0 дауыс
10.6k көрілді
Қай кітапта, нешінші бетте. Әбіш Кекілбайұлының "Құс қанаты" деген атасына арнаған монологы керек еді?

3 жауап

0 дауыс
Кісіге жалғыздық деген осылай келеді екен. Бір бөлмеде көкірегін кеулеп бара жатқан құсасын ақтара алмай бұл жалғыз, екінші бөлмеде сырттағы жұртқа сездірмей тістеніп келген сырын айтатын адам таба алмай жалғыз. Ол екеуін жалғыздықтан құтқаратын, баласының қабағы неге түсіңкі екенін сұрағанда, көзбен көріп, қолмен ұстатқандай қып айтып беретін бір тілмәш керек сияқты.
Ол тілмәш - басқа бір шаңырақта туып, басқа бір әйелдің бауырынан шыққан шүйкебас. Сол шүйкебастың шүлдірінсіз бір-біріне дегенде шығарға жандары басқа екі адамның әңгімелері қиысатын түрі жоқ. Онсыз мынау жүйкені жеп, жүректі кеміріп жатқан мына бір сартап тыныштықтан құтыла алатын емес.
Бұл бір сәт сергиінші деп аулаға шығады. Есіктің алдындағы тақтай орындықта қалт-құлт етіп күнге қыздырынып отыратын үкі көз көрші кемпірмен «здрәстилері» дұрыс. Бірақ көкірек босатысарға екеуі де сол баяғы «кәкөй» мен «қарашоның» төңірегінен шырқ үйіріліп шыға алмайды. Ана пақыр мұның қақыра жаулығын ұстап көріп саусақтарын шошайтады. Онысы қанша метр матадан шықты дегені болса керек. Бұл бес саусағын түгел көтереді. Анау осынша матаны зіп-зілдей қып арқалап жүруге мойның ауырмай ма деп басын шайқайды. Содан арғыға қайран жоқ. Ал, тіпті тіл біле-ақ қойсыншы. Сонда я туғаныңды көрмеген, я өлгеніңді көрмеген қаймана кемпірге қалай қалыңдық ойнағаныңды айтасың ба, жоқ қалай келін боп түскеніңді айтасың ба... Ондайда ботаның жамырағаны мен қазанның түбі күйіп кеткенінен бастап бәрін әңгіме қып көйітіп отыратын бастас абысын-ажыныңды ойлайсың. Абысын-ажыныңды ойладың-ақ көз алдыңа алыста қалған ауылың оралады. Осы күндері мұрныңды жарып жүргізбейтін майқара жусанның иісі аңқып қоя бергендей болады. Таңдайыңа тай қазан сүтке тидеқаш мәйекті бір тигізіп ұйытқан сары ірімшіктің сарысуына піскен сырбаз етінің шырын дәмі келеді. Алыстан аңырап боздап, желіні сыздап, ентелей басып келе жатқан аруана маяның даусы жетіп тұрған сияқты. Саусақтарына шымыр-шымыр діріл жүгіреді. Шіркін, қазір ботасына еміреніп тұрған енесі жарықтықпен бірге күңіреніп, қарыңа шелек іліп, күрпітіп түйе сауар ма еді. Мынандай май тоңғысыз шуақта күн жақта киіз жамап отырар ма еді... Киіз басатын, көрпе қарпитын, арқан ширатататын, үй жығып, үй тігетін шаруалар шыққанда ауыл үйдегі келін біткен «жеңешелеп» бұған жүгіретін еді-ау. Нәрестені бесікке саларда, жаңа туған ботаның аузын үрерде, қозысы алмаған қара бауыр саулықты иітерде әйел біткен бұны іздеп шыға келер еді. Бұл жазған да бұлдану, бас тарту дегенді білмес еді. Ауыл тұрмысында бұның қолынан келмейтін жалғыз нәрсе - өсек айту. Айтатынын бір-ақ айтып қарап отырады. Абысын-ажыны мақтайын десе не тауып айтатындарын өздері біледі, ал жамандайын дегенде бар тауып айтатындары: «Бетің бар, жүзің барды білмейтін сол бейбақты қойшы».
Ие, мынау ерсілі-қарсылы сапырылысып жатқан көп жұртқа оның бәрі жай әншейін өтірік әңгіме. Астанада адам көп болғанмен, сенің бір кезде қалай жүріп, қалай тұрғаныңды кім біліп жатыр. Білмек түгіл, айтып берсең - тыңдайтұғын құлақ жоқ...
Баласы келін түсірсе, соған айтар еді. «Балықтың тіліне бақа түсінеді» деген. Түсінсін-түсінбесін, аты ұрғашы әңгіме шығып жатқан жерге ошарыла түспесе, «әй, қойшы» деп қолын бір сілтеп тұрып кетіп қалмайды ғой. Не де болса, әлгі қатындары құрғырдың қақылдап айта беретін ши борбай, шүйке басы, баласына қайдам, өзіне жатса-тұрса ойынан шықпайтын дерт боп алды. Кейде отыра қап баласына өкпелейді. Бұл қаланың еркегі бір есіктен кіріп, бір есіктен шығып қаңқайып жүре бергеннен басқа ештеңе білмейді екен де. Ауыл болса ғой, ер бала он сегізден асты-ақ, қызы бар үйдің тынымы кетер еді. Түнде үйлеріне түйе сүйкенсе де, сыртқа жүгіре шығып жүргендері. Қыз алып қашатыны тағы бар. Баяғыдай атпен қашып, қуғыншымен атысып-шабысып жататын заман жоқ. Қолы ұзыны жеңіл машинамен, қолы қысқасы жайдақ қара машинасы бар, су таситын, бензин таситын күбілі машинасы бар, ең болмаса, шана сүйреткен тракторы бар әйтеуір бір ретін келтіреді. Қыз төркіні бір жылдай күнге түкіріп, айға қақырып аспандап бағады. Бір жылдан соң қыздары босанғасын, жиендеріне құтты болсын айтуға өздері келеді. Ал бұның баласы бақандай он жыл мектепте оқыды, бақандай бес жыл институтта оқыды, екі жыл салт жүрді, бір қыс, міне, тағы өтті. Әлі күнге жоғалған түйенің мойнына байланған кәрі жіліктей салақтап жалғыз жүр. Мұрт түгілі сақал қоятын уақыты келді. Үйге келсе жағымен арпалысып жатқаны. Сөйте тұра не ойлайтынын! Әлде ауылдан шешем көшіп кеп, аузы дуалы ағайынды жиып, осындағы өңшең әкімнің өңді қыздарына құда түседі деп жүрді ме екен! Өйтіп, сыйлы үйдің төрінде талтаңдайтындай аузымен құс тістеген ағайыны қай бір толып тұр! Өзі ажарлы шапанын киіп, түрме белбеуін буып, есіктерін қағып кіріп барар еді, ол немелер қызына құда түсе келді екен деп ойламас, адасып жүрген кемпір екен деп; «Бәбүшке, көшеңіз міне, үйіңіз әне!»- деп алдап-сулап шығарып салар. Әлгі қалалы жердің қыздары бойдақ жігіттердің соңынан қиқулап өздері жүгіреді дейтіндері қайда? Ал, жарайды, ұрғашы байғұс қашанда бұлданшақ қой, бұның соңынан жүгірмей-ақ қойсын, сонда өзі осылай тырп етпей жатып ала ма? Бой десе бойы, ой десе ойы бар. Отар-отар қой, үйір-үйір жылқы талап ететін заманнан, құдайға шүкір, құтылдық. Қазіргі жігіттің төбесінде баспанасы, қолы қарап жүрмейтін қызметі болса жетіп жатыр. Өң десе өңі де ешкімнен кем емес сияқты. Ай маңдай, бұйра шаш, қоңқақ мұрын, ат жақты ашаң жігіт... Әне бір үріп ауызға салғандай бұраң бел қыз қасындағы жүн жақ, бітік көз, кәртөшке мұрын, қисық аяқты әлдеқандай қып мойнына асылғанша, мұның баласының мойнына неге асылмайды? Әй, бар пәле, асылы, баласының өзінен. Жоғыңды бар қып көрсетіп тыртақтайтын мына кезде сол неме бойындағы барды жасырып, «алма піс, аузыма түс» деп бұқпантайлап жайына жүрген шығар. Алмасы құрғыр пісуін пісер-ау, бірақ басқа көз, басқа қол оны сенің аузыңа түсіре қоя ма! Әй, ашық ауыз балам-ай, қанша оқысаңдар да, қой құрттап өскен кемпірдей ақылдарың жоқ қой. Әйтпесе мынау құралайдың салқынындағы киіктей көшеге сыймай өріп жүрген көп қыздың біреуі бұйырмайды деген не сұмдық!
Көлдей терезенің алдында қай-қайдағыны ойлап қиялға батып тұрған қара кемпір бажылдап жатқан қоңырауды естімепті.
- Апа, апа!- деген айқайдан селк ете түскені.
Барып есік ашса - баласы тұр. Ырсиып күледі. Қасында бір қараша қыз. Жымиып төмен қарайды. Баласы қолына екі чемодан ұстап ішке өтті. Қолында жылтырақ сөмкесі бар әлгі қараша қыз дік-дік басып табалдырықтан аттады.
Баласы қолындағы чемодандарды коридорға қойды. Сосын мойнындағы жылтырақ орамалының ұшымен аузын басып, туфлиінің ұшымен жер шұқылап тұрған қараша қызды бұның бөлмесіне жетектеп кірді. Бейтаныс қыз босағада тұратын жалғыз орындыққа отыра кетті.
- Апа, бұл Роза! Мен қазір...- деп баласы шығып кетті.
- Иә, шырағым, амансың ба?
- Аманшылық.
- Оқу ма?
Қыздың беті ду қызарды.
Бұл енді не айтарын білмеді. Бар түсінгені - оқуға келген қыз болды. Қазір жер-жерден мектеп бітірген балалар шұбырып келіп жатыр. Бәрінің де әуелі осылай именшектеп аузынан сөзі түсіп отырғаны. Бір жылдан соң шашты кесіп, көйлектің етегін қырқып, көзді бояп, қасты бояп, қан жеген тазыдай сылаңдап шыға келеді. Мына бала ибалы екен. Асықпа, шырағым, ендігі жылы аузымыздағы сөзді өзімізден бұрын іліп әкетіп қақшаңдап тұрарсың, бәлем. Қайдан білесің, ауылдағы ағайын Алматыдағылардың бәрі төбелерімен көк тіреп тұр деп ойлайды ғой. Әлгі шимайшы жарықтықтың ертең бұған оқуға түсуде бірдеңе етіп қол ұшын берер қайраны бар ма екен өзі? Әй, маңдайынан көреді дағы. Талабы бар болса, ауылда шөп шауып, шөмеле үйіп жүрген жесір кемпірдің де баласы оқуға түсті ғой, бұ да түсер. Айтпақшы сонда бұл кімнің қызы болды? Шопан қайнағасының қызы жалақ ауыз абысынға тартқан шикіл сарытын. Ұста қайнысының балалары дәл мұндай боп бой жете қойған жоқ. Оның үстіне, ол екі үйдің қыздарына Роза деп ат қоятындай оқу өтіп кеткендері шамалы. Е, бұл аудан басындағы милицияда істейтін жиендерінің қызы екен ғой.
- Қалай, әке-шешеңнің дендері сау ма?
- Сау көрінеді.
«Мына жазғанның «көрінедісі» несі? Кеше шыққан үйінің амандығын білмей не қара басып отыр. Әлде мен бірдеңені шатыстырып тұрмын ба? Менен о да шығады. Жаным-ау, біздің тұқымда баласының үсті-басы тап мынандай боп жып-жинақы жүре қоятындай тағы кім бар еді?»
Баласын іздеп айналасына қарап еді. Ол телефонның құлағына мініп апты.
- Иә, солай боп қалды. «Солай боп қалғаны несі?»
- Жоқ, білмейді. «Білмейтіні кім? Нені білмейді?»
- Әзір түсіне қойған жоқ. Қуанатын шығар.
Мына патшағар ит жылы өлген әкесін естірткендей не жұмбақтап отыр...
- Иә, сол өзіміздің жігіттер болса жетеді. Мен қазір
дүкенге жүгірейін.
Бұның қолынан түспейтін болған абажадай сары сөмкені ұстап, есікті сарт ұрып шығып кетті.
«Қой, кім болса да, өзегі қуыс адам ғой. Алыс жолдан шаршап келген шығар, шай қояйын»,- деп кухняға аяңдады бұл.
От жағып, шай қойып қайтып келсе, бейтаныс қыз орындықта әлі отыр. Беті күреңіткен бе, қалай? Көзінің алды дымданайын деген бе, қалай? Әй, қанша оқыдық, жетістік, тең праволы болдық деп кеуделерін қаққанмен қыз балаға алыс жолға шыққан қай бір оңай дейсің? Ендігі күнім не болады деп уайымдайды ғой бейшара. Қайтушы еді, жұрттың көргенін көреді дағы. Баламысың деген-ау...
- Қой, қарағым, қысылма. Шаршаған да шығарсың.
Барып жуын.
Қыз орнынан тұрып, қол жуатын бөлмеге кіріп, кілтін іштен жауып алды.
Сол-ақ екен есіктің қоңырауы сарнап қоя берді.
- Ал, апа, құтты болсын!
- Айтқандарың келсін, жарықтарым. Рақмет.
Тасырлап төрт-бес жігіт кірді. Қолдарында қолақпандай қып қағазға ораған бірдеңе. Мына бір қисық мұрын, қисық аяқ, жалбыр шаш арық қара анада бұларды кө-шіріспеп пе еді? Қасындағы кетік тіс жылтыр қара «қазан аяқ жағы маған қол» деп салдырлатып ыдыс-аяқ арқаламап па еді? Бұлардыкі қай «құтты болсын». Ана жолы да айтып еді ғой. Бұ жарықтықтар бөтен біреудің үйі ғой деп қымсынуды білмейді-ау. Баса көктеп бөлме-бөлмені сүзіп шықты. Алақтап жан-жақтарына қарайды.
- Ау, әлгі сабаз кірмей жатып қолтықтасып серуен-
деп кеткеннен сау ма?
Сол екі ортада тағы да қоңырау бажылдады. Тағы да: «Құтты болсын!». Тағы да: «Рақмет!».
Бұл жолы кірген топтың қарасы молдау. Араларында екі-үш әйел де бар. Олар қарны қампиған қызыл былғары сөмкені ішін шалдырлатып қос қолдап кухняға алып өтті.
Өз үйіндегі мынау ойда жоқ абыр-сабырға түсіне алмай бұл тұр. Әлгі баласы құрмағыр жоғалып кете қалды? Е, міне, о да кіріп келді. Босағадан бері аттатпай коридорда қаумалап тұрғандар оны құшақтай алды. Әйелдер бетінен сүйіп, жігіттер жағы біреулері желкесінен түйгіштеп, біреулері омырауынан төмпештеп жатыр. Мына немелердің қуанғандары да тайлақ түйенің тапырақтағаны сияқты оподаны! Мың болғырлар, қу сүйек неменің қылқиып тұрған мойнын жұлып алмаса жарар еді...
- Ал, апамның келінін қайда тығып қойдың? Әлгі кетік қара баласын омыраудан ала түсті.
- Оны апамнан сұраңдар!
Мына сығыр не дейді? Қайдағы келін! Бетім-ау, сонда апақ-сапақта жетіп келген әлгі баланың келіні болғаны ма! Баяғы көбік ауыз қатындардың айтқанының бұл жолы да аумай-төкпей келе қалғаны ма? Бұл мың болғыр, алдын-ала ескертпей ме екен? Ең болмаса, қос уыс кәмпит шашып қарсы алатын еді ғой.
Енді жұрт бұның аузына телмірді.
- Мына күшік не дейді? Әлгі бала келін бе еді? Онда ол беті-қолын жуып жатыр.
Жұрт ду күлді. Лап қойып жуынатын бөлмеге беттеді. Сөйтсе, манағы ұялшақ қыз көзі жарқырап шығып келеді екен.
Опыр-топыр басталды да кетті. Жұрт келінді жағалай құшақтап, жағалай сүйіп шықты. Елдің ең соңында келіннің маңдайынан бұл да сүйді.
Содан бұл жататын кең бөлменің еденіне жеткенінше шүберек пен клеенка, жетпеген жеріне газет төселіп көлдей дастарқан жайылды. Қақ төрге қақырайып бұл отырды. Жігіттерге еріп елген екі-үш келіншек бұны бүгін өз қазанының маңына жуытар емес. Ал, әлгі кетік қара білекті сыбанып тастап, аузы жалпылдап көк кастрюльге ас салып жүр. Біреуі ыдыс-аяқ жуып жатыр, біреуі шұжық турап жатыр, біреуі рюмка сүртіп жатыр. Әйтеуір, шүрменнің баласындай жабылған да кеткен.
Бұл да түс көргендей айран-асыр. Келін түсетін ауыл айлап-апталап күбінбейтін бе еді? Ағайындар жағалай үй тігіп, соғым әкеп, саба пісіп, ыдыс-аяқ жиып қапылып жатпайтын ба еді? Бүкіл бір әулеттегі дүние-жиһаздың ең ажарлысы жарқырап тойлы ауылда тізіліп тұрмайтын ба еді? Ертең келін келетін күні бүкіл ауыл жүректері лүпілдеп көрер таңды көзімен атқызбайтын ба еді? Төбе-төбенің басында шаң шықпас па екен деп қарап жүрген балалар әуелі: «шүйіншілеп» ауылға, артынан «алақайлап» шаң шыққан жаққа қарай сандарын шапалақтап жүгірмейтін бе еді? Әуелі шапқылап күйеулер келер-ді. Алдынан ақ бауырсақ шашып әжелер шығар-ды. Сосын қызылды-жасылды қыз келіншек кейіндеп қалған келін тобына барып қосылар-ды. Олар келгенде күллі ауыл тайлы-таяғы қалмай шашу тереміз деп алдарынан жүгірер-ді. Сосын пәлен күн той дуылдап, той біткен күні жас келін отауына кірер-ді. Табалдырықтың алдына жаңа сойылған жас тері төселер-ді. Оң аяғымен аттаған келін сүрінбесе, таймаса - қадамының құтты болғаны. Сосын ащы даусы аспанды шатынатып заржақ ақын бет ашар-ды. Бет ашардан соң жұрт таласып-тармасып келіннің қолынан шай ішер-ді. Шай ішуге келген жұрт екі босағаға қаздай тізіліп жалаңдап отырған ауызды қатындардың алдына топытып көрімдік лақтырар-ды. Ол қырдағы ауылдың алты ай жаз аузынан түспейтін қырғын әңгімесі еді ғой. Ал екі жасқа бұдан былайғы өмірлерінде қуанғанда даг тарыққанда да көлеңдеп көз алдарында тұра қалар медет еді ғой.
