+1 дауыс
8.2k көрілді
"Біржан Сал" туралы қызықты деректер болса беріңіздерші)!

2 жауап

+1 дауыс
«ЛӘЙЛІМШЫРАҚ» ӘНІ ТУРАЛЫ
Аңыз
Өзі өлсе д,е сөзі өлмей, қазақ халқының әнінің атасы болған Біржан жөнінде талайлар
қалам тартып, оның асқақ әндерін, жан дүниесіне нәрлі азық бергені жөнінде аз айтылған
жоқ. Сондықтан да ескерусіз әлде елеусіз келе жатқан бір ғана нәрсені оқырмандар есіне
салғанмын.
Атақты Абай:
Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй,
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең, менше сүй!—
деп еді ау! Дәл осы Абайша сүйген Ләйлі туралы бір аңыз әңгімені 1946 жылы Көкшетау
облысы, Еңбекшілдер ауданындағы алтын кені Степняк тұрғыны қарт Мұқаннан естідім.
Бұл жер әнші Біржанның кіндік кесіп, кірін жуған жер. Оның топырағы да сол жерде.
Қабірін көріп, қатты ойда тұрған маған қарт Мұқан:—Балам, жасым 87-де, марқұм
Біржанның қырық шақты әнін де білем, бірақ бәрінен маған қымбатты да, қасиеттісі де —
«Ләйлім шырақ» әні, бұл әнді Біржан бозбала күнінде Жолдыөзек бойындағы Қарауыл
елінде салдық құрып жүрген жас шағында бір қызға ғашық болып шығарған екен. Сол
қызбен көңіл қосқан Біржан қолға түсіп, аяқ-қолы байлаулы байдың ас-суы тұратын
қараша үйіне қамалады. Кеше ғана оның айналасын қоршаған жігіт-желең, қыз-
келіншектерден қадірменді құрбысына жан тартқан біреулері қолын шешіп, босатып
жібергенде атына барса, бұрынғы шідері жоқ, атының аяғы тұсаулы екен. Қара түнде
ауылдың сыртында атын ерттеп, шылбырынан ұстап отырып, осы әнге басқан екен.
Ән шыққан жаққа жүгірген жастар Біржанды көріп, ауылға шақырады. Ол сол ауылдағы
қадірлі бір адамдарына, қыздың жақын ағалары Көлбай мен Жанбайға апаруын өтінеді.
Есіктен кіргенде «дәт» дейді.
— Айт, не дәтін, бар?— дейді Көлбай.
Сонда Біржан: атымның аяғынан алтын шідерім ұрланды, оны сенің қарындасың Ләйлі
алды. Шідерім қымбат еді, ең кем қойғанда қырық қысырақ еді — деп тұспалдайды.
Шіркін ғашықтық-ай десеңізші! Ол тосқауыл, тоқырау дегенді елеген бе? «Ғашықтықпен
ойнама» атты пьеса жазған Испан халқының атақты драматургі Де Ла Барка Кальдерон
(1600—1681) өзінің досына қиыншылықтан қорқып, ғашықтықтан тартынған бір фактіні
сен айта алмайсың, кедергіні кесіп өткен, немесе өтпекші болған мына мен айта аламын
— деген екен. Солай бола тұрса да қазақ қоғамының өткен өмірінде ғашықтық деген

