0 дауыс
6.4k көрілді
Атаңның баласы болма, адамның баласы бол!-деген тақырыпқа шығарма жазу?

1 жауап

0 дауыс
ОТАНСҮЙГІШТІК ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ МӘСЕЛЕЛЕРІНІҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ
                                        
«Тәрбие-адам тағдырын шешетін ұлы іс»  В.Г. Белинский.
 
Ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне аса зор мән берген. Бүгінгі ұрпақ біздің ертеңіміз, болашағымыз деп түсінген.  Жаман туған бар болса,жаман жолда көп болса, жазаны содан көрерсіз деп ашына айтқан сөздері осының айғағы.Тәрбие-нәрестенің шыр етіп дүниеге келу сәтінен басталып,ақырғы деміне дейін созылатын толассыз үдеріс. Бала тәрбиесінің қыры мен сыры көп. Бүгінгі егеменді елімізде әсіресе ұлттық идеяларды жүзеге асыруда,өскелең ұрпақтың бойына ұлтжандылық пен азаматтық тәрбиелердің ұрығын себуде аса сақтықпен,үлкен жауапкершілікпен жұмыстанған жөн. Әрине барлығымыз да келешек ұрпақты Отандық,ұлттық саналылыққа, отансүйгіштікке баулуда ұстаздар мен ата-аналардың арқасындағы ауыр жүк екені барлығымызға да белгілі. Біздің балалар-біздің қарттығымыз. Жаман тәрбие-болашақтағы қайғымыз, бұл-біздің көз жасымыз, бұл-басқалар алдындағы, бүкіл еліміз алдындағы біздің кінәміз деген Макаренконың сөздері әр ұстаз бен ата-ананың санасынан орын тепсе,нұр үстіне нұр болары хақ! Жасы үлкенді сыйла, құрметте, одан үйрен. «Өзіңе дейінгіні сыйламасаң, өзіңнен кейінгі сені де сыйламайды». Бұл-ұмытуға болмайтын аталар ескертпесі. Сахарада салынды сөз тез шіріген, салмақты сөз сары алтындай сақталып қалған. Жасы кішінің бойындағы қасиеттердің көрінуіне көмектес, үйрет, талап қой. «Егдеге-ізет, жасқа-жол» немесе «Кәріге құрмет, балаға -міндет» деп тәрбиенің ұшығын осылай бастаған. Қыранның түлегі қияға ұмтылар болар,биікке самғар болар. Баланың балғын ойы мен сенімі алдында ең беделді тұлға,-әке, әлеуетті, ақылды, білімдар әке. Жаны сұлу жайсаң азамат өсіруде әке орны айрықша бөлек. Ал бүгінгі таңдағы әкелер қандай, олардың баласына берер тәрбиесі қандай деген сауалдар көкейді түрткілейді. Адамгершіл саналылығы биік ата-ананың,отбасы мүшелерінің бір-бірімен сыйласуы, сенісуі, қолдасуы, көмегі, татулығы мен ынтымағы,бір-біріне талап қоя білуі, әрқашан әділ болуы, өзара қамқорлығы салтқа кірген отбасынан қашанда көргенді, білікті, іскер азаматтар өсіп шығады. Әрине мұндай отбасылар жетерлік, жоқ деуге болмайды. Міне осындай өнегелі отбасынан өсіп шыққан бала ұлтжандылық қасиеттің не екенін,азаматтық борыштың не екенін өте жақсы түсініп шығады. Қауымда өмір сүрген адам қоғамнан тыс қала алмайды. «Ер жігіт үйінен шықса, үйіріне қосылады». «Көптік қайда болса, тоқтық сонда». Не көрсеңде еліңмен бірге көр деген халық сөздерінен ұрпағын жасынан ынтымаққа,бауырмалдыққа тәрбиелегенін көреміз. «Атадан жақсы ұл туса,елінің қамын жейді,атадан жаман ұл туса, елінің малын жейді». Әр азаматтың аяулы борышы-туған елін, туған жерін адалдықпен сүю. Өз елінің нағыз ұлтжанды азаматы болу. Ендеше,тәрбиенің сәулелі ұшығы осында жатырған жақ па? Елді сүю ердің сөзінен ғана емес, қайрат-жігерінен көрінсе керек-ті. Бейбіт күнде еңбегімен елін сүйсіндірерлік нағыз ұлтжанды азаматқа тән қасиеттері бар ұрпақ тәрбиелесек, міне нағыз еңселі егемен еліміздің азаматтарын дайындауда қосқан үлкен үлестеріміз болары анық. Жалғанның жартысындай жалпақ сахарасын қазақ халқы жеріне қамал-қорғандар тұрғызбай-ақ ғасырлар бойында кеудесімен қорғаған қаһармандығы сөз жоқ толқын-толқын боп кезектесіп өскен жас буынды ерлікке, батырлыққа, азаматтыққа, отансүйгіштікке ерте баулып дайындағанның нәтижесі болмады ма? Қоян мінез қорқақтық пен опасыз сатқындықты ата-бабаларымыз өлтіре шенеген. Халқымыз қуыс кеуделерді ілтипатқа ешқашан алған емес. Халқымыз осы пікірді әрдайым ұрпағына қатаң ескертіп отырған. Сондықтан дәл бүгінгі таңда өскелең ұрпақтың санасына ата-баба ізі мен жақсы қасиеттерін үнемі алға тартып,ошақ басынан отансүйгіштікке тәрбиелегеніміз жөн. «Атаңның баласы болма,адамның баласы бол»дегеннің өзі де азаматтық қасиеттерге баулып отырған жоқ па? Ал осыны бүгінгі ұрпаққа біздер қалай жеткізіп отырмыз деген сауалдар сананы әркез мазалайды. Бүгінгі баланың санасы қандай,оған қандай жағынан келіп, тәрбиенің ұшығын қалай себуге болады. Осы тұрғыда бүгінгі отбасы тәрбиесі мен білім ошақтарының тәрбиесі қандай?  