Терінің ең көп тараған ауруларына безеу, қышыма қотыр және саңырауқұлақтар тудыратын аурулар жатады.Тері ауруларын қарайтын медицина бөлімі дерматология деп аталады.
1 Безеу
2 Безеудің алдын алу
3 Саңырауқұлақтар тудыратын аурулар
4 Саңырауқұлақтар тудыратын аурулардың алдын алу
5 Қышыма қотыр
Безеу
Безеу көбінесе 14–16 жастағы балаларда болады. Бұл – жыныстық жетілудің уақытша қосымша әсері. Май бездерінің шығаратын өзегі бітеледі де, оған ауру тудыратын микробтар түсіп, қабынады. Айналасындағы тері тығыздалып, қызарады да кішкентай түйін пайда болады, ол жиі іріңдейді. Олар уақытша пайда болады, бірақ терінің көп бөлігіне жайылып ауыруы мүмкін. Безеу бетті, кеудені, арқаның жоғары бөлігін зақымдайды.
Безеудің алдын алу
Безеудің алдын алу үшін теріні таза ұстап, май бездерінің өзегі бітеліп қалмауы үшін бетті үнемі сабынмен жуу керек. Ыстық және суық сумен алма-кезек жуыну жақсы көмектеседі. Өте ащы, тәтті, дәмдеуіштер (бұрыш, қалампыр, т.б.) қосылған тамақты жеуден, кофе, какао, қою шай ішуден бас тарту қажет. Асқынған жағдайда дерматолог дәрігерге көріну керек.
Саңырауқұлақтар тудыратын аурулар
Саңырауқұлақтар тудыратын аурулар тері ауруларының үлкен тобын құрайды. Бұл микроорганизмдер денені, бас, аяқ немесе қолды зақымдайды, бірақ көбінесе аяқтың башпайлары зақымдалуы мүмкін. Уақыт өте келе аяқ басының зақымдалған терісі терең жарылып, процесс тырнаққа өтуі мүмкін. Сонымен қатар саңырауқұлақты инфекция табан сүйелінің дамуына себепші болады. Бұл косметикалық кемшілік қана емес, жұқпалы вирус ауруы болып табылады.
Саңырауқұлақтар тудыратын аурулар аллергиялық реакциялардың дамуына себепші болуы немесе аллергиялық ауруларды, мысалы, бронх демікпесін асқындыруы да мүмкін.
Саңырауқұлақтар тудыратын аурулар адамнан адамға оңай беріледі. Бұл, әсіресе иммунитеті нашар қала тұрғындары үшін өзекті мәселе. Аяқты қысатын аяқкиім кию, қоғамдық моншаға, бассейнге түсу саңырауқұлақтар тудыратын аурулардың таралуына себепші болуы мүмкін. Жоғары ылғалдылық кезінде саңырауқұлақ теріге бөгетсіз енеді.
Саңырауқұлақтар тудыратын аурулардың алдын алу
Аяқты бактерияға қарсы сабынмен жуып, жақсылап сүрту;
Жазда ашық аяқкиім кию;
Синтетикалық материалдан жасалған аяқкиім кимеу;
Кроссовкамен ұзақ уақыт жүрмеу;
Басқа адамның киімін кимеу.
Қышыма қотыр
Бұл ауруды қышыма қотыр кенесі (қотыр кенесі) тудырады. Қотыр кенесі нәзік, жұмсақ тері жабынын зақымдап, ішке, арқаға жайылады. Мұндай жұқпалы ауру өздігінен жазылып кетпейді. Міндетті түрде дәрігердің көмегі қажет.
Және жазда жұғатын аурулар http://www.zamana.kz/component/content/article/1-latest-news/3952-zhaz-aurulari.html