шығыс халықтарында болған дәрменсіз күйреуік, жылап-сықтау арқылы аяушылық,
қайыр-қайырым іздеу, алласының атымен арыз айту сияқты нәрсе кемде-кем болған.
Патриархал-феодалдық дәуірдің өзінде ғашық болған қазақ жастары әрекетсіз қалған
емес, жалынды жарып, түнектің тұнығын шайқап, үстінде ойнаған ажал оғын серпіп
тастап, мақсатына ұмтылғанда Біржанның:
Жайлаған Жолдыөзекті көп қарауыл,
Қызды ауыл, қымызды ауыл, қызықты ауыл.
Талпынған ғашығына от жүректің
Жалынын сөндіре алмас соқса дауыл,—
дегені (Мұқанның айтуынша) де осыған дәлел бола алады.
Сондағы Ләйліге арналған ән осылай басталады екен. Мұны қарауылдың атақты әншісі
Жүсіпбек Қасымұлының ауызынан да естігенім бар-ды (ол 1924 жылы жетпістен асып
өлген әнші).
Көлбай, Жанбай дегенге, Көлбай, Жанбай,
Шідерімді кім алды, Ләйлім алмай?!
Шідерімнің балағы алтын еді-ау,
Барамын сол себептен шыдай алмай!
хәләлім Ләйлім-ай-ай!
Ләйлім шырақ дегенге, Ләйлім шырақ
Таудан аққан құм қайрақ сен бір бұлақ,
Алтын болсын, жез болсын өзіме бер,
Бағасы шідерімнің қырық қысырақ!
(Қайырмасы)
«Ләйлім шырақ» әні осылай туады. Қызға ғашық болса да айтатын өтіл таба алмай,
шідерді сылтау еткенін түсінген, жастық емтиханынан еткен қыз ағалары:— осы жігіт бір
қызға татиды, теңі келсе, тегін бер деген емес пе — деп, Ләйліні Біржанға береді. Той
тарқағасын, аттандырады, бірақ қызды ертіп апаратын кісі болмайды. Өйткені қалыңсыз
берген қызға ноқта байлап келген құда болмағасын, апарып салуға болмайды, аяқтай
өздері кетуі керек.
Біржан мен Ләйлі арада екі қонып, үшінші күні шағалалы (Степняктан он сегіз шақырым)
басында отырған ауылына жақындау жерге Ләйліні түсіріп, озып ауылға келіп, жеңгелері,
жастар Ләйліні келін түсу дәстүрі бойынша ауылға әкелген екен.
Ләйлі әні басында ұзақ бір ауыз өлеңді Біржанның өзі үшке бөліп, үш түрлі әнмен айтатын
еді,— дейтін Мұқан қарт. Тегінде сонан болса керек: «Ләйлім шырақ», «Шідер», «Көлбай-
Жанбай» атты үш ән болып жүр. Бірақ бұлардың мазмұны — бір ғана — «ұрланған»
шідері туралы Ләйліні сұрау.
Текстің өзінде де ала-құлалық, сан құбылған жаңсақтық та аз емес. Әсіресе әннің
қайырмасы хәләлім, ләйлім — нюанс мәнінде екіұшты мағына береді. Мұны Мұқан
қарттың түсінігінше арабша хәләл-әйелім деп меншіктеу, яғни, менің әйелім — деген
мәнде айтылды деуге де болады. Болмаса, әшейін халық ауыз әдебиетінде әлеуләй мәнінде
айтылған деуге де болады. Біздің байқауымызша осының алғашқысы көкейге қонымды
сияқты.
Сонымен қатар, қалыңсыз қыз беру сонау ерте заманнан келе жатқан, ғұрып, әдеттің
сарқыны сияқты. Олай дейтініміз қазақ халқында кейінгі екі-үш ғасыр бойында қалыңсыз

қыз берілгені туралы дерек жоқ, онан бұрынырақ та елдің ерекше шыққан батырға,
өнерпазға қалыңсыз қызды берген фактіні жиі кездестіреміз.
Әнді қай халық жек көрді десеңізші! Сонда басқа халықтардың көпшілігі музыканы асыра
бағалайды да, әнді соның тасасында қалдырады. Ал қазақ халқы ән дегенді музыкасымен
қоса түсініп, рухани мәдениеттің ең жоғарғы сатысына көтереді. Шарықтап қалқып, құдия
құйылған асқақ ән қаны қарайып, көзі қанталаған қаһарлы қолдың қылышын қағып
тастап, жауының жүрегіне жол тауып, ашудың алмасын да ерітеді. Біржан әнінің бірі
«Ләйлім шырақ» та оның өз орындауында дәл осылай болған ғой! Қалың ел Қарауылды
жападан жалғыз жүріп жеңіп, аруын алып кетуі сырлы әннің сиқырлы күші ғой. Жақсы ән
мен күй бір сәтке болса да қызған қорғасындай балқымайтын қатал жан жер үстінде
кездеспейді,— дейді Шекспир. Сондай бір сәтті кезге, жүйрік тіл, ұшқыр қиял, асқан өнер
Біржанды да бір қияға шығарған.
Шіркін, Біржан, қандай абзал жан едің!
0 дауыс

