Өмірбаяны
Ол 1834 жылы Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданында дүниеге келіп, 1897 жылы алпыс үш жасында туған жерінде қайтыс болған. Бозбала кезінен әнші-ақындардың қасына еріп той-думанның сәніне айналады. Шөже, Салғара, Толыбай, Орынбай, Нүркей, Сегізсері, Арыстан тәрізді өнер иелері – Біржан салдың ұстаздары. 1865 жылы Абаймен кездесуі Біржан салдың композиторлық, әншілік, ақындық өнерінің дами түсуіне үлкен әсер етеді. Біржан сал қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін, халық музыкасын жаңа белеске көтеріп, өз ән-өлеңдерімен толықтырған ірі тұлға. Жаяу Мұса, Басықараның Қанапиясы, Құлтума, Ақан сері, Балуан Шолақ, Ғазиз, Естай, Үкілі Ыбырай, Жарылғапберді, т.б. арқаның атақты ақын-әншілері – Біржан салдың мектебінен өнеге алып, оның композиторлық өнерін жалғастырып, ілгерілеуіне мол үлес қосқан өнерпаздар.
Шығармашылығы
Біздің заманға Біржан салдың алпысқа жуық әндері жеткен. Оның әндері нәзік сезімді, сұлулықты жырлаған сыршылдығымен қоса («Ғашығым», «Қаламқас», «Ләйлім шырақ», «Айтбай», «Ақтентек», т.б.), әлеуметтік мән-мазмұнымен де («Жанбота», «Адасқақ», «Көлбай – Жанбай», «Шідер», т.б.) құнды. Сара ақынмен айтысы оны дарынды, суырыпсалма ақын ретінде дүйім елге танытты. Біржан салдың ақындық өнерінің өріс ашып, өрби түсуіне Сара, Әсет, Доскей, т.б. қатарлы тұтас бір сала буын игі әсерін тигізген. Өмірінің соңғы кезінде ру арасындағы талас-тартыстар, ағайын ішінің кикілжіңі Біржан салдың жеке басына да қатты әсер еткен. Қиянатшылар тіпті оны «жынданды» деген лақап таратып, қол-аяғын байлап тастауға дейін барады. Аталмыш оқиға Біржан салдың «Теміртас» әнінде үлкен қасіретпен айтылады. Оның «Айтбай», «Адасқақ», «Жамбас сипар», «Жонып алды», «Алтын балдақ», «Көкек», «Жанбота», «Теміртас» сияқты әндері дәстүрлі қазақ әндерінің классикалық үлгілері ретінде қазақ мәдениетінің алтын қорынан орын алды. Олар Ғаббас Айтбаев, Қали Байжанов, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Қосымжан Бабақов, Қуан Лекеров, Мәжит Шалқаров, Темірбек Арғынбаев, Қайрат Байбосынов, т.б. әншілердің орындауында ел арасына кең тарап, халық игілігіне айналды. Біржан салдың музыкалық мұрасы бірнеше рет жинақ болып басылып шықты. Мұқан Төлебаев «Біржан – Сара» операсын жазды. Біржанның өмірінен қысқаша үзінділер: 1865 жылдың жайма шуақ жаз айы. Көк майсалы Көкшетау етегіне тігілген ақ шаңқан үйлер шапқан ат шаршайтындай аймақты алып жатыр. Себебі Сары Арқаның астанасы Омбыдан "генерал-губернатор келе жатыр" деген хабар алыс-жақын аймақты түгел шарлап, қалың ел әуре-сарсаңға түскен. Әсіресе болыс, старшындар қатты әбігер үстінде. Үй тігу, қонақ күту, сән-салтанат көрсету жөнінде бірінен-бірі асып түскісі келіп жанталасуда. Бұл аймақтағы көп болыстың ішіндегі ең көрнектілері - Азнабай мен Жанбота. Азнабай - жуан