Ана байғұс тал бесікті таянып отырып талай қиялдаған осы бір сәтті дәл бұлайша құйрық-жалы күзеліп апақ-сапақта өте шығады деп ойлап па еді. Мына бір қиыр-қиырдан табысқан қиын жылдары туып, қырсығы арылмай өскен қырық құрау немелер бір-бірінің жыртық көңілін бітегенсіп өздерінше тырбанып бағуда. Тумай жатып маңдайларындағы бір-бір әкелерінен айырылды. Сосын жесірге бала, жетімге аға боп елпі-селпі өсті. Есек дәмелерін ескек қып, талаптарын тал қайық қып мініп тағдыр айдынының тайталас төрінде бас қосып отыр. Желкендері әлі әлсіз, қайықтары әлі қалтылдақ. Оған қарап жатқан бұлар жоқ, аңқылдап сөйлеп, қарқылдап күледі. Әсіресе әне бір мұрны аузына мінген жалбыр шаш жігіт қаймыжық еріндерін өтпейтін қайшыдай әзер жуыстырып ескі мен жаңаны, белгілі мен таңсықты ию-қию араластырып көйітеді-ай кеп. Жауырынының ортасына түсіп кеткен жалбыр шашын бір желпіп қалса, көмейіндегі сөз бұлағы онан сайын лақылдап жөнелетіндей тақылдайды-ай кеп. Дастарқан басындағылар бастарын шайқап, таңдайларын қағады. Бұл да оқтын-оқтын ернін бір сылп еткізеді. Жұрт жалбыр шаштың айтқанына түсініп тамсанса, бұл түсінбей-ақ тамсанады. Мүдірмейтініне таңғалады. «Бұлар біз түсінетін жерде жүрсе, елден безіп, жерден безіп, осынша көз майын тауысып, бөтен қалада пәлен жыл салпақтап бекер әлекке түскен болады да»,- деп қояды ішінен. Ал әлгі кетік тіс жылтыр қараның айтқанының бәрі түп-түсінікті. Оны тыңдап отырғанда ауылдағы абысындары есіне түскені. Бұл да солар құсап безеңдеп, төндіріп сөйлейді екен. Бәрін көре қалғандай, бәрін біле қалғандай. Әне, әне... Жаңа түскен жас келінге қарап ежіреңдеп айтып тұрған әңгімесін қарашы: «Ағайын, бұл өзі қатты ойланатын нәрсе. Мына отырған апамдардың көрмегені бар ма? Бар. Бұлар тауқыметті көрді, рақатты көрген жоқ. Сол рақатты сендер көрсетулерің керек. Замандас, сен бұл кісіге бүгіннен бастап әрі келінсің, әрі абысынсың.
Келін болатының - жаңғыз баласының әйелісің. Абысыны болатының - елден-жерден ағайын-туманы, абысын-ажынды тастап келгенде тапқаны өзіңсің. Сондықтан сен мына апамның ауылға тастап кеткен жоғының бәрін бір өзің өтеуге тиістісің. Солай, ағайын, бұл оңай емес нәсте». Ой, аузынан айналайын, қалай-қалай сайрайды-ай! Құдды мұның ішіне түсіп шыққандай. Қаршадайларынан қайдағыны біледі. Борбайларын жантақ тырнап, еріндерін аңызақ тілген қу шекелерім-ай. Енді, міне, тас көшені тық-тық басып жүрсіңдер. Бағзы ата-бабаның барлық қапысын сендер қайырмақсыңдар. Оқымағандарын оқып, білмегендерін білмексіңдер, көрмегендерін көріп, істемегендерін істемексіңдер. Дүние жаратылып, су аққалы әулетіңнің төбесінде қалқа боп келе жатқан қашанғы тал шаңырақты тозған арбаның доңғалағындай өздерің өскен ақ шаңдаққа аунатып-аунатып тастап кеттіңдер. Енді бұдан былай әлі тауда туып, таста өскен, ағайыннан басқа өскен дейтін қойды көрсе қолын шошайтып «мынау не» деп сұрайтын бөтен ұрпақ сендердің бауырларыңнан өрбиді. Кең жайлауын тас жол, тақтай еденге айырбастап, тіршіліктен маңдай терін төгіп татар азғантай ырзығын мынандай ала-құла газет дастарқаннан бастаған патшағарлар асқар таудай армандарыңа жете алсаңдар, бұның бәрі де кешіріліп, бұның бәрі де ұмытылар-ау. Тек асу-асу белдерге тартынбай тартып та кете алмай, кейіндегі ұлы қосын үлкен дүрмекке қайтып қосыла да алмай ұзын дәме, қысқа қол екі ортада шөре-шөре боп қалмасаңдар болды ғой.
Сол түні жастар ұзақ отырды. Көшеге жарық түсе тарасты. Жолдастарымызды шығарып саламыз деп келін-баласы бірге шықты. Дастарқанның шетінде қисайып жатса, аздап көзі ілініп кетіпті. Түсіне осы үйдің адамы кірді. Табалдырықтың ар жағында шөкелеп қана отыр окен дейді. Үстінде баяғы ауылдан кеткендегі қоңыр ши барқыт бешпенті. Басында ақ киізден сырып тіккен ақ қалпағы. Бұған бір түрлі мөлдіреп келіп қарайды. Баяғыда қыз күнінде бір айтта алты бақан басында ту сыртынан өзге сақа жігіттердей, ішіп-жеп сұқтанбай осылай жаудырай қарап тұрғанын көзі шалып қалғаны бар еді. Дәл сондағысындай. Тек сәл тотыққан ба, қалай? Тек сәл қажыған ба, қалай? Бұл: «Осы үйдің адамы-ау, босағада отырғаның не? Төрге озсаңшы!»- деп қолын ұмсынып еді, анау орнынан атып тұрып кері шегініп барады. Бет аузы әжім-әжім кемпір боп қалған бұны танымай тұрғандай. Өзі жас екен ғой. Мынандай уыз бозбалаға тұра ұмтылғанына ыңғайсызданып, қолын тартып ала қойып еді, жылымшы бірдеңеге тигені. Көзін ашып алса - қарсы алдындағы шарап толы боғалды қағып жіберіпті. Күрең шарап тор көз клеенка дастарқанда қып-қызыл қақ боп кілкіп жатыр.
Есікке қарады. Күнде көріп жүрген жайдақ табалдырығы. Жымиып тұр. Ар жағында да, бер жағында да ешкім жоқ. Шамасы, иманды болғыр, баласы келін түсіргенге қуанып, жатқан орнынан бір аударылған ғой. Түсінде өлген адам төрге озып, дастарқаннан дәм татып жүрсе, жаманатқа көрінеді деуші еді. Әлгі жазған табалдырықтан аттамай, кейін шегініп кетті. Тірісінде маңдайына шаң тигізбес жалғызын о дүниеде де желеп-жебеп жүреді екен ғой бейшара.
Баяғыда әскерге баласын кебежеге отырғызып, күздің қара суығында түйемен кемеге дейін шығарып салған-ды. Арсы-күрсі ақ жал толқында ақ пароход дір-дір етеді. Тақтай баспалдақпен шаштарын ұстарамен тықырлап қырған жалтыр бас еркектер жасқана басып көтеріліп барады. Елдің ең соңында - осы үйдің адамы. Пысылдап ұйқы соғып жатқан нәрестінің қызыл шақа жұдырығын құшырлана бір иіскеп:
- Біздің үйдің әйелі, балаңа абай бол. Не қиындық көрсең де, осыныңды сақта!- деп, теріс бұрылып кетті.
Қушық жауырыны барған сайын бүрісе түсті. Ту-ту биіктен артына бұрылып, тісі ақсиып қол бұлғады.
Ақ пароход жағада жабыла дауыс етіп жатқан көп қатынның жылауына үн қосқандай көкірегі қарс айырыла аңырап жылжи жөнелді. Қабынған бауырдай қап-қара теңіз қазандай қайнайды. Сол бұрқ-сарқ қазанның бетіндегі жалғыз көбіктей ақ кеме көк жиекке жете беріп ақырғы рет бір дауыс қылды да, көзден ғайып болды. Ботасын жоқтап ауыз жаппай келе жатқан қараша інгенге қосыла боздап ауылға қайтты. Құлағында құрдым теңіздің көк мұнар төріне сіңіп жоғалған ақ пароходтың ащы айғайы мен күйеуінің сыбырлап айтқан жалғыз ауыз сөзі тұрды.
Сөйткен жалғыздың өз қолы, міне, өз аузына жетті. Ғұмыр жасының жартысын да жасай алмай кеткен әлгі жазғанның бір тілегі орындалды. Көз жұмар алдында да қан жұтып жатып артындағы тұяғын ойлаған шығар. Пақыр сонда ұлына не тілесе, соның бәрі де қабыл болғай!
Терезеден жаңа күннің жалқын шапағы енді-енді шашырай бастағанда бала-келіннің алғаш рет бірігіп жайған дастарқанының басында қара кемпір қақыра жаулығын түзеп қойып, көзінің жасын шұбыртып отырып, бар ынт-шынтымен алақанын жайып бата қылды.
О күні бұл келінінің бетіне жөндеп қарай да алмапты. Сөйтсе оны ауылда абысындары айтқандай «шүйкебас» десең де, «шөмелебас» десең де өтірікші болмайды екенсің. Толарсағына жететін ұзын шашын тымпитып желкесіне түйсе «шүйкебас», қобыратып маңдайына үйсе - «шөмелебас» боп шыға келеді. Шүйкебас кезінде жетім тайлақтай жымпиып қалады да, ал шөмелебас кезінде салихалы адам сияқтанып кетеді. Керме қас, қыр мұрын, жайнақ көз. Кесер басына тағар міні жоқ. Бірақ етсіз, жіңішке сүйек. Мұндайлардан туған бала шілмиген шынжау келетін. Бір-екі айдан соң нәрестесін жарыта алмай, емізік пен ботқаны араластырып былықтырып отыратын сабаздың нағыз өзі. Қасының арасы жақын, иегі сүйір, желбезегінен күн көрінеді. Сәл нәрсеге күйіп-пісетін шытырлақтау болуы ықтимал. Бірақ қайқы ерін, сұйық қас емес, қабағы жазық, көзі нұрлы. Ашуының келуі де, кетуі де тез секілді. Айлап-апталап түйіліп жүретін көк долы, аузы-басы сүйреңдеген ұрысқақ бола қоймас. Кеуде орамы күйкілеу болғанмен, тік көкірек, қыпша бел. Әттең тек жамбас тұсы жатағандау ма қалай, сирақ бітімі келтелеу ме қалай... Еті тараң әйел арғымақ аттай сүзіліп тұрар ма еді, шіркін. Осы заманның жастары мал танымайды, жер танымайды, кісі танымайды. Сонда не танып, не біледі? Баяғы шалдар арам тер боп жүреді дейсің бе! Баласы ер жеткенде бүкіл ағайын боп атқа қонып ел ақтап кетуші еді ғой. Қайтып келіп, пәленшенің қызының сүйек басы, түгеншенің қызының ет қоңы, тағы біреудің қызының аяқ алысы, алым-шалымы деп әңгіме қылып отырғандарын естігенде бұлар іштерінен: «Аңға түсетін ит таңдағандай, құс таңдағандай сөздерінің түрін қарашы!»- деп әжептәуір апшып қалатын-ды. Сөйтсе, оның бәрі бұлар ойлағандай қысыр әңгіме емес екен. Болашақ құданың атақ-дәулетін, болашақ келіннің тәрбиесі мен мінезін, дене бітімі мен ажарын сарапқа салғанда болашақ ұрпақтың ырзығы мен денсаулығын, болашақ отаудың мәпақасы мен ынтымағын түгел ойлайды екен ғой. Құдайға шүкір, қазіргі жастар көңіл құлаған қыздың ата дәулетін ойлап бас ауыртатыннан құтылды, сонда беті мен жеті мүшесіне зер салуға да шамалары келмейтіні ме? Қолтықтасып ап, күнделетіп-түнделетіп қыдырғанда ай қарағанша, жапырақ санағанша, бір-бірінің үсті-бастарына дұрыстап неге көз салмайды екен. Он бес жыл оқыды, тоқыды. Баяғы еркектердің үй ұстамақ түгілі ел ұстайтын жасына жетті. Сөйте тұра, бұлар бетіне қарап жымиған қызбен ыржыңдаса кеткеннен басқа, бір құшақтатқан қызды ұмар-жұмар ЗАГС жетелегеннен басқа дәнеңе білмейді. Соларына қарамастан, ауыздарын ашса, «махаббат» деп сарнап, «семья бақыты», «ұрпақ қамы», «жұбайлар жарастығы» деп сайрайды. Тіршіліктен секең-секең билеп, қалқа-қалтарысқа барып аузы-бастарын жаласып өте шығатын сияқты. Ертең балалы болмайтын, оны бағып-қақпайтын төбелеріне баспана ұстап, төңірегіне қара орман жимайтын сияқты, «Бас ауырып, балтыр сыздағаннан», «Күле кіріп, күңірене шыққаннан», «Досқа күлкі, дұшпанға таба» дегеннен атымен бейхабар, «Жұтқаным жұмырға» деп жүре беретін сияқты.
Баяғыда атасы байғұс бір күн түнде бұларды суыт көшіріп, Қарабұғаздағы кәсіпке бастап бара жатқанда, елден қара үзіп, ала дөңге шыққан соң, терістікте еміс-еміс бұлдырап жатқан ата-мекенге қарап тұрып:
- Қазақтың жанын қинайтын қара жұрт, қара шаңырақ, қара қазан еді. Қара шаңырақ пен қара қазан үшін қара жұртты қиып барамыз. Құдайым тек, қара қазан мен қара шаңырақтың ырзығы мен ынтымағынан айырмағай,- деп көзіне жас алып еді. Сөйтсе, ошақ пен шаңырақсыз екі аяқты тірліктің төрт аяқты тірліктен ешқандай айырмасы жоқ екен ғой. Адамды адам қып жүргенде әуелі сол күңірсіген қазан, дуылдаған күлкі емес пе? Оның кілті қашанда әйел жазғанда емес пе? Ендеше осы заманның оқымысты еркектері әуелі осы әліпбиді ежелеп алмай ма!
Осы ойына түскенде қара кемпір қай-қайдағының басын шалады. Айналып-үйіріліп баяғы бір аулынан шығады. Ауылдағы қыздарды есіне алады. Айналайын ел жұрты бұған қай қызын келіндікке бермейтін еді. «Балам бой жетсін, сосын үйіңе өз қолымнан жетектеп апарып кіргізем»- дейтін әйел аз ба еді! «Қарағым оқуын бітіріп келгесін, сенің үйіңе құда түсірем»,- дегенде беттері ду етіп, төмен қарап кеткендерімен, көздері күлімдеп қоя беретін қыздар аз ба еді! Әсіресе бұның көп жыл көршілес отырған үйінің қызын айтсайшы! Үш аға, екі інінің арасындағы еркекшора. Көрік десең көрік қандай, мінез десең мінез қандай! Тұлға десең тұлға қандай! Несін айтасың, баладан басқа! Әке-шешесі де бұлармен құрдас еді. Дәулеті десең дәулеттері қандай! Әулеті десең әулеттері қандай! Жалғыз жігіт, жалғыз кемпір - бұларға, әне, сондай жан-жақты келін керек еді ғой. Басың ауырып, балтырың сыздаса ақылдасатын құдаң, сырласатын құдағиың бар, жаңғызсырасаң - ат құрғатпай келіп тұратын бес бірдей құда балаң бар. Бәрінен бұрын қызын айтсайшы. Айналайын-ай, қас қабағында еш татау жоқ ашық күндей жайраңдаған жақсы бала еді-ау! Бойлы-сойлы, қара торының әдемісі. Өкшесіне түскен тоқпақтай-тоқпақтай қос бұрымының өзі неге тұрады! Қаладай қаланған аппақ тістері, жылтырай жымпиып тұратын бұлтиған етті еріндері, жұмыр иек дөңгелек жүзі, әдеміше қыр мұрын, маңдай тұсы бұйраланып тұратын қара толқын шашы - бәрі-бәрі көкірегін қыз-қыз қайнатып көз алдында тұр ғой әлі. Үйі де бір басы өскен, ұйытқысы берік шаңырақ еді. Әкесінің дені таза, шешесінің дені таза. Одан туған қол-аяғы балғадай балдырғанды да көрерге көз керек болатын шығар. Алғаш рет шешесі екеуі келіп, киіз қарпысқанда:
- Осы қарағымды өзім келін қып аламын-ау!- дегенде, үйіне қарай тұра қашқан.
Шешесі мен бұл әлгі қылығына мәз болған. Артынан үйренді. Ертелі-кеш айналып-үйіріліп келіп тұрады. Бұл жұмыста жүргенде үйінің түндігін түзейтін, жел көтерілсе, шаңыраққа баспа асатын, көлеңке ұзарғанда іргесін түретін, ботасын қызықтайтын, суын әкелетін, кешке қайтарда қара мосыға қара шәйнекті іліп, алдынан бұрқылдатып шайын қайнатып қоятын, баласынан келген хатты оқып беріп, жауап жазатын - бәрі сол. Кейде жалғызсырағанда шақырып ап ірге жағына жатқызады. Өзіне әбден бауыр басып кетіпті. Әліге дейін түсіне кіреді.
Бұрын баласына: «Қағазыңды бермейсің, қарындашыңды бермейсің»,- деп жылап отырып алатын ерке қыз енді ол демалысқа келгенде қарасынан қашатынды шығарды. Ол қашан оқуына аттанып кеткенше бұл үйге жуымай қояды. Бұл да қайтер екен деп баласына көрші қызды мақтап бағады.
Ол неме:
- Ә, солай ма?- дейді де отыра береді.
Ең болмаса көрші үй жаққа құлағын тігіп елеңдегенін бір көрсейші. Түн баласы оң жаққа ұзынынан түсіп ұйқы соғады, күн баласы қатырма қол сандығы мен бояу-сояуын құшақтап, ауылдың желкесіндегі ақар-шақар ақ шыңдарға тартады.
Ол оқуына қайтып кеткен соң, қыз бұл үйдің табалдырығын бұрынғыдай емес, бір түрлі мұңайып аттайды. Бұл қатты қысылады. Сасқанынан өз баласын өзі жамандайды.
- Өзі бірдеңені бастаса бітіргенше басын жерден көтере алмайтын сорлы. Әлгі мұғалімдері аулыңнан бір сурет бітіріп ала қайт деген бе? Кете-кеткенше ала кенептің алдында ербеңдеді де тұрды. Қараң қалғыр, суретшілік дегені қолынан келетін кісіге шимайлай салсаң, бола беретін оңай бірдеңе ғой деп жүрсем, әлгі трактор жөндегеннен де қиын пәлекет екен. Мұрнынан су кетіп зорға бітіргені. Өзің көрдің ғой, сенің қолыңнан шай құйдырып та іше алмады. Бірақ бір-екі рет: «Баяғы тентек қарындасым әдемі боп бой жетіпті ғой»,- деп қойды.
Кемпір көзінің қиығын қызға тастайды. Қыздың қара торы жүзі қан күреңденіп алабұртып отыр.
Біраздан кейін ол үйреншікті қалпына түседі. Есіктен бұрынғыдай именшектемей кіреді.
