0 дауыс
3.1k көрілді
шоқан уәлихановтың манас жырын жазудағы жетістіктері керек?

1 жауап

0 дауыс

Аққан жұлдыз

Қырғыз хандарының ұрпағы және орыс армиясының офицері Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов шығыстану көгінен құйрықты жұлдыздай ағып өтті. Орыс шығыстанушылары оны бір ауыздан ерекше құбылыс деп мойындап, болашақта түркі халықтарының тағдыры туралы ұлы және маңызды жаңалықтар ашады деп үміттенген еді, бірақ Шоқанның мезгілсіз дүние салуы бізді бұл үміттен айырып отыр. Ол 30-ға да толмастан өкпе ауруынан қайтыс болды. Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорт Уәлихановтың айрықша қабілетті екенін байқап, оның ғылыммен айналысуына барынша жағдай жасады және ғылым әлеміне тамаша нәтиже әкелген Қашғар сапарына баруына жәрдемдесті. Уәлиханов Қашғардан оралған кезде Гасфорт сапардың есебін реттеуге өзі қатысып, кейіннен Уәлихановқа Петерборға барып келуіне жағдай жасады. Қашғар сапары туралы жазбалар осы тамаша адамның негізгі айтулы еңбегін құрайды; қалған мақалаларының басым көпшілігі толық аяқталмаған немесе кіріспе күйінде қалған және бұл мақалалардың дені қолжазба емес, өзгелердің көшірмесі ретінде сақталған1*1. Қолжазбаны көшіруші өз тапсырмасын мүлтіксіз орындады деуге келмейді, Уәлихановтың жазуы өте түсініксіз болғандықтан, қайталап көшіруде бос қалған жерлер көп немесе сөздердің мағынасы бұрмаланған, ал автор неге екені белгісіз, түзетулер жасамаған. Дегенмен де, Уәлихановтың барлық ізденістерінің маңызы соншалық, Орыс географиялық зерттеу қоғамы 1867 жылдың 24 сәуірі күнгі мәжілісінде Ш. Ш. Уәлихановтың соңында қалған барлық мұраларын басып шығаруды ұйғарды. Бұл шешім сол кезде жүзеге аспай, Уәлихановтың өңделуге тиіс біраз мақалалары әркімнің қолында кетті. Мәселен, В. В. Григорьевтің қағаздарының арасынан, мен Шоқанның екі дәптерін таптым, біреуі Едіге туралы қырғыз аңызы, екіншісі - оның ықшамдалған орысша аудармасы*2.

1887 жылы Г. Н. Потанин Уәлиханов шығармаларын басып шығару туралы мәселені қайта көтерді және дала генерал-губернаторы Г. А. Колпаковский баспаға қажетті қаржы жайын қарастыруға келісім берді*3. Бірақ Колпаковский көп кешікпей Петерборға қызметке ауысып, бұл мәселе тағы тоқтап қалды. Сол кезде Г. Н. Потанин менен Уәлихановтың жарық көруге тиіс жинағына редакция жасауымды және баспагер табуымды өтінді. Өз жұмысым қиын болса да, бұл істің жеңіл еместігіне қарамастан, Шоқан Уәлиханов аруағының ризалығы үшін және шығыстануға үлес болсын деп бас тартпай, оның жазбаларын қарап шығуға келістім. Бұл жұмыс мен ойлағаннан да күрделі болып шықты. Өкінішке қарай, Г. Н. Потанин маған түпнұсқамен салыстырылмаған көшірмені беріпті, ал олардың біразының түпнұсқасын табу мүмкін болмады2.

Кейіннен, Потанин мырза арқылы Уәлихановтың бастапқы жазбаларын алдым. Оны К. К. Гутковскийдің қызы К. К. Гутковскаядан алдым.