тұқым Қоңырқожаның баласы болса, Жанботаның "сегіз болыстан шені артық" (Біржан салдың сөзі)... Түске салым Жанбота тіктірген үйлер жақтан шырқау ән естілді. Бұл - "Сары Арқаны әнмен сандалтқан" Біржанның дауысы екенін естіген жұрт сол жаққа құлақ түріп, аңсары ауа бастаған. Басқа шаруа былай қалып, әсіресе жас жігіттер, қыз-келіншек ән шыққан жаққа ағыла бастады. Бұл - Жанботадан абыройын асырғысы келіп жүрген Азнабай болысқа ұнаған жоқ. Генерал-губернатор келмей жатып, Жанбота ауылының той-думанға айнала бастағанын жақтырмай, араға кісі салып көріп еді, бақталас болыс: "Жастардың қолқалауымен ән салып отырған Біржанға мен не деймін?" - деп қырсық жауап қайтарыпты. Біржан отырған үйдің иесіне: "генерал-губернатор келгенше қоя тұрсын" - деп сөз айттырса, ол да: "Жиналып тұрған көпшілікке топырақ шаша алмаймын", - десе керек. Бұған ашуланған Азнабай мінезі дөкір, дойыр қамшылы поштабайын жұмсап: "Тоқтат Біржанды!" - деп бұйырады. Поштабай барып бұйрықты жеткізсе, Біржан тоқтамайды. Поштабай әуелі қолындағы домбырасын тартып алмақ болады. Өзі де балуанға түсіп жүрген қарулы Біржан домбырасын бермейді. Сосын поштабай қолындағы қамшымен Біржанды бір тартып жібереді. Мұның аяғы төбелеске айналып, отырған жұрт поштабайды үйден қуып шығады. Бірақ денесіне қамшы тиген Біржан бұған қатты намыстанып, жан айқайы "Жанбота" әнін шығарған. Мұнда өзін қолқалап ертіп келген Жанбота болысқа: "Жанбота, осы ма еді өлген жерім? Көкшетау боқтығына көмген жерің?!" - деп ашулана шырқаса да, "қарғаның көзін қарға шұқымайды" дегендей, "азуы алты қарыс" Азнабайға ештеңе істей алмасын байқаған соң, атақты "Адасқақ" әнін шығарған. Онда бұл дүниеде әділеттің жоқтығын, кім болса да біреуге жағынудың, жағымпазданудың керек еместігін, өз күшіңе, біліміңе, қабілетіңе қарай өмір сүру керектігін өкіне, ашына айтқан. Бұдан кейін Біржан сал өз ауылында тұрақтамай, ел кезіп кетеді. "Үш жүзді сайран қылған Біржан едім" деп өлеңінде өзі айтқандай, қазақ жерінің барлық түкпірін аралайды. Ел көреді, жер көреді, талай той-думандардың сәні, көркі болады. Жүрген жерлерінің бәрінде бүгінге дейін ел аузында жүрген, халқымыздың өшпес мәдени қазынасына айналған әндер шығарады. Бүгінгі әншілеріміз айтып жүрген "Ләйлім шырақ", "Теміртас", "Жайма шуақ", "Айтпай", "Бурылтай", "Айбозым", "Асыл-Ақық", "Керкекіл", "Ақ серкеш", "Мәті-Дәулен", "Алтын балдақ", "Телқоңыр", "Аққошқар", "Көкек" т. б. әндері - мәңгі өлмейтін туындылар. Бұлардың бәрі бұрын жеке дауыста орындалса, ұлы композиторымыз Мұқан Төлебаев біразын "Біржан - Сара" операсында пайдаланған. Арқаның ақиығы Біржанның Жетісу бұлбұлы атанған ақын Сарамен айтысы да - өлмес қазынамыз. Біржанды өз құлағымен тыңдаған данышпан Абай:
Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең - менше сүй, - деген мәңгілікке жетерлік сөз қалдырған