Көшетін жылы бұл баласынан:
- Не ойлап жүргенің бар?- деп сұрап еді. Өз-өзінен түртініп, бірдеңе ойлап басы қатып жүретін неме ішін ашпады.
- Әй, апа-ай, осы әңгімені әзір кідірте тұрсақ қайтеді,- дейді.
Сондағы кідірткені осы екен ғой. Оның бәрі әншейін тілге тиек болды.
Бірде әлгі көрші қыз:
- Апа, аузыңызды ауыртып қайтесіз. Қаладағы оқыған апаларымыз ағамыздың басын әліге дейін бос қойды дейсіз бе?- деп салғаны.
Күлімсіреген сияқтанғанмен күйзеліп айтқан.
Сөйтсе, пәтшағар көрмей біліп отырады екен ғой. Айналайын-ай, анада екі айлық оқуға келдім деп, осы үйге соғып кеткен басқарма жігіт айтады: сұраушы көп, ешқайсысына сөз бермей, әлі үйінде отырған көрінеді. Біреудің баласының бостан-босқа обалына қалды-ау. Қарап жүрмей қайдағыны қайдан айта қойды екен.
Соны ойлағанда төр алдында қақырадай боп отырған қара кемпір шүйкедей боп шөжіп қоя береді. Соны ойлағанда, екі бөлменің арасында әрлі-берлі кіріп-шығып тыным таппай жүрген келінінің әр адымын көз жазбай аңдумен болады. Оны келіні де сезетін сияқты. Көзінің астымен анда-санда бір қарап қойып, сыр бермей бағады. Бірақ кей түндері көзінің алды қызарып шығады. Шамасы, күйеуіне айтып шағынатын шығар. «Шешең маған жаман көзімен қарайды»,- дейтін шығар.
Бұл оған жаман көзімен қарап қайтсін. Бірақ баяғыдан бері келін жайы әңгіме болғанда бұның көз алдына көрші қыз бала ма, басқа бала ма,- әйтеуір басқа бір өң, басқа бір кескін, басқа бір тұлға елестейтін. Баласы, міне, соның бәрін жым-жылас сыпырып тастап, бұрын-соңды көз алдына, ең болмаса, бір рет елестеп көрмеген бөтен біреуді қолынан жетелеп алып келді. Енді соған әрі тосырқап, әрі таңырқап қарайды.
Осы заманның жастары да қызық-ау. Соған бола күйеуінің түн ұйқысын төрт бөліп шала бүлінбесе де болады ғой. Жақсы болса, ертең ел-жұрт өзі айтар. Ал, жаман болса, мұның жақсы көзімен қарағанынан не өзгеріп кете қояды дейсің... Шіркіндерде басқаларда да көкірек, көңіл бар-ау деген ой болсашы, сірә.
Баласы да қызық. Бұның бөлмесіне бұрынғыдай арсалаңдап кірмей, әлденеге қымсынып енеді. Бұрын жұмысынан оралғанда: «Апа, қалайсың?»- дейтін. «Жақсымын, жарығым»,- дейтін бұл. Сосын айналып-толғанып жүріп шайын қоятын. Айналып-толғанып жүріп дастарқанын жаятын. Айналып-толғанып жүріп тамағын беретін. Айналып-толғанып жүріп төсегін салатын. Көрші бөлмеде ұйықтап жатқан баласын түннің бір уағына дейін айналып-толғанумен болатын. Өз-өзінен күбірлей-күбірлей, балбырап бір тәтті ұйқыға кетуші еді.
Қазір баласының таңертең жылт етіп есіктен шығып бара жатқанын бір көреді. Кешке жылт етіп есіктен кіріп келе жатқанын бір көреді. Қалған уақытта ол бұның қасында да, көз алдында да жоқ.
Осы күні жұмыстан қайтқанда: «Апам, үйде ме?»- дейтін болыпты. Үйде болмай шешесі түйе қарап кетті дей ме екен, жоқ отын алып кетті дей ме екен. Әлде ағайын арасында күнде болып жататын жиын-тойда отыр дей ме екен? Отыр ғой, міне, таңертең өзі көрген жерде омалып. Баяғы бала кезінде жаттаған жұмбағындай асты тақтай, үсті тақтай, ортасы шылдырмақтай мынау тас үңгірден аттап шыққанда қайда барады? Құшағын жайып бауыры тұр ма, аузы жалпылдап абысыны тұр ма?
Анада бір бала ерткен кемпірлер мен ит ерткен қыздар серуендеп жүретін қала ортасындағы кішкене сая баққа барып еді. Оюлы кимешек киген сары кемпір жанына отыра кеткені. Келген жағын сұрады, баласын сұрады, келінін сұрады, бұл да білген жауабын айтып жатыр. О да бір іші пысып жүрген жарықтық екен, аузы жалпылдап естіген-білген хабарын самбырлата жөнелгені. Терістікте бір аптадан бері әлемет жауын бар екенін, түстікте күннің қатты ысып кеткенін, тауда қар еріп жатқанын, доп ойнайтын жерде төбелес шығып кете жаздағанын түнде телевизордан өзі де естіген. Ал әлгі бір үлкен бастықтың параны көп алып, орнынан түсіп қалғанын хабар қып, үйіне айтып келсе, ту-ту көк теңіздің ар жағындағы шет мемлекеттердің бірінің бастығы дейді. Бәсе, бұл жердегі бастықтарды не қара басып жүр деп еді-ау. Сөйтсе, кимешекті кемпір радиодан естіген хабарын өсек қып айтады екен. Иә, қаладағы кемпірде телевизордан басқа құдағи, радиодан басқа абысын бар ма? Келін-баладан олар да жақсы. Құр құлақ отырған кісіге бір уақыт ермек қой әйтеуір.
Келін-бала болса, қол ұстасып келеді, қол ұстасып кетеді. Үй-іші болып күніне екі-ақ рет таңғы шай мен кешкі астың үстінде ғана бастары қосылады. Таңертеңгі шай, сірә, қапылыс. Кешкі астың үстінде де қасықтың салдырынан басқа көп дыбыс шыға бермейді. Аяғының ұшынан басып жүрген бір адам. Аяғының ұшынан басып келіні кухняға тартады. Аяғының ұшынан басып баласы төргі бөлмеге кетеді. Не айтқандарын білмейді, келін-бала өздері күңкіл-шүңкіл. Бұл болса жым-жырт бөлмеде жападан-жалғыз. Кейде көрер таңды көзімен атқызады. Жас кезінде адам өзін ғана, құшағындағы күйеуі мен бауырындағы баласын ғана біледі екен. Үлкейген сайын өткен-кеткен көп елес көлбеңдеп көз алдында тұрып алатын көрінеді. Әсіресе, осылай көңілің құлазығанда сырласқан, дәм татысқан таныс жүздер жан-жағыңнан қаумалай кетеді екен.
Баяғыда жан ашитын ағайын: «Шырағым, өлгеннің артынан өлмек жоқ. Бір қайныңның, я қайнағаңның етегінен ұста. Балаң ертең жансыз-жақсыз аталмасын»,- дегенде аза бойы қаза тұрған. Пәлен күн ұйықтай алмай жүрген. Көз алдынан баяғы дөңбекшіген көк теңіз, қалтылдаған ақ параход, сыбырлай тіл қатқан күйеуі, әлдекімнің қасы мен қабағына қарап мөлиген жасқаншақ баласы кетпей қойған. «Құрысын,- деген сонда ол.- Елмен бірге көрген алапаттан аман қалғанда, елмен бірге көріп алатын жетімдік пен жесірліктен тайқақтап, жалғыз басыма мүйіз шықпай-ақ қойсын».
Сол жылдары талай қатын көлденеңнен бала сүйді. Кейбіреуі бүгежектеп, ел көзіне көріне алмаса, кейбіреуі ойда жоқта пайда болған ор шұнақтарын алдарына алып, ертелі-кеш бәдік айтып әндетіп отыратын. Ондай қағынған қатындар бұған да тиісіп: «Әй, қу тізеңді құшақтап сымпиып жүре бермей, балаңның артынан ертең қара боп ерер бірдеңе тауып ал. Он сегізге толғанша өкімет тиын-тебенін өзі төлейді. Қант-шайыңды айырсаң да нең кетіп барады?»- деп жырқылдайтын.
Ондай сөзден сай сүйегі сырқырап қоя береді. Әсіресе енесі байғұс қызғыштай қоритын-ды. Жұмыстан сәл кешігіп келсе, қабағы түйіліп, тамаққа қарамай қалады. Айлап-апталап шетке кеткенде үйге сыймай делқұлы боп кете жаздайды. Бейсаубет біреу белдеуіне ат байласа, бұны айттыра келгендей, жиырылып сала беретін. Басқаны былай қойып, бас сұққан ағайындардың өзіне «Осы шешек шыққырлар-ақ сұқақтайды да жүреді екен. Қатын біздерден ақыл сұрайын деп келе ме, ақша сұрайын деп келе ме!»- деп бұрқылдап отырғаны.
Марқұм ұзақ ауырды. Со жылы бір алағайдан соң, бір бұлағай келді де тұрды. Бұны үйге отырғызбады. «Енең қатты жатыр» дегесін ала қырда қора сап жатқан жерлерінен жаяу-жалпылап жетіп еді, қазан-аяқ жақта, кебеженің алдында үйреншікті орнында енесі жатыр екен. Аңқа-саңқа. Тесірейген екі жанарда ғана тіршілік нышаны бар. Қашан келер екен деп, есікті бағып екі көзі төрт болса керек. Бұл кіріп келгенде иегі кемсеңдеді, бірақ ештеңеге тілі келмеді. Қасына барып отыра кеткен бұның жарық-жарық қолын әлсіз сипалады. Теріс қарап бір күрсінді де жүре берді. Неге өйтті? Әлі түсінбейді: «Жалғызымның босағасын күзеткен сары үйек жыландай бөтен көз бен бөтен сөзді жуытпай келген мен де кетіп барам. Мен кеткесін не боларыңды кім білген?»- деп көңіліне күмән қашты ма, жоқ: «Көзімнің тірісінде жаман атыңды естіртпеп ең, өлген соң да аруағымды тітіренте көрме»,- деп аманат айтты ма, әлі күнге біле алмайды. Бірақ бұлыңғыр қыстың бұлыңғыр кешіндегі сол бір көрініс көз алдында әлі тұр. Есінен бір сәт шығып көрген емес. Сөйтіп жүріп тоқтасты. Сөйтіп жүріп қартайды. Ешкімнің қасы мен қабағына жаутаңдатпаймын деген баласы адам болды. Баяғыда атың ағайын еді ғой деп, бір қара шалдың етегінен ұстап кетсе, бұл күнге жетер ме еді, жетпес пе еді - кім біліпті. Баяғы шопан қайнағасы құсап: «Оқып райком болмай-ақ қой»,- деп мал соңында сылпытып қояр ма еді, қайтер еді.
Сөйтіп өсірген бала ғой. Оның жолында әйтеуір өлген жоқ, содан басқаның бәрін көрді ғой. Қара бала шыбын жанды талай отқа салды ғой. Ол дегенде шаршағанын, қарны ашқанын ұмытып кететін. Күн райы бұзылса болды борбайлап мектепке тартады. Бірде күздің күні үш тәулік бойы жаңбыр сауласын-ай кеп. Жан-жақтан ат сабылтып хабаршылар келе бастады: «Ойбай, пәленшенің отары желге ығып кетті!», «Ойбай, түгеншенің отарын тасқын алып кетті!» Бұл соны ести сала мектепке жүгірді. Барса мектепте бала қалмаған. Әкесі барлары аттарына мінгестіріп алып кетіпті. Үй сыпырушы кемпірдің қасында ербеңдеп бұның баласы жүр.
- Ағын алып кетер деп, мен едім жібермеген,- дейді кемпір.
Екі ара көлдеу ой еді. Сол телегей теңізге айналыпты. Жүлге жүлгеден сарқырап аққан сары ала толқын, кеудеңнен кері итеріп жүргізбейді. Борпаяқ неме жетегіне ере алмай, тасқынға ағып кетер түрі бар. Сүйрелей-сүйрелей қолы талып қалды. Сонда бұл зіңгіттей баланы арқалап ап, үйіне сүріне жығылып зорға жеткен. Келе сала үстегі лыпаны шала-пұла бір сығып, қырылып жатқан отарды құтқаруға тартқан.
Күні бүгінге дейін бір нәрсеге налығанда түсіне сол бір лайсаң кіреді. Ауылдың алдындағы аңғар қара сайға қарай үйіріле жөңкіген тай-тай толқында қаңбақтай қалқып бара жатқан баласына жете алмай жанталаса малтығып жүреді. Жүрегі атша тулап оянып кетеді. Оянған сайын ол топанның баяғыда өтіп кеткеніне, баласының қасында аман-есен жүргеніне тәубе қылады. Сөйткен неме енді, міне, делең көйлек ұрғашының етегінен ұстап ап, қасына жуымайды. Таңертең бір, кешке бір жылт етеді де, жоқ болады. Сәл нәрсеге: «Апа, мынаны қайтем!»- деп сүмірейіп келіп тұрушы еді. Енді еш қажеті болмай қапты. Көйлегі бұнсыз-ақ жуулы. Түймесі бұнсыз-ақ қадаулы. Тамағы бұнсыз-ақ пісірулі. Тістелеп өсірген шешесін баяғы талан жылдардың тажал елестерінің талауына тастап, өзі айдаладағы жат біреудің құшағында қаннен-қаперсіз ұйқы соғады. Мынау асты тақтай, үсті тақтай, ортасы шылдырмақтай тас табыттың қазір төбесі түсіп кетіп, бұны басып қалсыншы, не асты ойылып кетіп, бұл құлап күлі шықсыншы - білетін олар жоқ. Олардың білетіні таңертең ербиіп бір кемпір көрші бөлмеде төсектен тұрып жатады, кешке ербиіп төсекке құлап жатады. Ол неге тұнжырап жүр, оның қабағы неге қаяу, ең болмаса, сұрамайды да. Жалтақ-жалтақ бір қарап қойып сып беріп бөлмелеріне кіріп кетеді. Жалтақ-жалтақ бір қарап қойып сып беріп қызметтеріне шығып кетеді.
Жарайды, бөтен біреудің қызы бөтендігін істесін. Ал баласынікі не...
Көзіне жас толқыды. Аунап түсіп, бетін жастығына басып солқ-солқ жылайды. Жалғыздық пен жабырқау ойлардың аяр құшағы ұйма батпақтай бауырына тартып барады. Ағыл-тегіл көз жасынан шекесі солқылдады. Көзінің алды қоюланып, бір қоймалжың түнек желімше жабыса түседі. Ұйқы меңдейді. Әлгінде бір сәтке ғана шегініп кеткен көп елес қалтарыстан қайта лап қояды. Қол-аяғы мұздап жатыр екен дейді. Төсегінің қасына біреу келген екен дейді. Баласы ма деп: «Неге жоламай кеттің!»- деп мұңын шаққалы жатса, қалтылдап енесі тұр. Бұның ашылып қалған көрпесін қымтап жауып жатыр. «Әй, жарықтық-ай, бұны әлі күнге аяйды екен-ау. Ештеңеден көңілін қалдырмаған келінінің бүйтіп налығаны қабырғасына батады екен-ау»- деп бұл көзін ашады. Сөйтсе, таң әлдеқашан атып кеткен. Кухня жақта әлденелерді столға тық-тық қойып келіні жүреді. Жұрт ояуда төсекте шалжиып жатып көрмеген сорлы басы, сыпырылып қалған жаулығын басына қайта кептеп орнынан көтеріледі.
Сол баяғы тақтай столға асығыс жасалған тақ-тұқ дастарқан. Сол баяғы: «Ал, кеттік!» Сол баяғы: «Апа, есігіңді жауып қал!».
Бұл күн қыза сыртқа шығады. Есіктің алдындағы тақтай орындыққа жападан-жалғыз отырады. Аулада ешкім көрінбейді. Тіпті, құм шашып ойнап жүретін балалар да жоқ. Олар болса әлдеқашан жүгіріп келер еді. Ұршығын қызықтар еді, шүйкесін қызықтар еді. Сақинасын, жүзігін қызықтар еді. Шүлдірлесіп сөйлесе кетер еді. Әсіресе қарсы есік тұратын көрші үйдің селеу шаш сары баласы қызық. Басқа балалардан қызғанып, «біздің бабушка» деп бұған жуытпайды. Ігір жоқ, мігір жоқ, қалтасына қолын салып, ақтара бастайды. Сол алсын деп сыртқа шыққан сайын екі-үш түйір кәмпит ұстай шығады. Бүгін о да көрінбейді. Таң атар-атпаста бала бақшаға апарып тастады ғой.
Орнынан тұрып, екі қолын артына қойып, үйді бір айналып шықты. Бұрын көшеде тық-тық басып кетіп бара жатқан қыздарға қарайтын еді. Қазір оларға көзін де салмайды. Тек ойнап жүрген бала көрінсе ғана иіледі. Келіннің түскеніне жылдан асып барады. Әзір ештеңе байқалмайды. Баяғы көріп кел қатындардың бір дөп баса қоймаған жері осы. Кірген-шыққанында қанша тінтіп қараса да, қаншардай қатады да тұрады. Өзі үндемегесін бұ да үндемейді. Кейінгі кезде баласы екеуінің күңкілі-сүңкілі көп сияқты. Тарс жабық есіктің ар жағында екеуінің не деп сыбырласатындарын ит біліп пе? Әлде оқыған келін енеге жау келеді деуші еді? Бұны сөз қыла ма екен? Жоқ, жетім бала, жесір кемпірдің жұтаң тұрмысын қомсынады ма екен? Әйтеуір шіркіннің қабағы ашылмайды. Тек кейде телевизордан күлкілі кино көрсеткенде ғана езу тартатыны бар. Ата-анасы да оқыған көрінеді. Бұған құдай келген-кеткендерінде ішегінің бар қырындысына дейін ақтарып шер тарқатып қалатын бастас құда-құдағиды да қимапты. Оқыған кісі бұның ішегінің қырындысын қайтеді, «что такой» деп шоршып кетіп жүрсе, бұл қараң қалғыр қара жерге тірілей кірмей ме? Өздеріне әлі есік те көрсете алмай жүр. «Ұры түскендей құлазыған үйге қалай шақырамыз. Әуелі бірдеңенің басын құрайық»,- дейді баласы. Бұған бір тақтай төсек алып берді. Өздері де бөлек-салақтары көп жылтырақ ағаш кіргізеді. Бірақ келіннің қабағында бүк түсіп жатып қалған бір күзгі тоңдай тоң-торыс бірдеңе бар. Бұл соның сырын біле алмай дал. Әйтеуір, бір жақсысы үндемейді. Ертелі-кеш беттен алып шапылдап жатса қайтер еді. Сызылып кіріп, сызылып шығады.