Өткен ғасырлар үлесіндегі әлем әдебиетінде көптеген әдеби ағымдардың болғаны баршаға аян. Сол ағымдардың ішіндегі 18-ғасыр дың екінші жартысы мен 19-ғасырдың басында дамыған ағым – сентиментализм. Сентиментализм (французша сезім, сезімталдық деген сөздерден алынған ). Бұл көркем әдебиеттегі ағым Ағылшын және басқа Еуропа халықтарының әдебиетінде кеңінен өріс алған. Ағылшын әдебиетінде сентиментализмді орнықтырған жазушы Л.Стерн. Оның «Франция мен Италияға сентименталдық сапар» атты романы Еуропа елдерінде кең қанат жайды, орыс тілінде аудармасы да жарық көрді. Сентиментализм жеке адамдардың жан дүниесін, көңіл — күйін суреттеуге ерекше мән береді. Бұл бағыттағы қаламгерлердің шығармаларында жанұялық тұрмысты, күнделікті тіршіліктің жеке көріністерін баяндауға, ұсақ және орта буржуазия, қолөнершілер өмірін сипаттауға көп орын береді. Әдебиетте психологиялық роман, повесть, естелік, сапарнама секілді жанрлық түрлер көбірек қолданылатын болды. Шығармалардың комппозициялық өрнегін, сюжетін құрғанда да жазушы баяндалатын оқиға-жайларды адамға қаншалықты әсер етіп, қандай сезім туғызатынын алдымен ескереді. Яғни жазушы әр түрлі өзара тікелей байланысы жоқ оқиға-жайларды, егер соларға ерекше мән берген болса, бір-біріне жанастырып, еркін баяндап отырады. Айтылып отырған оқиғаға табиғат суреттерін, жазушылардың өзінің әр түрлі сезім-әсерін және сондай басқа жанама жайларды қосарлап береді. Орыс әдебиетіндегі сентиментализмнің ең көрнекті өкілі Н.М Карамзин болды. Карамзиннің «Бедная Лиза» атты повесінен сентиментализмнің негізгі сипат-өзгешеліктерін көреміз. Жазушы өз еңбегімен күнелткен кедей қызды жан ашырлық сезіммен суреттеп оның жан дүниесінің нәзіктігін, тереңдігін бейнелейді. Төменгі таптың өкілі қарапайым адамды былай суреттеудің өз дәуірінде қоғамдық рөлі зор болғаны сөзсіз. Алайда осы шығармадан сентиментализмнің осал тұстарын да көреміз. Карамзиннің төменгі тап өкілдерін суреттегенде олардың ауыр халін, қатты қанау, қыспақ көріп отырғанын дұрыс ашып көрсетпейді. Мұны егер Карамзин шығармаларын сол кездегі патша үкіметінің озбырлығын әшкерелеп көсететін төңкерісшіл жазушы Радищевтің шығармаларымен салыстырсақ анық аңғарамыз. Көркем әдебиеттегі сентиментализм ағымына өз үлесін қосқан қазақ ақын-жазушылары мен сал-серілерінің туындылары нағыз ішкі сезімнен туған шығармалар екенін байқау қиын емес. Солардың ішінде Ақан сері Қорамсаұлы, Біржан сал Қожағұлұлы сынды тағы да басқа сал-серілер мен ақын-жыраулардың туындыларын сентиментализм ағымына жатқызуға болады.
Қазақ әдебиетінің 20-ғасырдағы даму жолы халқымыздың сол тұстағы тарихи-әлеуметтік жағдайына байланысты болды. Бұл ғасырда қазақ қоғамы бұрынғы дәуірлерге қарағанда біраз өзгерістерді басынан өткеріп, ілгері өрлеуге бет бұрған-ды. Халыққа Еуропалық өнердің есігі ашылып оқу, өнер-білім самалы қазақ даласына жайылды.

Қазақ ақын-жазушыларының шеберлігі бұл тұста арта түсті. Олар ұлттық әдебиеттің дәстүрлі жетістіктерін жете игеріп қана қоймай, ілгері іздене берді. Батыс пен Шығыс поэзиясына қолдары жетіп өрісін ұзартты. Қазақ поэзиясы бұрынғы өсиет өлең, арнау, толғау, жыр сияқты басым болып келген ескі жанр түрлеріне жаңалықтар қосты. Қазақ лирикасының өзі сан түрлі жаңа жүйелермен байи түсті. Лириканың бұрын дидактикалық сарыны басым болса, енді оның суретті, пейзажистік, образдылық жақтары бой ала бастады. Адамның арақатынасы, махаббат сезімдері, ішкі психологиялық дүниесі нәзік лиризммен әсерлі бейнеленіп, адамның іші мен сырты бірдей әдемі, жоғары адамгершілікпен ұштасуы көкселді. Адам өмірі жан-жақты жырланып, қоғамдық сана,философиялық ой-тұжырымдары, дәуір жаңалықтары кеңінен жырға қосылды.