Менің өтінішім бойынша Г. Н. Потанин мен Н. М. Ядринцев Шоқан Уәлиханов туралы естелік жазды. Сондай-ақ, менің қолыма оның отандасы, Түркістан өлкесінде қызмет еткен және 1891 жылы Ресей консулы қызметінде жүріп Джидда3 қаласында  тырысқақ ауруынан дүние салған И. И. Ибрагимовтың естелігі түсті. Уәлихановты жақсы білетін С. Я. Капустин бұл басылымнан бөлек, өзінше оның толық өмірбаянын жазып шықпақ ойы болған, бірақ онда Уәлиханов туралы еш мағлұмат айтылмаған, кіріспе сөзбен ғана шектеліпті*4.

Орыс географиялық қоғамының кеңесі, менің мәлімдемемнен кейін Уәлихановтың шығармалар жинағын басуға қажет қаражатты бөлуге шешім қабылдады, солайша мен баспа ісіне кірістім. Бірақ мені өте қынжылтқан жағдай: Уәлихановтың негізгі жұмысы «1858-59 жылдардағы Алтышар немесе Қытай провинциясы Нан-Лудың (Кіші Бұхар) алты шығыстық қаласының жағдайы туралы» деп аталатын мақаласының түпнұсқасын ала алмадым, бұл мақала қоғамның «Жазбаларында» ұқыпсыз редакцияланған, өте көп қате кеткен. Тек мақаланы теру кезінде мен Уәлихановтың Сыртқы істер министрлігі мұрағатында сақталған есебімен танысу мүмкіндігіне ие болдым. Есеп көшірмеші қолымен жазылған, кей жерлеріне Уәлиханов өзі түзету енгізген.

Бұл мәтіннің осы томдағы барлық күмәнді тұстарын мен бөлек орналастырдым (398-403 бб.), қалған қосымшалар өзгеріссіз берілді.

Бұл ғасырдағы Шығыс Түркістан туралы біздің мағлұматтарымыз негізінен ол жаққа барып келген сібірлік көпестер арқылы жиналды. Осы саладағы ең тамаша еңбек біздің казак корпусында қызмет еткен қырғыз сұлтаны Уәлихановтың еңбегі болып табылады. 50-жылдардың басында ол Шығыс Түркістанға саудагер ретінде барып біраз қолжазба жинады. Ол Шығыс Түркістан болып саналатын Жоңғария мен Алтышардың (Алты қала) сипаттамасын жасады. Бұл еңбек 1861 жылы жарық көрген «Географиялық қоғам жазбаларында» жарияланған. 

А. Н. ПЫПИН

Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов туралы

Қырғыз Шоқан Уәлихановтың өмірбаяны өте қызықты құбылыс - азиялық және еуропалық қасиеттердің қосындысы. Шыққан тегі бойынша Уәлиханов өздерін Шыңғысхан тұқымымыз деп есептейтін қырғыз аристократиясына жататын (ол 1830 жылдың екінші жартысында туған)*1. Ол - қырғыздың соңғы ханы Уәлидің немересі және Орта жүз қырғыздарының Ресейге қосылуы орын алған кезде билік құрған Абылай ханның шөбересі. Шоқан қырғыз даласында, Құсмұрын (Тобыл губерниясы, Петропавлдан оңтүстік-батысқа қарай) мекенінде туған. Мұсылманша есімі - Мұхаммед-Ханафия; Шоқан - еркелеткен аты. Ол кезінде өз әкесі білім алған, қырқыншы жылдары казак әскери училищесінен кадет корпусы болып өзгертілген Омбы кадет корпусында оқыды. Шоқан бір ауыз орысша білмей корпусқа түсіп, 1853 жылы офицер болып шықты (өз қатарластарынан бір жыл ерте бітірді, себебі басқа ұлт өкілі болғандықтан арнаулы әскери ғылымдарды тыңдауға құқы болмады).

Ол сол кездегі Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфортқа адъютант болып тағайындалды. Шоқанның дамуына ең алдымен оның өз табиғи дарыны себеп болса, екінші жағынан Омбы қоғамының біраз білімді адамдарының оған өзге ұлт өкілі ретінде ықыласы әсер етті. Гутковскийлер, Капустиндер, марқұм С. Я. Капустин оның ең жақын достары болды. Гутковский губернатордың жолдасы, Сібір қазақтары облысының меңгерушісі болған кезде, Шоқанмен арасы жақындай түсіп, оған қырғыздарды басқару туралы жазба дайындауды тапсырды1.