Бұл енді баласын уайымдайды. Ұрғашы шіркін бұған сөйлемегенімен оған сөйлейді, ғой. Екі әйелдің қасы мен қабағына алма-кезек телміріп жүрген еркектің күні де не оңған дейсің. Байғұс жетімегім-ай! Сөйлеспейді, сыр ашпайды деп кұстаналайды. О да қай бір жетісіп жүреді дейсің? Баласынан: «Келінмен араларың қалай?»- деп сұраудың да реті жоқ. Қаршадай келіннің соңына қақырадай басымен өзі түсіп жүргендей көрінер. Қаншама бір ет, бір сүйек, бір қаннан жаралсаң да, көкірек бөлек болғасын, көңіл ит те ірге ажыратып шыға келеді екен де. Өз баласының сырын өзі біле алмай пұшайман боп жүрісі мынау. Кісі баласы қайтып өгейлеп шеттемесін. Келіннің де бір ойлап жүргені бар шығар. Бірақ, жас адам деген түсінбегенін айтып, білмегенін сұрап тұрмас болар ма! Ішімдегіні өзің біл деп тымпиып тұрған немеге кісі не айта алады? Ай, ішінде бір дерт бар ғой! Әйтпесе, бір күн болмаса, бір күні тіс жарар еді ғой. Соны ойлағанда көкірегінің басын тызаңдап кеп бір сары шаян шағып алғандай болады. Содан тамаққа қарай алмайды. Дас-тарқан басына баруын барады. Бір кесе шайды аузына апаруын апарады. Бірақ көкірегіне шор боп тұрып алған тас түйнек ас батырмайды.
Сүйретіліп төсегіне жеткен соң да бақырайып жатады да қояды. Жұлдыз санар еді, асты тақтай, үсті тақтай, ортасы шылдырмақтай мынау тас табыт аспанды да көрсетпей, жерді де көрсетпей, әуеде ілулі тұрған сияқты. Бір уақыттарда барып бұрлығып ұйықтап кетеді. Түсіне тағы да осы үйдің адамы кіреді. Сақал-мұрты уда-дуда. Есіктің қыр көзіне жүрелеп отырып алады. Сазарып үндемейді. «Жазған-ау жетім баладай неғып отырсың. Бері шықсаңшы!»- дейді бұл. Ол орнынан тұрып жүре береді. Алақан жайып бұл қалады. Оянып кетеді де ойға батады? Мұнысы несі? Анада түсіне кіргенде жүзі жадыраңқы еді. Бүгін тұнжырап үндемейді. Әлде байғұс артымда қалғанда сендерден не көрем деп иіс дәметеді ме екен. Қуыс үйміз ғой, өлілердің мұрынына барсын деп иіс қылуды да білмейді бұлар. Осыдан таң атсын...
Таңертеңгі шай үстінде көптен бері келініне көзі түсіп еді. Сүйек-сүйегінің бәрі ырсиып кетіпті. Жағы қуарып апты. Анадағы жылтырап тұратыны опа-далап жағынады екен ғой. Кесесінің үстінен баласына көз тастады. О да көзі шүңірейіп арықтап кетіпті. Тек тентек бураның желке шудасындай боп бұйра шашы ғана дудырайды.
Қолтығына қағаз қыстырып баласы шығып кетті. Айнаның алдына барып бет-аузын бірер сипалап келіні шығып кетті.
Кеселер мен шай құманды жуып-шайып ас үйден бұ да шықты.
Қапелімде қолы алдына сыймай сенделіп жүрді. Сыпыртқы ұстап есік біткенді бір-бір ашып көрді. Жылан жалағандай. Қай уақытта тазалап үлгерген. Үй болып бір күбірсіп-күңсіп тұру дегенді білмейді-ау. Абайсыз кіріп кеткен шыбын-шіркейдің өзі аштан өлетіндей. Кәпір, үсті-басына дақ жуымас тирақ немелердің артына қара ермейді дейтін еді. Жылдан асқанша сылаңдап жүргені тегін болмас.
Әйтеуір, жиналмаған нәрсе атаулыдан баласының столында шиыршықталып бүктелген қатты қағаз қалыпты. Үйге келгенде де қарап отыра алмайды-ау. Қолына қарындаш ап, әлденелерді шимайлап жатқаны. Қағаздың бүктеуін жазып көріп еді - бұрымы аш беліне түскен сұлу қыз инағашпен су алып келеді. Алдынан кесе көл-денең біреу өтсе керек, астыңғы ернін жымқыра тістей тоқтап қапты.
- Ұяты бар бала екен,- дейді бұл біреумен сөйлесіп тұрғандай.
Ұяты бар бет қандай әдемі. Е, бәсе... Мынау әлгі ауылдағы қыз ғой. Жәудіреп қарайтынына дейін айнытпапты. Бұл суретті неге салды? Әлде ойына ой түсті ме екен! Қап, бәлем, солай ма... Құдай тірлікке қойса, әлі талай есіңе аларсың. «Кідіре тұрсаң қайтеді». Ал, кідір, кідір... Сен кідіре тұрады екен деп, өмір сені тосып тұрады ғой. Орнын сипатып кеткен өткен күн өкініштен басқа із қалдырмайды. Сонда өмір бақи осылай ақ қағазға саныңды соғып қалған өкініштеріңді шимайлаумен өтер ме екенсің, бейшара...
Көзінің алды жыбырлап бара жатқан соң, қағазды орнына қойып өз бөлмесіне келді. Енді баласын шындап аяды. «Қой, бұдан былай жалғызымның жабырқау жанын одан бетер қинамайын. Мен түйіліп отырғанда ол сорлының өңешінен дұрыстап тамақ та өтеді дейсің бе? Үстіме үлкен тау құласа да, қабағымды шытпайын...»
Сол арада түнде көрген түсі есіне түсті. Е, тызақтаған бейшара баласының қиналғанын біліп, қабырғасы қайысып жүр екен ғой. Аруағынан айналайын-ай, ол бар болса, үшеуі бүйтіп үш жерде бұртиып отырар ма еді. Ол бұндай емес шыдамсыз. Келінінің қабағы түсіп кеткенін көрсе: «Сен бірдеңе дедің ғой»,- деп бұның екі аяғын бір етікке тығар еді. Бұл не десін? Ештеңе дескен емес. Бірақ екі шаңырақтың астынан шыққан екі әйелдің өздері біліп шүйіркелесе кетуі сирек қой. Олардың бір-біріне сіз-біз деп сызылып бағатындары қастарында қамшысын суға малып діні қатты еркек отырғанда ғой. Жесір баққан жетім баладан құқай қайдан шықсын. Екеуі екі жақтан сазарған екі бетпаққа кезек жаутаңдағаннан басқа ол бейшара не бітіре алады...
Қара кемпір көзін сүртіп ас үйге барды. Қапшықтан ұн алып, қамыр иледі. Өлілерге иіс қылмақ. Кенет малдың майы жоқ екені есіне түсті. Қолына тор дорба ұстап дүкенге беттеді. Шыны жаймаларға үстінен сығалап көп жүрді. Ақыры шарбы май тапты.
Келгесін әуелі өлілерге иіс болсын деп жеті шелпек пісірді. Көптен бері қазан-аяқтың маңына жуымай кетіп еді. Содан ба, илеген қамыры артылып қалды. Аңтарылып тұрды-тұрды... Сөйтсе, жарықтық, жаңа дүкеннен әкелген бір бөтекесі бітеу малдың шарбысы екен. Туырылып тұр. Ауылда жүргенде қой сойғанда баласы: «Апа, кісе нан пісірші!»- деп жабысатын еді. Мына қалған қамырдан неге кісе нан пісірмейді... Көлдей қып шелпек жазды. Үстіне жұқалап шарбы төседі. Сарымсақ, дәм жапырақ, зәнзәбіл салды. Аздап бұрыш септі. Сосын қаусыратып газ пештің булығына тастады.
Жұмыстан әуелі келіні қайтты. Есікті аша бере, жұқа танауы дір ете қалды. «Қап бәлем, солай ма екен... Ауылдан келген көл етек кемпір бір-екі жілікті суға салып, тасырлатып қайнатқаннан басқа не біледі дейсіңдер ғой сендер!»
Келіні бөлмесіне барып шешініп қайта шықты. Кухняға кіріп, таңсық иістің қайдан шығып жатқанын біле алмай біраз тұрды.
Сол екі ортада, қоңырау ызыңдап, баласы кірді.
- Мынау бір тәтті иіс қой!- деді аяғын шешпей жатып. Бұл орнынан сонда барып көтерілді. Жайқалып барып дастарқан әкеп төседі. Жайқалып барып мана пісіріп қойған жеті шелпегін әкеп ортаға қойды.
- Біссіміллә,- деп өзі үстіңгі шелпектің шекесінен үзіп алды. Келіні мен баласы да табақтағы шелпектерге қолдарын апарды. Ауыл болса ел ақтап үй-үйге таратар еді. Қалада есігін қағып, бір шелпек апарып тұрсаң мынаның есі дұрыс па деп бетіңе қарайтын шығар.
Жеті шелпектен ауыз тиген соң бұл алақанын жайып құран оқыды. Сосын орынан тұрып, жайқала басып, кухняға беттеді. Соңынан келіні де ерді. Ақ шәйнек пеш үстінде шырт-шырт түкіріп тұр. Тас құманнан бір хош иісті бу бұрқырайды. Әлгі бір таңсық исі тағы бар. Әншейіндегі құбақай кухняға бүгін бір бөлекше берекет дарығандай.
Салпы етек қара кемпір булықты ашып жіберіп, ішінен қызыл күрең кісе нанды суырып алды.
Сол күні үшеуінің де қабағы ашылды. Сол күні үшеуінің де маңдайы жіпсіді.
Үндемес келін қайта-қайта:
- Қандай тәтті!- дей береді.
Бұның көзін ала беріп, күйеуіне жылмиып қарап қояды. Бетінің екі ұшына қызарып қан жүгіріпті.
Сол күні бұл қатып ұйықтады. Тек бір уақытта барып, омырау тұсы қыбырлағандай болғасын көзін ашып еді, сыпырылып кеткен көрпесін қымтап жауып жатқан келіні екен. Оның елден бұрын тұрып үй тазалап қоятынын сонда барып байқады.
Үйреншікті күндер үйреншікті жөн-жобасымен өтіп жатыр. Кейінгі кезде баласы қиқылдап көп жөтелетінді шығарды. Жұмыс істейтін жеріміз суық дейді. Жөтеле-жөтеле жүріп бір күні жатып қалды. Келіні жұмысқа кетерінде шылдырлаған көк дәрі әкеп беріп кетті. Бұл баласының қасынан бір елі шыққан жоқ. Ауық-ауық қолын, маңдайын ұстап көреді. Өртеніп тұр. Бұрыш салып, май қосып, сүт пісіріп әкелді. Кешке дейін ас үй мен баласының бөлмесінің арасында сенделді де жүрді.
Екі әйел екеуден-екеу шай ішеді. Кемпір келініне көзінің қиығымен қарап қояды. Әнеугүнгісінен гөрі шүңкиіп арықтапты. Көзінің алдына тарыдай шашырап секпіл түсіпті.
Баласы бір апта бойы төсек тартып жатып алды. Келіні түс кезінде бір соғады. Баласының сылдырап сүйегі ғана қалды. Келінінің көзінде үрей бар. Бұған жаутаң-жаутаң қарай береді. Құрғырдың осы бір жаудыраған көзі ғой баласының басын шырмап ап жүргені...
Келіні қайтадан жұмысына кеткен соң, науқас пысылдап ұйықтайын деді. Бірақ екі иінінен дем алып әрең жатыр. Маңдайы, екі беті өрт боп лапылдап барады. Баласына көрсетпей көзін шылап та алды. Мынандай ит арқасы қиянда, құдай тек бастарын аман қылғай. Әйтпесе басың ауырып, балтырың сыздаса қарайып қасыңа келетін де кісі аз. Әншейінде келінінің келген-кеткенімен еш шаруасы жоқ еді. Енді сыртта аяқ дыбысы естілсе болды, есікке жүгіреді.
Кешке келіні келген бойда күйеуінің төсегіне ұмтылды. Тамырын ұстап, қызуын өлшеді. Дәрі береді. Ертеңіне жұмысына шыққан жоқ. Дәрігер шақырып ине шаныштырды. Тызақтап дәрі алатын жерге де сан рет барып қайтты.
Сол күні екеуі түннің бір уағына дейін аурудың қасында отырды.
Түн ортасы ауа келіні:
- Апа, барып сәл мызғып алсаңшы. Мен отырам ғой,-деді, Бұлыңғыр бөлмеде өңі шүберектей боп-боз жатқан баласын әзер тастап төсегіне келді. Дөңбекши-дөңбекши кірпігі таң алдында зорға айқасты.
Сол күні омырауы қатты мұздап оянды. Сөйтсе, көрпесі сусып кетіпті. Тұрса - үйдің іші ыбырсып жатыр. Күндегідей үй сыпырып жүрген келіні көрінбейді. Беті-қолын жуғасын, қолына сыпырғыш алды. Бір-екі күннен бері қол тимеген коридор қапелімде тазара қояр түрі жоқ. Ауық-ауық келіні шығып келе жатқан жоқ па екен деп есікке қарап қояды.
Сыпырғышын ұстап төргі бөлмеге бас сұқты. Шалқақ жастыққа баласының беті ағараңдайды. Күндегідей емес маңдайы жазық. Тынысы түзелген сияқты. Келіні күйеуінің аяқ жағына басын сүйеп отырған қалпы ұйықтап қапты. Көйлекшең денесі тоңазып, екі иығын ішіне тартып апты. Кереуетке асыла құлаған жас әйелдің ұнжырға сүйегі сойдиып-сойдиып тұр. Бүйір тұсы әнтек бұлтияды. Бетіндегі секпілі де көбейе түскен. Оның кейінгі кезде неге арып-ашып жүргеніне бұл енді түсінді...
Қара кемпір арқасындағы ішіне түйе жүн салып сырыған пүліш жадағайын баласының аяқ жағында бір уыс боп бүрісіп жатқан келінінің иығына жапты. Сосын төсектің екі қапталындағы төсенішті сыпырғымен бір-бір жүргізіп өтті. Орындықта қалай болса солай шашылып жатқан киімдерді орын-орнына дұрыстап ілді. Кітап шкафының тұсынан өте беріп, шынының ар жағындағы қаз-қатар екі суретке көзі түсті. Мына бір дүрдік ерін - өз баласы. Баяғы мектеп бітірген жылғы суреті. Ал, қасындағы екі бұрымын омырауына тастап мөлдірей қалған қызды бұрын көрмеген сияқты. Анадағы баласы қағазға салған суреттегі қыз осы емес пе еді. Екі көзі танадай боп, үлбірей қапты. Ауылдағы көрші қызға ұқсайды. Жоқ одан гөрі ашаңдау ма, қалай... Ойбай-ау, мынау келіні ғой. Өзі қыз күнінде тіптен ажарлы болған екен-ау.
Кемпір шынының бетін жеңімен бір сипап қойды. Әлдене деп күбірлеп коридорға қайта шықты. Жаңа өзі сыпырып қеткен төсеніштің қайырылып қалған пұшпағына сүрініп мұрттай ұша жаздады. Ентелей басып ас үйге өтті. Ентелей басып терезеге келді. Кеше кештен бері бауырымен жер сызып салбырап тұрған аласа аспан қылаулай бастапты. Сонау тұңғиық көктен жарыса құлап келе жатқан аппақ біте көбелектер қалбалақтап теректердің сида бұтақтарына, үй шатырына, тас көшеге, әрлі-берлі жөңкілген жүргіншілердің үсті-бастарына, машиналарға қона сала жоғалып жатыр. Жұмысқа асыққан жұртпен бірге қолдарына таяқ ұстаған кемпір-шалдар да автобустың есігіне тырмысады. Сары ала таңнан оларға не жоқ екен десейші. Е, бүгін, айтпақшы күн жұма, жазғандар мешітке намазға асығып барады екен ғой.
Өлілерге иіс қылу да керек еді. Кемпір бір ермек табылғанына қуанып кетті. Камзолының қалтасына қол салып еді, сытырлап екі-үш көк қағаз ілікті. Кеше почта-шы қыз пенсиясын әкеп беріп еді. Қазір дүкенге барып, ішмай қарасыншы...
Үстіне ұзатқан қызы тігіп берген бет жүздік шапанын киді. Жаулығын дағарадай қып бұрап тартты. Тор дорбаны ұстап «біссіміллә» деп сыртқа шықты.
Жазғытұрымның май тоңғысыз күні. Қалбалақтаған көп қылау мұның да омырауын қармай алды. Көшедегі жұрт қар көрмегендей аспанға алақандарын тосып мәз боп жатыр. Бір кішкентай қара шұнақ бала қолына таяқ ұстаған ақ кимешекті бәйбішенің біресе о жағынан, біресе бұ жағынан шығып, мазалап келеді.
- Әже деймін, көктем қашан шығады?
- Ертең шығады.
- Ертең шықса, бүгін неге қар жауады?
- Бұл «құс қанаты» ғой, қарағым. Қыс ызғары осымен бірге кетеді.
Есіне енді түсті. Бұл - қыстың соңы «құс қанаты». Бұдан соң қар түспейді. Құйпалақтап қалың жауып тұр. Жаз биыл жайлы болатын түрі бар.
Ауылда ғой жұрт қазір ерсілі-қарсылы шапқылап жүр. Бүгін бір-бірімен сарала таңнан барып амандасады. Кемпір біткен асадалдың түбіндегі өлі астың бәрін қа-занға салады. Бүгіннен қалса - мәкіру... Қара су құйсаң да, қара қазан ошақта толып тұрады бүгін. Көрісуге келген жұрт үй сайын аяқ-аяқ наурыз көже ішеді. Бүгін қазаны толмаған үйдің биылғы ырзығы кем болады. Қазір үйіне жеткен соң бұл да төрт пілтелі газ пештің бәрін жағып, үйдегі қуыстың бәрін толтырып отқа қояды. Жарықтық жаңа жаз, жаңа көтем бұлардың шаңырағына да тек шапағат боп кіргей.
Қара шұнақ бала әжесімен шүлдірлесіп алыстай берді.
Келіні қол-аяғын аман-есен бауырына алса, бұл да немерелі болады. Ол да әлі-ақ әлгі тақылдақ баладай көшеде құлағын сарсытып келе жатар. Тірлікке жазса, ол күн алыс емес.
Көшеде бүгін халық қандай көп. Әсіресе, балалар қаптап кетіпті. Тас көшені енді-енді жасыра бастаған көбік қарды уыстап ап бір-біріне сыбап жатыр. Сақылдап күлген балаларды қызықтырғысы келгендей қалбалақтай құлап жатқан көп қылау әуеде қырық құйқылжып ойнақ салады. Мұның жаман немересі жайлы жылы жарыққа келеді екен. Қара кемпір мынау жып-жылы күнге, ақша қарға, мәз-мейрам жұртқа көңілі біткендей ішінен: «Тәубе, тәубе!»- деп қояды. Көктен саулап түсіп жатқан көбелек қылау онан сайын ойнақтай жөнеледі.
Аспан асты түгел билеп тұр.