Әрине мектептерде заманның дамуына сай түрлі технологияларды пайдалана отырып,тәрбиенің сан-салалы ұшқындарын өскелең ұрпақ санасына құюда. Әйтсе де тәрбиесіз, бұзақы, жаман жолға түскен ұрпақтар қайдан шығып жатыр деп ойлайсыз? Ұлттық санада терең тәрбиемен тәрбиеленбеген, рухани аш бала қашанда қылмысқа барады. Себебі ол мына өмірде еш нәрсеге ұмтылмайды. Оның алдына қойған мақсаты да болмайды. Оңайдан олжаға батқысы келеді. Болары болғаннан кейін өкініп жатамыз. Қай жерде тәрбиесінде ақау кетті деп. Мұндайда ата-ана мектепті, ал мектеп ата-ананы кінәлап жатамыз. Баланың болашақтағы әрбір қадамының сәтті болуы алдымен ата-анаға байланысты. Мағжан Жұмабаев тәрбие жөнінде былай деген: «Тәрбие төрт түрлі болады: ақыл тәрбиесі, дене тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі және құлық тәрбиесі. Егер адам балсына осы төрт тәрбие түгел берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны. Ендеше, алдымен осының барлығы ата-ананың бойынан табылуы керек емес пе? Сондықтан  ата-ананың бала тәрбиесінің толассыз, терең, қыры мен сыры мол процесс екенін терең жауапкершілікпен түсінгені абзал деп білемін. Бүгінгі егеменді, болашағы зор елімізге білімді де, тәрбиелі жастар қажет. Сондықтан да әр ата-ана, мұғалім, тәрбиеші болсын бұл тәрбиеге аса сақтықпен қарап үлкен жауапкершілікпен қарағаны жөн. Дәл осы бағытта жұмыстанған соң, әр тәрбие беруші саналы да терең біліммен,тағылымды тәрбиемен қаруланған нағыз ұлтжанды адам болуы тиіс деп білемін. Тәрбие біздің жүрегімізде ең алдымен жеке адамға да, қоғамға да пайдалы әдеттердің ұрығын себуі керек. Отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлының өзі тәрбиелі-тәртіптің құлы деп айтқан жоқ па? Ұлы Отан соғысының өзі қаншама жастың жүрегіне ұлтжандылықтың нұрын септі. Соғыс әкелген жан түршігерлік кесапат пен қорқыныш, зұлмат пен зобалаңның өзі сол кездегі өскелең ұрпақтың санасына нағыз отансүйгіштік пен нағыз азаматтықтың ұрығын септі емес пе? Ұл-қыздарымыздың нағыз батырлық әрекеттері де осы қан майданда көрінді. Сөнбей жанып тұрған мәңгілік алау соғыста қаза болған жауынгерлер үшін мәңгілік құрмет болса,осыны әрбір жас, ұрпақ, жеткіншек санасымен жете түсініп, осының өзінде ұлтжандылыққа тәрбиеленуі тиіс. Балаларды тәрбиелеу барлығымыздың алдымыздағы еңбек әрі борыш.Көргенін,білгенін айтпаса,аға кінәлі. Адамның тағдырын тәрбие шешеді, тәрбие құралы-сөз. Өскелең ұрпаққа адамгершілік, азаматтық тұрғыда тәрбие беру түгелдей жақсы жақсы үлгі-өнеге көрсетуге сайып келеді. Сондай-ақ жемісті тәрбиенің сыры-шәкіртке құрметпен қарауда.Тәрбие беру мен білім беру-ажырағысыз ұғым. Білім бермей тұрып, тәрбиелеуге болмайды, ал берген әр білімің тәрбиелік ықпал жасайды. Жалпы азаматтық сарын-ата-баба тәрбиесімен ұштасып жатыр. «Бесіктегі бала-ененікі, ат арқасындағы бала елінікі». Бұдан артық қалай айтасың! Әттең, қазақтың халық даналығы әлі де түгел толайым жиналып болған жоқ. Шынын айту керек,соңғы уақытта ауыл-аймақ арасында жастар тарапынан бой көрсетіп жүрген жат қылықтарға етіміз үйреніп кеткендейміз. Күн сайын теледидардан көрсетіліп жатқан жан түршігерлік қылмыстардың өзіне селт етпей, отыра береміз. Осылардың алдымен жас ұрпақтың санасын улап жатқанын біреуіміз түсінсек, біреуіміз түсінбейміз. Еліміздегі жүріп жатырған мылтықсыз майданды түсінгіміз де келмейді. Ендеше тағылымды да саналы тәрбие беруде жан-жақты білгірлікті қажет ететінін дұрыс түсінгеніміз жөн.

«Жас бала дегеніміз-ұрығын жарып, жаңа көктеп келе жатқан жас шыбық, ал ұстаз болса-жаңадан қылтиып өсіп келе жатырған өсімдікті күтуші бағбан». Тәрбие жұмысының ең терең мәні де сол адамның қажеттіліктерін талғап, тәрбиелеуде соның ішінде патриоттық тәрбие мен азаматтық тәрбие беруде  қапы кетпей, өкініп қалмай, нысанаға дөп тиген мірдің оғындай жарқылдасақ жемісі мықты бәйтерекке айналарымыз хақ! Көк байрағы көкпен таласқан егеменді тәуелсіз Қазақ елінің нағыз патриоттары мен азаматтарын тәрбиелеуде әр ата-ана мен ұстазға, әр тәрбиелеуші мен азаматқа жолың болсын дегім келеді!
...