+1 дауыс
35.9k көрілді
Жамбыл Жабаев жайлы шығарма керек жоспарымен?

3 жауап

+2 дауыс
 
Жақсы жауап

Жамбыл Жабаев – ұлы ақын, жырау, жыршы. Қазіргі Жамбыл облысы Жамбыл тауының етегінде 1846 ж. 28 ақпанда жапа деген елге қадірлі адамның отбасында дүниеге келген. 

Жасынан өлең-жырға қанып өсіп, Сүйінбай Аронұлы сияқты жыр даңғылынан тәлім-тәрбие алды.Сонымен бірге Жамбыл туысқан қырғыз елінің де сөз өнерін жетік біліп, Тоқтоғұл, Мұраталы, Әлімқұл, Балық, Тыныбек, Қатаған сияқты дүлдүлдермен өнер сайысына түскен. Жүз жыл өмірінің сексен бесін өлең-жырмен өткізген. Жамбылдың шығармашылық өмірі 19-ғасырдың 70-жылдарынан басталған. Бұл – қазақ халқы үшін өте ауыр кезең еді. Осы жылдары ресей империясы бүкіл қазақ елін түгел отарлап алған болатын. Соның салдарынан жерден, малдан айырылған жұрттың тұрмысы жүдеп, күйзеліске ұшырады. Ол аз болғандай, 20-ғасырдың 20-жылдарында ақ пен қызылдың соғысы, кәмпескелеу мен ұжымдастыру сияқты оқиғалар халықтың тағдырына теріс әсерін тигізді, қарапайым адамдардың да, зиялылардың да психологиясын өзгертті. осындай жағдайдың куәгері болған жамбыл шындықты айтып, замана болмысын жасырмай суреттеді, өзінің өкініші мен күйінішін ащы дауыспен жырлады, күйініп те, қиналып та сөйледі. Жамбылды нағыз ақын ретінде байтақ елге танытқан өнері – оның айтыстары. Бұл айтыстарында қыз бен жігіттің қайым айтысы да, түре айтыс та, сүре айтыс та бар. осының қай-қайсысында да жамбыл өзінің нағыз майталман, кестелі сөздің шебері, әрі ұшқыр ойлы, тапқыр шешен екенін көрсетеді.

1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына жамбыл ақын белсене қатынасты. патша жарлығына қарсы көтерілген халық бұқарасының қалың ортасында жүрді. өзінің жалынды үндеу жырларын сол қозғалысқа арнап шығарды. Кеңес дәуірі жылдарында жамбыл қоғам өмірі мен ел мүддесін жырлады. Ол байырғы ұлы жыраулардың дәстүрін қайта түлетіп, біздің дәуірімізге жаңа сапада, соны мазмұнмен байытып жеткізді. Мемлекет басшылары мен партия көсемдеріне қарата айтқан жырларында жалпы мемлекеттік мәселелерді көтерді. 2-дүниежүзілік соғыс тұсында бүкіл Кеңес Одағында Жамбылдан дәрежесі, мәртебесі биік ақын болған жоқ. Жамбыл есімінің әлемнің шартарабына танылған тұсы да осы кезең еді. ақын жырлары майдандағы әр ұлттан құралған жауынгерлердің бәрінің де жүрегіне жетіп, жігерін қайрады. 1945 жылдың 22 маусымында жамбыл жүзге қараған шағында алматы қаласында қайтыс болды. Жамбыл – жыршылық өнердің де асқан шебері. оның үздік шығармалары қырықтан астам шет елдер тілдеріне аударылды. ромен роллан, мартин андерсен нексе, катарина сусанна причард сияқты атақты суреткерлер жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берді. Жамбыл туралы жүздеген өлең-жырлар жазылды. 20-ғасырдағы халық ақындарына жамбылдың әсері өте зор болды. Бұл қатарда Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев, т.б. белгілі суырып-салма ақындар бар. Қазақтың ұлттық мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін Жамбыл Ленин, Еңбек Қызыл ту, “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталды. 1941 ж. Сталиндік сыйлықтың лауреаты атанды. Жамбылдың есімі Қазақстанның бір облысына, бірнеше ауданға, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына берілді. Қазақ халқы Жамбылдың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық тойларын халықаралық деңгейде салтанатты түрде атап өтті.

