жерде салыстырып тұрған дәнегем жоқ. Жай ғана мысал. Қанағатшыл болмаудың соңы оңбай оңбай опық жеу екені жайында!
Қандай оймен жазсаңыз да, мен түсінгенімді қорытып, соған жауап бердім.
+1 дауыс

Тағы да жауапты Ахмет Байтұрсыновтың "Жарлы бай" өлең-мысалымен бергім келіп тұр!

Бір күні Жарлы отырып ойға қалды, 
Байларға кейбір сараң көзін салды.
«Ішіп-жеді, рақатын көрмеген соң,
  Не керек, - деді, - жиып пұл мен малды?
Малыңда не қызық бар ептеп жиған,
Жаныңа еш рақат етпей жиған?
Қызығын малдың көрмей бұл дүниеде,
Алмайсың ақыретте сатып иман.
Өлесің, артыңда көп мал қалады,
Көріне кімнің малы бір барады?!
Адал сүт емген бала қалса артыңда,
Көп болса, асың беріп, там салады.
Дариға, мен бай болсам жұрттан асқан,
Үйлерді салдырар ем қандай тастан!
Сом түгіл, мыңын бірден жұмсар едім,
Аямай киер киім, ішер астан.
Жылқымды, қымызымды, қойымменен,
Жұмсар ем қонағыма тойым менен,
Жұртымның жабықтырмай көңілін ашып
Күнде той, күнде қызық ойынменен!».
Осылай жатты ойлап кедей жазған
Кішкене лашығында жерден қазған.
Аяқта етігі жоқ, баста берік,
Үстінде жыртық көйлек, кір-кір, тозған.
Ақ сақал, ақ сәлделі, таяқ қолда,
Секілді жүрген адам ұзақ жолда,
Кедейдің бай болсам деп ойлап жатқан
Үйіне кіріп келді бір қарт сонда.
Орнынан кедей тұрып, сәлем берді,
Қарт оған: «Алейкүмассалам! - деді. -
Беремін мына саған әмиянды,
Бай болып, мүддеңе жет, балам, - деді. -
Көп емес, онда қазір жалғыз ділдә,
Оны алсаң, ділдә болар тағы орнында.
Оны алсаң, және орнынан ділдә шығып,
Таусылмас, ала берсең, қанша жылда.
Ұмытпа бұл сөзімді, жаным бала:
Мейілің тойғаннан соң ала-ала,
Апар да әмиянды суға таста,
Болады тұтынарға сонда ғана».
Осыны айтты да, қарт кетіп қалды,
Кедейім қуанғаннан естен танды.
Отырып аң-таң қалып, біраздан соң
Шиланды ашайын деп қолына алды.
Ішінде алтын жатыр, ашып көрсе,
(Бай болу сағатында, Құдай берсе!)
Жарлы оны бұлай алып қойып еді,
Білінді орнында бір тағы нәрсе.
О да алтын, оны қойды және алып,
  «Өңім бе, түсім бе?!» - деп таңға қалып.
Ертеден кешке дейін Жарлы отырды
Шиланнан саф алтынды санап салып.
Әмиян күндіз-түні болды қолда,
Ас ішу, дамыл алу болмады онда.
Алтынды бөлек-бөлек үйіп отыр,
Өзімен өзі кеңес құрып сонда.
«Мінеки, - деді, - енді мен де баймын!
Байлармен жұрттан асқан сайма-саймын.
Құдайым бермегенде, жаттым ұйықтап,
Тұрғанда Құдай беріп, неге ұйықтаймын?!
Шығарсам қазір алтын үй алатын,
Онан соң бір жүз мыңын бие алатын.
Көшкенде жүктерімді атқа артам ба,
Тағы да алтын керек түйе алатын.
Бір жақсы кең қонақ үй және керек,
Келсе де қанша қонақ сыя алатын.
Ол үйі« жібек көрпе, жастық керек,
Болмайын қонақтардан ұялатын.
Сиыр мен мынау алтын қойға, - деді,
Аналар, қатын алсам, тойға, - деді. -
Жұмсармын мұнан соңғы алтындарды
Қаражат, киім-кешек бойға», - деді.
Табылды бірінен соң бір қажеті,
Күн түгіл, өтті солай неше жеті.
Жемеді оңды тамақ, көрмеді ұйқы,
Тұрғандай аурудан болды беті.
Ай түгіл, әлденеше жыл өтеді,
Алса, енді бәріне де пұл жетеді.
Өзенге әмиянды алып келіп,
Тастауға қимай, қайтып әкетеді.
