+3 дауыс
610k көрілді

Қазақстандағы "Қызыл кітапқа" енген жан-жануарлар мен құстардың жалпы саны ? Және оның ішінде кластар бойынша

Қызыл қасқыр

1-категория. Қазақстан территориясынан жойылып кетуі де ықтимал. Себебі аты аңызға айналған бұл жыртқышты 40 жылдан бері ол мекендеген жерлерден (Тянь-Шань мен Алтай таулары) кездескені жайында анық деректер жоқ. Қызыл қасқырды Қазақстандағы хайуанаттар бағында қолдан өсіруді қолға алып, оны бұрынғы мекендеген жерлерге қайта жіберудің жолдарын қарастыру керек.

Тянь-Шань қоңыр аюы

3-категория. Тянь-Шань тауы мен Жоңғар Алатауында мекендейді. Ол жерлерде тиісінше 200 және 300-дей аю тіршілік етеді. Бұл аңға тиетін негізгі қауіп – адамның тікелей аулауы және таулы аудандарды игеру барысында оны мекендейтін жерлерінен ығыстыру.

Жоңғар Алатауында қорық ұйымдастырып, ал Алматы мен Ақсу-Жабағылы қорықтарында аюды қорғауды күшейту керек.

Орта азия тас сусары

3-категория. Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы мен Алтайда тараған. Қасақылық әсерінен саны біртіндеп кемуде. Тас сусарды қорғау үшін көпшілік халық, әсіресе аңшылар, арасында кең көлемде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу керек.

Орман сусары

3-категория. Қазақстанда тек Жайық өзенінің жайылмаларындағы ормандарда мекендейді. Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстанның ормандарында бірнеше рет кездескені белгілі. Бұл жерлерге ол Россияның шекаралас аудандарынан өтіп келген. Санын шектеудің негізгі факторлары – қасақылық және азық қорының азаюы. Кирсанов қорықшасында қорғауды күшейтіп, азық қоры аз болған жыддары сусарды қыс айларында үстеме қоректендіруді ұйымдастыру керек.

Европа қара күзені

1-категория. Ертеде Жайық өзенінің алқабы мен Еділдің атырауында мекендеген. Бәсекесі америка су күзенін жерсіндіргеннен кейін қара күзен бұл жерлерде кездеспейтін болды. Қазақстанда оның толық жойылып кетуі де мүмкін. Европа қара күзенін қолда өсірудің шараларын дайындауды қолға алып, оны бұрынғы мекендеген ортасына қайта жіберіп, сол жерлердегі америка су күзенін жоспарлы түрде аулау шараларын қарастырудың мезгілі жеткен сияқты.

Шұбар күзен

3-категория. Қазақстанның шөл және шөлейтті аудандарында кеңтараған, бірақ барлық жерлерде саны өте аз. Кейбір құрғақшылық жылдары саны күрт өзгеріске ұшырап, мүлдем азайып кетеді. Шөлді аймақта Бетпақдала, Балқаш өңірі, Қызылқұм қорықтарын ұйымдастыру, сонымен қатар сирек кездесетін жануарларды қорғау үшін бірнеше зоологиялық қорықшалар құру керек.

Итаю

1-категория. Өте сирек кездесетін аң. Қазақстанда Оңтүстік Үстірттің шағын ғана территориясында таралған. Ол жерде 15-20-дай ғана итаю мекендеуі мүмкін. Бұл жыртқыш кездесетін территорияларды Үстірт қорығына қосып, кен іздеушілер қатарындағы жұмысшылар мен шопандар арасында итаюды қорғау жайында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу керек.

Орта Азия өзен құндызы

1-категория. Адамның тікелей араласуымен саны кеміп, таралу аймағы тарылған. Тек Іле Алатауының шығысындағы кейбір жерлерде, Жоңғар Алатауы мен Іле өзенінің алқабында ғана сақталып қалған түр. Саны үнемі азаюда. Шарын өзенінің төменгі ағысы мен Жоңғар Алатауындағы Өсек өзенінің бассейніндегі су қоймаларында қорықшалар ұйымдастыру қажет-ақ болып отыр.

Қабылан

1-категория. Бұрын Қазақстанда Үстірт пен Қызылқұмда мекендеген, бүгін де бұл жерлерде жойылып кетуі де мүмкін. Өйткені, 70-жылдардың ортасынан бастап республика шеңберінде бұл жыртқыштың кездескені жайында анық деректер жоқ. Негізгі себеп – қабыланды және оның ең басты қорегі қарақұйрықтарды тікелей аулап, сандарын азайту. Қолда өсірілген жыртқыштарды табиғи ортаға қайтадан жіберіп, оның санын қалпына келтіру жұмыстарын бастау керек.

Шағыл мысығы

3-категория. Аздаған мысықтар тек Үстірт пен Қызылқұмда ғана мекендейді. Санының кемуінің негізгі себебі – қалың қарлы қатал қысты жылдары азық қорының азаюы, оған қоса адамның тікелей қызметтері әсер етеді. Қызылқұм қорығын ұйымдастырып, Солтүстік Қызылқұмның біршама бөлігін қорықша етіп жариялау керек.

Сабаншы

3-категория. Каспийден Алтайға дейінгі шөлді аласа тауларда кең тараған, бірақ сирек кездесетін түр. Себептері: қар көп түскен жылдары азық қорының азаюы, қасақылық, қойшылардың иттерінің талап өлтіруі, адамның шаруашылық қызметіне байланысты олардың таралу аймағының тарылуы. Сарыарқа мен Жоңғар Алатауында қорықтар ұйымдастыру керек.

Қарақал

1-категория. Үстіртте тараған, ертеде Қызылқұмда да мекендеген. Санының аздылығы сонша, түр жойылып кету жағдайында. Себептері – басқада  мысықтарға әсер ететін факторлар. Үстірт қорығының территориясына қазіргі кезде қарақал кездесетін жерлерді қосып кеңейту керек. Үстірттің басқа жерлерінде де арнайы зоологиялық қорықшалар ашуды қолға алған да жөн.

Түркістан сілеусіні

3-категория. Сілеусіннің сирек кездесетін түршесі. Қазақстанның тек оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы таулы ормандарда мекендейді. Саны онша көп емес. Оның төмендеуінің негізгі себептері – қасақылық және азық қорының аз болуы. Жоңғар Алатауында қорық ұйымдастырып, бар қорықшаларда сілеусінді қорғауды күшейту керек.

Барыс

1-категория. Қазақстандағы ең үлкен жабайы мысық. Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы мен Алтайдың биік тауларында мекендейді. Саны 200-ден аспайды және жылдан жылға кемуде. Негізгі себептері – Қасақылық және таутекелер мен басқа жабайы тұяқтылардың санының кемуіне байланысты азық қорының азаюы. Жоңғар қорығын құрып және таудағы қорықшалар мен қорықтарда оны қорғауды күшейту керек.

Түрікмен құланы

1-категория. Құланның бұл түршесі Үстіртте мекендеген, ал XX ғасырдаң 30-жылдары ол жерден жойылып кетті. Қазақстанның басқа шөлді аудандарында басқа түршесі – қазақстан құланы мекендеген, бірақ ол 30-жылдары біржола жойылды. 1953 жылы Түркменстаннан Арал теңізіндегі Барсакелмес аралына әкелінген құландар көбейіп, 1982 жылдан бастап Іле аңғарына, Бетпақдала мен Шығыс Каспий өңіріне жіберілді.