+1 дауыс

Қазақ халық поэзиясының алыбы атанған Жамбыл Жабаев 1846 жылы «Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын, Жамбыл деп қойылыпты атым сонан» деп ақынның өзі айтқандай қазіргіЖамбыл облысы, Шу өзені бойындағы (Шу ауданы) Жамбыл тауының етегінде Жапа деген қыстауда ақпан айының боранды күндерінің бірінде дүниеге келген. Бұл кез ақынның «Менің өмірім» өлеңінде:

Көз аштым, сорғалаған қанды көрдім,
Қамыққан, қанды жасты жанды көрдім,
Ел көрдім – еңіреп босқан аңды көрдім,
Қойнында Алатаудың зарды көрдім, –

деп айтқандай ел ішіндегі әлеуметтік жағдайдың меңдеп тұрған тұсы еді. Бұл – Жетісу өңірінің Қоқан хандығына қарап тұрған шақтағы ел басқарудағы жолсыздықтың шектен шыққан кезі еді. Бір жағынан ақ патшаның, екінші жағынан жергілікті ел билеушілердің мөлшерден тыс алым-салығы бұқара халықты титықтатып тастап еді. Қалың бұқараның дені жоқ-жітікпен, бірде аш, бірде тоқ болып өлдім-талдыммен күнелтіп жатқан тұсында дүниеге келген ақын сол тұстағы ел өмірінің жанды картинасын қазақ поэзиясына шынайы қалпында алып келді.

Жамбыл 8 жасқа келгенде әкесі ауыл молдасынан білім алсын деп оны оқуға береді. Бірақ болашақ ақынға молданың ескіше оқуы қонбайды. Сол тұстағы күйін ақын «Шағым», «Әкеме» атты өлеңдеріне арқау етті. Молданың ескіше оқуына қанағаттанбаған ақын: «Бала келсе сабаққа, Жем аңдыған дорбадан. Ақ сәлдесі басында, Боз інгендей боздаған» деп, білім беруден гөрі мал табуды көздеген молдаға деген наразылығын жасыра алмады. Бұл қазақ арасына жаңаша оқу ене қоймаған, ескіше оқудың кең өріс алып тұрған шағы еді. Осыдан кейін әкесіне молданың оқуы қонбайтындығын, түсіне өлең кіргенін айтып, қолына домбыра алып біржола ақындық жолға түседі. Жамбыл Шапыраштының Екей деген руынан, бұл елде ақындардың көп болғанын «Екейде елу бақсы, сексен ақын» деген жолдарынан көруге болады. Осындай ақындық орта болашақ ақынға да мол септігін тигізді.

Сүйеке, сүйенішім, өнерпазым,
Әйгілі, ақылгөй, желді сөздің.
Әкежан, сен де тіле, бата берсін,
Балаңа өлең қонып, атақ ерсін! –

деп, ХІХ ғасырдағы суырыпсалмалық «импровизаторлық» өнердің классигі, М.Әуезов «ақындардың ақыны айдын көлдей ақылы» деп атаған Сүйінбай Аронұлынан бата алады. Сондықтан да осыдан кейінгі өлеңдерінде «Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сиынбай» деп ұстазының алдына түспейтіндігін үнемі айтып отырады. Осылайша жастайынан өлең-жырға жақын өскен ол он бес жасынан-ақ «жас ақын», «жап-жақсы ақын», «Жамбыл ақын» болып елге таныла бастады.