Ду-ду, абыр-сабыр, қызыл-жасыл, мәз-мейрам көшеде қалтаңдай басып қақыра жаулық қара кемпір келеді.
0 дауыс
Салпы етек, шұбалаң жаулық қара кемпір екі бөлме, бір кухня, ащы шектей шұбалған тар коридорда ыбырсып жатқан қиқым-сиқымның шетіне шыға алмады. Сыпырғыш ұстап үйренбеген ебедейсіз қол бірін жинаса, бірін шашып алады.

- Қараң қалғыр қала тіршілігінің қуыс-қуысы, бөлек-салағы неткен көп!
«Үйін тазаламай, тал түске дейін ұйқы соққаны несі?»- дегендей төр жақтағы есікке ауық-ауық қарап қояды.

Өзінің төрт қанат шатпасы болғанда ғой, әлдеқашан айнадай боп шыға келер еді. Екі қара ала, екі терулі алаша, күн жеп тастаған көне төсек қап пен күйе-күйе аяқ қап. Ық жаққа апарып төрт-бес сіліксең жетіп жатыр. Аузы қисайып кеткен атамзаманғы жүк аяқ, ұста қайнысы қалай болса солай лекерлей салған абажадай әбдіре тек көшкен-қонғанда ғана қозғалады. Қара орманының сиқы сол. Оның өзі де ұзатылған қыздың отын жинайтын шошаласында иесіз қалды.

Әліге дейін көз алдында: үш бума уық, керосин құйған темір күбінің ар жағына, босаға жақ бұрышқа тығылды; көгі үзіліп сылдырап тұрған төрт кереге - бұл үйдің үзік-туырлығы, қызының үйінің тоқымдары мен жабулары, ыбырсып жатқан көп киіздің астына түсті; талайғы тал шаңырақ аядай қуыстан орын тимей, сыртқа, шошаланың төбесіне төңкерілді. Соның бәрін жайғастырып жүріп, адыра қалғыр, көзінің жасын тыя алсайшы. Жыламай да қайтсін! Баяғыда атасы жарықтық өз қолымен шаңырағын көтеріп, енесі байғұс уығын шаншып қалқитып берген қашанғы төрт сағанақ қой! Одан бері талай заманақыр өтсе де шайқалмай келіп-келіп, енді міне, айдың-күннің аманында біреудің күбір сасыған қорасында жайрап қала берді. Аяққап пен төсекқапты көзімдей көр деп екі абысынына ұстатты. Әбдіре мен жүк аяқты екі келініне қолдатып жіберді. Бұларды аттандырып салуға келген қатын-қалашқа ожауы мен табақтарына дейін таратып берді. Төрт қанат шатпаның сүйегіне, қара қазанына ғана тимеді.

Қызын былайырақ шығарып:
- Қарағым, өзің өскен құрым күркені жазда үйіңнің қасына қалқитып тігіп қой. Кім біледі шаһарлы жерге үйренісе алмай қайтып кеп жатсақ, әйтеуір, өз үй, өлең төсегіміз күтіп тұрады ғой,- деді.
Қаршадайынан жолдас болған мүліктен қалағына қорғасын құйған ұршығын ғана алды. Керегенің басында қара тайлақтың жүні ілулі тұрушы еді. Соны тастаған жоқ. Қалаға барғанда қу тақтайдың үстінде құйымшағымыз тықылдап қалай отырамыз деп, екі теру алашаны буды. Келгенше поезда басына жастық қылды.

Анада баласы көшіріп әкетем деген әңгіме шығарғанда-ақ қатындар айтып еді: «Асты тақтай, үсті тақтай, ортасы шылдырмақтай ақ пәтерге де кірерсің. Жұмсақ көрпені төрт қабаттап астыңа төсеп, қақ төрде қақырайып бір отырарсың. Суың келулі, отының түсірулі, қазаның асулы. Әй, қаланың тіршілігінің несін айтасың, қолыңды бір жылы суға маласың ғой!»- деп.

Бұл ойлаушы еді: «Апыр-ай, сонда екі қолым алдыма сыймай, ұзақ күнді кеш қыла алмаймын-ау!»- деп.

Қатыны құрғырлар жырқылдап кеп күлетін еді:
«О жағынан қам жемей-ақ қой!»- деп;«Қара балаң тірі болса, әлі-ақ бір күні сидаңдаған қу сирақ бір шүйкебасты қолынан жетектеп әкеп тұрар»,- деп;«Бұ заманның қызы оқимын-тоқимын деп жүріп, әбден сарқарын тартып егдергенде барып тұрмысқа шығады»,- деп; «Ондай тасаяқ неменің бір жылға жетпей-ақ іші бұлтиып шыға келетін»,- деп; «Келін-балаң кеш болса-ақ, қол ұстасып киноға кетер»,- деп; «Үйде алдыңдағы қуыршағыңды құшақтап, әлди-әлдиіңді айтып сен қаларсың»,- деп; «Біз бейбаққа қала болсын мейлі, дала болсын мейлі, қашан қара көрге кіргенше, қол қусырып қарап отыру бәрібір жоқ қой»,- деп.

Сонда да бұл: «Иә, қазір қатын пайғамбар болған заман ғой. Әлгі айтқандары рас болса рас та шығар. Бірақ, ең болмаса, келінім бала тапқанша ермек қылайын»,- деп ұршығын жол азық салған дорбаның бір бұрышына тыққан.

Сонау ит арқасы қияннан қалтаға тығып әкелген қос уыс жүн қашанғы ермек болсын. Баяғыда-ақ шетіне шыққан. Жүн-жұрқаны көп жеп қойған қомағай ботаның тамағынан түскен қоядай кішкене домалақ жіп тышқан домалатып әкетпесе, жатқан шығар бір жерде.

Енді, міне көрмейсің бе, ермек болсын деп, бір ауық үйге айналайын десе, осылай бірін келістірсе, бірін келістіре алмайды. Сосын: «Ит жегір-ай!»- деп қолын бір сілтеп, төр алдындағы күрпілдек тақтай төсекке барып қисаяды. Жантайып жатып қайдағы-жайдағыны ойлайды. Қайдағы-жайдағы ойлағанда да өрісте жайылып жүрген інгені, белдеуде байлаулы тұрған ботасы жоқ қаланың кемпірі шырқ айналып үйіріліп баяғы бір баласы мен бір келінінен басқа нені ойлаушы еді...
Жарықтық бұ жақтың өкіметі - әлде сүйектерін сүйретіп алыстан келді ғой деп аяғандары ма, әлде жансыз-жақсыз жалғыз екен деп қарасқандары ма - әйтеуір күз түсе көшіп келген бұларға жаз шыға қаланың қақ ортасынан ойып тұрып қос бөлмелі, тағы да толып жатқан бөлек-салақ қуыстары бар жаңа пәтерді жарқыратып бере салғаны.