Тоғай бұғысы

1-категория. Жойылып бара жатқан Орта азиялық түрше. Ертеде Қазақстанда Сырдария мен Іле өзендерінің бойында мекендеген, бірақ 60-жылдардың ортасында толықтай жойылған. 1981 жылы Тәжікстаннан бірнеше бұғы әкелініп, оларды Іле өзенінің сол жағалауында орналасқан Қарашеңгел аңшылық шаруашылағына жіберілді. Саны 200-ге жетіп, одан ары қарай өсуде. Бұл бұғыларды Сырдария мен Іле өзенінің бойында тіршілік мекені әлі де болса сақталған жерлерге жіберу керек.

Қарақұйрық

3-категория. Ертеде шөлді аймақта көптеп кездескен, бірақ қасақылыққа байланысты оның саны 200 мыңнан (30-жылдары) 10 мыңға (70-жылдары) дейін кеміді және көп жерлерде ол кездеспейтін болды. Түрді Қызыл кітапқа тіркеген соң оның саны тұрақталып, жан-жақты қорғалатын жерлерде өсе бастады. Қазір Қазақстанда 30-50 мыңдай қарақұйрық бар. Қорғалатын жаңа территориялар ашу керек.

Үстірт арқары

3-категория. Тек Үстірт пен Маңғыстауда ғана мекендейді. 70-жылдары саны 7-10 мыңнан 1-4 мыңға дейін кеміді, бірақ Үстірт қорығын және 2 қорықша (Ақтау-Бозашы мен Қарагие-Қаракөл) құрылғаннан соң саны өсіп, 1991 жылы 5,5 мың басқа жетті. Бұл түршенің шектелген санын пайдалану жөнінде тәжірибелер жүргізу басталды. Үстірт қорығының территориясын кеңейтіп, бірнеше қорықшалар ұйымдастыру керек.

Алтай арқары

1-категория. Тек Алтайда ғана кездеседі. Ол жерде шамамен 80-дей арқар мекендейді, яғни бұл түрше жойылып кету шегіне жақын тұр. Негізгі себеп – қасақылық және арқарлар тіршілік мекенінде пәрменді түрде мал жаю. Мал жаюды шектеп, Күршім жотасының оң жақ беткейінде Марқакөл қорығының жеке бөлімшесін ашу керек.

Қызылқұм арқары

1-категория. Қазақстанда Қызылқұмда мекендейді, бірақ ол жерде жойылып кетуі де мүмкін. Өйткені 70- жылдардан бастап бірде-бір рет кездеспеген. Себебі басқа да тұяқтыларға әсер ететін факторлар – қасақылық және үй малдарын көптеп жою. Бұл түршені питомниктерде қолдан өсіруді бастау және алынған төлдерді қорғалатын территорияларға жіберу мезгілі жеткен сияқты. Оларды қорғау үшін Қызылқұм қорығы мен бірнеше қорықшалар ұйымдастыру керек.

Қазақстан арқары

1-категория. Орталық Қазақстанның аласа қырат жоталарында мекендейді. 60-жылдары саны мен таралу аймағы қасақылық пен тіршілік етуге жарамды мекендердің тарылуына байланысты қысқарды. 90-жылдардың ортасына қарай оның саны 12 мыңға дейін өсіп, бұл түршені белгілі бір қорғалатын жерлерде олардың шектелген санын пайдалану жөнінде тәжірибелік жұмыстар басталды. Қорықшаларда арқарларды қорғауды күшейтіп, далалық қорықтар құрып, оларды Ұлытауға қайтадан жерсіндеру керек.

Тянь-Шань арқары

2-категория. Тянь-Шань мен Жоңғар Алатауында тараған. Бұл түршенің саны шапшаң төмендеп, қазір оның саны 1,5 мыңнан аспайды. Себеп-ері – басқа  арқарларға әсер ететін факторлар. Ақсу-Жабағылы қорығына жақын жатқан арқардың қыстайтын жерлерін қосу, көршілес Қаратау жотасында бұл қорықтың бөлімшесін ашып, Жоңғар Алатауында қорық құруды жеделдету керек.

Қаратау арқары

1-категория. Тек Қазақстанда Қаратауда ғана мекендейтін бұл арқар қазіргі кезде толық жойылу шегінде, бар-жоғы 100-150-дей басы сақталған. Осындай өзіне тән ерекшелігі бар жануарды сақтап қалу үшін жеделдетіп Қаратау қорығын және осы жотаның солтүстік-батыс шетінде қорықшалар ұйымдастыру керек.

1-категория – жойылып бара жатқан;
2-категория – саны жылдан-жылға күрт азайып бара жатқан;
3-категория – сирек кездесетін;
4-категория – ғылыми тұрғыдан толық зерттелмеген;
5-категория – қалпына келтірілген түрлер.

6 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

“Қазақстанның Қызыл кітабы” – Қазақстан Республикасы аумағында жойылып кету қаупі төнген және сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің сипаттамасы берілген арнайы басылым. 1978 жылдан шығарыла бастады. Оның омыртқалы жануарларға арналған бірінші бөлімі жеке кітап болып 1978 жылы жарық көрді. “Қазақстанның Қызыл кітабының” екінші бөлімі 1981 жылы өсімдіктерге арналып шығарылды.

Бірінші басылым
“Қазақстанның Қызыл кітабының” бірінші басылымына тіркелген өсімдіктер мен жануарлар түрлері екі категория бойынша: А категориясы – жойылып кету қаупі төнген түрлер; Б категориясы – сирек кездесетін түрлер деп берілді. “Қазақстанның Қызыл кітабының” жануарларға арналған бірінші басылымында омыртқалы жануарлардың 87 түрі:

  • балықтың 4,
  • қосмекенділердің 1,
  • бауырымен жорғалаушылардың 8,
  • құстардың 43,
  • сүтқоректілердің 31 түрі тіркелді. 1991 ж.

Екінші басылым
“Қазақстанның Қызыл кітабының” толықтырылған екінші басылымы шықты. Кітаптың екінші басылымына омыртқалы жануарлардың 129 түрі мен түр тармақтары тіркелді. Онда балықтардың 16, қосмекенділердің 3, бауырымен жорғалаушылардың 10, құстардың 58, сүтқоректілердің 42 түрі мен түр тармақтары туралы мәліметтер берілген. “Қазақстанның Қызыл кітабының” екінші басылымында алғаш рет омыртқасыз жануарлардың 105 түрі берілді, онда жәндіктердің 96, шаянтәрізділердің 1, ұлулардың 6, құрттардың 2 түрі туралы деректер тіркелген. 1996 ж.