Шиланды қайтып алып келеді үйге,
Шыдамақ және қиын аштық күйге.
«Тұрғанда қолда әмиян, алтындарға, -
Тағы бар қарттың сөзі деген, - тиме!»
Ағарып сақал-шашы, қариды енді,
Төнінде қу сүйек қап, ариды енді.
Қызығын малдың жұмсап көретұғын
Мезгілдің кетті өтіп бәрі де енді.
Адасты ақылынан деуге жынды,
Санайды бір жаңылмай сонша мыңды.
Осындай ішпей-жемей жиған дәулет,
Қараңыз, ақырында немен тынды?
Үстіне бүтін көйлек алмай сатып,
Алмастан азық-түлік, жарап-қатып,
Баяғы лашығында жан тапсырды,
Оныншы миллионды санап жатып.
  
                   * * *
Бір емес, толып жатыр осындай кеп,
Бар болып, жоқтың ісін істейтін кеп.
Малы көп, көңілі жарлы адамдарға
Ат қойған қанша теріс жарлы бай деп?
Жаман ғой жарлылық күй адамзатқа,
Жақсы емес рақатсыз байлық, бақ та.
Мал жиып, бай болуды талап еткен,
Есіңде бұл кеңесті ұғып сақта!

Артыңнан қалмай комменттей бергенім үшін, кешірім сұраймын.

Алаштың зиялы тұлғаларын сыйлаймын. Бірақ, бұл түсініктер ескі заманның түсінігі деп қабылдаймын өз басып. Заманың түлкі болса, тазы болып шал деген. Мәселе күнә жасап, басқаның малын жеуде емес. Бастысы, бұл күн адамдар бірінің қамын бірі жейтін кез емес. алдымен өзіңді, сосын көмек жасауға тұратын адамдарға жәрдем ететін заман.
+1 дауыс
"Қанағат-қарын тойдырады"."Азға қанағаттанбасаң,көптен құр қаларсың"-деген сөз бар қазақта,сондықтан қанағатшыл болу керек."Ашыққаннан құныққан жаман"-дейді.
+1 дауыс
Мысалы, адам өзінің жетістіктеріне(спорт, рекорд, мектептегі баға үлгерімі) қанағат етпейді , одан әрі шыңдалып биіктен көрінуге тырысады, осы нәрселер жаман ба? Қанағат сөзі тек тамаққа немесе ақшаға, ашкөздікке байланысты емес тек қана. Сондықтан сұрақтан нені білгің келді түсініксіз.
0 дауыс
Ислам дінінің негізгі мақсатарының бірі – адам баласын жақсы мінез-құлыққа тәрбиелеу. Яғни иманы кәміл мұсылман кісінің бойында көркем мінезге жататын әдептілікпен бірге рухани қасиеттер де болу керек деген сөз. Осы рухани қасиеттердің бірі де – қанағат.

Қанағат барына, қол жеткізген табыстарына разы болып, шүкіршілік етіп ішіп- жеу, яғни көңіл қалауларынан азда болса тыйылу, шыдау  дегенді білдіреді.
Бұл кеселдің жазылуы дәрінің ащылығына шыдауға ұқсайды. Қанағат – пайғамбарлар мен ізгілер ұстанған жол. Сондықтан күнәһар болу, ақыретті ойран ету ақылды адамның  ісі емес. Бұл баршаның бойына жарасатын көркем сипат, ешқашан ортаймайтын қазына – дәулет. Қанағат дегенде азғана тірлік істеп қоя салу емес, күші жететіндей, қолынан келетіндей жұмыс істеу мұсылман кісінің міндеті болып табылады. Негізгі мақсат осы жұмысының жемісі аз бола ма, көп бола ма оған қанағат ету.
Қанағат – әдептіліктің басты белгісі. Ол адамның сана-сезімі  мен іс-қимылындағы жақсы әдет. Қанағатты әдетке айналдырған жан өмір бақи игілігін көреді. Өйткені ол адамшылық жолдан тайдырмайды, аздың өзіне қанағат қылдырады. Сондай-ақ ол ашкөзділікке жібермейді, біреудің дүние-затына  сұқтандырмайды, сұғанақтық жасаттырмайды. Сондықтан  қанағатшыл кісі жұмсак, кішіпейіл де қарапайым болып, көптің құрметіне ие болады.