Ұлы Абай қазақ поэзиясында жаңалық жыршысы болып, оның реалистік бетін ашса, музыка өнерінің қазақ топырағындағы жаңа бағытын Біржан мен Ақан бастап берді. Бұлардың өнерімізді дамытудағы әсерлері, олардың өскен орталары, алған өнегелері, творчестволарының қайнар көзі-бәрі сабақтас. Қазақтың сал-серілері атанған Біржан мен Ақан шығармашылығы біз тілге тиек етіп отырған сентиментализмнің озық үлгілері десек те болады. Олар өзінің дер шағындағы талант табыстарын түгел дерлік жас ұрпаққа арнап, солардың жүректерін тебірентер тамаша туындылар жасады. Жоғары адамгершілік идеяларға толы өміршең поэзия, асқақ та әсемән әуендерін қалдырды. Жастық дәуреннің кеудені кернеген армандарын, басына түскен мұңын, адамның жан сұлулығы, мөлдір махаббат сезімдерін жылуы мол жалынды жырмен толғап, әсем әуенмен аспандата әндетті. Көптеген сазды, сәнді лирикалар қалдырды. Мәселен Біржан өлеңді ән үшін, әнді өлең үшін шығарған. Сондықтан олар өзара біте қайнасып, бірігіп кеткен туындылар. Ғашықтық лирикаларындағы нәзік сезім дүниелерін ол асқан ақындық шабытпен жүрек тебіренте жырлап берді. Жастар жүрегінің қылын шертіп, іштегі жасырын сырларын ақтара ашады. Махаббат күйігіне душар болғандар характері, олардың эмоциялық сезім-серпіндері қоғамдық-әлеуметтік шындықтарға байланыстырылып, биік идеялы сатыға көтеріледі… Осылайша, лирикалы реалды өмірден туып, әлеуметтік қорытынды жасайды. Адамгершілік ақылдар ұстанады.