 Үшінші басылым
“Қазақстанның Қызыл кітабының” үшінші басылымы қайта өңделіп, әрі толықтырылып, қазақ тілінде шықты. Бұл үшінші басылымның бірінші томы “Жануарлар”, оның бірінші бөлімі “Омыртқалылар” деп аталды. Онда омыртқалы жануарлардың 125 түрі мен түр тармағы туралы деректер берілген.“Қазақстанның Қызыл кітабының” үшінші басылымында тіркелген жануарлар түрлері 5 категория бойынша:

1-категория – жойылып бара жатқан;
2-категория – саны жылдан-жылға күрт азайып бара жатқан;
3-категория – сирек кездесетін;
4-категория – ғылыми тұрғыдан толық зерттелмеген;
5-категория – қалпына келтірілген түрлер деп берілген. “Қазақстанның Қызыл кітабының” үшінші басылымында тіркелген омыртқалы жануарлар түрінің қандай отрядқа, қандай тұқымдасқа жататыны және әрбір жеке түрге қысқаша қазақша, ағылшынша деректер берілген. Сонымен бірге әрбір тіркелген түрдің суреті, Қазақстан аумағында таралуын көрсететін карта және сол жануардың түріне қатысты ақпарат көздері (кітаптар, мақалалар) көрсетілген. “Қазақстанның Қызыл кітабының” өсімдіктерге арналған бірінші басылымында өсімдіктердің 307 түрі тіркелген. Онда жабықтұқымдылардың 288, ашықтұқымдылардың 2, қырыққұлақ тәрізділердің 3, мүктердің 3, саңырауқұлақтардың 10, қыналардың – 1 түрі берілген.

“Қазақстанның Қызыл кітабының” әрі танымдық, әрі тәрбиелік мәні зор. Ол жастарды табиғатты аялай білуге, оның қамқоршысы болуға тәрбиелейді.

Қар барысы

Қар барысы

Барыс – Қазақстандағы ең үлкен жабайы мысық. Саны 200-ден аспайды. Жылдан-жылға азайып бара жатыр. Себебі – азық қорының азаюынан саны кемуде. «Қызыл кітапқа» енген, қорғауға алынған.

Қаяздар

Қаяздар

Қаяздар - Қазақстанда саны тез азайып келе жатқан түрше. Арал су алқабында және Шу өзенінде тіршілік етеді. Шу өзенінде 1980 жылдардың аяғында жойылып біткен болу керек. Республикамызда бұрын да көп болмайтын, тек әуесқойлықпен ауланатын. Шардара су қоймасында қосалқы түр ретінде ауланған. Арал қаязына қарағанда майда, тұщы судың кәдімгі жергілікті балығы. Ұзындығы 70 см, салмағы 5,3 кг дейін жетеді. Қолдан өсірілмеген. Табиғи көбейетін жерлерін, басқа түрлермен (арал қаязы, қарабалық) будандасу шектерін зерттеу керек.

Арал албырты

Арал албырты

Арал албырты (Salmo trutta aralensіs) – албырт тұқымдасына жататын жыртқыш балық. Арал теңізінде тіршілік еткен. Соңғы 30 – 40 жылда ол туралы ешқандайдерек кездеспейді, жойылып кетуі де мүмкін. Дене тұрқы 100 см, салмағы 13 – 14 кг. Денесі жұмыр, арқасы қара қоңыр, күмістей аппақ бүйірінде х тәрізді қара дақтарыбар, май қанаты бауырында орналасқан. Жақтары мен ауыз қуысында майда тістері болады. Осы белгілері Арал албыртын Арал суындағы басқа түрлерден ерекшелендіреді. Арал албырты – өткінші балық. Уылдырығын қараша – желтоқсан айларында Әмударияға шашады. Майшабақтары теңізге шыққанша 2 жылдай өзендерде тіршілік етеді. Бұрын Арал теңізінде бірен-саран ауланатын, Әмударияда да кездесетін, осы өзенмен Кафирниган және Вахш салаларына дейін өрістейтін. Осы маңайда Әмудария бахтағымен будандасуы мүмкін болатын. Қолдан өсірілмеген, бұл түрдің қалпына қайта келуін Әмудариядағы жергілікті бахтахты пайдаланып іске асыру мүмкін сияқты, бірақ оның да әуесқойлық аулануын шектеу қажет.

Ақбөкен, киік

Ақбөкен, киік

Ақбөкен, киік (лат. Saiga tatarica) – жұптұяқтылар отрядының бөкендер туысына жататын, тұлғасы ірі, қойға ұқсас, дөңес тұмсықты, күйіс қайыратын түз жануары. Ақбөкеннің қазба қалдықтары плейстоцен қабатынан Батыс Англиядан Шығыс Аляскаға дейінгі аралықтан табылған. Ақбөкендер Моңғолияда, Қалмақ даласы мен Қазақстанда ғана сақталған. Республикамызда Ақбөкендердің бір-бірінен жеке дара бөлінген Бетпақдала – Арыс, Үстірт және Еділ – Жайық деген топтары мекендейді. Текелерінің дене тұрқы 126 – 150 см, салм. 37 – 49 кг, ал ешкілері кішірек, дене тұрқы 109 – 127 см, салм. 22 – 37 кг-дай болады.

Ақбөкен

Ақбөкен

Үстіңгі ерні салбырап, етті тұмсыққа айналған. Текесінің мүйізі қайқылау келеді, ешкісінде мүйіз болмайды. Жаз айларында арқа түсі сарғыш тартады, қыста түсі ақшылданады. Ақбөкендер шөл, шөлейтті және далалық аймақтарда тіршілік етуге бейімделген. Олардың қоныс өзгертуі ауа райына, Ақбөкен жұп тұяқты жануарлардың ішіндегі ең өсімталы, жылына бір рет төлдейді. Жаппай төлдеуі мамырдың 1-жартысында өтеді. Бұл кезде күн салқындап, жауын-шашын көп болады да, оны қазақ халқы «Құралайдың салқыны» деп атайды.

Ақбөкеннің лағы

Ақбөкеннің лағы

Көбіне егізден, кейде 3 лақ та туады. Ақбөкендер өсімдіктердің 80-нен астам түрімен қоректенеді. Олардың басты жауы – қасқыр, ал жас төлдеріне бүркіт, дала қыраны мен қарақұстар да шабуыл жасайды. Ақбөкен аусыл, пастереллез ауруларымен ауырады. Ақбөкен – дәмді еті, құнды мүйізі мен тұяғы, әдемі терісі үшін ауланатын кәсіптік маңызы бар жануар. Қазақстанда 1921 ж. Ақбөкенді аулауға тыйым салынған. 1957 – 58 ж. олардың жалпы саны 2 млн-нан асқаннан кейін, кәсіптік жолмен аулауға рұқсат берілді. Оның мүйізінен пантокрин дәрісі алынады, тұяғын күйдіріп, одан алынған күлді денедегі теміреткіге жағады, сусамыр ауруына шалдыққандарды емдеу үшін пайдаланады.

ақбөкен


Бетпақдаладағы ақбөкендер өсімдіктің 81 түрімен қоректенеді. Олар әр түрлі шөптерді жылдың мезгіліне қарай таңдап жейді. Көктемгі айларда киіктер ақселеу мен құрақты қорек етеді. Жаз айларындағы аптаптарда жапырақты шөптер қурап кетеді де, жануарлар жусан, қырықбуын, шиді оттайды. Қыс кездерінде киіктер қарын жел үрлеп кеткен жоталардың жонынан азық тауып жейді. Ауыл маңайындағы маялап үйілген құрғақ шөпті олар жей алмайды, өйткені танаулары кедергі жасайды. Киіктер шөпті жерден жұлып жеуге ғана дағдыланған, сондықтан елді мекендерге жақындап баратын болса, тек қар астындағы күздік бидайды тебіндеп азықтану үшін барады.