Баяғы қи жағып, қимай түтеткеннен басқаны көрмеген ауылдас әйелдердің айтқандары ып-рас: бір шүмегін бұрасаң - суы келіп тұр; бір шүмегін бұрасаң - оты жанып тұр. Жуынып-шайынатын моншасы екеш моншасына дейін ішінде. Моншасын айтасың-ау, әлгі басыңа шапан бүркеніп, қалқа қылар қалтарыс іздеп қыр асып әуре болмайсың, әжетханасына дейін отының басында. Әуелі, құрып қалғыр, қысылып жүрді. Қара қазанның, асулы ырысханаңның дәл түбіндегі қуыста жалтыраған тас келіде қонжиып қайтып отырарсың! Бірақ бұл жұмыр бас неге көнбейді, оған да үйренді. Осы күндері қаланың тәрі мен тәртібіне шорқақ түз адамы келе қалса: «Отағасы, қолыңызды жусаңыз мына бір есікке, дәрет алсаңыз әне бір есікке кіріңіз!»-деп алдына түсіп, тақылдап тұрғаның.
Айтсын-айтпасын, қала жарықтық нағыз әйелдердің жайы екен. Құрық сілтер жерде -«алың, алың» деп базарың тұр, қамшы сілтер жерде -«бажалыста, бажа-лыста» деп дүкенің тұр. Тіпті қаланың әйелі естігені ішіне сыймай, өсек айтқысы кеп көмекейі бүлкілдеп бара жатса, бір үйден бір үйге жүріп аяқ ауыртып әуре болмайды, бір жағынан енді-енді шырайы кіріп келе жатқан әңгімені қимай, бір жағынан үйде өзін күтіп тұрған мың бір түрлі шаруаны ойлап қылпылдап әлекке түспейді, ошағынан он қадам ұзамай жатып, айналайын қара темірдің құлағын бір бұрайды да, саулай жөнеледі.
Туғалы қыр тұрмысының тауқыметін тартып арқа еті арша, борбай еті борша боп жүрген ол көзінің қарашығының, ботасының, қоңыр қошқарының, құлыншағының, аспандағы айы мен жұлдызының, жердегі асқар тауы мен айдын көлінің, құлдығының, ақ патшасының, балапанының, шырқ үйіріліп келгенде, баяғы сол етегінен ұстатып көз көрмеске көзін асырып әкеп отырған жалғызының, жаман қара баласының арқасында, міне, осындай пейішке күмп етіп кірді де кетті. Көшіп келгенде бас қалқалаған қарағай шарбағы, қабаған иті, шүңірек көзі, шүңкиген сақалы бар қырыс маңдай қырсық шалдың қоржын бөлмесіндегі екі қолтық буыншақ-түйіншекті бес-алты бала жігіт таласып жүріп таксидің артына тықты. Таласып жүріп жаңа пәтерге кіргізіп берді. Бір теру алаша мен бір чемодан кітапты құшақтап төргі бөлмеге баласы жайғасты. Бір теру алаша мен бір чемодан көйлек-көншегін құшақтап қапталдағы бөлмеге бұл жайғасты. Ас үйге төрт-бес тарелка мен шұбар ала кастрюль жайғасты.
- Бауырым, баспананы соқтың. Сендей жігітке шөбі түсіп тұрған бойжеткеннің де маңдайы жарты қарыс шығар. Оған ертең, аузыңнан не шықса да, екі еткізбей орындатып бақ. Әйтпесе, біздің пақырлардай пәлен жыл бойы жат біреудің босағасында күйелеш-күйелеш боп пеш жағып жүрсе білер еді сендей күйеудің қадірін!- дейді баласының бұрын үйленген құрдастары, қаңырап тұрған екі бөлменің тыр жалаңаш төрт қабырғасына қызылды-жасылды жиһазға қызығып тұрғандай тамсана телміріп.
Әлгі бата жүрмейтін көк мойнақ шөлмектің бір-екеуінің бөксесін жылтыратып, бұл екеуінің қолын кезек-кезек қысып олар да жөніне кетті.
Ай тақыр екі бөлмеде аналы-балалы екеуі оңаша қалды. Ауылдан көшіп келгелі көзіне жас алмап еді. Енді, міне, үсті-үстіне жыбырлап барады. Жаулығының ұшы-мен бір сүйкеп қойды.
Марқұм осы үйдің адамы осы баласы туғанда қолыңдағы жалғыз қашарын кіндік кесерге беріп еді. «Ертең балаңның таңдайын ағартатын баурынан тартар жалғыз сиырыңды жетектете салғаның не?»- дегенінде: «Әй, біздің үйдің әйелі, бүлк етпе. Мойныма ала дорба іліп, ел ақтасам да, қарағымның қарнын аш етпеспін», деп еді. Аш етпеді ғой... Баласы екіге толмай жатып майданға кетті. Бар болғаны екі рет қана хат салды. Екеуін де госпитальда жатқанда жаздыртыпты. Алдыңғысында бұғанамнан жараландым деп еді, соңғысында басынан оқ тиіпті. Соңғысының тұсында: «Басынан жарақаттанса, бәлкім елге қайтарар»,- деп үміттеніп еді, оқ астына қайта кетіпті. Сол кеткеннен мол кетті. Соғыстың тұсында келген қара қағаз ауылсоветтің кеңсесінде жатып-жатып, бұлардың қолына баласы төртінші класты бітірген жылы зорға тиді. Жарықтық, жатқан жері жәннат болғыр, артына, әйтеуір, қарайтып жалғызын қалдырғасын болды да.
Баласы кішкентайында әуейілеу еді. Мал сауып жатқанда қой қосақтас деп жіберсең, ауылдың шетінде батып бара жатқан күннің шапағына қарап аузы аңқайып тұрар еді.
Соны көрген шопан қайнағасы:
- Айтпады деме осы балаң адам болмайды. Малдың қарасынан қашқан қай қазақ оңып еді. Әттең тілімді алмайсың, бір жаз бойы қозы қайыртып, қой құрттатып қойсаң, малдан қашқақтағанын көрер ем. Жалғызым жетілген соң жетісем деп сен жүрсің. Осы шіркін, сірә, өз нанын өзі тауып жей алса жарар еді,- деп күйіп-пісер еді.
Кешке жатарда баласы бұның құлағына сыбырлайтын:
- Апа, мен адам болмағанда не боп кетем?
- Е, не боп кететіні несі? Енді бір он жылда мынау деген жігіт боласың!
Баласы шопан шалдың сөзіне қатты сеніп қалса керек, бұған иланбаған ыңғай танытады. Туырлықтың жыртығынан түскен жұлдыздардың жылтылына телміріп сұлқ жатады. Енді бұның көңіліне уайым қашады. Апырай, осы бала шынында да бір түрлі. Асық ойнамайды. Ләңгі теппейді. Қозы қумайды. Айдалада жел ұшырып бара жатқан қағаз көрсе, алымы жоқ, берімі жоқ соңынан шапқылай жөнеледі. Итсигектің басына ілігіп қалған жерінен жұлып ап, бас көтермей оқып келе жатқаны. Кейде қараптан-қарап отырып айтқан сөзді естімейді. Ауылдың алдындағы сағым шалып жататын құла далаға ертелі-кеш тесіледі де отырады. Осының бәрі тегін бе екен өзі. Анада шашын алып беріп кеткен ақсақ қоймашы: «Мына патшағардың басы қызық екен. Маңдай жағы жаңа піскен шәмші қауындай дөңгеленіп жатыр да, желке жағы қазанның асқабағындай қыртыс-қыртыс. Екі шекесін қара, әлдекім дойырмен тіліп өткендей, жыртылып айырылып тұр. Мынауың әйтеуір мен көрмеген бас екен!»- деген. Сұңқылдаған сұмырай: «Қайдағы-жайдағыны айтып қақылдап кетіппін, жаманды-жақсылы Құраш бақсының жиенімін ғой, тілім тиіп жүрер-ау»,- деп, қос шекесінен бүріп ұстаған тегеурінді қол мен лып-лып еткен алмас ұстараның ащы жүзінен сескеніп тырп етпей отырған қара баланың құж-құж желкесіне: «Тфә, тфә!»- деп былш-былш түкірген-ді. «Нысаналы екен балаң,- дейді әлгі көгермегір қоймашы.- Иә, аузымен құс тістеген дүлдүл, иә қотыр тоқтыны көтеріп ұрып бауыздай алмайтын мырқымбайдың өзі болады».
Сумақай қоймашының ол сөзіне бұл күлген де қойған. Бірақ, байқады, осы жаман неменің жүріс-тұрысы әлгі ақсақтың айтқанының алдыңғысынан гөрі соңғысына көбірек келіңкірейді. Көрші үйдің еркегі атқа жұмсаса, жайылып жүрген жылқының маңына жақындай алмай, қолына ұстап кеткен жүгенін жерге сүйретіп, кесектеп айдап әкеледі. Шөгіп жатқан түйеге бөксесін арта алмай тырбаңдап жатқаны. Бұл неғып тап осынша бозымбай болды екен? Ер жігіттің нағашысын сұра деуші еді. Өз төркіні, құдайға шүкір, қолынан дойыры түспеген өңшең ала көз, қызыл кеңірдек... Атадан көп туса да, солқылдап тұрған шақтарында сойылға көп жығылып өспей қал-ған... Бүгінде айналасы отыз-қырық үй. О да бір қонысқа бас қоса алмай Арқаның дөңінде, Хорезмнің ойында бет-бетіне бытырап жүр. Оларға тартса өз иығын өзі жұлып жеп, жаланып тұрар еді. Ал енді әкесі пақыр, жер жеткізбесін, әйел бұның лақтырған таяғын әкеліп бере алмайтын. Шаруаға қырсыз. Баяғыда көшіп-қонып жүргенде түйеге жүкті қайнағасы мен бұл артады да, ал әлгі осы үйдің адамы мен абысыны көтеріп беріп кеткен теңге күштері жетпей тілерсектері дір-дір етіп тұрғандары. Сөйтіп жүріп пақыр думаншыл-ақ еді. Есілдерті ат пен домбыра-тын. Бұл осы ауылға түсіп құда шақырысқанда төркін жұрты: «Ақтылы қой мен торала жылқыны өзіміз де айдап көше алмай жүрміз. Бізге мал керек емес, алды деген атақ керек. Әлгі күйеу баламыздың бәйге бермейтін буырыл биесін қалаймыз деп қадала қалғандары. Есіктің қыр көзінде әңгіме тыңдап отырған осы үйдің адамы шайға шоқ әкеп кіріп қайта шығып бара жатқан жеңгесінің шалғайына оратылып сыртқа атты. Үйдегілер қауқылдасып қала берді. Шай кетті. Ет келді. Ет кетті. Ағарған келді. Қонақтар бата жасап, аяқ созайық деп сыртқа шықты. «Ау, әлгінде ғана белдеуде тұрған бәйге бурыл қайда?» «Жаңа тұрған!» «Жер жұтты ма, көк жұтты ма!» Жұрт аң-таң. Бір уақытта атасы жарықтық: «Ау, әлгі біздің бала қайда?»- дегені жан-жағына алақтай қарап. Құдалар да қайран: «Бәсе, күйеу бала неге көрінбейді осы?». «Бәйге бурылды сол мініп қашқан болды, артынан қуып жетіп ұстаңдар найсапты!»- Төрт-бес жігіт атқа қонды. Ертеңіне сәскеде қуғыншылар «көп болса, қыздарын қайтып алсын, бәйге бурылды бермеймін» деп елден шығынып бара жатқан қашқынды құла түзде қуып жетіп, қайтарып әкелді. Сөйткен бәйге бурыл бұның төркініне бәрібір мал бол-мады. Ауылдан шыға дәрет орнына қан сұлатқан жануар бөтен елде бір жыл бойы құлағын тіктемей қояды. Ақыр соңында: «Күйеу мен жиеннің назасы жаман дейтін еді, назасына қалдық білем»,- деп жетектеп әкеп беріп кетті. Ауылға оралған соң бурыл бие бір айдан соң үйелеген жерінен тұрмай қалды. Содан осы үйдің адамы «барлық пәле сенің төркініңнен келді» дегендей біразға дейін бұның бетіне қарамай жүрді. Бәйге ат сөз болған жерде марқұм күні кешеге дейін бір күрсініп қоятын. Ат құлағында ойнап өскен әкесіне тартқанда да бұл шіркін тап осындай салбөксе болмаса керек еді. Ал атасы жарықтық омырауы алқа-салқа, ылғи быршып терлеп жүретін мұрны қолағаштай қызыл күрең шал еді. Енесі пақыр дәулетті жерден шыққанмен мақтамасаң былқ етпейтін шығымсыздау кісі-тін. Сол мінезіне қанық атасы жарықтық кемпірінің шайына көңілі бітпегенде, ол қазан-аяқ жаққа күйбеңдеп кеткенде, қол сандықтан түрулі шай алып түп-түгелімен тас құманға бір-ақ төңкеріп, қағазын табадағы жайнап жатқан қызыл шоққа лап еткізіп, түк көрмегендей тып-тыныш отыра қалар еді. Шыны аяқтың түбіне жұққан қан күрең шайды ішіп жатып: «Шындарыңды айтыңдаршы, балалар, басқа үйден осындай шай іштіңдер ме? Пай-пай біздің кемпірдің демдеген шайына не жетуші еді. Бір өзі бір құнан қойлық қой»,- деп көзін қысып қояр еді. Сонда енесінің тұмсығы қызарып, шошаңдап алдына түсе берген жаулығының ұшын кейін серпіп, тағы бір түрген ақ құйрық қағаз шайды лақ еткізіп құманға құя салар еді.
Көзі көре қалды, атасы марқұм ылғи солай лақылдап асып-төгіліп жүретін. Одан арғы аталарының да кербез аты, керік аты тарағанмен, тентек аты тарамапты. Баяғы итырқылжың замандағы қырқыстардың қай-қайсысында да осы ауылдың ат қосты хабары естіледі де, адам қосты хабары естілмейді. Сарайшықтағы қалмақтарды шабатын жорыққа жаужүрек болғанмен жұқа тақым Қонай батыр атты осы ауылдан мініп аттаныпты. Соған қарағанда, осы ауылдың найза мен дойырға үйірлігі шамалы секілді. Жатты былай қойғанда, тентегі мен телісі молырақ ағайын ауылдардың өздері-ақ жылқыларын тырқыратып қуып күн бермеген көрінеді. Қайткен күнде де, осы ауылдың аузы салымды болғанымен, қанжығасы қанды емес сияқты. Әй, бәсе, бұдан туған бала қалайша босбелбеу болады деп еді-ау. Сөйтсе, өз тұқымына тартып жүр екен ғой...
Астапыралла-ай, адам иттің көңілі бас білмейтін байталдың құйрығындай бәтуасыз шыбжыңдайды-ау кейде. Қайдағы бір сумақайдың сандырағына ілесем деп аруағынан айналатын ата-бабаға қараптан қарап тіл тигізе жаздағанын қарашы. Сол суайт не біледі дейсің! Өткен бір жолы ылғи қабағынан қар жауып түксиіп жүретін жүн маңдай мұғалімнен сұрап еді, бетінің өзінде бес батпан зіл тұратын сұп-сұр пақыр ыржаң ете қалғаны. «Әй, жеңгей-ай, жоқтан өзгені уайымдай береді екенсің. Малға қыры бар, малдың тілін малдан артық білетін қазақ сенің балаңсыз да жетіп жатыр. Ай қараса ай қарасын, мектептегі баланың маңдай алды сол!»- дегені. Міне, бұл бозымбайдың сондайы тағы бар. Жыл сайын мақтау қағаз алады. Бұл бағытымен төрт қанат жаман шатпаның төрінде ала қағаз қыстырылмаған уық қалдырар түрі жоқ.
Соны ойлағанда, топырағы торқа болғыр ата-бабаның басын тағы ауыртады. Тап осы ауылда арғы-бергіде ділмар болған, сұңғыла білгір болған да ешкім естілмейтін сияқты еді. Сөйтіп, жүріп өздері сонау байбақтының Шоланымен құда. Шоланнан Дат туғанда, Даттан Сырым тумай ма? Сырым осыларды жиен тұтыпты деседі. Арқадағы асына үй апардық, қырық ірі қара соғым, қырық саба сауын апардық деп күпілдейді, осы ауылдың екі шалының басы қосыла қалса. Сөйтіп жүріп, өздері түп нағашымыз баяғыда бір тайпа елді Сауран айналдырып әкеліп, осы қонысқа қондырған Есенқұл баласы Есек батыр деп бөседі. Сөйтіп жүріп өздері, бұл тайпаның жуастары «көп ділмардың аулы» деп желпінтіп, еті пысықтары «көп бәдіктің аулы» деп шенейтін бұның төркін жұртын да осылар жиен қып жатады. Қабағы қаттылары бұны «келін» деп тұқыртса, қабағы жылылары «жиен» деп еркелетеді. Не де болса, шешен мен ділмар, сұңғыла мен пысық бұлардың төңірегінде көп болғанмен, өздерінде жоқ. Сонда мына жаман нағашыларына тартпағанда, кімге тартып осылай боп жүр дейсің! Ең азы бұның кәкесінің өзі салқын сазда сары қымызды сапырып отырып: «Келдібай мен Майлыбай, бір құдыққа қондың-ай, батыр - бізден, би - сізден, шаршымызға толдық-ай!»- деп ыңылдап отырмаушы ма еді. Сөйткен ата-баба жаман жиендерін тегін тастады ғой дейсің бе?
Соны ойлағанда әлгінде ғана таңқы құдықтың түбіндей тартылып қалған көңілі қайта шалқып шыға келеді. Әлгі жүнқабақ мұғалім дұрыс айтады. Қой құрттайтын қазақ мұнсыз да жетеді, ал ала қағаздың артына түскен азамат қай бір толып жатыр. Осы немені көген мен шөмеленің маңынан жүргізбей-ақ қояйын деп көктемде қозы салдырмады, жазда айыр ұстатпады.
Бригадир боп жүрген бір жамағайындарының шала бүлінгені:
- Колхоз байғұс бір қолын екі ете алмай жатқанда, сен пілдей бір жігітке қағаз күйелетіп қоясың. Оған қайдағы бір жын-сайтанның суретін шимайлатқанша, неге елмен бірге шөп тырмалатпайсың?
«Мынау да былшылдайды екен,- дейді бұл айырдың сабына сүйеніп тұрып.- Арманда кеткен пақырдың артында қалған қу жалғызын қыста бірер уыс тары талқан артық келер ме екен деп, қаршадайынан тұщы ұйқысынан айырып шөп тырмалатып қойып, не өліп барам. Ол қай бір жұрттың баласындай жүзіктің көзінен өтіп жұтынып тұр. Мүлгіп-қалғып жүргенде көліктен құлап мертігіп, ораққа түсіп майып боп жүрсе, тірі ел-жұртқа, өлі аруаққа не бетімді айтам!».
Дегенмен әлгінің сөзінің шымбайына батқаны. Қағаз күйелегені несі? Жын-шайтаны несі?
Түс ауа пішеншілер үйлеріне қайтады. Табалдырықтан аттай бере... Астапыралла... Шыққыр көзі не көріп тұр... Мына жүзіқараның тізесі темір боп қалған ба... Неге иілмейді... Неге сәлем етпейді?!
Сөйтсе, қақ төрде атасы отыр. Қолында кесе. Қасында сыртына алабажақ әшекей салған бүйірлі тас құман. Терлеп-тепшіп шайды тартып отыр. Шақпақ қантты тісіне апара беріп, есіктен кіріп келе жатқан бұған қарап кілт кідіріпті. Көзінде бір қуақы ұшқын тұр. Әлгінде ғана кемпірімен әлдене деп әзілдесе керек. Мұртының бір жақ шалғысына моншақтай мөлдір тамшы ілініп қапты. Шүңірек көзінің маңайы шып-шып тер. Омырауы да дәл баяғысындай. Екі жаққа атысып-шабысып кеткен жағасының бір ұшы көкірегінде жатыр да, екінші ұшы мысықтан қашқан ақ тышқандай дәл оң жақ құлағының түбінен жылт-жылт сығалайды. Басында баяғы бұған қайытқан тік кенере мауыт телпек.
Бұл аузын ашып тұрып қалды. Көзіне қос көрінейін дегені ғой. Әлгі ит жегір айырды әуеге әуп-әуп көтеріп, қырық қайтара қақшаңдап жүргенде бұны бірдеңе иектесе иектеп кеткен де шығар. Әйтпесе, баяғыда бөтен қаланың желкесіндегі көне моланың бір пұшпағында қалған жарықтық дәл бүгін, үстіміздегі елу тоғызыншы жылдың ағуысында, дәл мына төрде, дәл мынандай боп қайдан шалқып шай ішіп отырсын...