Өзін шалқарда шалқыған аққуға теңеген ақын «келмеді сасық, шалшық жерде қалғым» депжыр маржанын тере білді. Бір жағында қалың бұқара, бір жағында бай мен датқа тұрған ақынның алдында кімнің сөзін сөйлеу керек? деген замана сауалы тұрды. Қалың бұқараның жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған ақын бай, манаптарды шеней білді. «Жылқышы», «Сараң бай мен жомарт кедей» деген өлеңінде бай мен кедей арасындағы кереғар тірлікті шендестіре отырып қатарластыра (параллел) жырлады:

Малы көп бай жылайды қар жауғанда,
Бәрін тастар ниеті малға ауғанда.
Жерден алтын тапқандай кедейлер жүр,
Әйелі шелек толы сүт сауғанға.
Малы көп бай ертемен жейді қаймақ,
Қой шығарып, кедей жүр қозыны айдап.
Ең болмаса, айранға тойғызса деп,
Жатса, тұрса тілейді «а, құдайлап».

Көріп отырғанымыздай Жамбыл да Абай тәрізді сол тұстағы ел ішіндегі толғағы жеткен әлеуметтік мәселелерді тілге тиек етті. Осының өзі Жамбылдың кедей-кепшіктің, бұқара халықтың жоғын жоқтағанын байқатады.

Өмірінен үлкен орын алған Бұрым қыз туралы өлеңінен «Сен лашын болғанда, мен ақ сұңқар Бір көріп дидарыңа болдым іңкәр» дейтін ақын махаббатының сәтсіздігі байқалады. Дегенмен жас ақынның осы өлеңіндегі лашынға, ақ сұңқарға, тұлпарға, қорғасынға, қаңбаққа, құрыққа, құлынға теңеулерінен оның бейнелі сөйлейтіндігін байқау оңай. Дерексіз затты қазақ ұғымына түсінікті деректі заттарға теңеу арқылы бейнелі образдар ұсынды.

1916 жылы қара жұмысқа адам алу туралы патша жарлығына қарсы ұлт-азаттық көтеріліс болған тұста ақын «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық», «Толғау» атты өлең, толғауларын жазды. Аталған өлеңдерде сол тұстағы ел билеушілердің ақ патшаның заңына құлдық ұрып, бұқара халықтың ыза-кегін туғызғанын жасыра алмады:

Би, болысты тәңірі атты,
Ел қорғауға жарамай.
Ағайында еңіретті,
Көз жасына қарамай.
Енді ойласақ: не қалды,
Ата жұрттан кету бар, –

деп ел билеушілерге деген елдің наразылығын ашық айта білді. Жайылым жерлерден айырылған қазақ бұл тұста елден үдере көшіп Қытайға жер ауып жатты. Қазақстанның түкпір-түкпірінде патша жарлығына қарсы бой көтерулер болды, Қарақарадағы албандардың көтерілісі де осы тұста болып еді. Осылардың бәріне куә болған ақын ел өміріндегі ірі-ірі тарихи оқиғаларды шығармаларына арқау етті. Аталаған өлеңдері үшін біраз күн ақ патшаның тар қапасында тұтқын да болды.

Қазақстанда Кеңес өкіметі орнаған тұста кедейге теңдік, әйелге еркіндік берілгеніне ақын да куә болды. Сондықтан да оның шығармаларынан ірі байларды конфискелеу, қосшы ұйымын құру, шабындық пен егістік жерлерді қайта бөлу, кеңес сайлауларын өткізу сынды саяси және мәдени науқандар кең орын алды. Осылардың бәріне куә болған ақын халқымен бірге қуанып, бірге шаттанды. «Кедейлерге», «Қазақстан тойына» бұқараның жырын жырлады.