Ақбөкен

Ақбөкен

Үкiмет ақбөкендердi 2006 жылы «Қызыл кiтапқа» ендiрдi. Және сол жылы жан-жануарларды қорғау мақсатында бюджеттен 200 миллион қаржы бөлдi. Ал үстiмiздегi жылы бұл қаржыны 270 миллионға жеткiзiп отыр.

Арқар

Арқар

Арқар (лат. Ovis ammon) – жұптұяқтылар қатарының қуысмүйізділер тұқымдасына жататын ірі аң; тау арқары туысының сүтқоректі жануары. Дене ұзындығы 110-120 см, шоқтығының биіктігі 65-125 см. Аталықтарының мүйізі 67-190 см, түбірінің жуандығы 22-50 см салмағы 30 кг. Ұрғашыларының кейде қысқа мүйізі болады. Таралуы: Жерорта теңізі аралдары алдыңғы орта орталық солтүстік шығыс Азияда. ТМД кеңістігінде арқардың 10-нан астам түршесі таралған.

Қазақстан арқары

Қазақстан арқары

Қазақстан арқары (лат. Ovis ammon collium) – қуысмүйізділер тұқымдасына жататын аң. Сарыарқада, Қалба жотасында, Тарбағатайда, Маңырақ пен Сауыр жоталарында таралған. Құлжасының дене тұрқы 150 – 200 см (аналығы 110 – 160 см), шоқтығының биікт. 125 см-дей (аналығында – 112 см-дей), салмағы 200 кг-ға жуық (аналығы 60 – 100 кг). Құлжасының мүйізі өте мықты, бұралып иілген, қатпарланған сақиналы, аналығынікі – нәзік, қысқа, сарғыш бозғылт немесе қоңыр түсті болады.

Қарақұйрық

Қарақұйрық

Қарақұйрық (лат. Gazella subgutturosa) – сүтқоректілер класының қуысмүйізділер тұқымдасына жататын аң. Қазақстанда Үстірт пен Маңғыстауда, Арал өңірінде, Қызылқұм, Мойынқұм, Бетпақдаланың оңтүстігінде, Оңтүстік Балқаш өңірінде (Тауқұм, Сарыесікатырау) кездеседі. Соңғы жылдары Қара Ертіс өзенінің жағалауындағы құмдарда көрініп жүр. Тұлғасы сымбатты, дене тұрқы 101 – 126, шоқтығының биіктігі 67 – 79 см. Текесінің салмағы 22,0 – 41,0 ешкісінікі – 20 – 34 кг.

Қарақұйрық

Қорегі – 70-тен аса шөптесін өсімдіктер мен бұталар. Ылғалы мол жас шөптермен қоректеніп, қар мен жаңбырдан жиналған қақтардан су ішіп, шөлін қандырса, қыста қар жалайды. Қазанның аяғынан желтоқсанның ортасына дейін күйлейді. 5 – 5,5 ай буаз болып, сәуірдің аяғынан маусымның аяғына дейін (жаппай төлдеу мамырдың екінші жартысында) лақтайды. Көбіне 1 – 2 лақ (егіз басым), кейде 3 – 4 лақ (өте сирек) табады. Жаңа туған лақтың салмағы 2 – 3 кг, дене тұрқы 48 – 58 см. 5 – 10 күнде шөп шалып, 3 айдан аса енесін емеді. Жас төлдер тез өседі: алғашқы 10 күнде 4,5 кг, бір айда – 9,0 кг, 6 айда – 15,0, бір жаста салм. 20 кг-нан асады. Шыбыштары 7 – 8 айда, серкештері 1,5 жаста жыныстық жағынан жетіледі.

Қарақұйрық

Текелерінің мүйізі түп жағы бедерлі, ұшы бір-біріне қарай аздап иілген, қара-қоңыр түсті. Ұзындығы 33 – 43 см болады, ешкілері – тоқал. Құйрығы кішкентай, қара-қоңыр түсті. Тұяқтары кішкентай, қара түсті, сопақша әрі үшкір келеді. Тері жамылғысы құм тектес, сарғыш-сұр. Көз алды, шат, тұяқ аралық иіс бездері, көру және есту мүшелері жақсы жетілген, осылар арқылы бір-бірімен тез табысады. Тастақты, құмды, сазды топырақты шөлді аймақтарда мекендеуге бейімделген. Қоныстарын жыл маусымдарына қарай, қыста сексеуіл, жыңғыл өскен бұйрат-бұйрат құмдарға, жазда шөлді жерлерге қарай қоныс ауыстырып отырады. Тау етектерінде, теңіз деңгейінен 2500 – 3000 м биіктікте де кездеседі (мыс., «Алтынемел» ұлттық табиғи саябағында). Күйіс қайырып, демалу және ауа райының қолайсыз жағдайларынан қорғану үшін тұяқпен тарпып қазуға оңай жұмсақ топырақты жерлерден шағын (60х30 см) жатақтар жасайды.

Қарқұйрық

Қарқұйрықтың жаулары – қасқыр, түлкі, қарақал және бұралқы иттер, құстардан: бүркіт, қарақұс. Аусыл және туляремия ауруларымен ауырады. Дәмді еті мен терісі үшін көп ауланған. Терісінен сырт киім, жазғы аяқ киім, мәсі тігіледі, саба және қауға жасаған. Қазір саны аз, Қазақстанда бар-жоғы 13 – 15 мыңдай. Оның 5 – 7 мыңы «Алтынемел» ұлттық табиғи саябағында, қалғаны Үстірт қорығы мен Ақтау – Бозащы қорықшасында қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген (1996).

Қосаяқтар

Қосаяқтар

Қосаяқтар (лат. Dipodidae) – сүтқоректілер класы кеміргіштер отрядының бір тұқымдасы. Қазба қалдықтары Қытайда орта миоцен қабатынан табылған. Солтүстік Африка, Арабия, Кіші және Алдыңғы Азияда, Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Қазақстан мен Орта Азияның шөл, шөлейтті және далалы аймақтарында кең таралған. Дүние жүзінде 14 туысқа жататын 40-қа жуық түрі белгілі. Көбіне 2 – 3 жыл (кейбіреулері 4 жылдай) өмір сүреді. Қазақстанда 9 туыстың 16 түрі мекендейді. Оның 4 түрі: бессаусақты ергежейлі қосаяқ, Гептнер ергежейлі қосаяғы, бозтүсті ергежейлі қосаяқ, үшсаусақты ергежейлі қосаяқ Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген (1996).