Сол жылдары Батыс Сібір өлкесін аралаған П. П. Семенов Шоқанға қызығушылық танытып, оны ерекше тұлға деп таныды, оның білімділігіне және Түркістан туралы әдебиеттерді көп оқығанына таңқалды. Уәлиханов қазанамасында айтылғандай (П. П. Семеновтың мәліметтеріне сүйене жазылған), 1858 жылы (Шығыс Түркістандағы үзіліссіз толқулар мен көтерілістер себебінен Батыс Сібір басшылығы) «Қашғар жағдайы туралы жергілікті жерден нанымды мағлұматтар алу үшін және бұл өзі әбден қолдан келетін, мүмкіндігінше жан-жақты зерттеп, біліп келетін, Орталық Азияның осы бөліктеріндегі сауда жолдарын зерттеу үшін сенімді адамды аттандыру қажет болды. Тапсырма өте қауіпті болды, оны орындайтын адам батыл шешімді, көреген, байқағыш, сонымен қоса татар тілі мен шығыстық салт-дәстүрді білуі керек болды, себебі азиялық киіммен жүру керек еді». Бұл шарттарға Уәлихановтан артық сай келетін адам табу қиын еді. 1858 жылдың маусымында ол семейлік бай сарт көпестің керуенімен ертеректе Қашғарда өмір сүріп, кейіннен Ресейге қоныс аударған отбасынан шыққан жас сарт саудагер ретінде. Әлім деген атпен аттанды. Уәлиханов шашын тақырлап алғызып, азиялықша киініп, Семейден керуенмен шықты. Керуен Қашғарға аман-сау жетті, ал 1859 жылдың көктемінде қазіргі Верный қаласына оралды. Қазанамадан: «Бұл саяхат географиялық ерлік болды. Марко Поло заманынан бері осы қалада өлтірілген бақытсыз Адольф Шлагинтвейтты айтпағанда, Қашғарға бірде-бір еуропалық кіре алған жоқ» - деп оқимыз. Шоқанды өзі атын алған Әлімнің*2 туыстары қарсы алып, оған қуанып, оның оралу құрметіне той жасалып, сұлу қалыңдық тауып (жергілікті салт бойынша қалада тұрған кезде) Шоқанды үйлендірді.

Қашғар өлкесі бұл кезеңде енді ғана төңкерісті бастан өткерген болатын, оны жасаған көтерілісші Якуб бек2 еді, сондықтан өрттің жалыны әлі басыла қоймаған. Уәлиханов Қашғар алаңынан адамның бас сүйегінен тұрғызылған пирамиданы көрді, тұрғындар солардың арасында Шлагинтвейттың да басы бар десті. Қашғардағы билік басындағылар Әлім атын жамылған орыс офицері жасырынып жүр деген хабар алды, бірақ ол тым кеш жетті: керуен Ресейге оралып үлгерген еді. Қашғардан қуғыншылар жіберіліп, алайда олар керуенді қуып жете алмады, ол орыс шекарасынан өтіп кетті.

Шамасы кадет корпусының тас қабырғасындағы өмірден бастап Шоқанның денсаулығына зиян келген болар. Оны әр жаз сайын туған жеріне жіберіп тұрғанымен, бірақ бұл сапарлардан жинаған күш-қуат ол қыс бойы жоғалтқан денсаулығын қалпына келтіре алмады. Қашғар сапары аяқталғаннан кейін оны Петерборға шақырды, бірақ астананың ауа райы мен өмірі оның денсаулығын одан әрі төмендетті: одан өкпе ауруының белгісі табылып, дәрігерлер келесі жылы туған даласына қайтуға кеңес берді. Бұдан кейін ол қырда өмір сүрді (Көкшетау округінде), қыста Омбыға барып тұрды. Генерал Черняев Ташкентке алғашқы экспедиция шығарған кезде, Уәлиханов бұл сапарға шақырылды, бірақ әскери жорықтарға төзбей және генерал Черняевпен іс жүргізу барысында келіспеушіліктер туып Верныйға оралды. Оның дерті меңдеп (Құлжа өлкесімен шекаралас) қырғыз ауылында 1864 жылы 31 жасында дүние салды.