Жамбыл жырларынан фольклорлық бата, тілек, өсиет, арнау, жоқтау жанрлары да орын алды. «Бата» өлеңінде «жақсы сөз – жарым ырыс» екендігін ескере отырып, «Әумин» деп қолыңды жай, Қабат тусын күн менен ай. Алғаның болсын сайма-сай» деп бар ақ тілегін жаудырса, «Өсиет», «Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға! өлеңінде:

Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға,
Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға.
Жақсының әрқашан да жөні бөлек,
Жаман адам жарамас бір қымтарға, –

деп жақсы өсиет білдірді. Ақынның шығармаларынан ерекше орын алатын арнау өлеңдер. Олардың басым көпшілігі жекелеген адамдарға қаратыла айтылған арнаулар. Осылардың қатарында «Кененге», «Ғасем Лахутиға», «Калинин ақсақалға», А.Пушкинге арнап жазылған «Асқан бұлбұл», «Пушкинге», «Сүлеймен Стальскийге», т.б. жекелеген адамдар мен «Қазақстан тойына», «Амангелді тойына», «Социалистік Қазақстан» тойына», т.б. тойларға шашуын да атауға болады.

Ұлы Отан соғысының қан майданында баласы Алғадай қайтыс болғанда қарт ақын бар шерін өлеңмен шығара білді. Оның «Алғадай туралы», «Сарғайып атқан та ба екен», «Алатауды айналсам» атты өлеңдері қазақ поэзиясындағы жоқтау жанрын толықтырды:

Мінгенде атым сұр бөрте,
Алғадайды алдың еп-ерте,
Мен жыламай – кім жылайд,
Жал-құйрығы кеп-келте.

Немесе:

Алатауды айналсам,
Алғадайды табам ба?
Сарыарқаны сандалсам,
Саңлағымды табам ба?..
Бала қалды жетім боп,
Келін қалды жесір боп,
Біздей кәріп кісіге,
Көз салыңдар есіркеп…

Қазақстан Жазушыларының бірінші съезінде мүшелікке өткен Жамбыл есімін 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің бірінші онкүндігі шарықтатып, даңқын арттырып жіберді. Ол да басқа ақындар секілді өз заманының перзенті. Сондықтан еңбекші бұқараға теңдік алып келген Қазан төңкерісіне деген жүрек жарды қуанышын жасыруға болмайды. «Күн көсемге» деген бар жылы сөзі ақынның «Туған елім», «Халықтың сәлемі», «Ұлы заң», «Ленин», «Орден алғанда», «Қайта жасардым» деген арнаған ақын шығармаларынан асқақ рух анық байқалады.

Ақын шығармаларының шоқтығы биігі – айтыстары. Жамбылдың Құлманбет, Досмағанбет, Сарыбас, Майкөт, Бақтыбай, Сары, Бөлтірік, Жүнісбай, Айкүміс, Бөлектің қызы, Шашубаймен айтыстары суырыпсалмалық өнерінің биікке шарықтағандының айғағы. Осылардың ішінде Айкүміспен айтысы қыз бен жігіт айтысының жақсы бір көрінісі болса, Құлманбетпен айтысы қазақ әдебиетіндегі айтыстың жақсы бір үлгісі. Құлманбет ақын Албанның би, болыстарының байлығымен, дәулетімен мақтанғанда Жамбыл «Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, Ел бірлігін сақтаған татулықты айт!» деп жеңіп кетеді.

Жамбыл жырларының ішінде оның эпикалық үлгіде жазылған «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» атты дастандарының орны ерекше. Жетісу бойына кең тараған Өтеген туралы аңызғаЖамбыл ақын жан бітіріп, оны қазақ әдебиетіне алып келді. «Қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» жайма-шуақ өмірді іздеген Өтегеннің бақыт жолындағы ізденісі халықтың арман-тілегімен ұштасып жатты. Өтеген батыр туралы дастанда аңыз басым болса, Сұраншы батыр туралы дастанда тарихилық үстем. Қоқан хандығына қарсы Жетісу қазақтарынан шыққан батыр Сұраншы Ақынбековтың ерлік істері көңілге қонымды. Қазақ, қырғыз, өзбек халқы еңбекшілерінің ынтымағы арқылы адам баласы аңсаған азаттық нанымды бейнеленген. Осылардың қатарында «Көрұғлының» Жамбыл жырлаған нұсқасы мен «Бақ, дәулет, ақыл» атты аңыздарын да атауға болады. Ақын бақ, дәулет, ақыл туралы аңызды тірілте отырып оқырманға:

«Ал, жігіттер, бұл сөздің шешуін тап,
Бай болғанмен не боларсың, болсаң ақымақ.
Ақымаққа мал бітсе мас болады,
Ақылсыз түк бітірмес, мал менен бақ», –
деген ой салады.

1941 жылдың басында «Кәрілік» атты өлеңінде «Босатып буынымның шегелерін, Сыпырып тұла бойдан күшімді алды» деп кәрілікке мойын бере бастаған ақын 15 республикадан құралған мызғымас Кеңестер Одағына фашистік германия тұтқиылдан шабуыл жасағанда қаламын қолға алып, қайтадан қайраттана, жігерлене түсті. Бұл тұста Жамбыл ақын жауға қаламмен қарсы шығып, «Ата жаумен айқастық», «Өлім мен өмір белдесті», «Ленинградтық өренім!», «Москваға», «Аттан, батыр, ұрпағым», «Кеңес гвардеецтеріне», «Кеңес жауынгерлеріне», «Майданға хат», «Сыйлық», «Тырналар қайтты көріңдер», «Отан әмірі», «Алынбас қамал», «Балама хат», «Воронеж батырларына», «Ленин өреніне», «Қамал бұзған қаһарман», сынды әрбір өлеңін жауға оқ етіп жаудырды. Өмір мен өлім белдескен шақта ақын қуатты жырларымен кеңес жауынгерлеріне жігер берді. Оның жырлары жыл құсындай болып майданға аттанды. Жауынгерлерге Ленинград, Москва, Сталинград сынды ірі қалаларды жау қолына бермеңдер деген ақын жырларында өршілдік рух басым. Кеңес жауынгерлеріне қайратына қайрат, жігеріне жігер қосқан өлеңдерінің ішінен «Ленинградтық өренімді» ерекше атауға болады:

Ленинградтық өренім,
Мақтанышым сен едің.
Нева өзенін сүйкімді,
Бұлағымдай көремін…
Уа, қаһарман, өренім,
Мақтанышым, беделім!..
Қаласындағы Лениннің
Сайып қыран, өренім!

Ұлы Отан соғысы жылдарында патриоттық рухта жазылған толғаулары үшін КСРО Халық Комиссарлар кеңесі 1941 жылы Мемлекеттік сыйлық берді.

Ақын «Мұнша жасқа келгенде, Не көріп, не білгеннен. Бір ауыз сөз айтылмай, Қалса – үлкен мін ақынға» дей отырып, сексеннен асып, тоқсанға таяған шағында көрген-білгендерін ой қазанында қорытып, өмір жайлы толғауларын жазды. Оның «Замана ағымы», «Туған елім», «Менің өмірім» атты толғауларының қазақ әдебиетіндегі орны ерекше. Жүз жасаған ақынның өмір сүрген уақытында қазақ халқының басынан неше алуан ірі-ірі тарихи оқиғалар өтті. Ақын қазақтың жүз жылдық тарихының ғана емес, арғы-бергі тарихының өмір шындығын көркем шындыққа айналдыра білді. Ол толғауларында Қоқан хандығы, одан ақ патшаның қол астында отар болып, «Қысым көрген, қырылған, Таланған да шабылған» қазақ халқының аянышты тірлігі мен Қазан төңкерісімен келген теңдік пен бақытты өмірді «Жамбыл қарт жетпіс екі жасағанда, Николай ұрған доптай тақтан ұшты. Жарқырап бостандықтан сәуле түсті – Жабырқаған халықтың көңілі өсті!» деп жырлады.