Аллаһ Тағала  бүкіл адамзат баласының  ырыс-несібесіне  өзі кепілдік беріп қойған. Мына төмендегі аятта: «Дүние жүзіндегі  барша тіршілік   иелерінің ырыс-несібесі тек қана Аллаһқа  ғана тән» (Һұд сүресі 6-аят) дей келе Аллаһ Тағала өз құлдарының ырыс-несібелері жайлы алаңдамауын айтып көрсеткен. Алайда Аллаһ Тағала өз ырыс-несібесін кейбір құлдарына молырақ  берсе, кейбір құлдарына аз  мөлшерде  береді.
 Яғни Аллаһ Тағала  пенделерінің біріне молырақ дүние берсе, кейбіреулеріне кем қылып береді. Міне, осы сәттен бастап ортаға қанағат деген ұғым туады. Еншісіне ырыс-несібеден көп тиген құлдар  ашкөздіктен және сараңдықтан арылып мал-мүлікті керекті жерге сарп ете білуі керек. Ал ырыс-несібеден аз тиген құлдар осы берілген дүниеге разы болып, дүниеге деген көз тоймаушылықтан сақтанулары қажет. Демек,  қанағат ұғымы тек кедей адамдарға ғана тиісті емес екен, бұл сондай-ақ бай адамдардың да таусылмас дәулеті екен. Сондықтан бай болсын, кедей болсын осы қанағат жолын ұстануы қажет. Өйткені қанағатсыздық ашкөздік пен көре алмаушылықты тудырары анық. Мұндай қасиетке ие болған кісі ешқашан жақсылыққа жете алмайды.
 Мәселен қаншама мол байлығы болса да, оны қанағат қылмайтындар кездеседі. Ондайлар «болған сайын, болсам деп, толған сайын, толсам» деп, барған сайын ашкөзділікке салынып, құдайдың қанағат, нысабын ұмытады, сөйтіп жалған сөйлеп, екі жүзділікке барады. Кедей «бай болам деп талпынса, қанағатты ұмытқан бай  құдай болам» деп күпіршілікке барады.
Қадым заманға үңілетін болсақ, қолында зор билігі бар үлкен мансап иесінің аш көз, тойымсыздығы ел үшін қанша ауыр қасіретті, кесепатты болғаны туралы тарихта мысал аз емес.
Қанша елді қан қақсатып, жаулап алса да, көзі тоймай, «алсам деп жердің жүзін ой ойлаған» Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) бір жолы қалың әскерімен адасып, әбден титықтағанда тау ішіндегі тұйықта кес көлденең тұрған темір қақпаға кезігеді. Патшаның қаһарына селт етпеген қақпаның арғы жағындағы күзетші бет орамалға түйген бір нәрсені дарбазадан асыра тастайды. Сонда жиһангердің қасында еріп жүрген Аристотель таразы алдырып, бір басына өздерінде бар дүниенің бәрін салғызады. Бірақ таразының көз сүйегін салған жағы басып тұра береді. Сол кезде данышпан көз сүйегінің үстіне бір уыс топырақ салуға кеңес береді. Сонда таразының сүйек салған басы солпаң етіп, аспанға шығып, екінші басы сылқ етіп, төмен түседі.
Бұл арқылы ұлы философ адам нәпсісі асқынғанда, қайда апаратыны жайында қайғылы ой түйеді. Қанағатсыздықтың өлгенше тоймайтын дерт екенін айтады.
Мұндай мысалдарды өзге халықтардың әдебиетінен де мол кездестіруге болады. Мәселен, орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың «Адамға қанша жер керек» деген  әйгілі әңгімесінің кейіпкері қанағатсыздықтан, жерді көп аламын деп, жүгіре-жүгіре, зорығып өледі де екі метр жерге көміледі. А.Пушкиннің бала күннен әркімге жақсы таныс «Алтын балық» туралы аңызындағы тойымсыз кемпірдің қайғылы тағдыры жастарға көп нәрсені аңғартса керек.
Хадис шарифте: «Мұсылман болып жеткілікті табысы болған және осыған қанағат еткен кісі қандай бақытты» (Риядус Салихин І т. 514 х.) деп, Пайғамбарымыз  (с.а.у.) қанағатшыл адамды бақытты адамға теңеп кеткен.
Жоғарыдағы айтылып өткен тарихи оқиғаларға қосымша ретінде мына бір қиссаны да тілге тиек ете кетсек:
Ибраһим ұлы Смайылдың қал жағдайын білмек болып Меккеге зиярат етіп келеді. Алайда баласы үйде жоқ болып шығады. Келінінен:
– Смайылдың қайда кеткенін сұрап анықтайды. Келіні:
– Ұлыңыз үйге азық әкелу үшін аңшылыққа кеткен еді, деп жауап береді.