Көзін бір уқалап қайта қарады. Сөйтсе, атасы әлгінде көргеніндей, қақ төрде жерде емес, қақ төрде көкте отыр. Көкте болғанда да, екі жаққа шатқаяқтап шегінісіп кеткен екі тал уықтың арасында отыр. Баласы бұрын бір мұртты батырдың журналдың сыртына шыққан үлкен суретін төрге іліп қоятын еді. Соның орнына бүгін атасы жайғасыпты.
Енді түсінді. Манағының айтып жүрген күйелі қағазы мен қайдағы бір жын-шайтаны осы болды. Сонда өз ағайынын өзі танымағаны-ау!
Мына жүгірмек өзі тумай тұрғанда дүние сап қойған атасының дәл осындай шал екенін қайдан біліп жүр? Өзімен өзі сөйлесіп, көлеңкесіне қарап ербеңдеп, сұқ саусағымен ауаға әлдене шимайлап отыратын әуейі неме бұл жоқта сандық ақтарған болды. Осы үйдің адамының баяғыда Қарабұғазға жалға барып, сыңар доңғалақ қол арбамен тосап тасығанда алған паспорты жатушы еді. Соның арасында атасы жарықтықтың әлдеқашан сарғайып кеткен ескі суреті бар-тын.
Бір күні ұлы теңіз бен қара көк құрдым шығанақтың арасын қосып жөңкіле ағып жатқан жойқын судың бір бетінде қазақ пен түрікмен аралас отырған құрым күркелі ауылға делдитіп ақ киіз қалпақ киген қара орыс келе қалды. Тыр жалаңаш. Алақандай ғана ақ сор кенеп лыпа абыройын жауып тұр. Төсі уда-дуда, білегі уда-дуда. Бурадай-бурадай екі борбайын да қыл-қыбыр басып кеткен. Күнге әбден күйіпті-ақ. Қара буыршын сияқты. Ана үйдің киіз есігін мойнына іліп ап бір қарайды да, басын шайқап шығып кетеді. Мына үйдің есігін мойнына іліп ап, бір қарайды да, басын шайқап шығып кетеді. Бір уақытта ауылдың ең шетіндегі бұлардың шатпасына да таяп қалды. Белдеуде атасы жарықтық аттан ада болғалы тақым артып жүрген қоңыр есек байлаулы тұрған-ды. Әлгі неменің соны көре сала ыржаңдап күле бергені. Санын шапалақтап мәз болғаны. Бара сала құшақтай алғаны. Қалқан құлақтың ұшынан қайта-қайта шөпітіп сүйсін-ай кеп.
Үндемей отырып тілін тығып ала қоятын енесі байғұс:
- Бұл жарықтықтардың аузы ештеңе талғамайды-ау осы,- дегені.
Үй ішіндегілер күлерін де, күлмесін де біле алмай сазарып қапты. Бейсауат қонақ белдеудегі қоңыр есекті аймалап болғасын құшағын жайып табалдырықтан аттады. Аяғын да шешпестен жаюлы жатқан дастарқанды баса көктеп, қақ төрде қақырайып отырған атасына қарай тұра ұмтылғаны.
- Құдай сақтай көр!- деп енесі мен бұл екеуі екі жақтан атып тұрды.
Осы үйдің адамы қаннен қаперсіз. Көк ала көрпені бүктеп-бүктеп көкірегіне басып, жер бауырлап ап шайдан бас көтерер емес.
Атасы жарықтық екі қолын бірдей созып тұрған еңгезердей еркекке қолын берерін де, бермесін де біле алмай қипақ-қипақ етеді.
- Қолыңды беретіндей сен қай бір қажыға барып келіп отырсың. Қол ұстайтындай бұл неме қай бір сауап іздеп жүр дейсің,- деп кемпірі безеңдейді.
- Қой, қол берген дұрыс. Бұл ағайындар әуелі құшақ-тасып алады, аты-жөніңді сосын сұрайды,- дейді тосап тасып жүріп орыс жігіттерімен де азды-кем дәмдес боп қалған осы үйдің адамы.
Атасы жарықтық: «Келін, шырағым, сен не айтасың?»- дегендей көзі жапалақтап бұған қарайды, бұл: «Атажан-ау, мен не білем, өзіңіз ретіне қарасаңызшы»,- дегендей жерге шұқшияды.
Шал ұсынған қолды алды. Қонақ ыржиып оң жақ босағадағы бір қап тезектің үстіне отыра кетті.
- Қап, мына жарымағыр отынды жаншып тастады-ау. Тасырайып отырғанда астындағы көк жападан шаян шығып шағып алмайды екен,- дейді бүгін таңертең салқынмен теріп әкелген «қып-қызыл олжасы-ның» көзапара күл боп күйреп бара жатқанын көріп күйгелектеп отырған енесі.
- Тс-с, найсап!- деп кемпірінің тақымын бір шымшып алды, аңтарылып қалған атасы.
Қонақ асығар емес, су толы шелекке қарап бірдеңе дейді.
- Су сұрап отыр!- дейді осы үйдің адамы білгішсініп.
- Е, шай ішсеңші. Ожаумен су сұрайтын қараң қалғыр Қарабұғазыңды біздің айналайын Қаратау жарықтықтың күні-түні құлағыңды сарсытып, сарқырап жата-тын Күркіреуік-Жармышы деп отырсың ба, жоқ Ағашты-Ондысы деп отырсың ба?- дейді енесі бажалаңдап.
- Ау, бұл жарықтық сенің, ол былшылыңа қайдан түсінсін, одан да оттамай суыңды берсейші,- дейді атасы күйгелектеп.
Енесі пақыр шалының бетіне бажырайып қарады да, шелектен бір бақыр су алып берді.
Қонақ оны басына бір-ақ төңкерді. Ай қасқа маңдайын тер жуып кетті. Киіз қалпағымен маңдайын, бетін, мойнын, жүн-жүн омырауын бір-бір сипап шығып, мыж-мыж қып қайтадан жапырайтып басына киіп алды. Сосын атасына қарап: «Бабай қарашой. Маладес. Бұ бота! Мәскуа байдош. Кәзит бойдош!»- дегені. Бұл көк желкесінде отырған үсті-басы жүн-жүн қонақтың әңгімесін құранның сөзіндей жаттап-ақ отыр.
Орыс жігіттерінің арасында жүріп «куаз» ішіп, «тіл сындырып» қалған осы үйдің адамы әлгі сөзді қазақшалай бастады:
- Бұ кісі айтады. Сенде шал бір керемет тайлақ бар дейді. Соны бер, Мәскеуге әкетем. Түйеңді берсең, жақсы шал деп кәзитке шығарам дейді.
Атасы жарықтық пен енесі пақырдың көздері шарасынан шығып кете жаздады. Бұл да аң-таң. Үйдің іші не дерін білмей абдырасып қалды. Маңғыстаудан бір үйлі жан боп аяқ артып келген қара мая былтыр қимай ішіп жарылып өлді. Содан бір тайлақ қалғаны рас. Бірақ мынау тосап тасып, тозаң жұтып жүрген жұрттың ішінен: «Малыңның есебін аламыз»,- деп білек сыбанып ешкім шықпаған соң, бұ да үндемеген. Соны мына орыс біліп кеп отыр. Қой, қой, бұл айналайын Кеңес үкіметі бедірейіп жатқан қара жердің астында не бар, не жоғын бұлжытпай біліп отырғанда қазақтың жалба тымақ жаман қара шалының ішінде не жатқанын неге білмесін! Баяғыда ауданнан келген қисық аяқ уәкіл алдына ала қағазды жайып жіберіп жеті атаңда пәлен-пәлен болыпты, түген-түген болыпты деп сайрап қоя бергенде жағасын ұстаған-ды. Бірақ, кемпірі құрғыр: «Бір қыста бар дәулеттен айрылып жұтап қап, Желтаудан жаяу-жалпылап зорға жетіп оралғанда «бай - құлақ» деп қолын шошайтып жүрген анау жаман жиенің!»- Досан баласының обалын көтеріп еді. Сөйтсе, өкімет айналайынның өзі де нағыз көріп кел екен ғой. Мынаған да сол киіз қалтасын салақтатып, ауыл айналып шапқылап жүретін сілекей ауыз жеткізе қойды дейсің бе...»
- Алыңыз, тақсыр, алыңыз. Сондай бір қотыр тайлақтың бары рас. Оны мал қылайын деп жүрген мен де жоқ. Мына жаман келін - баламның қол-аяғы аман болсын. Ендігі жерде осылардың ай сайын алатын азғантай тиын-тебені маған мал. Түйесі құрысын. Жеті бабама игілік боп бұйырмаған мал, құлағыңды ұрайын, мені қай ұшпаққа шығарар дейсің! Ала қой, айналайын. Жетектетіп жіберейін бе, әлде ертең есегіме мініп өзім апарып берейін бе?- дейді атасы байғұс шынымен таусыла сөйлеп.
Енесі мен бұл көздеріне жас алды. Сол-ақ екен тезектің үстінде отырған бейтаныс қонақ қойқаңдап ұшып тұрып бұл екеуінің арқасынан қақты: «Нешауа, нешауа! Бабай қарашой, бота қарашой, красибай будет»,- деп елпілдеп жатыр. Қалтасынан суырып ап бір қағаз берді. Сосын атасы жарықтықтың қолын қайта-қайта қысып шығып кетті.
Бір үйлі жан өкірген бұғаздың үстіндегі өткелге қарай кетіп бара жатқан бейтаныс орыстың соңынан сексие қарап есік алдында тұр. Ол артына бұрылып, қолын бұлғаса, бұлар не істеу керек екенін білмей аңырып бір-біріне қарайды.
Үйге қайтып келгесін әлгі қағаздың орауын жазып көріп еді. Ішінен сурет шықты: поселкенің қақ ортасында көсемге қойылған шойын ескерткіш бар-ды; соның қасында есегіне мініп, жымия күліп атасы тұр.
Енді, міне, өз суретіне өзі аң-таң. Бетін шымшып таңырқап тұрған кемпіріне қызарақтап түсіндіріп бағады. Өткен жолы арғы бетке нан алуға дүкенге барыпты. Есегіне мініп қайтып келе жатса, ақ қалпақ киген екі-үш адам ескерткіш қасында әңгімелесіп тұр екен. Тұстарынан өтіп бара жатқан бұны қол бұлғап шақырып алады. Қоярда қоймай ескерткіштің қасына апарып тұрғызып қояды. Біреуі омырауындағы кішкентай жалтырақ темірдің әлде бір тесігінен сығалай қарап, бұны көздегенде, қоңыр есекті құйымшақтан бір нұқып қаша жөнелмекші болады. Қалғандары қарқ-қарқ күліп, тізгініне жармасып, әлгі орнына қайта апарып тұрғызып қояды. Сосын атасы: «Әй, ататын болса, қашып бара жатсам да атады ғой. Басқа бірдеңе шығар- деп тұра береді. Әлгі жалтырақ темірді сығалап тұрған кісі бұған қарап қолын көтерді. «Бұнысы несі?» деп көзін сығырайта беріп еді, бірдеңе сырт ете түскені. Сол-ақ екен, қоңыр есектің құлағы мен иесінің жүрегі бірдей дір ете қалғаны.
Содан әлгілер сол арада қарқ-қарқ күліп қала берген. Бұл құтырғаннан құтылған деп, қоңыр есекті үсті-үстіне төпелеп кете барған.
Атасы жарықтық ештеңеге түсіне алмай отыр. Осы үйдің адамы да желкесін қаси береді. Бұның да жүрегі әлденеге дір-дір етеді.
Тек енесі ғана піскектеп сөйлеп бақты:
- Сақалды басыңмен дүкен сенің не теңің дедім, тыңдамадың. Алып-ұштың да тұрдың. Артының осындай бір пәлеге соғарын сонда-ақ біліп едім. Нағашың пәлен
көрінеді, жиенің түген көрінеді деген қиқудан құлағымыз енді құтылды ғой деп жүргенде жатқан жыланның құйрығын өзім басып келдім де! Енді, міне, көзіңді сығырайтып қағазға басып қойыпты. Көкке ұшсаң сирағыңнан, жерге кірсең шашыңнан тартып шығарып алады. Баяғы қиқудан құтылу жоқ бізге!
Сөйтіп, бұлар бір айдай қос үрей жүрді. Бір күні осы үйдің адамы шылым орайын деп газет жыртып жатыр еді, көзінің ұясынан шыға жаздағаны. Ең соңғы бетте әлгі сурет тұр. Содан атасы жарықтық қоңыр есегіне қонжиып қайтан мінсін-ай кеп. Бір кезде құлағын тоздырған беймаза кемпірдің құлақ құрышын енді өзі жесін-ай кеп:
- Өңі жылы адам екен, жамандыққа бара қоймас деп айтпадым ба? Жоқ ақырзаманды сен-ақ ойлап табасың да жүресің. Сен ғана емес, сенің жеті бабаң түп-түгел шөп басы қимылдаса жүректері суылдап отыра алмайтын үрей қуық сорлылар еді...
Әншейінде есесін жібермейтін енесі пақыр дымы құрып ыстық шайды үн-түнсіз сораптай бергені.
Сол суретті баласы баяғыда бір көріп еді. Әлгі әңгімені де талай естіген. Соның бәрі құлағында қалған ғой.
Үсті-басы жүн-жүн бейтаныс қонақ нағыз қызырдың өзі боп шықты. Соғыстан үш жыл бұрын бұлар баржамен елге қайтты. Жолда Бакуге тоқтап, базар аралаймыз деп жүріп, сасқанынан қалтасындағы осы суретті тауып алып, тексерушілерге көрсетіп еді, олар әрі сығалады, бері сығалады, бастарын әрі шайқады, бері шайқады, ақырында атақты адамның ескерткішінің қасында тұрған есекті шал да тегін кісі емес шығар десе керек, бұларды жүргелі тұрған кемеге жіберді. Сонда жүректері жарыла қуанған бұлар, қапелімде, қиын жерде дем беретін ата-бабаға алғыс айтудың орнына баяғы қоңыр есектің құлағынан сүйетін ақ қалпақты орыстан айнала беріпті.
Мына жаман тегін болмады. Әлдеқашан мыж-мыжы шыққан көне суреттегі бұлдыр елесті тірі адамдай көз алдына сайрата қойғанын қарашы. Сонда бұл бозымбайдың кімге тартқаны? Жағы мен тіліне жалынбағанына қарағанда нағашы жағы, шынында да, құр қалған түрі бар. Бұл ауылдың мал біткені атқа мініп саят құрып, мал бітпегені темір тықытып, ағаш сүргілеп, былғарыға үшкіріп шұқынып кетуші еді. Бұ да сол көп шұқыншақтың бірі болайын дегені ме... Қой, ойын баласының көп ермегінің бірі шығар. Не де болса екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер. Мына ала қағаздағы жымиып отырған аумаған атасы. Дәл қазір: «Е, келін шырақ, аман жүрсің бе, айналайын!»-дейтіндей.
«Аманбыз... Аман жүрміз, айналайын атеке. Баяғы өзің көргендей қайдан болайық. Одан бері де талай сұрапыл өтті ғой. Сен, атеке, туған жердің топырағы бұйырмай түркпеннің жерінде қалдың. Баяғыда Қарабұғазда кешқұрым үйдің көлеңкесінде шариғат айтысып отырып, қайта-қайта қызыл шеке боп дауласып қала беретін құрдасының жеуміт Жұмагелді бар емес пе еді. Жаназаңды сол шығарды. Оған енемнің теңінде жатқан, сіз баяғыда ұрын барғанда буынған күміс кісені бердік. Қасына жайнамазыңыз бен таспиығыңызды қостық. Қараңызға біреу алып кетеді деп қорқатын қара тайлақ сойылды...
Сіз дүние ауғасын енем бұрынғыдан бетер күйгелек боп кетті. Үйден шығады да, жымысқының жүзіндей жымпиып жатқан құба шөлдің көз жетпес қиырына тел-міреді де отырады. «Кетейік, өлсек сүйегіміз туған жерде қалсын»,- деп бізге тыным бермейді. Содан балаңыз екеуміз қызметімізден шығып, айда-жылда бір қатынайтын кемемен елге тарттық. Баяғы мен түсетін судың басында колхоз ұйымдасқан екен. Соған кірдік. Енем енді біз таңертең жұмысқа кеткенде ағыл-тегіл жылап қалады, кешке келгенде ағыл-тегіл жылап отырады. «Келін алғаныма пәлен жыл болды. Әліге дейін үйімнен іңгә шықпады. Мен құдайға не жаздым!»- деп зарланады. Соны естігенде қара жерге кіріп кете жаздаймын. Апырай, шынында да, тас емшекті жібітетіндей қай қырсыққа тап болдым деп таусылам. Сахараның самиян ауасында өскен сорлы басым шаңы бұрқыраған ащы тосапқа түсіп, тізеден теңіз кешкен ауыр жұмыс істеймін деп әйелдің жарық дүниеден көретін жалғыз бақыты - аналық қуаныштан айырылғаным ба деп қорықтым. Қорыққанда жалынғаным-жалбарынғаным өзің болдың, атажан. Алдыңнан кесе көлденең өтпеп ем, бетіңе жел боп келмеп ем. Содан ба, аузыңыздан «айналайын келіннен» басқа сөз шықпаушы еді. Мынау ұлан-асыр дүниеде тек бұлтиған қызыл төмпек боп емес, баяғы сол ағынан жарылып, ақтарылып асып-төгіліп жүретін ақ пейіл қалпыңызда қалсаңыз керек. Көзімізге көрінбегеніңізбен бұрынғыша тілегіңіз біздің үстімізде боп, желеп-жебеп жүрсеңіз керек. Мен елге келген соң екі жылдан соң жас нәресте көрдім. Енем пақыр пәлен жыл сарғайтқаныңда қыз тудың деп тулайды ма деп едім, жоқ суды өзі жылытып, жөргекті өзі жуып, аузыма сорпа ұстап жадырады да қалды. Бұрын қимылымның бәріне қыржыңдап отыратын қара кемпір енді сәл қозғалсам қосақтаса жүгіріп бәйек болады. Немересінің атын Іңкәр қойды. Түн ортасында қол басындай құндаққа айналып-толғанып жүргенін көргенде кеудемді жарып бара жатқан бір алапат сезімнен әрі мырс-мырс жыладым, әрі селк-селк күлдім. Балаңыз: «Мына біздің үйдің әйеліне не көрінген, есі дұрыс па өзінің?»- деп бүйірімнен түртіп қояды. Есім дұрыс еді... Дұрыс болғанда қандай... Бауырыңнан шыққан шаранаға шаңырағыңның астындағы барлық жан өзіңнен өтіп бәйек боп жатса, естің одан артық дұрыстығы, көңілдің одан артық мастығы болушы ма еді! Мен сонда, жан ата өзімді осындай көл-көсір қуанышқа бөлеген, кішілік ізетім мен ықыласымды маңдайымның бес елі бақыты қып қайтарған өзіңіздің ақпейіл аруағыңыздан айналдым. Сол ұлан-асыр шаттығымнан болар, кішкентайым емшектен шықпай жатып тағы да талғадым. Бұл жолы, ата, дәл өзіңізге тартқан мұрны қолағаштай ұл тудым.
Толғағым сондай жеңіл болды. Құм бойында отыр едік. Қыс тақалып қалған. Балаңыздың сыры өзіңізге мәлім. Шаруаға, әсіресе үйдің күйбеңіне сондай қырсыз. Кеш түсті-ақ, ауылдың жігіт-желеңі, қыз-қырқыны жиылып ап сауық құрады, ән салады, күй тартады. Жөргекте де домбыра құшақтап жатқан сіздің балаңыз сақал- мұрты үйте-түйте шал болғанымен шаруасы жоқ, үкілері бұлғаңдап билеп жүрген бала қыздардың қасында әукесі салбырап, ұялмай-қызармай күй тартып отырғаны.
Шал деймін-ау, ол пақыр осы қара шаңырақтың астынан ақырғы рет шыққанда отыздың дәл үшеуінде еді. Осы күні оның жасындағылар әлі күнге бойдақ жүр.
Сіздің балаңыз той-томалақ болса, үйді, қатын-баланы ойлаушы ма еді. Жоғалады да кетеді. Енем байғұс күні-түні бесік пен ошақтың арасында күйбең-күйбең. Амалсыз, ай-күніме жетіп отырсам да, қызыл шағылдың арасынан арқа-арқа отын тасимын. Бір күні кешқұрым сілем құрып үйге зорға жетіп, енді тізе бүге беріп ем, балаңыз сауық кешіне киініп баратын ақ көйлегімді жуып қоймапсың деп дігірлей жөнелгені. Бұрын бетіне келмеу-ші ем, сол күні не түлен түрткенін білмеймін: «Басқалардікі жөн-ақ болсын, осы сенікі не құтырыс!»- демесім бар ма! Оң жақ иығымның дыз ете қалғаны. Балаңыз қамшысымен бір тартып, жайбарақат шығып барады. «Әй, мына күшік қайтеді-ай!»- деп енем байғұс күңк етті.