Уәлихановтың баспа бетінде жарық көрген жазбалары санаулы ғана, олар Географиялық қоғамының басылымдарында жарияланды: «Жоңғария очерктері» («Жазбалар», 1861 ж., I II кітап), «1858-59 жылдардағы Алтышар немесе Қытай провинциясы Нан-Лудың (Кіші Бұхара) алты шығыстық қаласының жағдайы туралы» (сонда, ІІІ кітап), 1868 жылғы «Географиялық қоғам хабаршысында» (ІV т. 2 бөлім) Уәлихановтың Қашғарға сапары туралы хабарландыру басылған*3.

Бірақ Уәлиханов жинаған мағлұматтардың бәрі басылған жоқ. Оның қолжазбалары із-түссіз жоғалып кетті4. «Орта Азия тарихы, этнографиясы және географиясы жайлы материал жинау үшін Уәлиханов ешнәрседен аянбады, - делінген қазанамада, - өз халқының аңыз, әңгіме, поэма, қисса-дастандарын мұқият жазып алды, өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, ескі жәдігерлерді сатып алып, көне қолжазбаларды жинады... Уәлиханов өз еліне терең адалдығын сақтады, ол қазақ өмірін сүйді, сонымен бірге батыс өркениетін бағалай алды, өз халқының болашағын тек Ресей қанатының астынан көрді». Уәлихановты жақсы білетін адамдар оның ақыл-ойының келістігі және бағыт-бағдары жағынан орыс батысшылы болғандығын айтады: Ол Ресейді шын жақсы көрді, оның кемшіліктерін көре білді, жақсы адамдармен бірге оның жаңаруын шын жүректен тіледі. Шоқан алпысыншы жылдардағы қозғалысқа қызығушылық танытты. Діни тұрғыдан алғанда ол еркін ойшыл болды, бірақ өз халқымен байланысын үзбес үшін мұсылман болып қалды. 

П. И. НЕБОЛЬСИН

[Ш. УӘЛИХАНОВ ПЕТЕРБОРДА] 

Көп ұлысты Петерборда, бізде жарияланған діни-сенім бостандығының көрінісіндей басқа сенімдегі бірнеше шіркеу орын тепкен Невский даңғылы бар, Петерборда бізде қырғыздар сирек; мұнда олар бар-жоғы бес адам ғана болар. Олар жалпы еуропалық әскери киім киіп жүреді және біреуінен басқасының назар аударатындай ешбір ерекшелігі жоқ. Бұл біреу - әлі өте жас атты әскер офицері, шамасы, шені бойынша штабс-капитан, Әулие Владимир орденінің иегері, шығу тегі бойынша сұлтан, аты Шоқан, әкесінің аты Шыңғыс, фамилиясы Уәлиханов (атасы хан Уәли, тегі - сұлтан). Уәлиханов Сібір қазақтарына жатады, ол Қашғарға саяхат жасап, осы қыста Географиялық қоғамның бір мәжілісінде жеке эрудиция мен шынайы ізгіліктерге толы баяндама жасады. 

И. В. МУШКЕТОВ

[Шоқан Уәлиханов және оның геологиялық коллекциясы]*1

1858 және 1859 жылдары Шоқан Уәлиханов көпес ретінде сауда керуеніне еріп алғаш рет Верный қаласы мен Ыстықкөлден Зәукі асуы арқылы Тянь-Шаньның барлық жоталарын кесіп өтіп, Шатыркөл көлінен асып Қашғарға барды.