Қосаяқтар

Дене тұрқы 4,5 – 5,0 сантиметр, салмағы 7 – 10 грамм. Тері жамылғысы тығыз әрі жұмсақ, түсі – сарғыш, құм түстес. Артқы аяқтары ұзын, 3 не 5 саусақты, алдыңғы аяқтары 5 саусақты. Жүргенде тек артқы аяқтарымен секіреді. Алдыңғы аяқтарымен қорегін ұстап, ін қазады. Құйрығы дене тұрқынан ұзын, қысқа түкті. Құлақ қалқандары көпшілігінде үлкен, кей түрінде қатпарланып, қысқарған. Көздері өте үлкен. Күздің аяғынан көктемге дейін қысқы ұйқыға кетеді. Уақытша және тұрақты індері болады. Індерінің ұзындығы 1 метрден 4 метрге, ал тереңдігі 20 см-ден 2,5 м-ге дейін жетеді. Өсімдіктермен, жәндіктермен қоректенеді. Ұрғашылары жылына 2 – 3 рет (әр жолы 1 – 9-дан) балалайды. Көптеген түрлері бірқатар індеттерді, әсіресе оба ауруын таратады.

Ергежейлі боз қосаяқ

Ергежейлі боз қосаяқ

Ергежейлі боз қосаяқ (лат. Salpingotus pallidus) - кеміргіштер отрядының қосаяқтар тұқымдасына жатады. Қазақстанда ғана, оның ішінде Қызылорда облысындағы Арал өңірінде (Қарақұм, Үлкен және Кіші Борсық құмдары) және Алматы облысындағы оңтүстік Балқаш құмдарында (Сарыесік Атырау) кездеседі. Дене тұрқы 52 – 61 мм, салм. 8,9 – 12,5 г. Өзі тектес басқа қосаяқтардан ерекшелігі – арқасы боз түсті болады. Ғылымға 1984 жылдан бастап белгілі. Саны аз, таралу аймағы шағын. Ін қазып, сонда тұрақты тіршілік етеді. Інінің ұзындығы 215 см-ге жетеді. Ергежейлі боз қосаяқ – түн жануары. Ол өсімдіктердің дәнімен, жемісімен және түрлі қоңыздармен, шегірткелермен қоректенеді. Қыркүйекте қысқы ұйқыға жатады. Бұл кезде денесіне жинаған майдың үлесі жалпы салмағының 28%-ын құрайды. Қысқы ұйқыдан сәуірде оянып, мамыр – шілде айларында 2 рет көбейе алады, әрқайсысында орта есеппен 4 – 5 қосаяқтан туады. Бұлар келесі көктемде жыныстық жағынан толық жетіледі. Ергежейлі қосаяқтың тіршілігі әлі толық зерттелмеген. Бозтүсті ергежейлі қосаяқ сирек кездесетін эндемик түр болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Бессаусақты ергежейлі қосаяқ

Бессаусақты ергежейлі қосаяқ

Бессаусақты ергежейлі қосаяқ (лат. Cardiocranius paradoxus) — кеміргіштер отрядының қосаяқтар тұқымдасына жататын кішкентай аң. Қазақстанда Солтүстік Балқаш өңірінде кездеседі. Көбінесе, ұсақ қиыршық тасты шөлдерді мекендейді. Дене тұрқы 5,7 — 6,5 см, салмағы 15 — 17 г. Артқы аяғы бес бармақты, құлағы түтік тәрізді, құйрығы денесінен 2 еседей ұзын. Табанында сүйелді-мүйізді қабат бар. Ін қазып тіршілік етеді. Қорегін түнде аулайды. Негізінен өсімдік жапырақтарымен, тұқымымен қоректенеді. Бір жасында жыныстық жағынан жетіледі. Мамыр — маусымда ұрғашысы 2 — 4 қосаяқ табады. Қыркүйектің аяғынан сәуірдің ортасына дейін қысқы ұйқыға кетеді. Сирек кездесетін түр болғандықтан Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген (1996).

Кесірткелер

Кесірткелер

КЕСІРТКЕ (Saurіa) – қабыршақтылардың бір отряд тармағы. Қазба қалдықтары триас кезеңінен сақталған, жыландардың арғы тегі болып саналады. Кесіртке Жер шарының суық аймақтарынан басқа жерінің бәріне дерлік таралған. Бұлардың қазіргі кезде 20 тұқымдасқа, 350 туысқа бірігетін 4000-нан астам түрі бар. Кесірткелер көп ауланған, олардың санының жылдан-жылға азаюына байланысты қорғауға алынып, 36 түрі мен түр тармағы Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына»,19-ы бұрынғы КСРО-ның Қызыл кітабына, ал республикадағы 3 түрі (жұмырбас шұбар кесіртке, Зайсан жұмырбас кесірткесі және кесел) Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Бат-бат кесіртке

Бат-бат кесіртке

Бат-бат кесіртке (лат. Phrynocephalus mystaceus) – ешкіемерлер тұқымдасындағы жұмырбасты кесірткелер туысының бір түрі. Каспий теңізі мен Алакөл арасындағы шөлді аймақтарда тіршілік етеді. Қазақстанда 2 түр тармағы бар. Денесінің ұзындығы 20 см-дей, салмағы 43 г-ға дейін, терісінің қабыршақтары ұсақ, бүртікті келеді. Басы жалпақ, жұмыр. Артқа қарай ширатылған құйрығы түбінен ұшына қарай жіңішке, ұшы қара түсті болады. Түсі тұтастай ашық сұрғылт, бауыры ақшыл түсті, алқымында қара жолағы, ал екі езуінде ұсақ шашақты үлкен терілі қатпары бар. Ізіне түсіп қуғанда денесінің екі бүйіріне ырғала қозғалып, тез арада «құмға сіңіп» кететіндіктен, «бат-бат кесіртке» деп аталған. Жауынан қорғанғанда не қауіп төнгенде терілі қатпары қатты керіліп, құлаққа ұқсайды, сондықтан оны «құлақты кесіртке» деп те атайды. Наурыз – қазан айларының аралығында күндіз көзге түседі. Жылына 2 рет 2 – 4 жұмыртқа салып, көбейеді. Өрмекшілермен, өсімдік жапырақтарымен қоректенеді. Кейбір зиянды жәндіктерді жеп, пайда келтіреді. [1] ТМД кеңістігінде 7 түрі белгілі. Теңбіл Б.к. Түркмен Қарақұмының оңтүстігінде, ТМД фаунасы эндемигі, Өзбекістанда таралған, кентаун Б.к. КСРО, Қызыл кітабына енгізілген.

Шұбар бат-бат кесіртке

Шұбар бат-бат кесіртке

Шұбар батбат кесіртке (лат. Phrynocephalus versicolor) - Алакөл және Іле ойпаттарында тіршілік ететін, таралу аймағы шағын түр. Санының азаюына негізгі себептер - су деңгейінің тұрақсыздығы, сексеуіл дайындау және өрт. Қолдан өсірілмеген. Түрдің Іле ойпатындағы таралу аймағының батыс бөлігі жоспарланып отырған Орта-Іле қорығына енеді. Таралуын егжей-тегіжейлі анықтап, биологиясын зерттеуді жалғастыру қажет.

