Бұл кезеңде әйелді үміт пен қорқыныш қатар билеп, өзін қиял-ғажайып бір сапарға шыққандай сезінеді. Жаратқанның құдіретімен құрсағында лүпілдеген тірі жанның жетілуі әр ананы мейірім, шапағат секілді сезімдерге бөлей түседі. Жүктілік 16 жастан кіші, 35 жастан асқан әйелдерде ерекшебақылауды қажет етеді. Көктем кезінде жүкті болған әйелдер денсаулығына, тамағының нәрлілігі мен ұйқысының қанықболуына көп көңіл бөлуі керек. Күз мезгілі жүктіліктің ең қолайлы кезеңі десек те болады, адам ағзасында жазда дәрумен қоры жиналып, жүктілікке байланысты өзгерістерге үйренісу көбінесе суық айларда жеңілірек болады. Жалпы жүктілік соңғы етеккір келген күннен бастап орташа есеппен 280 күн, яғни 40 аптаға созылады.
Жүктіліктің 3 кезеңі
Жүктілік мерзімінің бастапқы 13 аптасы алғашқы кезең, 14-26апталар орта кезең, 27 - аптаданбосанғанға дейінгі соңғы кезең болып 3 кезеңге бөлінеді. Алғашқы кезеңде денсаулыққа немесе түрлі жағдайларға байланысты түсік қаупі кезігеді. 13 аптада 30 грамдай ғана тартатын шарананың басы, қолы, аяғы, саусақтары мен ішкімүшелері, тіпті тіс төмпешіктері де болады. Алғашқы апталарда-ақ оның жүрегі соға бастайды, осыншама өзгеріс пен өте тез даму қарқыны болашақ анаға күтімді қажет етеді. Орта кезең көбінесе ең жайлы кезең секілді. 1000 грамға дейін өсетін баланың кірпік, қас, тырнағы өсіп, тыныс алу әрі жыныстық мүшелері дамиды. Ең бірінші қозғалысын анасы осы кезеңде сезеді, алдағы уақытта тебуі, аунап түсуі жиілей түседі. Бұл кезеңде бойы 35 см-ге дейін жеткен нәресте ұйықтап, жұтынып, тіпті кіші дәреті пайда болады. Екінші кезеңнің соңына қарай анасының дене салмағы 7-8 келі қосуы қалыпты саналады. Бұдан көп болса, дәрігеріңізбен кеңесуіңіз керек. Себебі, салмақ қосатын күндеріңіз әлі алда, соңғы кезеңде ананың аяғы күннен-күнге ауырлай түседі, бұл кезең- баланың жатырдағы даму барысын тәмамдайтын, қарқынды түрде өсетін кез. Орташа есеппен нәресте 3-4 келі, 50-55 см болып туылады, орта салмақты аналар үшін 10-14 келі қосу қалыпты саналады. 32 аптада бала туылатын жағдайға бейімделіп,яғни, басы төмен орналасады.
Дәрігерге көріну
Жалпы жүкті әйелдер тіркелмеген болса да, тұратын жеріне қарасты аумақтық емханаға есепке алынады. Жергілікті (учаскелік) дәрігеріңізге көрініп, акушер-гинекологқа есепке тұрасыз. Алдыңғы балалар шетінеген, түсік тасталған болса немесе қандай да бір гормондық, генетикалық үйлесімсіздіктің туындауынан секемденген жағдайда жоғары технологиялық мүмкіндіктері бар, жақсы жабдықталған арнайы мекемелерге қосымша қаралған артық емес. Жүктіліктің белгілі уақыттарында қажетті анализ, тесттер арқылы баланың жатырдағы даму барысын, проблемаларды бақылауға болады. Ерте диагностика қай кезде де алдын алу шаралары үшін ең маңызды қадам болып табылады.