Ибраһим (а.с.) үй ішінің шаруа тіршілік жағдайына қатысты ұсақ-түйек жайттарды сұрайды. Келіні:
– Жағдайымыз тым нашар деп, тұрмыстарында көптеген тауқыметтерді көріп жатқаны жайлы көп шағымдарын айтады. Сонда Ибраһим:
– Күйеуің үйге келген кезде оған менің сәлемімді жеткіз, - дейді.
Сонымен қатар үйінің босағасы ауыстырылсын деп те айтып кетеді.
Смайыл үйге келісімен бір нәрсені сезгендей болып, бар жағдайды әйелінен сұрай бастайды.
– Мен үйде жоқ болған кезде үйге біреу келді ме, деп сұрайды. Әйелі:
– Иә, үйге бір қария кісі келіп сені сұрап кетті дейді. Үй ішінің шаруа тіршілігін сұрады. Мен де оған отбасымыздағы тұрмыс тапшылығы жайлы жайттарды айттым, дейді. Смайыл:
– Ол кісі саған қандай да бір өсиеттерді айтып кетті ме, деп сұрады. Әйелі:
– Әрине, әуелі саған сәлем айтып кейін осы шаңырақтың босағасын ауыстырсын, деп кетті. Смайыл:
– Келген қария кісі менің әкем еді. Ол кісінің босағаны ауыстыр дегені менің сенімен ажырасуымды талап еткені. Енді бұдан былай онымен бірге өмір сүре алмайтындығын білдіреді. Сөйтіп ол әйелімен ажырасқаннан кейін «Журхұм» деген рудан басқа бір әйелмен некеге тұрады.
Арадан біраз уақыт өткеннен кейін Ибраһим (а.с.) қайтадан ұлының үйіне келеді. Осы жолы да ұлы Смайыл үйінде жоқ еді. Қай жерге кетті деп сұраған кезде, әйелі:
– Үйге азық алып келуге кетті, деп жауап қайтарды. Ибраһим (а.с.):
– Тұрмыс-тіршіліктеріңіз қалай деп сұрақ сұрай бастайды. Келіні:
– Қал жағдайымыз өте жақсы. Тұрмысымыз тамаша, дей отырып Аллаһқа деген шүкіршілігін білдіреді. Кейін екеуінің арасындағы әңгіме одан әрі жалғаса түседі:
– Нені азық қылып жатырсыңдар?
– Ет жеп жатырмыз, - дейді
– Не ішіп жүрсіңдер, - дегеніне;
– Су, деп жауап береді.
– Сол уақытта Ибраһим (а.с.) қос алақанын жайып «Аллаһым, олардың қорек қылып жатқан еттері мен суларына береке бер!», - деп дұға қылады. Кейін:
– Күйеуің үйге келісімен  менің сәлемімді айт және осы шаңырақтың босағасын берік ұстасын деп кетеді. Смайыл (а.с.) аңшылықтан келген кезде:
– Үйге келген біреу болды ма, деп сұрайды. Әйелі:
– Иә, үйге жүзі көрікті бір қария келіп, сені сұрап кетті, дейді.
Күнкөрісімізді, тіршілігімізді сұраған еді, мен де қалымыздың жақсы екенін айттым, дейді. Смайыл (а.с.)
– Саған қандайда бір өсиет айтып кетті ме, деп сұрайды. Әйелі:
– Иә, саған сәлемін айтты және шаңырақтың босағасын берік ұстасын деп кетті. Смайыл (а.с.)
– Дұрыс, ол менің әкем еді. Үйдің босағасын берік ұста дегені, сенімен жақсы қарым-қатынаста болуымды әмір еткені, деді. (Бухари, Әнбия 9)
Ибраһим (а.с.)  Смайылдың (а.с.)  алғашқы әйелінің қанағатсыздығына орай үкім беруі отбасында жақсы байланыс пен ауызбіршілік орнату болатын. Себебі отбасының берік болуы, сүйіспеншіліктің күшті болуы, бірін-бірі сыйлауы шаңырақтың шайқалмай тұруы көркем мінезге ие болуға қатысты.
  Әңгіме болып отырған тақырыбымызға Сайф Сарайдың  «Түрікше гүлстан» атты кітабында осыдан 750 жылдай бұрын жазылған мына сөздер тап бүгін және қазіргі адамдарға ескерту ретінде айтылғандай. Онда былай делінген: «Дәулетті кім, Дәулетсіз кім?» деген сұраққа бір данышпан кісі: «Дәулетті кісі – дәулетті жия білген, жиғанын жеп, бере білген. Дәулетсіз кісі – есіл-дерті мал, дүние жию болып, өзі жеуге қимаған,  сөйтіп, өмірінің қалай өтіп кеткенін білмей қалған адам», - деп жауап берген. Алғашқысы қандай сүйсінерлік, соңғысы қандай  аянышты, тіпті жиренішті.
