Оразаның парыздары
Оразаның үш парызы бар:
1) Ниет ету.
2) Ниетті алғашқы және соңғы уақыт арасында жасау.
3) Имсак уақытынан күн батқанға (ақшамға) дейінгі аралықта оразаны бұзатын нәрселерден тыйылу.
Оразаға ниет
Рамазан және нәпіл оразаға ниеттің алғашқы уақыты күн батқаннан (ақшамнан) кейін басталады. Соңғы уақыты ертеңіне түскі намазға бір сағат қалғанға дейін болады. Ал қаза және кәфарат оразаларының ниеті ақшамнан имсак уақытына дейін жалғасады.
Рамазандағы оразаға ниет еткенде ақшамнан имсак уақытына дейін «Аллаһ разылығы үшін ертең ораза тұтуға ниет еттім», имсактан кейін «Аллаһ разылығы үшін бүгін ораза тұтуға ниет еттім» деп айтылады. Жаңылысып қате айтылса да ораза тұтатын күні мәлім болғандықтан зияны жоқ. Рамазанда бір айлық оразасы үшін жалпылама бір рет ниет етуге болмайды, әр күні үшін бөлек-бөлек ниет ету парыз болып табылады.
Түнде жатарда тамақтанып немесе тамақтанбай ниет етсе, кейін түнде оянғанда, сәреге тұрғанда тамақтанудың зияны жоқ. Тіпті кешкі ас кезінде ертенгі оразаға ниет етіп қою жақсы болады. Ниеттен кейін имсак уақытына дейін ішіп-жеудің зияны жоқ. Рамазанда «ертең тісім ауырмаса ораза тұтамын, ауырса тұтпаймын» деген секілді күмәнды ниетпенен ораза тұту сахих(дұрыс) болмайды.
Ауызашарда
Күн батқаны анық болғаннан кейін алдымен әузу-бисмиллә айтып: «Аллаһуммә йа уаси'әл-мағфираһ иғфирли уә ли-уалидаййә уә ли-устазиййә уә лил-мумининә уәл муминат йәумә йақумул хисаб» дұғасы оқылады. «Ей кешірімі мол Аллаһым! Қиямет күні есепке тартқанда мені, ата-анамды, ұстазымды, ер-әйел бүкіл мұсылмандарды ғафу ет» деген мағынаны білдіреді. Артынша «Йа Раббым, Сен үшін ораза тұттым және Сенің берген ниғметтеріңмен оразамды ашқалы тұрмын. Мені, ата-анамды және барлық мұсылмандарды кешіре гөр» деп айтып, мүмкін болса құрмамен немесе сүт, яки сумен ауыз ашқан жақсы.
Бір-екі жұтымдық нәрсе жегеннен соң «Зәһәбәззамаъ уәбтәлләтил уруқ уә сәбәтәл ажр иншааллаһу та’ала» дұғасын оқып, тамақ ішуді бастайды. Бұл ауызашар (ифтар) дұғасының мағынасы:
Аштық бітті. Тамырларымыздың сумен қауышу уақыты келді. Иншааллаһ сауап жазылды.