Уәлиханов мырза өз саяхатының барлық нәтижелерін жариялап үлгермеді; ол тек маңызды ғылыми мәні бар, автордың сирек кездесетін байқампаздығы мен мол білімін танытатын бірнеше мақалаларын жарыққа шығарды; шыққан тегі жағынан - қырғыз, ол жергілікті халықтардың тілін жақсы білді, сондықтан жергілікті халықтардан әртүрлі және толық мағлұматтарды одан артық ешкім жинай алмайтын еді, егерде ол Қашғардан қайтып келген соң көп ұзамай қайтыс болмағанда оның еңбектерінің нәтижелері тіпті жемісті болар еді. Оның бірнеше мақалалары бар, ең соңғысын ол қайтыс болғаннан кейін 10 жылдай уақыт өткен соң П. П. Семенов жариялады2. Олардың алғашқылары география саласында емес, тарих жайлы, сондықтан маңызды болғанымен де біз оларға тоқталмаймыз, тек атап өтерлігі, Зәукі немесе Жәукі арқылы Тянь-Шань асуларынан көлденеңнен кесіп өтіп, Семенов жолын жалғастыра келе, ол «жолда кездескен тау жыныстарының коллекциясын жасап, сондай-ақ Яркент маңындағы Мирджай тауларында және Қарақас өзенінде алынатын нефрит бөліктерінің, болорлық яшманың, мәрмарды, хрусталды, Керия өзенінің құмды алтынын жинады». Өкінішке қарай, бұл сирек кездесетін коллекция сарапталмай жатып жоғалып кетті3, қалай болса да, мен қанша іздесем де, оны таппадым.

Алтышарды сипаттағанда Уәлиханов мырза әртүрлі минералды заттардың бар екенін қысқаша айтып өтеді, олар аз зерттелгенімен, Керия ауылында алтынның көп мөлшерде жуылып алынатыны соншалық, тұрғындар салықты (Қытайға) осы металмен төлеп, оны жеке адамдарға сата алады. Хотаннан сарайға жыл сайын 80 ланға дейін алтын жөнелтіледі. Бірақ алтынның көп мөлшері лазурит, феруза, лағылмен бірге Памир, Қаратегін және Болорда өндіріледі. 

П. П. СЕМЕНОВ ТЯНЬ-ШАНЬСКИЙ

А. А. ДОСТОЕВСКИЙ

[Ш. Ш. Уәлихановтың Қашғарға жасаған саяхатының маңызы жайлы]

Тянь-Шаньнның бізге таяу орналасқан бөліктерін зерттеуге жол ашылды.

1858 жылдың өзінде орыс офицері Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов өзінің ұлттық қырғыз киімімен сауда керуеніне еріп, Зәукі асуы арқылы Ташкентке*1 өтіп, ол жақтан көптеген қызықты ғылыми этнографиялық және статистикалық мағлұматтар жинап келді. Петерборға келген соң П. П. Семеновтың жетекшілігімен оларды өңдеуге кіріскен еді, бірақ сырқат және мезгілсіз ажал оның қызықты ғылыми жұмыстарын тоқтатып тастады.

Орта жүз сұлтандарының бірінің ұлы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов Шыңғыс әулетінен тарайтын атақты Абылай ханның ұлы Уәли ханның немересі еді. Ол Омбы кадет корпусында тәрбиеленді және офицер болғаннан соң ерекше дарынымен П. П. Семеновтың назарын аударды. Олар 1856-1857 жылы Сібірде танысты. П. П. Семенов генерал-губернатор Г. Х. Гасфортқа Қашғарға өз ұлттық қырғыз киімімен сапар шегіп, ерекше дарыны арқасында Ресей үшін өте қажет Қашғар ғана емес, тұтас Алтышар туралы мәліметтерді жинап, орыс шекараларын мазасыздандырған Шығыс Түркістанда болып жатқан төңкерістің себебін түсіндіре алатын жалғыз сауатты офицер Ш. Ш. Уәлиханов екені жайлы кеңес берді. Мұндай қажетті мәліметтердің бағдарламасын П. П. Семеновпен бірге қырғыз даласын жетік білетін полковник К. К. Гутковский құрды. Сібір әскери округының қолбасшысы Г. Х. Гасфорт Шоқан Уәлихановты сәті түскен кезде Қашғарға жолсапарға аттандырып, ол (керуенбасының туысы ретінде) Зәукі асуы арқылы 1858 жылы көпес керуеніне ілесіп, аман-есен жетті.