 Көптеген ахлақ тұрғысындағы кітаптарда ашкөздік пен ашқарақтық ауруынан құтылып, қанағатты болудың екі шартын алға тартады.
1. Аллаһ Тағаланың тағдырға жазған ризығына ие болу ашкөздік пен ашқарақ-тыққа кірмейді. Бірақ мұнда  да әрекет ету зәру.
Тек Аллаһ Тағаланың өзіне жүгініп, басқалардан сұрамау керек. Нәби есімді ақын ұлына арнап жазған өлең шумақтарында насихатын былайша жеткізеді:
            Адам билігінде не бар екен,
            Оны бер, бұны бер деп одан сұрайсың.
            Ол да Аллаһтың бергеніне мұқтаж ғой!
            Әлсіз адамның берешек не күйі бар,
            Саған беретін қандай дүниесі бар!
 2. Қанағаттың екінші шарты қолдағы нығметтерді үнемдеп жұмсау болып та-былады. Ысыраптан мүлдем тыйылу керек. Мұндай тәжірбиелі кісілер бала-шағасын бағу үшін басқаларға бас имейді, жағымпаздық істемейді, өтірік сөйлемейді және ашкөздік пен ашқарақтық ауруынан құтылады.
 Үнемшіл болуға тырысу керек. Бұл жөнінде Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Үнемшіл болған кісі  кедей болмайды», - деген.
 Егер адам көрпесіне қарап көсілмесе, керекті-керексіз нәрселерге қаржы жұмсала берсе, ысырап пен шығын есігі үлкейіп кетеді. Ысрапкершілік бар жерде ешқашан байлық болмайды. Ақша табу оны жұмсағандай оңай емес, адал ақша табу үлкен бір тасты биік таудың төбесіне алып шығуға, ал оны жұмсау тасты төбеден төменге домалатып жіберуге ұқсайды.
    Әбу Бәкір Сыддық (р.а.) : «Бірнеше  күнге жетуі мүмкін азықты бір күнде сарп еткен отбасын өте жек көремін»,-деген.
 Бұл жөнінен біздің халқымыздың мыңдаған жылдық тәжірбиесінен қорытылған даналық тұжырымдары бар: «Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызады», «Қоя жесең қой қалады, тарта жесең тай қалады» деген сияқты мақалдарда үнемі есте болатын шынайы шындық аз емес.
Бір араб ақыны :     
                «Ақшаңа ашын,
                Жол берме дара шығынға,
                Көздің қуаты қарашығында,
                Адамның күнкөрісі ақшаменен!» - деп үнемшіл болуды көркем бейнеде өсиет етеді.   
Мынаны да есте ұстауымыз керек: үнемшіл боламын деп жеп-ішуден    тиылып ақша жию жолына түсіп кету дұрыс емес. Бұлай істеу үнемшілдік емес, керісінше сараңдық. Сараңдық өте жаман әдет. Өйткені бала-шағаның несібесін қырқу үлкен қателік саналады.
Платон: «ақшаны сараңдық етпестен жұмсау ақылдылықтың басы», - деген.
Қорыта айтар болсақ, қанағаттың орны мемлекет пен отбасындағы психология-лық оңды ахуалды, татулық пен тыныштықты, жайдары қабақты, бейіл-береке мен  оның барлық мүшелерінің ырысымен, ойға алған істерінің өрге басып, мақсаттары-ның жүзеге асуының кепілі.
Енді осы мақаламызды мына бір өлең шумағымен аяқтасақ:
          Қиындыққа қайыспасын қабырға.
          Дем беріңдер,
          Қанағат пен  сабырға!
          Екеуіне байланысты бағыңда!
Қайрат Қанапиянов
Дінтанушы
0 дауыс
Мысалы біз бір нәрселерді көріп оны сатып ала берсек біздің ақшамыз азая береді. Ақшаны үнемдемеу де қанағатсыздық. Йогуртты бүгін ғана жегіміз келіп жеп қойсақ ертеңге қалмайды. Ал ертең қарның аш болып отырамз. - бұл қанағатсыздық.

Ең қанағатты жәндік ол - құмырсқа. Ол жаз бойы озінің азығын жинап, қыс біткенше сақтап, жеп отырады. Ол бәрін бір күнде жеп қоймайды, қыс бойы қанағаттанып жейді.
...