Қызыл қасқыр

Қызыл қасқыр

Қызыл қасқыр - (лат. Cuon alpinus) — қасқыр тұқымдасына жататын жыртқыш аң. Қазақстанда Тянь-Шань мен Жетісу (Жоңғар) Алатауында кездеседі. Дене тұрқы 100 — 110 см, құйрығының ұзындығы 45 — 50 см. Құйрық жүні үлпілдек. Арқасы қызыл қоңыр, екі бүйірі солғын қызыл түсті. Қызыл Қасқыр жаз айларында альпі және субальпі белдеулерінде 2500 — 4000 м биіктікте, таутеке мен арқар жайылатын жерлерде қоныс аударып тіршілік етеді. Баспана ретінде түрлі қуыстар мен басқа аңдардың тастап кеткен індерін пайдаланады. Көбеюі жөнінде деректер аз. Мысалы, Бейжің хайуанаттар паркінде Қызыл Қасқырдың қаңтар айында ұйығып, 60 күннен кейін көбіне 3 — 4 күшік туатыны анықталған. Көбею кезінде үйірімен (5 — 10, кейде 30) жүреді. Қызыл Қасқыр — терісі бағалы аң. Саны өте аз, соңғы 40 жылда Қазақстанда Қызыл Қасқырдың кездескені туралы дерек жоқ. Қызыл Қасқыр Халықаралық табиғат қорғау одағы мен Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.

Сілеусін

Сілеусін

Сілеусін (лат. Lynx lynx) – мысық тұқымдасына жататын жыртқыш. Тұрқының ұзындығы 87 – 104, құйрығы 20 – 31 см, салмағы 13 – 23 кг. Қазақстанда 3 түр тармағы бар, соның ішінде Түркістан сілеусіні Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Үкі

Үкі

Үкі - негізінен орманды мекендеп, жемін көбіне түнде аулайтын жыртқыш құс. Басы үлкен, көздері бақырайған, қауырсындары жұмсақ. Ұшқанда дыбыссыз қанат қағады. Ұясын жасыруға болатын жерге салады. Жұптарын өмір бойы сақтайды. Дене мөлшеріне қарай 2-12-ге дейін жұмыртқа басады. Саны кеміп келе жатқан, сирек кездесетін түр. Евразияда, сондай-ақ Қазақстанда кең тараған. Шөлді, далалы, таулы орманды жерлерді мекендейді. Санының қанша екені белгісіз, бірақ, көпшілік жерлерде сирек. Санын шектеуші себептер: электр сымдарында және уланған жемді жеп өлгенінен басқа, кауырсынынан ұлттық әшекейлер мен бой тұмарлар жасау үшін ұядағы балапандарын алудың да кері әсері үлкен. Сондықтан оны қорғаудың тағы бір жолы - оның қауырсынын пайдалану үшін қолдан өсіру керек.

Жалбағай

Жалбағай

Жалбағай, қалбағай (лат. Platalea leucorodia) — ескекаяқты құстар отрядының тырна-құтан түқымдасына жататын құс. Қанатының ұзындығы 39 см, салмағы 1,5 кг. Ақ құс, басында сарғылт айдары бар. Сирақтары ұзын, қара. Тұмсығы жалпақ, қалақша тәрізді. Балапаны ақ мамықты. Жыл құсы: наурыз-сәуірде келіп, қыркүйекте қайтады. Сәуірде 3-4 жүмыртқа салады. Оны мекиені Жалбагай мен қоразы 3 аптадай кезектесіп басады. Су жәндіктерімен, олардың дернәсілдерімен, балықпен, бақамен қоректенеді. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

жалғабай

Кейбір жерлерде бұл құсты қалбағай деп атайды. Жалбағайдың қанатының ұзындығы 35 – 40 см, салмағы 1,7 кг-дай. Жалбағай ақ түсті, басында сарғыш ұзын қауырсындардан тұратын кекілі және мойнының төменгі жағында сарғыш қоңыр түсті дағы болады. Басқа, өзіне ұқсас құстардан бір ерекшелігі – тұмсығы. Ол тік әрі ұзын, ұшы күрек тәрізді жалпақ; тұмсықтың негізі – қара, ұшы сарғыштау. Сирағы – қара түсті. Қамысты, бұталы тайыз суларды мекендейді. Топталып, шоғыр (колония) құрып тіршілік етеді.

жалғабай

Судағы балық шабақтарымен, бақалармен және омыртқасыздармен қоректенеді. Жалбағай – жыл құсы. Қазақстанға наурызда ұшып келеді, тамыз – қыркүйек, кейде қараша айында да кездесе береді. Ұясын қамысты қопаға, бұта мен ағаш басына салады. Ақшыл түсті 3 – 5 жұмыртқасын сәуір – мамырда аталығы мен аналығы кезектесіп, 3 аптадай шайқайды. Жалбағайдың құтан, қарабай, үлкен су құзғындары немесе қарақаздармен бірге ұялайтыны туралы жаңа деректер белгілі болды. Саны жылдан-жылға азаюда. 1990 жылдардың аяғында республика жерінде 400 – 650 жұбы ғана ұялаған. Жалбағай сирек кездесетін құс болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Қоқиқаз

Қоқиқаз

Қоқиқаздар (лат. Phoenicopterus)[1] - дене бітімі ерекше, тұмсығы имек, сирек кездесетін құстар. Қоқиқазтәрізділер сабы (лат. Phoenicopteriformes) және қоқиқаздылар тұқымдасының (лат. Phoenicopteridae) жалғыз туысы. Қызыл қанат деп те аталады. Қорғалжын қорығындағы Теңіз көлінде ғана ұялап, жұмыртқалайды. Ол басын суға батырып, түбін қопарып, судағы жәндіктерді аузына толтырып сүзіп алып қоректенеді. Ұя жасауға да су түбіндегі тұнбаны пайдаланады. Ұшып бара жатқан қоқиқаздың қанаттары лапылдап жанған оттың жалынына ұқсас болғандықтан оларды кей халықтар “от немесе жалын құс” деп те атайды.

Кіші қоқиқаз

Кіші қоқиқаз

Таралу аймағы шектелген сирек кездесетін түр. Әлемде ең терістіктегі ұялайтын орны Қазақстанда Теңіз көлінде (Ақмола облысы). Әр жылдары бұл жерде 5-9 мыңнан (1972-1976 жылдары) 54 мыңға дейін (1979 жылы) қоқиқаз ұялады. Дала мен шөлейтті жерлердегі кең байтақ су қоймаларын жайлайды. Негізгі шектеу факторлары - ұялауға жарамды жерлердің азаюы және мазалау. Қорғалжын қорығында қорғалады. Торғай өзенінің төменгі саласында қорық, сонымен қатар Каспий теңізінің солтүстік-шығысындағы Комсомол шығанағы мен Қолтық сорында қорықшалар ашу қажет.

Кәдімгі қоқиқаз

Кәдімгі қоқиқаз

Қазақстанда қоқиқазды қорғау мақсатында Қорғалжын қорығы ұйымдастырылған. Қоқиқаз АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Швейцарияның, Германияның зоология бақтарында қолда өсіріліп көбеюде. Қоқиқазды атуға мүлде тыйым салынған. Халықаралық табиғат қорғау одағының және Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.

Дуадақ

Дуадақ

Дуадақ (лат. Otis tarda) — тырнатәрізділер отрядының бір тұқымдасына жататын құс. Шығу тегі жөнінен тырналарға ұқсас болғандықтан оларды бір отрядқа жатқызады. Дуадақдың қазба қалдықтары эоцен дәуірінен белгілі. Дене тұрқы тауыққа ұқсас. Дуадақ — үнсіз әрі сақ жүретін құс. Құрлықта жүруге, жүгіруге бейімделген үш бармағы болады. Салмағы 4 — 11 кг, ірілері 20 кг-ға жетеді.