Біржанның ақындық құдіретін жете танытқан оның айтыстары. Әсіресе, Сарамен айтысы. ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары айтыстары ішінде бұл айтыстың алатын орны ерекше. Өзінің идеялық мазмұны жағынан да, көркемдік, образдық сипаттармен де, ол нағыз әдеби шығарма. Осы айтыста Біржан мен Сара қазақ қоғамындағы келеңсіз жайттарды, кереғар пікірлерді сынға алады. Әлеуметтік мәселелерді көтереді. Білімді, дана ақындардың әр сөзінде қазақ өлкелерінің байлығы, тарихи адамдары, қоныс мекендері, әр елге тән әдет-жоралғылары білгірлікпен баяндалады. Қазақтың ескі өміріндегі жағымсыз салттарға құрбан болған арулардың аянышты тағдырына жоқшы болып, оның тамырына балта шабар кездің жақын қалғанын Арқаның дауылпазындай Біржан Алатау алқабына жарлап жыр төкті. Ешкімнен қорықпастан қазақтың үз жүзін жалғыз аралап, махаббат азаттығын, әйел жұртының еркіндігін талап етіп, алты қырдан асыра асқақ ән шырқады. Әйел затының азаттығын көксеп өтті. Адамгершілікке, адал достық, таза махаббатқа үндеді. Аруды есекке қосақтамай, азғынға қор қылмай, теңіне қосып, күңдіктен құтқаруды талап етті. Ақынның бұл ниеттері – оынң талай аруларға арналған жырларынан да, Сара қызбен айтысынан да айқын көрінетін өзекті идеялары, асқақ армандары. Осы арада қазақтың ақыны, композиторы Біржан сал мен орыстың жазушысы Н.М. Карамзиннің шығармаларында біршама ұқсастықтар бар. Жаңағы айтып отырған Біржан салдың көтерген мәселелері, арман-ойлары Карамзин туындыларында да ұшырасып қалады…
Айталық, жазушы «Бедная Лиза» повесінде дворян жігіті мен қарапайым қыздың арасындағы махаббатын суреттейді. Карамзиннің ойынша барлық адамдар бірдей сезінуі тиіс. Кедей шаруалармен қатар жер иеленуші помещиктер де махаббаттың қайғысын ұғып, қуанышын білуі қажет. «Бедная Лиза» повесі лирикалық көңіл-күйге құрылған шығарма. Бұл шығарманы оқығанда оқырман жүрегінде үлкен сезім күші пайда болып, жанарына жас тығылары айдан анық. Жалпы бұл туынды адамзат баласын гуманист болуға тәрбиелейді, адам атаулыға бір-бірін жақсы көруді насихаттайды. Кедей шаруалар өзінің сол өмірінде де бақытты бола алады деген байламға келеді. Махаббат рахаты жанұялық қуаныш сияқты сезімдерді игере отырып, шаруалардың бақытты өмір сүретіндеріне сенеді. Мейлі олар үстем тап өкілдері болмасын. Қуаныш пен қайғы бай кедей демей жалпы адамзатқа ортақ нәрсе дегенді Карамзин осы повесінде көрсетеді. Жалпы Карамзин шығармалары романтикаға толы туындылар болып келеді. Осындай романтикалық шығармасының бірі «Остров Бронгольм» повесі. Бұл повестің сюжеті Батыстың ерте романтикалық дәстүрі үшін өте қарапайым: екі жас ғашықтың бір-біріне деген заңсыз махаббаты, мөлдір сезімдері беріледі. Сонымен бірге сезім бостандығы, махаббат бостандығы үшін күрес жамандыққа, әділетсіздікке қарсы бағытталады. Аталған повесть арқылы Карамзин өзінің романтикалық сипаттағы шығармасына жаңа стиль енгізеді. «Остров Бронгольм» повесіқұпиясы мол жұмбақ туынды. Біз одан біреулердің бақытсыздықтары мен айырылу қайғысын, әлсіз махаббаттарын көреміз. Бірақ олар кімдер, неғылған жандар, есімдері кім… білмейміз.Олардың кінәлары не, өздерінің арасындағы сезімдерін заң неге талқылайды-бәрі құпия түрде. Мүмкін ол екеуі ағалы-қарындасты жастар? Автор пікірінше бұл құпияның ашылмағаны дұрыс. Егер әуел бастан бәрі белгілі болса, повестің қызығы кетер еді дейді.
1796 жылы жарық көрген Н.М. Карамзиннің тағы бір повесі «Юлия». Бұл шығарма орыс әдебиетіндегі психологиялық және тұрмыс-салт тұрғысынан жазылған алғашқы повестердің бірі. Шығармада мәдениетті ортадан шыққан, әдемі қыз Юлия мен қарапайым ауыл жігіті аристің арасындағы махаббат және үшінші болып, екеуінің арасына кіріскен жоғары лауазымды бай жігіттің іс-қимылы, ойлаған ойы толық суреттеледі. Князь жігіті Юлия мен Аристі бөлугі қанша айла-амал жасағанменақыр соңында Арист пен Юлия бірге бақытты ғұмыр кешеді. Юлия-бұл әйел затының ішкі жан-дүниесінің өсуін көрсететін повесть. Мұнда жеке адамның ішкі сезімі, психологиялық күресі көрсетіледі. Сонымен қабаттаса сол тұстағы адамдардың тұрмыс жағдайы да повесте қамтылған. Сентиментализм әдебиетіндегі өзіндік орны бөлек шығарма «Письма русского путешественника». Саяхат күнделіктері сол дәуірдегі Еуропада ең бір кең тараған әдеби жанр болған. Стерннің «Сентиментальное путешествие по Франции и Италий» атты шығармасы, Радищевтің кітаптары осы аталған жанрға жатады. Сентименталдық саяхаттың негізгі көңіл аударатыны қоғам мен әлеуметті, табиғатты көрсетудегі автордың көңіл-күйінің күйзелісі, ойлауы.
Жанрлық жағынан Карамзиннің «Письмасы» радищевтің «путешествиясынан» немесе Стерннің кітабынан ерекшеленіп тұрады. Крамзин өзінің бұл шығармасында Батыс Еуропа халықтарының мәдениетін, тұрмыс-жағдайын, өнерін нақты береді. Міне қаламгердің жазған туындысының құндылығы осында. Бұлардың барлығы да сентиментализмнің ережелеріне саяды. Сондықтан да орыс әдебиетіндегі сентиментализм ағымына үлкен үлес қосқан көркенті қаламгерлердің бірі болып Н.М.Карамзин табылады.