Ол жерде Шоқан Уәлиханов жалпы Алтышар туралы аса құнды мәліметтерді жинап үлгерді және алғаш рет Ад. Шлагинтвейттың қазасының себептері мен құпиясын аша алды. Шлагинтвейт Қашғарға келген кезінде, сорына қарай, Шығыс Түркістанның қожайыны болып халық көтерілісін ұйымдастырған, қанышер қожа Уәлихан төре таққа отырады. Қытай әскерлерінің қысымында қалған қашғарлықтар ференгтің (шетелдік) келгеніне қуанып, ол (Шлагинтвейт) қорғанысқа кеңес бере алады деп ойлап оны Уәлихан қожаға әкеледі. Әрдайым ашулы және қан төкпей отыра алмайтын ол сол сәтте өкінішке орай, апиын ішіп еліріп отырады. Қожа Шлагинтвейттен құжаттарын көрсетуді талап етеді, ол құжаттарын тек Қоқан ханына көрсете алатынын және олар Бомбейден соған арналғанын айтқанда, ыза болған қожа ашуға булығып, жатжерлікті бірден өлім жазасына бұйырады. Жаза қаланың шетінде орындалады, Шлагинтвейтті жендеттер мешіт орналасқан жаңа алаң арқылы алып өтеді. Оқиға куәгерлері, Шоқан Уәлиханов жергілікті дәстүр бойынша әйелдікке алған Қашғар қызы да шетелдіктің бойы ұзын, жергілікті киім киген, бірақ жалаңбас, шашы ұзын болғанын айтады. Ад. Шлагинтвейттің шабылған басы Уәлихан төренің бұйрығымен жазаланғандардың бас сүйегінен орнатылған пирамиданың ең төбесіне қойылған. Бұл оқиға 1857 жылдың тамыз айында болған. Арада көп уақыт өтпей жергілікті халық пен әскер Уәлихан қожаның қанышер қылықтарын көтере алмайтынын түсінеді... Уәлихан төре Қоқанға қашты, ал қытайлықтар көтеріліс жасаған халықты қайтадан билеп-төстеп, көп адамды жазалап, қаталдық танытты. Қашғарда 5 айдай болған Шоқан Уәлиханов 1859 жылы сәуірде қызықты мәліметтермен кері қайтып, 1860 жылы Петерборға келді. Ол жерде Географиялық қоғамның мүшелігіне алынып, П. П. Семеновтың жетекшілігімен Қырғыз даласы туралы жинаған мол географиялық, этнографиялық және тарихи материалдарын өңдеуге кірісті. Бұған қоса Петербор университетінен дәріс тыңдау арқылы өз мағлұматтарын толықтыруға тырысты. Француз және неміс тілдерін меңгерген Уәлиханов Орталық Азияға қатысты нәрсенің бәрінде тамаша қабілеттілік танытты. Уәлихановтың «Жоңғария очерктері», «Алтышардың жағдайы» атты тамаша мақалалары 1861 ж. жарық көрген «Императорлық орыс географиялық қоғамының жазбалары» жинағында жарияланды. Өкінішке орай, Уәлихановтың әлсіз денсаулығы Петербор ауа райын көтермеді; 1863*2 жылы ол еліне қайтып келуге мәжбүр болды, 1865 жылы өкпе дертінен дүние салды. Оның Қашғар сапарының соңғы беттерін 1868 жылы Қоғамның «Известиясында» барон Ф. Р. Остен-Сакен басып шығарды.

Шоқан Уәлиханов, көп томды шығармалар жинағы. 1-том

Ұқсас сұрақтар

0 дауыс
2 жауап
0 дауыс
2 жауап
0 дауыс
1 жауап
...