Ол кезде ата-ененің көзінше күйеуімнің қолы тиіп кетті деп, өз бетіңді өзің тырнап долданатын жағдай бар ма?! Сазарып отырдым да қалдым. Түнде тамақтан соң енемнің төсегін салып, баламды бесігіне бөлеп, шамды сөндіріп, түндікті жауып, сырттағы отынды шық-шылам тиіп, су болмасын деп тоқым-соқыммен қымтап, көрпеге кірген соң, енемнің ұйықтағанын естіп барып, дымымды шығармай, сығылып кеп жылайын. Оныма құлақ асып жатқан күйеу, сірә жоқ, қызыл отаумен бірге қыр асып қыдырып жайына жүр. Ертеңіне енемнің шайын құйып бере сала, тағы да отынға тарттым.
Сол күні жолымның болғаны-ай! Әншейіндегі судыраған қу шырпы емес, теңкиіп-теңкиіп томар ұшырассын кілең... Буа беріппін, буа беріппін. Қайтарда тай қазан толы тамақты ошақтан талтайып тұрып жалғыз өзім түсіре беретін сорлы басым арқама албасты мінгендей болдырайын кеп. Екі жіліншегім жеміріліп жерге кіріп барады. Оның үстіне құм ит жегір аяғыңды бассаң суша сусып, әлдеқайда сырғанай жөнеледі. Таудай-таудай Кызыл шағылдан төмен түскен, жоғары шыққаннан гөрі әлдеқайда жеңіл сияқты еді. Со күні арқамды жүктің барлық салмағы бауырыма түскендей еңкейе де, аяқ баса да алмай қойғаным. Тістеніп ап, ақ тер-көк тер ілбіп келем. Құм етегіндегі төрт-бес үйдің шетіне итшілей-итшілей жеттім-ау ақыр. Ық жаққа арқадағы отынды түсірместен отыра кеттім. Көзім қарауытып барады. Бір уақытта не өзімнің, не басқа біреудің шар ете қалғанын білмеймін, құлағыма әжептарқы дауыс келді.
Соны естіп сыртқа жүгіре шыққан енем:
- Мырза құдай-ау, мына бейшара босанып қапты ғой,- деп етегіне сүрініп дызақтап жүр.
Мына жоқ көзіңізді тірілтіп, қақырадай қып төрге іліп қойып отырған жаман немереңіз жарық дүниеге солай келген, ата...
Содан енем байғұстың қайта туғандай өзгеріп кеткені. Өзіңіз білесіз ғой, қолына не түссе де қыдырма ермелі шебер жасаған қарағай сандыққа тоғыта беретін де, кілтін шаш бауына байлап, тұмар құсатып бойынан бір тастамайтын. Әлгі жаман немересі туғасын қай дүниенің қайда қалғанымен еш шаруасы жоқ. Екі бесіктің ортасында арбалған торғайдай күні бойы қыбырлайды да жүреді. «Әйелің ұл тапты!»- хабар жеткен бойда, алдында ғана бұтқа толып кеткен балаңыз - екі етегімен екі босағаны сыпырып далаңдап кіріп келді.
Енді кеп мен бұртияйын. Күллі бір әулеттің бөркін дағарадай қып, маңдайы жарты қарыс ұл тапқан қатынның бұтқа толғанын қай қазақ ауырсынушы еді. Қалжасы үзілмесін деп үйдің оң жағын қан сасытып жібергендері. Кіндік кесерге қашар, азан шақырғанға сүйек бас ер, қарын шашын алғанға тоқтылы саулық аталды. Сүйтіп ағыл-тегіл шашылып баққан балаңызға баяғы бір қолы тигенін кешірмей жыл он екі ай жауыр аттай қыржыңдадым да жүрдім-ау мен бейбақ. Соны ойласам осы кезге дейін бетімнен отым шығады, атажан. Қатын байғұс қай кезде басындағы бақты бағалай білген. Қойнымда - күйеуім, бауырымда - ұл-қызым, төбемде - қара шаңырағым, қазаным - булы, жөргегіміз - сулы, азғантай мәпахамның исін күңірсітіп бас аман отырғанда неге ғана жоқтан өзгеге ренжіп, неге сонша тұлынымды түттім екен деп өкінем. Сөйтсем, атажан, адамның басындағы бақыт деген де есіктің алдындағы аузына тепсең де үндемейтін қой төбеттей қашан қораңа қасқыр шауып, қойыңды алдырғанша қадірін біле қоймайтын өте бір елеусіз нәрсе екен ғой. Әйтпесе, еркек жарықтықтың қазір көк аспанды төбеңе әкеп төңкеріп жіберетіндей шатырлағанымен, қазір-ақ шайдай ашыла қалатын өткінші ашуына бола сонша талағым тарс айрылардай не бар еді. Еркектің қолы тимегенде мүйізіміз шығатын болса, міне, отыз жылдан асты, жүгенін сыпырып қоя берген тұл байталдай жал-құйрыққа шаң тимесе, жан тимей жүрміз ғой. Қайда, әлгі, адыра қалғыр, қарағайдай боп шыға келетін мүйіз! Осы күні соны ойлағанда, атажан, ет-жүрегім ғана елжіреп қоймай баяғыда балаңыз қамшымен тартып жіберетін оң жақ ұнжырғам да бір түрлі тәп-тәтті боп балбырап бара жатады. Ол байғұс басқалардай тымырсық тоңмойын емес, ақ көңіл еді ғой. Ақылы қысқа әйелдің баяғы бір тортаң-тосыраңын жүрегіне зіл қылып о дүниеге өзімен бірге әкетпей әлдеқашан кешірген шығар, жан ата. Артындағы тұяғын итше тістелеп, бір қараға жеткізіп қалдым. Енді, міне, жеті ата, тұқым-тұяғы білмек түгілі естімеген өнерді бастап отырысы мынау...»
Бұл осының бәрін ойда жоқта көз алдына сайрап тұра қалған атасына даусын шығарып айтты ма, жоқ өзімен өзі сөйлесіп отырды ма, әйтеуір есіктің алдында үш аяқты мосыдағы сырты бес батпан күйе қара шайнек бұрқ-бұрқ төгіліп, быжылдай жөнелгенде ұйқыдан оянғандай селк ете түскені.
Сол күні түс қайта жұмысқа құр атқа мінгендей сергек аттанды. Енесі өлгелі ешкіммен сырласпап еді, көкірегіне көптен бері сілті боп тұнып жатқан біраз зілден арылғандай.
Қара бала қағаз күйелеуді көбейтті. Ол кезде бұл сурет салуды оқу баласының көп ермегінің бірі деп қана түсінетін. Кейін баласы үлкен қалада оқуда жүргенде бір күні ойда жоқта баяғы шопан қайнағасы келе қалсын:
- Келін-ау, не білгенің бар? Әлгі біздің қисық бастың оқуы не оқу өзі? Ел асып, жер асып кеткенге райкомдықтың оқуы ма десем, тіпті зоотехниктікке де аспайтын бірдеңе дейді ғой. Бізден де қара танитын біреу шығып, көзіміз ашыла ма десек, бұ қу сирақ, өнбес нәрсенің соңына түседі. Бәрі сенен. Я өзің айтпайсың, я басқаға айтқызбайсың. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген, қарғыстың ең жаманы деуші еді. Сол аумай-төкпей келді де қойды,- деп астындағы шәлтік торыны төпей қамшылап шауып ала жөнелсін.
Сонда бұның қорланып жылағаны-ай. Қисық бас неме сандығының түбіндегі кек ала түйіншектің арасындағы бір бума көк қағазды қалтасына салып ап, ауданға бара жатқан машинаның қорабында мойны қылқиып жападан-жалғыз кете барған. Бұл көкірегі тарс жарылайын деп тұрса да, алыс жолдың алдында дауыс шығарып, жаман ырым жасамайыншы деп, баласын омырауына бір қысып, маңдайынан сүйіп қала берген. Исі бұрқыраған салдырлақ машина ыңыранып жел жақтағы құмақ жал-дың басына көтерілгенде, шапанын жамылып ауыл сыртындағы қалың шидің арасында ауданға апаратын қасқа жолға қарап түзге отырған. Алыс сапарға аттанып бара жатқан адамның артынан әйел түзге отырса, жолы болады деуші еді. Жалғызының жолы болғай...
Сөйткен ұлынан қандай оқуға түстің деп те сұрамапты. Телеграммасы келгенде марқа сойып, ауыл үйдің үлкендерін жинап бата алды. Содан бастап бұның көңіліне бір тоқтық бітті, бұрынғыдай шаршамайтын, бұрынғыдай жалғызсырамайтын болды. Колхоз жарықтықтың бірінің артынан бірі шығып тұратын шеткіз-шексіз көп жұмысынан қанша қажып келсе де, күрең шайға қанған соң, ертең баласы оқу бітіріп келген күні жарқ ете қалғалы тұрған жаңа дәуренін ойлайды да, екі иінін басып отырған батпан зілдің қайда қалғанын білмей қалады. Бес жыл деген немене тәйірі. Бүгін туған шарана әлі өз бетімен түзге отырып келе алмай жатып өте шығады. Сосын ылғи сақманшы ауылда, пішенші ауылда, қорашы ауылда көшіп-қонып жүретін бұл колхоз орталығына барып жалп етіп отыра кетеді. Оқыған кісі я мал дәрігері, я адам дәрігері, я мұғалім боп оралатын. Үшеуі де сорлы емес. Бұның қарағы да оқуды жаңа бітірген жас маман боп шіреніп келеді де, бір жайсаң жаңа үйге ен салады. Бұ заманда азаматқа дүние-мал уайым болмай барады ғой. Тек аяқ-қолына амандық берсін. Бірер жыл қызмет жасаған соң, мынау талайғы төрт қанат шатпаны тастап, күмбірлетіп алты қанат ақ үй де көтерер. Осы күннен абысын-ажыны балаң келіп, жаңа үй көтерсең, бір-екі қап жүн мен бір-бір өре киіз мойнымызда деп жүр. Уыздай ақ үзік, суына қызыл жүгіртіп, қошқар мүйіздеп ойған ақ дөдеге, бір көш жерден көзіңді шағып тұратын ақ жұмыртқа алты қанат үйдің іргесі аттан, қарын көк сауырлап әшекейлеген, күлдіреуіші қолдың саласындай тып-тығыз әдемі шаңырақ, қынаға қандырып бояған иінді қан күрең уық, сүйегі балғадай кісі бойы тор көз кереге, ені үш қарыс қалы басқұр, майда тоқылған қалы үзік бау, төбеңнен күлтеленіп төгіліп тұрған уық бау, жан-жағың жайнаған масаты кілем - күмбірлеген кең отаудың төрі қонақтан босамай, «осы үйдің дастарқаны таза, тамағы тәтті» деп саудырап қаланың қонағы түсіп жатса, «бұл үйдегі келіннің қабағы жазық, шайы қою»,- деп қаудырлап даланың қонағы кіріп жатса, «апа, меймандарға мал алдырайық па»,- деп қипақтап баласы кеп тұрса, «ене, қонақ жүргелі жатыр, әйеліне қандай көйлек салайын»,- деп келіні сызылып тұрса, «әже, апама ұйысшы, кәмпит беймейді»,- деп өкіріп немересі иығына жабысып жатса, «иә, құдай, берге-ніңе шүкір»,- деп мамық көрпенің үстінде бұл отырса, пенде пақырға одан артық бақыттың қажеті қанша?!
Қашан келсе де, әлденеге көңілі бітпей, өз-өзінен тортиып жүретін шопан қайнағасының жазықсыз тұғырдың басы-көзіне қарамай жаудыра жөнелген көп қамшысы бұның көз алдында көптен мөлдіреп тұрған әлгі бір әсем көріністі күл талқан қып күйретіп кеткендей көрінді. Зоотехниктікке де жарамайтын сонда ненің оқуы бұл? Бір мектептің маңдай алдысы болғанда ол бейшараны сонша не қара басып жүр?
Адам баласына тісінен шығармаса да, жанын жегідей жеп жатқан осы бір дүдамал қара баласы қашан: «Апа, үй алдық!» деп бір парақ қызыл құйрық қағаз әкелгенге дейін бір бүйрегінде бүк түсіп жатқан да қойған.
Ауылдан аттанарда:
- Көз көрген сары аяқ келін едің, мына оқымысты неме ит арқасы қиянға алып барады. Енді көреміз бе, жоқ па?- деп жылап қоштасқан шопан қайнағасына бұл:
- Қайнаға, бауырымдағы жалғыз балам ат жалынан тартып мінер жасқа жеткесін қайда барам, не істеймін, кімді алам десе де, жолына тұрмаспын, қолынан қақпаспын, қасына ерқара боп еріп жүрермін. Ажалым жеткен жерде қалармын деп аруаққа айтқан сөзім бар еді. Сол уәдем - уәде. Жалғыз ғой, қасымызда отырып қарамызды көбейтпеді деп ренжімеңдер. Қайда жүрсе де аман жүргей деп тілегін тілерсіңдер. Ал, ағайын, аманшылыққа жазсын!- деп жүріп кеткен.
- Айналайын, әйел де болса, ақылды еді. Жолы болсын!- деп қалып бара жатқан үлкендер кемсеңдескен.
«Иә, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай тістелеп жеткізген қарағым қасымда жүрсе болды да. Қия шеттегі бөтен қала, бөтен молада атасы жатыр. Қай бұтаның түбінде қалғаны белгісіз әкесі жатыр. Менің жаным, менің сүйегім солардан артық боп па! Жер таңдайтын, мола таңдайтын жайым жоқ. Жалғызымның қолынан бір уыс топырақ бұйырып, қара жердің астына кірсем армансызбын»,- деп кедір-бұдыр жолда сылдырлақ машинаға қосыла тербеліп бұл келе жатты.
Қос қапталда көз бен көңілді қып-қызыл шоқ боп қарып таныс төбе-шоқылар қап барады. Алыс-алыс дөңдерден сағым шалып ата-баба зираттары бұлаңытады. Ойда жоқта тасадан шыға кеп тырағайлай қашқан қара құйрық үйірі анадайдан қайта табысып, одырая қарап қалады. Айыр құйрық ақ бауыр қарлығаш жолды қайта-қайта кес-кестеп шырқ үйіріліп шықпай жүр.
Туған жердегі көзге ыстық көріністер алыс сапарға аттанып бара жатқан бұны қимайтындай жан-жақтан анталай мойын созып, ұзақ тербеліп тұрып алды.
Поездың үстінде түс көрді. Тымағы жалпылдап атасы ат үстінде жүр. Бұл, апырай: «Қашанғы қара шаңырақты құлатып қайда барасыңдар?»- деп ақырар ма екен деп қыпылықтайды. Атасы ондаймен шаруасы жоқ, анадайдан қолын бұлғап қояды. Бір қызыл құйрық түлкіні қуып барады. «Бұл кісінің саятшылық өнері жоқ еді ғой»,- деп таңданып жатып оянып кетті.
Сөйтіп, жер түбінен ентелеп келгенде жат біреудің босағасына кірді. Балам ер жетіп, өлгенім тіріліп, өшкенім жанады деп жүргенде кісінің қасы мен қабағына қарайтын болдым-ау деп налыды. Есіне шопан қайнағасының баяғы сөзі түсті.
Енді, міне, ұлы жарқыраған жаңа пәтердің төбесіне бір, еденіне бір алақтап тұрған анасына жымсия күле қарайды.
Бала жарықтық жер түбіндегіні ұмытпайды-ау:
- Апа, менен де адам шықты ма?- деп тісін ақситады.
- Шықты ғой, құлыным! Шыққанда қандай!
Бұ да баяғы шопан қайнағаның сөзін еске ап тұр-ау. Пақыр: «Ала қағаз мал болады ғой деп отырсың ба? Неге шаруа үйретпейсің!»- деп бажылдаушы еді. Дүние-дәулетті алдындағы тоқтышақтың төрт борбайының төңірегінен іздеп қалған байғұс ала қағаздың өзі мал болмағанмен, одан түсетін көк ала, қызыл ала қағаздың мал бола алатынын қайдан ескере қойсын...
Шашы қысқа, ақылы ұзын шопан қайнағасынан гөрі шашы ұзын, ақылы қысқа ауыл әйелдерінің айтқандары көбірек келген сияқты. Ал, асты тақтай, үсті тақтай, ортасы шылдырмақтай ақ пәтерге кірді. Ал, жұмсақ көрпені төрт бүктеп төсеп, қақ төрге қақырайып кеп отырды. Ал, енді әлгі баласының бір күні ігір де жоқ, мігір де жоқ білегінен жетектеп әкеп кіргізетін шүйке басы қайда?
Басына ақ байлаған қай әйелдің де қорқа күтетін бір күні, қуана күтетін бір күні бар емес пе? Бұл қорқа күтетін бір күнінен құтылды. Қызы жанды-жақты, шаруаның қаққанда қанын, соққанда сөлін алатын іскер, пысық тұқымға тап болды. Бұл жат жұртқа жаралған перзентінің өзі неғып жүр, бала-шағасы неғып жүр дейтін уайымнан, Алла сәтін салып, құтылды. Ал әлгі қуана күтетін күні жаңа үйге кіргесін ертеден қара кешке көлдей терезеге телмірумен күн өткізетін қақыра жаулық қара кемпірге шын уайым болып алды.
Баласы ерте кетеді. Кеш келеді. Кейде жоқтан өзгеге көңілденіп жайнақтап келсе, кейде иіннен су кетіп, қажып оралады. Бұның сұрағын жерге тастамайды. Аяғын шешер-шешпестен аузы жалпылдап түсіндіре бастайды. Бірақ бұл бәрібір ұқпайды. Сонысын бірден түсініп қалған қу бала қазір босқа аузын ауыртпай:
- Жай, әншейін,- дей салатын болды.
Күні бойы құр құлақ отырған кісіге жалғыз ауыз «жай, әншейінің» не кенеу болатын еді!
Кеше ғана қай жері ауырып, қай жері сыздап, неге ренжіп, неге қуанып отырғанын алақанындағы нәрседей түп-түгел біліп отыратын ішінен шыққан перзенті бүгінде өз сыры, өз құпиясы, өз дерті, өз уайымы бар бөлек, бөтен біреу боп шыға келгені. Оның жанына баса көктеп қол сұғуға қақың жоқ. Қай жерің ауырып отыр, тәбетің неге шабады, тағы қандай мұң-мұқтажың бар деп қақылдай бере алмайсың. Өзіңдей кісінің бостан-босқа басын ауыртқың келмейді. Ертелі-кеш дастарқаныңды жайып, тапқаныңды аузыңа тосып, қас-қабағын аңдып бағасың. Ұйықтап қалса, терезенің булығы ашық па, жабық па, жастығы аласа ма, биік пе, көрпесі жұқа ма, қалың ба - бәрін қарап, бәрін тексеріп аяғыңның ұшынан басып жүргенің. Тіпті айналып, толғанғаныңды да бұрынғыдай дауыстап айта алмайсың. Ішіңнен күбірлеп, не басқа бөлмеге, өз төсегіңе барғанда жынды кісідей өзіңмен өзің мылжыңдасып отырғаның.
0 дауыс
Кісіге жалғыздық деген осылай келеді екен. Бір бөлмеде көкірегін кеулеп бара жатқан құсасын ақтара алмай бұл жалғыз, екінші бөлмеде сырттағы жұртқа сездірмей тістеніп келген сырын айтатын адам таба алмай жалғыз. Ол екеуін жалғыздықтан құтқаратын, баласының қабағы неге түсіңкі екенін сұрағанда, көзбен көріп, қолмен ұстатқандай қып айтып беретін бір тілмәш керек сияқты.
Ол тілмәш - басқа бір шаңырақта туып, басқа бір әйелдің бауырынан шыққан шүйкебас. Сол шүйкебастың шүлдірінсіз бір-біріне дегенде шығарға жандары басқа екі адамның әңгімелері қиысатын түрі жоқ. Онсыз мынау жүйкені жеп, жүректі кеміріп жатқан мына тыныштықтан құтыла алатын емес.

...