Жүз жасаған ақын Жамбыл Жабаев халық поэзиясының алыбы ғана емес, «ХХ ғасырдың Гомері» атанды. Ол халық поэзиясы арқылы қазақ халқын да әлемге танытты.

0 дауыс

Халық поэзиясы көбіне ауызша айтылады, кейін назарға түсіріліп оқылады. Оның көркемдеу құралдары да басқаша, көбіне байырғы тіл әдісімен баяндалады. Оның талантты өкілдері нағыз көркем сөз шебері болып, айтулы ақын дәрежесіне көтеріледі. Кеңес заманында халық поэзиясының ірі өкілдерінің бірі – Жамбыл Жабайұлы болды. Жамбыл қазіргі Жамбыл облысында Шу өзенінің бойындағы Жамбыл тауының етегінде 1946 жылы ақпан айында туған. Жамбыл жоқшылық тұрмыста өседі. Ес білген соң әкесі оны ауыл молдасына оқуға береді. Бірақ молдалардың қорлығына шыдай алмай Жамбыл оқуды тастап кетеді. Жаратылысында пысық, зерек бала оқып білім алмаса да, жастайынан ән мен өлеңге құмар болады, ауызекі естіген өлеңдерін жаттап алып жүреді.
Ес білгеннен өр мінезді, тентектеу болып өскен бала Жамбылдың қызықты қылықтары көп болған. Жамбыл жасынан – ақ домбыра үйреніп, ақын болуды армандайды. Ол осы өнерінің шетжағасын көрсете бастаған кезінен-ақ өзі құрбылас жас ақындардан әлдеқайда озат көрініп, жұрт көзіне түсе бастайды. Әкесінің домбыраны жақтырмайтынын білсе де, ән мен жырдың айрылмас адал серігі болған. Бұған Жамбылдың 13-14-ке келген кезінде әкесінің үстіне домбырамен келіп: 
Батаңды маған бер,әке,
Тіліме менің ер,әке,
Жапаның ұлы ақын боп, 
Жақсы істепті ... дер әке! –
деп, батыл тұрып бата сұрағаны дәлел. Әкесі ризашылығын бермегеніне қарамастан, қайсар бала алған бетінен қайтпай Жетісу бойына атағы шыққан Сүйенбай ақынға барып сөзін сынатып, оның батасын алған. Елдің ежелгі дәстүрі бойынша шәкірт ақын ұстаз тұтқан белгілі ақынға барып, өз өнерін сынатып, одан бата алатын болған.
Сүйінбай жас ақынның талантын көріп: «Балам, өз өлеңіңді шығар, бірақ оның жұрт жаттап алатын, ешкім ұмытпайтын өлең болсын, сенің өлеңің жеке адамдардың көңілін көтеріп, солардың сүйініп отыратын өлеңі болмасын, бүкіл халықтың сүйіп тыңдайтын өлеңі болсын. Көмекейің емес, жүрегің сөйлейтін болсын. Шыныңды айт, әділдікті жырла, көне, тозығы жеткен жолға түспе, жаңа жол, тың жолға, даңғыл жолға түс, төңірегіңде не болып жатыр, соны аңғар, соны біл» - депті. 
Жамбыл Сүйінбайдан ең алдымен импровизаторлық өнерді – ойлаған жерден сөз тауып, өлеңді жылдам шығарғыштықты, шешендік пен тапқырлықты үйренеді. Кейін Жамбылдың: 
Менің пірім Сүйінбай,
Сөз сөйлеген сыйынбай
Сырлы сұлу сөздері
Маған тартқан сыйындай.
Сүйінбай деп сөйлесем
Жыр келеді бұрқырап-
Қара дауыл құйындай – деп бастайтыны да сондықтан
екен. ХІХ ғасырдың 70-80 жылдарында белгілі ақын болады. 
