Қорғалжын ауданы – Ақмола облысындағы әкімшілік бөлік. 1928 жылы құрылған. Солтүстігінде Егіндікөл, Астрахан аудандарымен, оңтүстігінде Қарағанды облысының Нұра ауданымен шектеседі. Аудан аумағындағы 26 елді мекен 8 ауылдық әкімшілік округке біріктірілген. Жерінің аумағы 9,3 мың км². Тұрғыны 13,0 мың адам (2003). Аудан негізінен Теңіз – Қорғалжын ойысында орналасқан. Жер бедері сәл белесті жазық. Климаты континенттік. Қысы ұзақ (қар 180 күндей жатады, қалыңдығы 20 сантиметрдей), боранды (20 күндей), суық. Қаңтар айының орташа температурасы –17 – 18 градус. Жазы қоңыржай ыстық, қуаң (50 күндей). Шілде айының орташа температурасы 20 – 21 градус. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 250 – 300 миллиметр. Аудан жері арқылы Нұра, Құлан-өтпес өзендері ағып өтеді. Көлдер өте көп. Негізгілері: Қорғалжын, Теңіз, Қоқай, Асаубалық, Сұлтанкелді, Есей, Шолақшалқар, Жәнібекшалқар, Шишалқор, Қарасор, Құмкөл, Алакөл, т.б. Топырағы қоңыр, күңгірт қоңыр, Нұраның аңғары қара топырақты. Аудан жерінде жабайы шошқа, қоңыр түлкі, қарсақ, борсық, қоян, күзен, ақ тышқан, қосаяқ, су тышқаны, ондатра; құстардан: қоқиқаз, қаз, үйрек, аққу, аққұтан, қызғыш, т.б. көптеген су құстары мекендейді. Көлдерінде мөңке, алабұға, оңғақ, лақа, торта, шортан, аққайран кездеседі. Аудан аумағында мемлекеттік Қорғалжын қорығы орналасқан. Қорғалжын ауданында облыс халқының 1,7%-ы тұрады. Негізгі халқы қазақтар (87,1%, 2003). Одан басқа орыс (6,8%), украин (2,3%), неміс (1,8%), беларусь (1,5%), өзбек (0,04%), т.б. ұлт өкілдері (1,8%) тұрады. Халқының орташа тығыздығы 1 км²-ге 1,4 адамнан келеді. Халқы 1,0 мың адамнан асатын ірі елді мекендері: Қорғалжын (5,0 мың адам), Арықты (1,3), Кеңбидайық (1,1), Жантеке (1,4), Сабынды (1,8) аудандары. Ауданда май зауыты, сүт цехы, диірмен, наубайхана, тұрмыстық комбинат, құрылыс, автокөлік мекемелері, типография, астық пункті, т.б. бар. Аудандағы 17 ЖШС, 184 шаруа қожалығы, 3 тағам өңдейтін кәсіпорын, 88 сауда орындары халыққа түрлі салада қызмет көрсетеді. Ауыл шаруашылық жері 656,5 мың гектар, оның 46,1 мың гектары егіндік, 28,2 мың гектары шабындық, 382,8 мың гектары жайылым, 199,5 мың гектары тыңайған жер. 2001 жылы 8,5 мың сиыр, 4,2 мың қой мен ешкі, 3,6 мың жылқы, 0,6 мың шошқа, 12,6 мың құс болды. Оқу, білім беру және мәдениет салаларында мектепке дейінгі 8 балалар мекемесі, 5 бастауыш, 8 орталау, 11 орта мектеп, 33 кітапхана, халық театры, мұражай, 22 клуб, 3 мәдениет үйі бар. Денсаулық сақтау және емдеу мекемелерінен аудан аурухана, 5 отбасылық-дәрігерлік амбулатория, 13 фельдшер-акушерлік пункт болды. Аудан “Шамшырақ нұры” (1934 жылдан), “Свет маяка” (1957 жылдан) газеттері шығарылады.Осы дерек жарайма