дуадақ

Шөл,шөлейт далада мекендейді.Дуадақтар жасағында 24 түр бар,Қазақстанда олардың үш түрі бар: безгелдек, жорға дуадақ, дуадақ (Otіs tarda). Дуадақтың қауырсыны тығыз келеді, мойны қысқа әрі жуан. Қанатының ұзындығы 570 — 670 мм. Құйымшақ бездері болмайды. Қауырсындарының түсі ашық қоңырқай, ұсақ қара жолақтары бар. Құрсақ жағының қауырсындары біркелкі ақ түсті. Қазақстанның оңт.-шығысындағы шөлейтті далада, тау бөктерінде топтанып, кейде жекелей тіршілік етеді. Дуадақ — жыл құсы. Көктемде ұшып келеді де, қазан — қараша айларында жылы жаққа ұшып кетіп, Тәжікстан мен Түрікменстанда қыстайды. Қораздары мекиендерінен ірі, әрі тамағының астында бір топ селдір қауырсындары болады. Жұп құру кезінде “күй ойнаққа” түседі де, қораздары қанаттарын көтеріп дүрдитеді, мекиендерін айналып билейді. Мекиендері 2 — 3 сарғыш, тарғыл жұмыртқасын жердегі ұяларына салады, оны 20 — 30 күндей шайқайды. Балапандары ширақ болады.

дуадақ

дуадақ

Дуадақ өсімдіктермен, кейде ұсақ жәндіктермен де қоректенеді. Бұрын Қазақстанда дуадақ көп болған. Ел арасында дуадақты “шөл тауығы”, “тоқтыбалақ”, “қозыбалақ” деп те атайды. 20 ғасырдың 50-жылдары тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде олардың саны азайып кетті. Қазір дуадақтың үш түрі де қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. Олар Қорғалжын, Наурызым, Үстірт қорықтарында қорғалады.[3] Жиекдуадақ (жорға дуадақ) Қазақстанның оңтүстік жартысындағы шөл және шөлейт далада мекендейді. Тіршілік әрекеті дуадаққа ұқсас. Дуадақтан ерекшелігі- денесі кішірек және мойнында қара жолақтың болуы. Құмды жерлердің жиегін ала көп кездесетіндіктен, бұл құс жиекдуадақ деп аталады.

Бірқазан

Бірқазан

Бірқазандар (Pelecanidae) – ескекаяқты құстар отрядына жататын құстар. Қазақстанда екі түрі: бұйра бірқазан және қызғылт бірқазан тараған. Олар Каспий және Арал теңіздерін, Балқаш, Сасықкөл көлдерінің алабын мекендейді. Дене тұрқы 1,8 м-дей, салмағы 13 килограмға дейін жетеді. Тұмсығы өте ұзын, төменгі жақ сүйегінің астында созылмалы тері қапшығы болады. Бұйра бірқазанның тұмсығының астындағы қапшығы әдетте ақшыл сары, ал көбейер кезде қызғылт сары болады. Аяқтары қысқа, қанаттары ұзын (60 – 80 см) және жалпақ, ал қауырсындары қызғылт немесе күміс түсті болып келеді. Бұйра бірқазанның желке қауырсыны жалданып, бұйра келеді, аты осыған сәйкес қойылған. Бірқазан – топтанып жүретін құстар.

Бұйра бірқазан

Бұйра бірқазан

Олар қоректерін (балықтарды) көбіне су құзғындарымен бірлесіп аулайды. Суда жақсы жүзгенмен, сүңги алмайды, жемін суға басы мен мойнын батырып жіберіп ұстайды. Бірқазан – жыл құстары, наурыз айында ұшып келіп, өніп-өсіп, қараша айында жылы жаққа ұшып кетеді. Жерорта, Каспий теңіздерінің оңтүстік жағалауында, Оңтүстік Азияда қыстайды. Судың тереңірек жеріне салған көлемді ұяларына бір – бес жұмыртқа салып, оны қоразы мен мекиені жұптасып басып, отыз – отыз бес күнде балапандарын өргізеді. Балапандары жетпіс – жетпіс бес күн өтісімен ұядан ұшады. Бірқазан 3-4 жасында жұмыртқалай бастайды. Олар саны аз құс болғандықтан, Қорғалжын қорығы мен Наурызым қорығында және Сарықопа, Торғай қорықшаларында қорғауға алынып, халықаралық табиғат қорғау одағының және ұлттық «Қызыл кітапқа» (1996) енгізілген.

Ақ тырна

Ақ тырна

Ақ тырна (лат. Grus leucogeranus) — тырналар тұқымдасының бір түрі. Қазақстанның батыс және орталық аймақтарын көктемгі (сәуір — мамыр) және күзгі (тамыз — қазан) ұшу кезінде қоныстайды. Бұл кезде Наурызым қорығында, Ырғыз және Торғай өзендері мен Арал теңізі жағалауында жиі кездеседі. Сирағының төменгі жағы қауырсынсыз, құйрығы қысқа. Мойны, аяғы ұзын. Қанатының қарымы 2 метрге, салмағы 10 кг-ға дейін жетеді. Қанаты ақ, қанатының ұшы қара, тұмсығы қызыл. Суат маңын, көбінесе батпақты жерлерді мекен етеді. Өсімдік дәнімен, ұсақ жәндіктермен қоректенеді. Ұясын шөп арасына, кейде тайыз су бетіне салады. Сәуір—мамырда 2-3 шұбар жұмыртқа туып, оларды мекиені 1 айға жуық басады. Жыл құсы. Қазақстанның "Қызыл кітабына" енгізілген.

Ақбас тырна

Ақбас тырна

Ақбас тырна (лат. Anthropoides virgo) – тырнатәрізділер отрядына жататын құс.

Ақбас тырна

Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарындағы далалы және шөл-шөлейтті аймақтарды мекендейді.

Ақбас тырна – жыл құсы

Ақбас тырна – жыл құсы. Қыркүйек – қазанда жылы жаққа ұшып кетеді. Солт.-шығыс Африка, Палестина, Ирак, Үндістан, Пәкістан, Бирма жерлерінде қыстайды. Өсімдік дәнімен, бүршігімен және ұсақ жәндіктермен қоректенеді. Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары ұялау мекені тарылып, саны күрт төмендеді. Бірақ 1970 – 1980 жылы саны қайтадан көбейе бастады. Ақбас тырна қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

ақбас тырна

Басқа тырналар тұқымдасына қарағанда Ақбас тырнаның денесі кіші болып келеді. Шекесінде айдар тәрізді ұзын ақ қауырсындары бар. Қанатының ұзындығы 42 – 54 см, салм. 2 – 3 кг-дай. Басы, мойнының асты мен омырауы қара, ал басқа қауырсындарының түсі көкшіл сұр болады. Құс ойнағы кезінде өздеріне тән қимыл-қозғалыстар жасап, «тырналар биін» билейді. Жұптасып, жерді аздап шұңқырлап, оған құрғақ шөп төсеп, ұя салады. Мекиені мен қоразы 1 – 2 жұмыртқаны 28 – 30 күндей кезектесіп басады.