Жамбылдың ақындық қызметінде Айтыс елеулі орын алады. Жамбыл өзінің ақындық өнерін көбінесе осы Айтыстар үстінде көрсете білді. Жамбылдың Айтыстаға бір ерекшелігі - өзінің ақындық өнерін тиісті идеялық бағытта пайдалана білгендігі. Ақын Айтыста қалың көпшіліктің көңіліне қонымды ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік сияқты мәселелерді қозғайды.Айтыс үстінде халық атынан сөйлеп, халыққа арқа сүйеп отыратын Жамбылдың бұрынғыАйтыстарының ішінде, әсіресе оның Құлмамбет ақынмен Айтысы ерекше көзге түседі: жалпы сол кездердегі Айтыстар сияқты, бұл Айтыста да Жамбыл мен Құлмамбеттің әрқайсысы өз руларының атынан сөйлейді. Құлмамбет албан, дулат руларының атынан сөйлеп, сол руларының байлары мен билерін мақтайды. Жамбыл да өз руы атынан айтады, бірақ ол сөзін байлық, мол мүлікке қарай емес, адамгаршілікке, ерлік, әділдікке қарай бұрады. Сөйтіп,Жамбылдың Айтысында ру мүдделерінен гөрі халық мүдделері тереңірек көтеріледі. БұлАйтыста Құлмамбет Шапырашты - кедей, Сұраншы, Саурық дегендердің ажалынан өлмей, жаудан өлгенін, өзің де кескінсіз екенсің деп сөгеді. Жамбыл оған Шапырашты елінің байлығын, Алматының салтанатын мақтай келіп, Сұраншы мен Саурықтың өлімі ерлік өлім екенін, ерлердің жорық тарихын зор мақтап, байлыққа батырлықты қарсы қояды. Батырлар елді жаудан қорғап өлетін болса, Құлмамбеттің ағасы Мақсұтты ағайындарымен ұрсысып, аяқ-асты даудан өлгендігін бетіне басады. Мені қара күңнің баласы деп кемсітесің, сен өзің қашып келген ақтабан ұрысың, басыңда бір тал қыл жоқ деп кемітіп жырлайды.
Құлмамбетке Жамбыл орынды, өтімді пікірмен шығады. 
Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт,
Ел бірлігін сақтаған татулыты айт
Қарынбайдай сараңдар толып жатыр
Оны мақтап әуре болмай, жөніңе қайт.
Жамбыл сөзі әрі дәлелді, әрі басым шығады да Айтыста Жамбыл жеңеді. 
ХІХ ғасырда белгілі Айтыс дәстүрін, Айтыс мектебін жасаған Орынбай, Шөже, Кеншінбай, Түбек, Жанақ, Ақан сері, Біржан, Сара, Ақсұлу, Әсет, Ырысжан, Сүйінбай, Майкөт, Майлықожа, Құлыншақ тағы басқа көтпеген ақындар болды. Ақындардың ел аузына таралған ХІХ ғасырдың орта кезінен бастап орыс, Қазақ ғалымдары тұңғыш рет жазып алған қағазға түсіре бастаған әрбір Айтыстарын – аяқталған жеке-жеке шығарма деуге болады. Айтыс дәстүрінен үлгі алған Жамбылдың өз Айтыстарында енді бір жаңа ақынның өнер жолына ұмтылудың беті бар еді.
Жамбыл Айтыстарының ішінде аяқталған шығарма Құлмамбетпенен, Сарыбаспенен, Досмағамбетпенен Айтыстары. Бұл Айтыстарда көрінетін жаңа бет алыс, алдымен, ақынның өмір шындығымен суреттеуге салып отыруы, екіншіден жеке Айтысты желелі шығарма дәрежесіне жеткізуі.