Осындай әдеби ағымның тағы бір өкіліне жатқызуға болатын адам қазақтың сал-серілерінің бірі-Ақан сері Қорамсаұлы. Ақан да, Біржан, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ сынды қазақ арасынан шыққан ақын, сері жігіт. Оның тамыры өз халқының ғасырлар бойы жасаған жан тебірентер жүрекке жылы ән -өлең, жыр-толғауларында. Өз халқымен қарым-қатынасы мол халықтар өнерінің шырын-шәрбәтін татып, тамсанып қана қоймай, оның нәрлі дәмін өз лирикасы бойына етене сіңірді. Биік те алғыр романтикаға ұласқан ғашықтыққа құштар сезімі орасан, жүрек тебірентер, жан жадыратар, өміршең лириканы дүниеге әкелді. Оның шығармалары- жастыққа, қарекетке толы өміршең, асқақ туындылар. Ақанның лирикалары-өмірге, болашаққа құштар жастың жан сезіміне, жүрек сеніміне суарылған асыл жырлар. «Біздің көңіл қайда жатыр», «Ішінде орта жүздің жүрмін шарлап», «Майда қоңыр», «Айкөк», «Сырымбет» тағы басқа өлең-әндерінің пафосы өте тамаша. Мұқалу, қажу дегеннің ізі де жоқ. Керісініше өмірге құштар, өжеттілік пен жігерліктің символы дерлік асқақ. Шалқар көлдің жадыраңқы бейнесін танытарлықтай аспан әлемаінде шарықтайды. Халық бойындағы қайраттың көрінісін сездіргендей өктем де өршіл.
Өзінің «Әйелдер сипаты» өлеңінде әйелдердің қасіретін, қайға-мұңын термелей келе, ең жақсы деген әйел жұртына назар аударады, әйелдерді сыйлауға, бағалауға үндейді.

Кім мінер ел көшкенде тауып атын,
Адам көп танитұғын әйел затын.
Дүниенің тұрақтайтын тұрағы екен,
Гүл жүзді, сырлы сөзді жақсы қатын.
Әйелді сыйлау керек ескеріп біз,
Оларға айту керек орынды сөз
Жақсы әйелге көз салып бір қарасаң…
Шығып кете жаздайды бойыңнан жан -деп әйел затының қасиеттерін тізіп көрсетеді. Ақан өз өлеңдерінде жігіттің он үш түрін сараптап бір шықса, қазақтың бес түрлі әйеліне мінездеме беріп, олардың іскер, ілтипатты, ақ жарқын ақылдарын ардақтап, салдыр-салақ, ұрысқақ-тырысқақ, сар ауыз, жөн-жосықты білмейтіндерін «жаман қатын» деп даттап шығады. Ақан серінің озық пікірлері тек жастар өмірін, не әйелдер еркіндігін жырлаудан көрініп қоймайды. Ақынның басқа шығармалары да оның ашық ойлы саналы талант иесі екеніне куә бола алады. Оның дүниеге көзқарасы өзі жасаған дәуір санасы тұрғысы шеңберінде туып қалыптасты, кейін жетіле келе оның ілгері сатысына көтерілді, озық ойлы, адал жанды азамат ақын дәрежесіне жетті. Ол қоғам өмірі туралы терең толғанып, езілген елмен бірге күңіренеді. Өзінің «Заманға қарап», «Халқым сенген», «Асыл мен жасық» тағы басқа өлеңдерінің әлеуметтік мәні зор. Аталған туындыларда ақынның саяси -әлеуметтік қоғамдық көзқарасы прогресшіл, ең алдымен, адамгершіл екені анық байқалады. Оқу-өнер, білім мен жастар еркіндігін, махаббат азаттығын көксеген ақынның басқаша болуы мүмкін емес. Әр тұста елі, халқымен бірге заман зардабын бірге тартты. Азаттықтың тура жолын іздеп жарғақ құлағы тыным таппады.

Болғанда мұндай күйде заманамыз,
Жай жатып сахарада қамаламыз.
Болы, би ет пен майға мәз болуда,
Қайткенде тура жолды таба аламыз…
Ел тізгінін ұстағандарды ақын осылайша дәл түсініп, әділет табу үшін бұлардан еш қайыр болмасына көзі жетеді.

Ақынның «Шоғырмаққа», «Парашыл оязной», «Бір болысқа» тағы басқа өлеңдері қазақ арасындағы болыстық билікті сынауға арналады.