Түркімен құланы

Түркімен құланы

Құлан (лат. Equus hemionus) – тақтұяқтылар отрядына жататын жабайы жылқы. Сыртынан қарағанда құланның есекке де (басы үлкен, құлағы ұзын, құйрығы қысқа, кекілі жоқ, жалы тік), жылқыға да (жүріс-тұрысы ширақ, дене бітімі сымбатты, сирақтары ұзын) ұқсайтын ерекшелігі бар.[2] ХТҚО және КСРО Қызыл кітаптарына енгізілген.

Құлан

Құлан

Дене тұрқы 210 – 240 см, шоқтығының биіктігі 112 – 126 см, салмағы 190 – 260 кг аралығында. Түсі сарғыштау, жотасында қара қошқыл жолағы болады, құйрығының ұшы қара, бауыры мен сирақтары ақшыл келеді. Жыныстық жағынан 2 – 3 жасында жетіледі. Маусым – шілде айларында күйлеп, 11,0 – 11,5 айдай буаз болып, мамыр – маусым айларында құлындайды.

Құлан

20 ғасырдың алғашқы жартысына дейін құлан Қазақстанның жазық даласында үйір-үйірімен топтанып жүрген. Қыс айларында Каспий теңізінен шығысқа Іле ойпатына дейін кең таралған. Жазда Қарағанды Ақтөбе, Қостанай облыстарының жерін жайлаған. Құланды есепсіз аулау – оның қазақ жерінде құрып кетуіне әкеліп соқты. Республикада Құланды жерсіндіру жұмысы 1953 жылы басталды. 1953 – 1964 жылы Арал теңізінің Барсакелмес қорығына Түрікменстаннан 19 құлан жерсіндірілді. 1982 жылдан бастап оны «Алтынемел» ұлттық табиғи саябағына, Андысай қорықшасына және Маңғыстау облысы аумағына жерсіндіре бастады. Қазір Қазақстанда 2,0 мыңдай құлан бар (2004). құланның саны дүниежүзінде жылдан-жылға азаюына байланысты қорғауға алынып, Халықаралық табиғат қорғау одағының және Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Орақтұмсық

Орақтұмсық

Орақтұмсық (лат. Ibidorhyncha struthersii) – татреңтәрізділер отряды, қарала балшықшылар тұқымдасына жататын құс. Қазақстанда Солтүстік және Батыс Тянь-Шаньнің биік таулы беткейлерінде, Іле Алатауының Үлкен және Кіші шатқалында, Шелек, Асы, Қаражар және Қарқара өзендерінің жоғарғы ағысында кездеседі. Дене тұрқы 41 см, салмағы 300 г-дай, қанатының ұзындығы 22 – 25 см.

орақтұмсық

Арқасы және жемсауы сұрғылт келеді, кеудесінде қара жолағы бар. Орақ тәрізді имек тұмсығы мен аяқтары қызыл түсті. Орақтұмсық – отырықшы құс. Жеке жұптары ұсақ тастар арасына шұңқырлап ұя салады. 3 – 4 жұмыртқаны мекиені мен қоразы кезектесіп басып, балапандарын да бірігіп өргізеді. Негізінен ұсақ балықтармен және әр түрлі омыртқасыздармен қоректенеді.

Орақтұмсық

Орақтұмсықтың жылдан жылға саны азаюда, Алматы хайуанаттар паркінде 4 жұбы қорғалады. Өте сирек кездесетін құс болғандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген. 2015 жылы жыл құсы деп танылды.

Қарақұлақ

Қарақұлақ

Қарақұлақ - мысық тұқымдас сүтқоректі. Дене ұзындығы. 65-82 см, құйрығы, 25-30 см. Сілеусінге өте ұқсас, құлақтарының ұшында қара шашағы бар, құйрығы шорт қысқармаған. Жүні қысқа. Бір ұяда 2-4 баласы болады. Қояндар мен ұсақ кемірушілермен қоректенеді.

Қарақал

Қарақал

қарақал

Қарақал – шапшаң қозғалатын жыртқыш. Негізінен құмтышқандарды, қосаяқтарды, сарышұнақтарды, кейде кірпілерді, жайраларды, бауырымен жорғалаушыларды, жәндіктерді азық етеді, жазда суға жақын жүреді. Қарақалдар ін қазбайды, өзіне баспана ретінде жайраның, түлкінің індерін бірнеше жыл қатарынан пайдалана береді. Буаздық мерзімі 70 күндей. Аналығы сәуір айының басында 3 – 4 күшік туады. Күшіктері тез өседі. Қазақстанда Қарақалдың Үстіртте, Маңғыстау облысында 10 шақты дарабасы бар деп есептеледі. Жылдан-жылға саны азаюда, сондықтан қорғауға алынып, Халықар. табиғат қорғау одағының және Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Қазір Қарақал Қазақстанда Үстірт қорығында, Ақтау-Бозащы, Қарақия-Қарақол қорықшаларында өсіріледі.

Байқоңыр қояны

Байқоңыр қояны

еее не мнау? Зорға түстім ғой төменге. Бірақ күшті.
жақсы жазылған дүние екен, маған ұнады
+2 дауыс
Қазақстанның Қызыл кітабына жан­уарлар, өсімдіктер мен саңырау­құлақ­тар­дың сирек кездесетін және құрып кету ал­дындағы түрлерінің тізімі топтасты­рылған. Бұл кітапқа омыртқалылардың 128 түрі енгізілген, оларды іштей жіктейтін болсақ – балықтар мен дөңгелекауыз­ды­лардың 18 түрі, қосмекенділердің үш түрі, бауырымен жорғалаушылардың 10 түрі, құстардың –  57, сүтқоректілердің – 40 түрі. Жойылып кету қаупі бар деп сана­латын қос­мекен­ді­лердің ішінде Жетісу бақатісі, Дана­тин ба­қасы және Сібір бақасы бар. Ал бауы­рымен жорғалау­шы­ларға келсек, олар – ала батбат (кесірт­ке), Зайсан кесірткесі, сұр кесіртке, бақы­раш­көз кесірт­ке, қызыл жолақты жылан, сары жы­лан, сары бауыр жылан, төрт­жолақты жылан, шұбар жы­лан.
0 дауыс
Жупар деген ан барма казахстанда? Кай облыста кандай жерде мекендейди?
0 дауыс
Ози екинши басылым кай жылы жарык шыкты

Неге биресе 1981 биресе 1991 деп жазып тур адамды шатастырып точно айту к
0 дауыс
хмет оте коп екен кушти 5 алатын болдым оте керемет жануар туралы кызыл китап туралы билетин билмеитиннин барын билдик.
0 дауыс
Бұл қызыл кітап тізімінде қателік кеткен .Ақбөкен 2006 жылы қызыл кітапқа енген деп көрсеткен,ол дұрыс емес.Ақбөкен Қызыл тізімге енген Қызыл кітапқа емес.Мен арнайы орталықтардан сұрадым оны.Екінші басылым 1991 жылы жарық көрді.1981 жылы өсімдіктер қызыл кітабы жарық көрген.
...