Ал Сарыбаспен, Досмағанбетпен Айтыстары да сюжеттік мотиві кең. Ол сүре Айтыс. Мұнда жеке батырлардың жорығы да, ел тарихының шежіресі де, тарихы аңыз, оқиғалар да, қоғамдық өмірдің шындық бейнесі де, әралуан адамдардың образы да таратылып, айқын жырланған. Себебі Жамбыл Айтыстарын әрі Айтыс ретінде, әрі сюжетті дастан ретінде тану қажет. Үлкен бір жиында тоғыз ақынды бірдей жеңіп, өзіне тең келетін ақын жоқтығын айтып, тасып отырады. Осы елде Жамбыл деген ақын бар дейді, маған соны шақырып келтір деп тілек білдіреді. Сол сияқты Жамбыл да, Сүйімбай, Шөжедей бергі ақындық дәстүрді, өзі сол жолды қуған алып екендігін айтып, Досмағамбетті Айтысқа шақырады. Сол Айтыста Досмағамбет Жамбылға қарап өзін таудан аққан бұлақтай сөзі мол, тұлпар аттай жүйрік ақынмын, байлығым, салтанатым сенің аймағыңды он орап алады, Қолдай, Маман, Желдібайлар байларым бар, маған теңі келер жерің жоқ, елің де, өзің де қу кедей, киер киімің жоқ, келер жерің жоқ, ішер асқа жарымай, өлеңмен қайыр тілеп, күн көріп жүрген қойдың кәпірі азбанындай ақынсың – деп соқтығады.
Сонда Жамбыл: оған қарсы шығады. Өлеңнің асау теңіздей нажағайдай оқ боп атылатын сөзім бар ақынмын, апшыңды қуырып, алды-артыңды орап алайын, елді қорғаған батырың қайда? Еліме шапқан жауға қара түнек орнатып, қару жарағын асынып, Алатауға қарай асынған Қарасайдай ерлерің жоқ, немен мақтанасың? Өзіңе бір тиындық пайдасы жоқ, тайын мінуге бермейтін байды несіне мақтадың. Сенің молдалығың да байға сатулы – деп айқасады. Тарихи елдерді жырлау идеясы Сарыбаспен Айтысуда тереңдей түседі. Бұл Айтыстағы тарихи ерлерді жырлау идеясы Сарыбаспен Айтысында тереңдей түседі.
Көп Айтыстың ішінен сынаулылары ғана Совет жылдарында ақынның өз айтуынан хатқа түскен. Ақын жастау кезінде Айкүміспен, Бөлектің қызымен қысқа қайым Айтысқа түскен. Кейініректегі көлемді де сөз сайыстары: «Жамбыл мен Құлмамбет» (1897 ж.) «Жамбыл мен Сарыбас ақын» (1885 ж.), «Жамбыл мен Досмағамбет» (1907 ж.), «Жамбыл мен Шашубай» (1909 ж.) жұртшылыққа кеңінен мәлім. Сара ақынмен қағысу (1875 ж.), Майкөтпен дидарласу (1891 ж.), Жамбылдың Шыбыл шалға айтқаны (1890 ж.), Жамбыл мен Бөлтірік (1890 ж.) – бұлардың бәрі де төкпе ақындықтың тамаша үлгілері қатарына қосылады. Сонымен Жамбылдың Айтыстарында ерлікті жырлау, мотиві белгілі бір даму жолдарымен келіп, зор батырлық дастан жасауға негіз болады. Басқа ақындар Айтысындай Жамбыл Айтысында лирикалық эпос элементі аз, ақын мен ақын арасындағы жеке сынасу. Полимикада шиеленесіАйтыстың жеңу, жеңілуін анықтамайды, мұндағы Айтыстарда тарихи қоғам өмірінің шындығы, ондаға ерлік күрестің сырлары ашылып жырланады, еңбекші халықтың тәуелсіздік, азаттық жолындағы күресі, батырлардың образы дараланып көрсетіледі.

...