Ақан серінің ғашықтық лирикаларының бір тобы белгілі адамдарға арналады. Аттары аталып, түстері түстелетін өзінің ғашықтары: Ақтоты, Ұрқия, Жамал тағы өзгелері. Бұл саладағы ақын шығармалары бастан өткен қасіретті жайларды, сәтсіз армандарды асқақтата әнге қосса, «Нұрила», «Балқадиша», «Мақпал қыз», «Ақшабақ» тағы басқа аттас сұлулармен жай тілдесіп, олардың бас қайғыларына ортақтасады.

Сұлуға деген ақын көңілі мөлдір. Оған салса махаббатқа ешбір кедергі, тежеу болуға тиіс емес. Ақан туындылары жастардың махаббат еркіндігін ту етіп аспанға көтеренін асқақ арманның ойы мен күні. Бас бостандығы жоқ қазақ қыздарының көз жасына суарылған мұңы мен мүддесінің қайнары. Сүйіскен екі жастың дегендеріне жеткен шақтарын табиғи жырлайды.

Қарағым құшақтасам құмарланып,
Қоыслағн қос ғашықтай жұбайланып.
Жан тынып ішімдегі жалын шықса,
Аузымнан ақ сағымдай мұнарланып…
Ми -тамыр, ақыл-ойдан арман қалмай,
Мастансам қызуыңа тым алданып.
Көтеріп гүл-бәйшешек көңіл күліп,
Семірсе нәпис мұрат бір жалданып…

Әрине бұл жолдарға қарап Ақанды қыз қуып, тән құмарлығын ғана қызықтаған жетесіздердің бірі деп ешкім ойламайды. Ол өмірдің өзіне қызығып, құмартудың белгісі. Ақанның махаббат мәселесіндегі кредосы-өзіне барлық жағынан тең, ойы-бойы қатар, шын жүрегінен берілген, сертке берік адал жармен айырылмас ғұмыр кешу. Көрінген көріктіге көз тастап, жеңілтектік мінез көрсетуге қарсы. Дегенмен Ақан сұлулықты көре де, бағалайда білетін жігіт.

Жалпы Ақан серілікке, махаббатқа өмір қызығы деп қарап, әдеміліктің мәңгілік әсерінардақтайды. Ақының әндері мен өлеңдері – халқымыздың баға жетпес мұрасы. Оның есімі-мәңгі жастықтың символы. Лирикалық шығармалары-әдемілік пен махаббаттың асыл өрнектері, поэтик образдың сарқылмас көзі. Ақанның бойын билеп, жүрегінен жарып шыққан әндері мен өлеңдері нағыз сентиментализм. ХІХ ғасырдағы қазақ даласында лириканың тамаша үлгісін көрсетіп, сыр сезімнің, мөлдір махаббаттың, жан дүниенің ішкі сырын ашып берген сал-серілер поэзиясы бүгінгі күнде көркем әдебиеттің төрінен орын алғаны анық. Сонымен ойымызды түйіндей кететін болсақ, сонау ХҮІІІ ғасыр мен ХІХ ғасырларда дүниеге келген, Еуропа әдебиетінде кең етек жайған сентиментализм ағымы біздің қазақ әдебиетінде де оның ішінде сал-серілер шығармаларында да кездескенін айтқан жөн. Ал оырс әдебиетінде сентиментализм ағымына қалам тербеген жазушылар ішінде Карамзинге қатар келер адамдар аз. Дегенмен де Радищев, Фонвизиндерді де аьталмыш ағымға өзіндік үлес қосқан жазушылар қатарына қосқан абзал. Бұл аталған барлық жазушылар болсан, ақындар болсан, сал-серілер болсын түгелінің түпкі ойы бір. Ол адамның ішкі сезімін, жүрек үнін, жан дүниесін ашып көрсету. Тебіреніс пен сезімге толы, қуаныш пен мұңға толы туындыны жарыққа шығару. Осы жолда қазақтың сал-серілерінің жоғарыда айтып өткендей тер төккені рас. Біржан мен Ақанның, Жаяу Мұса мен Балуна Шолақтың лирикаға толы ән-өлеңдерінің маңыздылығы мен көркемдігі Карамзиннің немесе Стерннің шығармаларынан бірде-бір кем емес. Бұлардың бәрі де өз дәуірі туғызған тамаша туындылар.

...